Осыдан бірнеше күн бұрын мәртебесіне сай емес әрекеттері үшін қызметінен босаған ...
Қандай кітапқа сұраныс жоғары?
Қазір оқырманның сұранысы өзгерген. Оларды бұрынғыдай ақын-жазушылардың өлеңі не көркем дүниесі қызықтырмайтын секілді. Есесіне, психологиялық шығармалар – трендте.
Әлеуметтік желі арқылы кітабын насихаттап, таралымын арттырып жатқан блогерлер де жоқ емес. Instagram желісінде психолог-тренерлердің де кітабы өтімді болып тұр. Соңғы 10 жылда кітап нарығы мүлдем өзгерді. Неге?
«Меломан» сауда желісі карантин кезінде көп сатылған 10 кітаптың тізімін жасаған екен. Алғашқы орында Михаил Лабковскийдің «Хочу и буду: Принять себя, полюбить жизнь и стать счастливым» кітабы тұр. Одан кейінгі орында Сара Кэмеронның «Аштық жайлаған дала» еңбегі бар. Синсеро мен Марк Мэнсонның да кітабы сұранысқа ие болған. Ермек Тұрсыновтың «Қара шаңырағы» мен Абай Құнанбаевтың «Қара сөздері» көп өтіпті. Кәмшат Бекжігітованың «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт» деген кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын сатып алғандар да баршылық.
«Абай жолы» түсінікті, ал Кәмшат Бекжігітованың кітабы оқырманды неге қызықтырды екен? Байқауымызша, бұл кітапта үш баланың анасы, жалғызілікті әйелдің тағдыры бейнеленген. Қоғам қазір осындай шығармаларға зәру секілді. Әрине, қазір өз «өмірін» өзгерткісі келетіндер де өте көп. Олар осылайша ойы өзгерсе, өзі де өзгеретініне кәміл сенеді.
Мотивациялық кітаптарға сұраныстың жоғары екенін QAZYNA кітап сауда үйі де жоққа шығармайды. «Карантин уақытында Мәрзия Бекайдардың «Қисық қабырға», Динара Болаттың «Өмірге шексіз ғашық» және тағы басқа психологиялық, мотивациялық кітаптар өте көп өтті. Ақын-жазушылардан Бауыржан Момышұлы мен Мұхтар Мағауиннің кітаптары сұранысқа ие. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын сұрағандар да көп. Сатылған кітаптардың арасында «Құран Кәрім» мен «Адамзаттың асыл тәжі» де бар», – дейді Жанна Орынбек.
Кезінде ең көп оқылған кітаптардың қатарында Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдары» мен Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі жиі аталатын. Әлі күнге дейін бұл екі шығарма қолданыстан түскен жоқ. «Менің атым Қожаны» жата-жастана оқитын жастар жетерлік. Кітапханаға да келушілер осындай классикалық шығармаларды көбірек іздейді.
«Көркем шығармалар әлі де сұраныста. Оның ішінде қазақ әдебиеті, орыс әдебиеті және әлем классиктерінің шығармалары бар. Негізінен, 90 пайызы көркем әдебиетті сұраса, қалған 10 пайызы мотивациялық кітаптарға құмартады», – дейді Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Ғазиза Құдайберген.
Кеңес дәуірі адамзатты кітап оқуға үйретті. Қой баққан қойшы да, ой баққан ойшы да қойнынан кітабын тастаған жоқ. Ол әдебиет бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеп, ана тілінің кәусарына шомылдырып өсірді. Қазір кітаптан бедел кетті. Оқырман кітаптан гөрі телехикаяға үйір болды. Телеарнаны жаулаған сериалдар кітаптың орнын алмастыра алды деген пікірлер де айтылып қалады. Кітап пен оқырманның арасы алшақтауының себебін бір сөзбен түсіндіре алмайтынымыз хақ. Кітап құндылық болудан қалды десек, мотивациялық кітаптарға неге сұраныс жоғары деген ой келеді.
Ал баспагер Айсұлу Бәделқызы біздің бұл пікірімізбен келіспейтінін айтады. Ол: «Біріншіден, баспа бизнесінде «кітапты емес, авторды сату керек» дейтін ұстаным бар. Яғни, оқырман кез келген кітаптың ең алдымен авторына қарайды. Әлеуметтік желі арқылы өзін-өзі әбден жарнамалап алған авторлардың жолдары болып жүргені содан. Екіншіден, біздің халықтың нарық заңдылықтары туралы түсінігі әлі таяз. Тез байи салғысы келіп тұрады. Сауатты бизнес жүргізіп, іскерлік қабілет пен біліктіліктің арқасында ғана өздері армандаған табысқа жетуге болатынын түсіне бермейді. Сондықтан байып кетудің жеңіл жолдарын көрсетеміз деп ақыл айтқан «инстажұлдыздарға» ұйып қалады бірден. Кітабын алғанда да, қалай байып кетудің жолын табам деп алады. Рухани азық алайын деп емес. Кейде басқа кітаптар қолжетімді бола қоймаған соң осындай авторларға жүгінеді еріксіз. Үшіншіден, бұл баспалардың емес, жекеленген авторлардың өнімі. Сондықтан бұған кәсіби баспагерлерді айыптаған жөн емес», – дейді.
Баспагерлер қандай кітап шығарған тиімді? Олар кітап нарығында ұтылмас үшін не істегені жөн? Бұған баспагерлердің айтар уәжі қандай?
«Біз сөз бостандығына ерік берген елміз. Демек, баспа мен авторларға «мынадай кітапты шығарасың, мынадай кітапты шығармайсың» деп шектеу қоя алмаймыз. Бұл жерде кемшілікті отандық кітап нарығының дамуына жол аша алмай отырған саясаттан іздеу керек шығар. Қоғамдық ұйымдардың зерттеуі бойынша, Қазақстандағы кітап нарығының ең аз дегенде 75 пайызы – ресейлік баспалардың еншісінде. Егер тек көркем әдеби кітаптарды алып қарасаңыз – 90 пайызы Ресей баспаларының өнімі. Осылайша, қорғансыз қалған ҚАЗАҚ кітап нарығы саяси шешімдерге зәру болып тұр. Қазақ тілінде шығатын кітаптар нарығына саяси шешімдер арқылы жол ашса, шөліркеген оқырман рухани бай мұраға бас қойып, жақсы кітаптарға қарқ болып, ал әлгіндей «ақыл айтқыш» кітаптар өзінен-өзі ығысып қалар еді», – дейді баспагер.
Жазушы Ырысбек Дәбейдің «адам қолымен жазылған кітаптардың бәрі оқырман тәрбиелейді» деп кесіп айтуға да болмас, оның ішінде оқитыны да, өртейтіні де толып жүр» деген пікір айтып еді. Бүгінгі оқырман оқитын кітап оқып жүр ме, жоқ, әлде «өртейтін» кітап оқып жүр ме, ол жағын таразыға салып өлшемей-ақ қояйық. Бастысы, мотивациялық болсын, психологиялық болсын, қоғамға қажет шығарма оқылып жатыр.
Бір кездері Джек Лондон шығармасын бастыра алмай, 600 рет тауы шағылған екен. Қазір Джек Лондонның мықтылығын әлем жұртшылығы мойындап отыр. Сол секілді мықты кітап бәрібір електен өтіп, саф алтындай сақталып қалады. Бүгін «жеңіл, оқуға ыңғайлы» кітаптардың көші салтанат құрып тұрғаны жасырын емес. Бұл кезеңнен де өтерміз.