Помпей, Мачу-Пикчу және Ангкор-Ват – қалаларының аттарын мектеп оқушылары да жақсы біледі, инт...
Өзбекәлі. Мәдени айдау
Фото ашық дереккөзден
1968 жылы Болгарияның астанасы Софияда жастар мен студенттердің дүниежүзілік ІХ фестивалі басталады. Бұл фестивальға СССР-де қатысатын болады. Мәскеудегі арнайы комиссия 15 республикадан ең талантты өнерпаздарды конкурстан сұрыптап алуы керек. Өкінішке орай, Қазақ ССР-нен ешкімді ұсынбапты. Комсомол жетекшісі Өзбекәлі Жәнібеков бұл кезде іссапармен Цитлонда жүрген екен. Билік басында басқа ұлтжанды адамдардың табылмағаны ғой. Алматыға келген бойда жайсыз жаңалықты естіп, қаны басына шапты. Дереу Мәскеуге телефон соғып, мәселені қайта көтерді. Мәскеудегі жауапты маман Өзбекәлінің беделінен тайсақтап:
– Өзің біреуді ұсын. Мен қосымша енгіземін,– деп уәде береді.
Ұйымдастыру комитетінен біреу телефон соғып Өзбекәліден
– Кімді ұсынатын болдыңыз? –деді.
– Әлі бекіткенім жоқ. Қас талантты іздеуім керек,– деді. Осы кезде Мәскеудің шовинистік мінезі шыға келді.
– Сіздерде бір таяққа екі ішекті тағып тартатын аспаптарыңыз бар ғой. Мүмкін соны ұсынарсыз. Еуропа үшін экзотика,– деп қойып қалды. Кеудесін кісіге бастырмайтын Өзбекәлі:
–Кімді ұсынатынымда жұмысың болмасын. Қажет деп тапсам, биші жіберемін,– деп телефон трубкасын тастай салды.
Өзбекәлі биші іздеді, себебі: «Қазақтар өркениет көрмеген, мәдениеттен жұрдай, өнер дегенді ұқпайды, ұшы-қиыры жоқ далада жөн-жосықсыз көшіп жүре берген. Бұларды адам қылған орыстар» деген сарындағы әңгіме көрінген жерде айтыла беретін. Өзбекәлі беделін салып, бишілерді іріктейтін комиссияны Алматыға алдырды. Сыннан өткен биші келесі емтиханды Мәскеуде тапсыру керек. Мәскеудегі сынаққа бұған дейін халықаралық жарысқа қатысып көрмеген 20 жасар Атыраулық Гүлжан Талпақова аттанады. Іріктеу жарысы оңай емес, Шығыс биін көрсетуге өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік, әзіірбайжан елінің өнерпаздары баратын. Комиссия құрамында Мәскеу мен Ленинградтың опера мен балет театрының тарландары отырды. Олардың басшысы – «Большой театрдың» жетекшісі, атақты биші И.М.Туманов (1964-1970 жж.). Соншама дүлдүлдің арасында олардың көзі Гүлжан Талпақоваға түседі.
Іріктеу біткен соң бишілер елге қайтып, Гүлжан жұмыс бабымен Қостанай облысында іссапармен алыс аудандағы сахнада билеп жүргенде «Алматыға шақырып жатыр, ертең сені Өзбекәлі Жәнібеков қабылдайды» деген хабар келеді. Гүлжан Талпақованы «Волга» машинасына отырғызып, Қостанайға жеткізсе, тікұшақ күтіп тұр екен, соған отырғызып, Алматыға әкеледі. Ертесіне буынып-түйіліп комсомолдың бас ғимаратына әкеледі. Күтіп алушылар жаны қалмай жүгіріп жүр екен.
Ол кезде танымал болмасаң арнайы костюм тігілмейтін. «Қазақконцерттің» жалпыға ортақ костюмін үстіне киіп алған, өлшемдері сай келмейді, олпы-солпы тұратын. Ол киініп біткенше Өзбекәлі келіп:
– Қане қазақша қандай биің бар? Сахнаға шық та, көрсет өнеріңді, – деді. Өзімен бірге арқалап жүретін ауыр магнитофонын қосып, екі-үш қазақ биін билейді. Би біткен соң, талқылау бөлмесіне жиналып:
– Бар киімің осы ма?– деп сұрайды.
– Иә, осымен билеймін,– деген
– Көрдіңдер ме, қазақ мәдениетінің сиқын? Шетелге шығып, қазақ биін таныстыратын бишіміздің түріне қара. Не масқара мынау?– деді. Күнделікті киім-кешегіңді, жолға ұстайтын сөмкеңді көрсет,– деді. – Киімдерімді, қара чемоданымды әкеп қойдым.
– Үш күн уақыт беремін. Үш күн ішінде үш биге арнап бөлек-бөлек ұлттық киім тіктіресің, одан бөлек, төрт маусымда киетін киім-кешегіңді жаңалайсың, косметикасы, боянатын опа-далабы мен әтіріне дейін импорттық болсын. Қонақ үйде киетін халаты мен тәпішкесіне дейін жайнап тұрсын. Анау ескі чемоданыңды көрмейтін болайын. Ақшаны өзім табамын. Үш күннен кейін кездесеміз,–деп шығып кетті.
Жанна деген жауапты қыз менің қолымнан жетелеген күйі «Волгаға» отырғызып 70-разъезд деген өкіметтің қоймасына алып келді. Қоймаға кіргенде аузым ашылып, жағым түсіп қала жаздады. Әртістердің түсіне де кірмейтін тоқсан тоғыз түрлі маталар мен аң терілері үйіліп жатыр.
Тапсырманың қатты болғаны сонша, бүкіл дизайнерлер мен тігіншілер маған жабылды. Үш күн бойы киім өлшеп, пішумен болды. Құдды бір түс көргендей болдым. Сахналық киімдер дайын болған соң басқа киім-кешек, косметика жаңаланды, соңғы үлгідегі ең сапалы әрі әдемі опа-далаптарды алдыма тосты. Чемоданды лақтырып, Чехославакияда жасалған үшқабатты чемодан берді. Бұл заттардың сапасының мықтылығы сондай, он жыл ұстап тоздыра алмадым.
Үш күннен соң мені ханның қызындай жайнатып Өзбекәлінің алдына алып барды. Маған қарап:
–Жаңа киімдерің ұнады ма? – деді. Ол кезде мұндай нығметті көрмеген Совет адамы едік.
–Аға, конкурстан кейін бұларды қайтарып алады ма? – деппін.
– Жоқ,– дегенде. – Бұларға бір тиын төлеген жоқпын. Мен қалай аламын?– дегенде, ол кісі күліп:
– Қыздар өздері түсіндіреді,–деді.
Бұдан соң фестивальға дайындалу үшін Мәскеуге аттандым. Мұнда Совет Одағының жас таланттары жиналыпты. Біз бір команда болып күндіз-түні бірге дайындықтан өткен соң, поезға отырып, Полшаны басып өтіп, Болгарияға жеттік. Көп ұзамай фестиваль басталды. Атақты штангист Леонид Жаботинский (1938-2016 жж.) СССР-дың туын ұстап шерудің алдында жүрді. Әуелгі жоспар бойынша мен оркестрмен билеуім керек еді. Софияға барған соң не болғанын білмеймін, оркестр қатыспайтын болды. Оның орнына өзбектің дойра дегенімен билейсің деді. Ал мен Юрий Васильевич Силантьевтың (1919-1983жж.) симфониялық оркестрімен репитиция жасағанмын.
Конкурсқа бір күн қалғанда, түнгі сағат он екіде біреу есік қақты. Ашсам, бір бейтаныс кісі:
– Сен бе, Талпақова?– деді. –Сен болсаң, жаңа хабар келді, ертең сен жарысқа шықпайсың.
– Неге?– дедім, шошып кетіп.
– Өзің білесің, мұнда оркестр жоқ. Ал дойра өзбектің ұлттық аспабы. Сондықтан сенің орныңа Өзбекстан бишісі билейді,–деді.
Не істерімді білмей, шарасыз кейіпте көзімнің жасын көл қылып, отырдым да қалдым. Менімен бөлмеде қатар жатқан құрбым маған қарағанда батыл екен. Мән-жәйды бірден ұқты.
– Жылдам киін,–деді.
Өзбекәлі жатқан жерге келдік. Өзағаң жатып қалған екен. Мені көріп шошып кетті.
– Әй, Гүлжан, мұнда не істеп жүрсің? Тыныштық па?– деді.
– Аға, мені Өзбекстанның басшылары конкурстан алып тастапты,– деп жылап жібердім. Мен болған оқиғаны түгел баяндадым. Ол тістеніп, СССР комсомолының бірінші хатшысы Е.Тяжельниковқа (1968-1977 жж.) телефон соқты.
– Евгений, ояусың ба? Мен қазір барамын, аналар тағы да бірдеңе былықтырып жатыр,– деді.
Сөйтті де бас хатшының бөлмесіне бардық. Тяжельников екеуі арғы бөлмеге кіріп, есікті жауып алды. Біраз уақыттан соң шықты да:
–Гүлжан, еш алаң болма! Ертең билейсің. Бар да демал. Азанда сағат сегізде көлік жіберемін. Сақадай сай тұр, – деді.
Бөлмеге келіп, ұйықтататын дәрі іштім. Бірақ әсер етпеді, таң атқанша көз ілмедім.
Сағат 8:00 де қап-қара шетелдік машина қонақ үй алдына тоқтады. Ол заманда СССР-де шетелдік көлік тұрмақ, «Жигули» көрмейміз. «Москвичі» бар адам патшаның баласындай көрінетін.
Меніңше, сол заманның супер автомобилін Өзбекәлі ағам мені жігерленіп, сілкінсін, қуаттанып, қуанысын деп әдейі жібереген болуы керек. Түндегі күйреген көңіл күйім таңғажайып көлікке отырған соң лезде қалпына келді.
Сахнаның артында ұлттық костюмды киіп, кезегімді күтіп тұрмын. Оркестр сол күйі құрыды. Амал жоқ дойраға биледім. Бағыма орай Алматыда оқыған кезде биден сабақ беретін ұстазым Тәшкеннің қазағы еді. Ол маған өзбек биінен сабақ беріп, дойраның ритмін үйреткен. Бірден дойраның ритмін іліп алып мың бұралып сала бердім. Обалы не керек бидің түбін түсірдім. Бірақ түнгі ұйқының әсері болды. Жүзімнен шаттықтың шуағы төгіліп тұрмады. Мұны қазылар да байқап қойды.
Есесіне үш күн бойы Алматыда тіктірген ұлттық костюмым үлкен рөл ойнады. Киімдерім сахнаны жандандырып жіберді. Осылайша бірінші турдан өттім.
Соңғы шешуші кезеңде ерекше шабыттандым. Себебі залдың атмосферасы жігер сыйлады. Сахнаға шыққанда зал қиқулап, айқайлап, ысқырып, қол соғып шулап кетті. Кейін байқасам, мен шыққанда делебесі қозып, қиқулап отырған қазақтар екен. Өзағам фестивальға делегация болып келген барлық саланың мамандарын, тіпті қырғыз делегациясын да әкеліп, отырғызып қойыпты.
Жарыс біткен соң, жеңімпаздарды анықтау үшін арнайы залға жинады. Жүлдеден үміт күтпегенмін, мұндай фестивальға қатысудың өзі абырой. Кенет, «Талпақова, СССР» деп айқайлады. Мән бермей отыра беріппін, бірнеше рет қайталағанда қасымда отырған құрбым, сені шақырып жатыр дегенде, сенер-сенбесімді білмей, тоқ соққандай тәлтіректеп, мас адамша былқ-сылқ етіп, құлап қаламын ба деп тәлтіректеп әзер жеттім.
Жарқыраған күміс медальды мойныма ілді. Осылайша өмірімде алғаш жарысқа қатысып, екінші орын алдым. Қазағамның қуанышында шек жоқ. Мәскеуге барған соң жеіңмпаздарға дастархан жайды. Ол жерде де Өзағамның абыройы асқақтап, айдарынан жел есіп тұрды. СССР-дегі ең беделді журнал «Огонектің» мұқабасына суретіммен үлкен мақала шықты. Оны да ұйымдастырған Өзбекәлі ағам болатын. 1968 жылы Ұлттық киіммен «Огонектың» мұқабасына шығуым қазақ жастарына мақтаныш сезімін сыйлады. Бұдан соң Алматыға ұштым. Қонуға жақындағанда алаңдағы қызыл кілемді көріп, «шетелден қонақтар келген екен ғой» деген ой келді. Траптан түскен кезде бірақ білдім. Мені салтанатпен күтіп алу үшін бәрін ұйымдастырып, дайындаған Өзбекәлі ағам екен.
Осыдан бастап жұлдызым жанып, тасым өрге домалады. Орта Азия бойынша Шығыс биін билейтін жалғыз бишіге айналдым. Соның арқасында 50-ден аса шет мемлекеттерде өнер көрсеттім.
Софияда білегімнен сүйреп отырып, Өзағамның бөлмесіне жетектеп алып барған құрбыма да өмір бақи қарыздармын. Ол жарыста алтын медаль алып, София Ротарудың да жұлдызы жарқыраған еді.
Гүлжан Талпақованың Болгариядағы фестивальдан күміс медаль тағып, «Огонек» журналына ұлттық киіммен жарқырап шығуы саяси элитаның арасында гуілдеген әңгіме туғызды. Өзбекәлінің жанкешті еңбегі жеңіспен аяқталды. Өзбекәлінің сол кездегі ВЛКСМ-ның бірінші хатшысы Е.Тяжельниковпен жақын қарым-қатынасы қарт коммунистердің үрейін ұшырды. Кремльдың тапсырмасын бұлжытпай, көбіне халқына зияны тисе де асыра сілтеп орындауды ғана білетін, бас иіп, бас шұлғыйтын функционер шенеуніктерге ізденімпаз, ұлтшыл, жасампаз жас комсомолдың арындап алға жылжуы қауіпті көрінді. Одан бөлек Өзбекәлі сол заманда даңқы дүниені дүбірлетіп тұрған Юрий Гагаринмен де жақсы жолдас еді. Жолдас болғаны соншалық Мәскеуде өткен үлкен жиындарда Гагарин Өзбекәлімен қатар отыратын. Тіпті екеуінің бірге түскен суреті де бар. Гагарин Өзбекәлінің терең білімі мен жасампаз қасиетін ұнатып, оған ғарышқа ұшқан қолсағатын сыйлаған. Ол сағатты Өзбекәлі Алматыда музейге тапсырған екен. Кейін жоғалып кетіпті.
Өзбекәлі секілді бас шұлғып, айдауыңа жүре бермейтін жалындаған жас қайраткер басшылықта отырған партия қызметкерлеріне қауіпті еді. «Тағыммен таласады-ау» деген жас қайраткер көрсе, ертегідегі ақымақ ханның жас баланы «Барсакелмеске» жұмсағаны сияқты, артта қалған алыс аймаққа екінші немесе үшінші хатшы етіп, «мәдени айдауға» жіберетін жиіркенішті қылықтары болатын.
Бір қарағанда әжәптәуір хатшысың, кабинетің бар, көлігің, пәтерің бар. Бірақ бірінші хатшыға тәуелдісің. Қажыр-қайратыңды артта қалған аймақты көтеруге жұмсап жүргеніңде өзің де сарқылып бітесің.
Мұндай қулық Өзбекәліге таныс еді. «Сені Торғайға хатшы етіп жібергелі жатыр» деген хабарды естіген бойда-ақ, «бірінші хатшы кім болады?» деп сұраған. Себебі мың жерден қажыр-қайратың тасып, білімің жетіп, идеяң төгіліп тұрса да, бірінші басшы әпербақан біреу болса бәрі зая кетті деген сөз. «Ертең абыройы асып кетіп, өзімді төңкеріп жүрмесін» –деген үрейге маталып, жатса-тұрса орынбасарының тірсегін тістеп, желкесін қиюмен болады.
Бірінші хатшы Сақан Құсайынов дегенде Өзбекәлінің көңілі сәл орнықты. Көп ұзамай Қонаевтың кабинетінде Торғай облысына баратын кандидаттар бас қосты. Олар-Құсайынов, Трофимов, Голубенко, Герасимов, Жәнібеков. Бұл бес хатшы ертесіне бас көсемнің алдынан өтіп, батасын алу үшін Мәскеуге аттанды. Ол жақта «қымбатты» Л.И.Брежнев қабылдады.
1970 жылы 23 қарашада Торғай облысын құру жөніндегі жарлыққа қол қойылды. Қонаев бұларды ертіп Арқалыққа келді. Залда жұртқа таныстырып тұрып, «мына Өзбекәлі өзі арыз беріп, осы жаққа сұранып келді» деп қойып қалды. Жұрт ду қол шапалақтады. Сасып қалған Өзбекәлі амалсыз орнынан тұрып жұртқа бас иіп сәлем берді.
Келген мамандарды жайғастыратын жағдай жоқ. Бірінші хатшы жұмыс кабинетінде қонады. Ал Өзбекәліні не қонақ үй емес, не жатақхана емес түсініксіз бір ғимаратқа ертіп әкелді. Бөлмеге кірсе ішін қар басып жатыр екен. Бұған дейін Мәскеуде Гагарин, Тяжельниковтармен араласып, әсем қала Алматыда өмір сүрген Өзбекәлі үшін бұл нағыз мәдени айдау еді.
Ерғали ДІЛДӘБЕК