Көкшетау қаласы – Сарыарқаның саумал самалы тербеткен сайын даласында сұлудың жасауынан үзіліп...
Сұлтанбек Қожанов – аса ірі мемлекет қайраткері
фото: ашық дереккөз
Кеңес заманында бай, би, болыстарды жағымсыз кейіпкер ретінде келтіріп, тек тап тұрғысынан ғана бағалады. Олардың ішінде небір текті тұқымнан шыққан асыл, абзал азаматтар болғаны айтылмайды. Халықтың бірлігі үшін өмірін ат үстінде өткізген Абылай тектес хандар, елінің азаттығы үшін аттан түспеген Кенесары, елін білім жолына бастаған қазақ даласында алғашқы мектептер ашқан Жәңгір хан, аға сұлтандар Шыңғыс пен Құнанбайдан туған Шоқан мен Абайлар қайдан шықты.
Соның көрінісінің бірі Созақтағы Ақсүмбе елінің болысы баласын оқуға жібергенде еті тірі, пысық шаруаның баласы Сұлтанбекті қаражатын төлеп, Түркістанға оқуға жіберген екен. Бұрынғылардан қалған әңгімеде Сұлтанбек ауылдан шыққанда арбадан секіріп түсіп, жүгіріп барып Ақсүмбе әулиенің басына барып, біраз қарап тұрыпты дейді. Не ойлағанын кім білсін. Бәлкім, «енді айналып келемін бе, келмеймін бе» деді ма екен. Қалай десе де сол кеткеннен еліне ат ізін салуға мүмкіндігі болмаған көрінеді. Ол кісілер Кеңес Одағының беріректегі кезіндей ірі қызметте болса курорттарға, шипажайларға барып, ем қабылдап, демалу деген ойына кіріп те шықпаған ғой. Ұлтының мүддесі, ертеңі үшін жанқиярлық еңбекпен өмірін өткізген.
Әңгімеге арқау болып отырған Сұлтанбек Қожанов 1894 жылдың 10 қыркүйегінде қазіргі Түркістан облысының Созақ ауданына қарасты Ақсүмбе ауылында кедей қазақ отбасында дүниеге келген. Ол өте зерек болып өскен Сұлтанбек Түркістандағы орыс-түзем мектебіне оқуға түседі. Ескіше хат танығанымен орысша ешбір сөз білмейтін алғыр бала мектепті үздік оқып, қалалық училищені, Түркістан мұғалімдер семинариясын өте жақсы бітіреді.
Сұлтанбек Қожанов ХХ ғасырдағы Қазақстан мен Орта Азияның көрнекті қоғам қайраткері. Ол елдің саяси-әлеуметтік жұмысына 1915 жылдан бастап белсене кірісті. 1916 жылдан бастап елді ұлт-азаттық көтеріліс жалыны шарпыды. Халық отарлық езгіге қарсы шықты. Патша үкіметі көтерілісті қарулы күшпен басып тастады. Ел жағдайы нашар, шаруашылық деңгейі төмен, сауатсыз, қараңғы, кедей қалпында қала берді.
Осындай заманда түркішіл жастар «Кеңес» атты жасырын ұйым құрды. «Кеңестің» бірінші ұйымдастырушылары арасында Сұлтанбек те болған. Алдына зор мақсат қоя білген азамат түркі халықтарын (қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен) шеттетуге қарсы шықты. Сол пікірін 1917 жылы өткен Кеңестердің III съезінде айтқан.
1917 жылы ақпан революциясынан Сұлтанбек тек жақсылық күтті. Бірақ саяси ахуал мүлдем басқаша өрбігені мәлім. Өзінің сол кездегі замандастары секілді Сұлтанбек те ұлтжанды азамат ретінде газет, журналдарға жиі мақалалар жазып шығарып, белсенді жұмыс атқарды.
С.Қожанов 1918 жылы елді аштық жайлағанда Түркістан Республикасындағы ашаршылықпен күрес жөніндегі комиссияны басқарады. Азық-түлік жинап, кедей, аштарға таратқан. Сөзге өте шешен, халықпен тіл табысуға ұста, байлармен жақсы тіл табысып, олардың малдарын алып, елге бөліп берген. Ашаршылық жайлаған жерлерде тамақ істеуді ұйымдастырып, үлкен еңбек еткен. Қазақстанның сол кездегі Түркістан Республикасына қараған Әулиеата, Сырдария, Шымкент, облыстарында Сұлтанбектің іздері жатыр. «Сұлтанбектің шүлен көжесі-ай» деп қариялар беріге дейін көздеріне жас алып, естеріне түсірген. Қыруар кісі құрбан болып кеткенде Сұлтанбектің қамқорлығына ілінгендер аман қалған.
1918-1919 жылдары Қожанов Райпредкомның секретары, халық уезд бөлімінің нұсқаушысы, уездік атқару комитетінің мүшесі, Сырдария облыстық ревкомның төрағасы қызметтерін атқарады.
Сұлтанбектің тағы да бір қырынан танытатын «Есеп тану құралы» атты оқулығы. Ол көпшілікке арналған қазақ мектебінің математикадан бірінші оқулығы болды. Кітап өте түсінікті, қызықты жазылған. Арифметиканың негізгі тәсілдерінен басқа да қыр-сырларын аша түседі. Бұл оқулық қазіргі балаларға да пайдалы болар еді. С.Қожановтың халыққа ерекше танылған кезі өткен ғасырдың 20-шы жылдарының басы. 1920 жылы ол РКП (б) қатарына қабылданып, Түркістан өлкелік партия ұйымының V съезінде Түркістан Коммунистік Картиясының Орталық Комитетіне мүшелікке сайланады.
Осы съезде диқаншылардың жер мен суды пайдалануға құқығы теңестіріледі. Жергілікті кедейлер басыбайлылықтан босатылады. Еңбекшілерге жер бекітіледі. 1920-1930 жылдары Сұлтанбектің қызметтік өмірбаянында ең жауапты, жемісті, беделіне бедел қосқан кезеңі болды. Түркістан Республикасының Ішкі Істер халық комиссары, Түркістан Республикасының атқару комитетінің төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.
1922 жылы Түркістан Республикасының оқу-ағарту халық комиссары болып тағайындалды. Халықтың шын жанашыры екенін көрсетіп, көптеген күрделі мәселелерді шешті. Елді-мекендерде мектептер ашқызды. Шапшаңдығы, еңбекқорлығы бірнеше қызметті қатар атқаруына мүмкіндік берді.
1920-1924 жылдары Кеңестер Одағының партиясының Түркістан Коммунистік партиясының барлық съездеріне қатысып, әрбір съезде өзінің ұсыныстарын айтып, іскерлік танытты. Алғыр, қабілетті, қайсар мінезі туралы ел арасында көп аңыз-әңгімелер тараған. Ол қысқа ғұмырын ізденумен өткізге.
1921 жылы Бүкілодақтық партияның 12 съезінде Қазақстанның жағдайын ашып, көкейінен кетпейтін ұлт мәселесіне жеке тоқталған. Патшалық тұсында теңдік көрмеген халықтарға білім беру мәселесін көтерді. Ұлттардың салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін дамыту жолдарына тоқталды. Жергілікті ұлт өкілдерінен мамандар дайындау, курстар, институттар ашу, мәселесіне тоқталды. Институтқа түсу үшін жастарға дайындық курстарын, бөлімдер ашып, оқу процесін ана тілінде өткізу қажеттілігін айтқан. Бұл пікірлері В.И.Ленинге де ұнаған. Арқасынан қағып, «жарайсың, қызу қанды қырғызым» - деген екен. Ленин елдің жағдайын сұрап, екеуі халықты толық сауаттандыру, ағарту жөнін талқылайды. Сол уақыттағы Лениннің өзімен сөйлескен аз кісілердің бірі Сұлтанбек Қожанов болған. Әңгіменің соңында көсем жас қайраткерге елді толық сауаттандыру, ағарту ісін басқарасың деп кеңес беріпті. Сұлтанбек бұл қызметті 1921 жылдың қазанынан бастап істеген. Өзінің күш-қуаты зор, жұмысын мемлекеттік міндеттермен ұштастыра отырып, негізгі қызметінен басқа жер шаруашылығы жөніндегі халық комиссары қызметін атқарады. Мұнда да ол өзін Түркістан жағдайын жақсы білетін маман ретінде таныта білді. Қай салада болса да Қожановтың бірінші кезекте ойлағаны ұлттық мүдде болды, ол үшін ымырасыз күресті. Еңбекшіл халықпен жақсы байланыс ұстап, экономикалық, әлеуметтік, мәдениет мәселелерін шешуге тырысқан.
Қожанов Қазақстанның жер-су мен ел-жұртын бір шаңырақ астына жинаушы қайраткерлердің көшбасшысы болды. Лениннің жер туралы декреті шыққаннан кейін Сұлтанбек қазақ халқын отырықшылыққа, егін егуге шақырған. Өзі де бас уақытта жерлестеріне мақта өсіруді үйреткен.
Түркістан Республикасының жер-су халық комиссары ретінде ең бір қиын кезеңде күрделі мәселелерді шешуге тура келді. «Отаршылардың тартып алған жерін түгел қайтарып беруді талап етемін», – деген.
Сұлтанбек Қожанов қайратты, мықты қайраткер, білікті ұстаз ғана емес ол ғалым, алғыр публицист, білімді журналист, дарынды ақын, алымды аудармашы, сезімтал әдебиеттанушы еді. Басылым беттерінде көптеген маңызды мақалалар, толғаулар, өлеңдері басылып шыққан.
Қазақ елінің бірлігі Қожановтың басты мақсаты мен тақырыбы болды. 1923 жылы жазған мақаласында Наурыз мұсылмандықтан бұрын шыққан мейрам, ол діни мереке емес, сондықтан оны тойлауға шақырды. С.Қожанов өте бай халық-ауыз әдебиетінің әсем, әдемі, әсерлі үлгілерін жақсы білетіндігі өзінің мақалаларынан көрінетін. Қазақ оқырмандарына қызықты да пайдалы шығармалар аударған.
1924 жылы «қазақта жазба әдебиетінің ағасы Абай болмаса, Ахмет болмаса кім біледі? Абай Құнанбаев пен Ахмет Байтұрсынов революция дамуына көп еңбек сіңірген. Қазіргі революционерлердің барлығы солардың шәкірті» - деген. Мағжанның ақындық құдіретін жұрттан бұрын таныған. Қайраткерді жақсы білетін Ж.Бектұров «С.Қожанов секілді алғыр, жігерлі, халықтың қамын ойлайтын тілі өткір, өте шешен беделді басшы қызметкерлерді доптай домалатып, аяқ-қолын жерге тигізбей айдатып, бір орнында көп отырғызбайтын мықты бір күштің болғандығы ақиқат»- деп жазған.
С.Қожанов Орта Азиядағы әр ұлттың өз шекарасы болуын армандаған. 1924 жылы ұлттық бөліністі межелеу компаниясына белсенді қатысқан. Тәжік автономиясының мұң-мұқтажын қолдаған. Қожанов болмаса Тәжік Республикасы да болмас еді-деген. Тәжік елінің басшысы Абдуллаев 1923 жылы Коммунистік Партияның Орталық Комитетінің Ұлт республикалары өткізген төртінші кеңесінде С.Қожанов Тұркістан халқының тағдырын, болашағын терең талқылауға салады. И.Сталин Қожановтың сөйлеген сөзіне жақсы баға беріп, кемшіліктеріне назар аударып: «-мен сіздің досыңыз, жолдасыңыз болуға дайынмын»-депті. Сол кеңесте батыл сөйлейтін С.Қожанов «Түркістанның маңдайына қанша Кеңестік жазу жапсырғанмен осы күнге дейін отар қалпында қалуда» дегеніне Сталин «ұлтшыл» деген баға берген. Соның салқыны кейінгі өміріне ықпал етсе керек. Бір күні Сталиннің «Орта Азия Шыңғыс ханы, сөйле»- деген мысқылына «Бұл жерде грузин князі де сөйлеп жатқан жоқ па?»– деп іле жауап беріпті.
Сұлтанбектің ақылдылығы, намысшылдығы, еңбекқорлығы, адамгершілігі және халықтың арасында беделді болғаны оған үлкен жол ашты. Отыз жасында ол халық таныған көсемге айналды. Өлкелік комитеттің жауапты хатшысы болып тағайындалды. Қазақтан шыққан тұңғыш хатшы Сұлтанбек Қожанов болды. 1925 жылы Қазақ Республикасының Кеңесінің V съезінде Сұлтанбектің айтқан тарихи ұсынысы бойынша Қазақстан өз жерін толық қайтарып, астанасы Қызылорда болып, қырғыздар деп аталып келген қазақтарға төл аты қайтарылды, Республикамыз Қазақ АССР деп аталатын болды. Жауапты хатшы астананы көркейтуге көп күш жұмсады. Ол халықтың көңіл-күйін көтеріп, болашаққа зор сеніммен қарауға жетеледі.
Сол кезде бірінші хатшылыққа Филипп Голощекин келді. Оның келуімен Қазақстанда «Кіші Октябрь» басталды. С.Қожанов оған қарамай өз халқы, өз ұлты үшін күрескен, партияның ағымдағы саясатын жүзеге асырып, оны ұлттық идеялармен ұштастырып отырған. Халықтың бақытты болашағын армандаған. Ұлт бостандығының ұраншысы болған. Барша халыққа ыстық махабатын, құрметін білдірген.
Сұлтанбек газет шығаруды ұйымдастырып, тұңғыш бас редактор болған. Түркістан Республикасы Атқару Комитетінің «Ақ жол» газетін Ф.Голощекин «қазақтың ақ эмигрантарына байланысты идеологиясын бейнелейді» деп жаптырып тастаған. Ақырында Сұлтанбек қызметтен босатылып, екі жылға Мәскеуге жіберіледі. Партияның арнайы пленумы болып, онда «Қожановшыларды», «Рысқұловшыларды» әшкерелеу басталады, алашорда идеологиясымен бейнеленген деп айыпталады. Ф.Голощекиннің «Кіші Октябрі» жүргізген 1928 жылы кәмпеске қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан өмірінің тамырына балта шапты.
1931 жылы байтақ қазақ даласына бірде-бір тамшы жаңбыр тамған жоқ, қайта құрғақшылық, кәмпеске, қазақ халқының жартысының қырылуына әкелді. 1929 жылы С.Қожанов Түркістан Ремпубликасына кетіп Орта Азия мақта ирригация институтының негізін қалап, оның бірінші директоры болып тағайындалады. Ол институт Кеңес Одағының кезінде де беделді жоғары оқу орындарының бірі болды. Қазіргі таңда Ташкент ирригация және мелиорация институты мықты институттың бірі. Қазақстанда өз мамандары таусылып судан зардап шеккеннен кейін енді ғана Таразда су шаруашылығы және ирригация университетін ашып жатқанда Сұлтанбектің бір ғасыр бұрын ірге тасын қалаған оқу орны өз міндетін абыроймен атқаруда. Қазақстанның бірен-саран мамандары сол институтқа барып диссертация қорғап жүргені белгілі.
1931-1932 жылы Сұлтанбек Орта Азия мақта орталығының басқарма төрағасы болған, бірнеше бақылау комитеттерінде халқына қызмет еткен. Ең соңғы қызметі–Кеңестік бақылау комиссиясының Өзбекстандағы өкілетті өкілінің орынбасары. Қазақ мәдениетінің тарихындағы сәтті кезеңнің бірі Ташкенттегі 1930–шы жылдар. Өзіне қауіпті болса да көптеген ақыл-ой, көркемсөз алыптарын, әдебиет, мәдениет қайраткерлерін жинаған. Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдық торқалы тойын көтеріңкі деңгейде өткізген. Газетке той иесінің портретін, өзі жазған мақаласын жариялатқан. А.Байтұрсыновты қазақ зиялылыарының атасы деп санаған «Байшыл, ұлтшыл» деп қудаланып жүрген Мағжан Жұмабаевқа қол ұшын берген. Тұңғыш жинағының шығуына көп әсер еткен. Кітабының алғысөзінде серке сыншы Сұлтанбек Мағжанды аспандата көтере мақтап жазыпты: « Қойшылар тілі саналып келген ресми қағаздар жазуға, кітаптар жазуға жарамсыз делініп келген қазақ-қырғыз тілі .... өнерге бай жатық, өткір, әдемі тіл екенін Мағжан өлеңдері көрсете алады», деп баға берген.
Туған әдебиетінің деңгейін көтеру үшін С.Қожанов Пушкинді, Лермонтовты, Толстой мен Тургеневті ғана оңай зерттеумен Байтұрсынов, Дулатов, Аймауытов, Жұмабаев, Торайғыров шығармашылықтарына да көп көңіл бөлу керек деп кеңес береді. Ташкенттегі дарынды жастарға арнайы шығарылған А.Байтұрсыновтан, С.Асфандияровтан, М.Әуезовтен, М.Жұмабаевтан дәріс алуды ұйымдастырған. Абай айтқан адамға сай ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек қасиеттері С.Қожановта болған.
Қайраткердің үйінде Асфендияров, Төреқұлов, Рүстемов, Рысқұлов тағы да басқа қадірлі адамдар келіп, еліміздің болашағы жайында сұхбаттасқан.
1937 жылы Сұлтанбек 43 жасында қылышынан қан тамған сталиндік жазалаушы саясаттың құрбаны болды. Бірінші тұтқындалғандар С.Қожанов пен Т.Рысқұлов болды. Өзінің бүкіл саналы өмірін халқының бақытты болашағы жолында тайталаста өткізген С.Қожанов еліміздің тарихында аса ірі мемлекет қайраткері ретінде қалды. Сұлтанбек ұсталып кеткеннен екі айдан кейін зайыбы Гүләндам Қожанова тұтқындалады. КАРлагта қой бақты.
Ақмола, Қарағанды арасында,
Қой бағам Батық, Жарық даласында.
Сақтайтын оң көзімдей баққан қойды
Ешбір ой қойдан басқа болмай қойды.
Карлагта он жыл болған. Ол жерде Т.Рысқұловтың, О.Жандосовтың, М.Жұмабаевтың, Д.Ермеков тағы басқаларының жұбайлары болған.
1937 жылы С.Қожанов атылғаннан кейін халқына сіңірген еңбегін мойындау тек қана 1994 жылдан басталған. Жарты ғасырдай кемсіту көрген отбасы мен жақындары таза ауа жұтқандай болған.
Сталиндік қатыгез дәуір құрбан дараның бірі түйе баққан, егін еккен, кедей, тоқсаннан асқан Сұлтанбектің әкесі Қожанды адам жүрмейтін айдалаға апарып тастаған жерінен жерлестері жасырын қайтып әкеліп баққан. Туған-туыстары да қуғынға ұшырады. Замандасы Н.Оңдасынов айтқандай:
«Халық жауы болған жоқ, қайта өз халқының жарқын болашағы үшін күресті, сол үшін жазықты болды. Сол үшін шыбын жанын құрбандыққа қиды. Қазақ елінің тұтастығы, тәуелсіздігі жолында тер төккен тұлға еді. Қазақ халқы атынан сөйлеген, жұрттың жоғын жоқтаған арлы да алғыр азамат болатын».
Ақиық азамат Сұлтанбек Қожановтың туғанына 100 жыл толу мерейтойына әзірлену мен өткізу туралы Қазақстан Республикасының Министрлер кабинетінің 12.04.1994 жылы №370 қаулысында шыққан. С.Қожанов ақиқат алдында ардақтауға лайықты тұлға. Оның өмір жолы, көзқарасы, ұстанымы бүгінгі таңда да ескірген жоқ, ол қазір де сан мың өскелең ұрпақ үшін-Тәуелсіздік мұратына қызмет етудің тамаша да көрнекті үлгісі бола алады. Рухы күшті, биік азамат. Оны тарих тұғырына көтеріп, мақтаныш ету Тәуелсіздік мерекелерінің қазіргі буыны үшін қарыз да парыз. Мұхтар Әуезов айтқандай : «Өз ұлыңды өзің бағалап, ардақтамасаң(, сені өзге жұрт қалай құрметтеп, қалай қадірлемек?»
Ерғали ДІЛДӘБЕК