Құнанбайдың Найманнан жер даулауы

ТАНЫМ
7562

Тобықтыда Кеңгiрбай мен Мамай батыр бастап, 1780 жылдарға таяған кезде Шыңғысқа кiрген. Бұл кезде Шыңғыстың iшiн Найман, сыртын – Керей, бауырын – Уақ, батысын – Арғындар алған. Кеңгiрбай алдымен өз туысы Арғынмен айтыса-тартыса жүрiп, Шаған өзенiнiң бойын алған. Одан кейiн Уақты қуып, Шыңғыстың бауыр жағын алған. Одан соң «Үш балапан» деп аталатын Бөкеншi, Хан, Қарауыл өзендерiн Матайдан босатып, Шыңғыс сыртындағы Барлыбай өзенiн Найманнан, арғы жайлауын Керейден босатып алған.

Құндызды өзенiнде Жетiсу оязы мен Қарқаралы оязының бас қосқан съезi болады. Тобықты Құндызды өзенi ата қонысым, Шыңғыстан аққан өзенiнiң бiрi, Найман зорлықпен алып отыр, – дейдi.

Екi ояз келiсiп «өздерiң биге салып, қазақ жолымен бiтiсiңдер, егер бiтiсе алмасаңдар, билiгiн бiз айтамыз», – деп, қазақтың өздерiне бередi. Тобықты билерi жердi алғысы келедi, Наймандар бергiсi келмейдi. Сөйтiп олар тоқтамға келе алмайды. Сонда Құнанбай тұрып, «бiз бұл дауды шеше алмайды екенбiз. Өмiрiнде дауға түсiп, билiк айтпаған кiсiге айтқызайық билiктi» дептi. Осыған Найман да, Тобықты да тоқтайды. Найман Қисықты шығарады, Тобықты Мәмбетей руынан Доғал деген момын, адал адамды шығарады. Бұл екеуi де малды адамдар.

Құндызды өзенiнiң таудан шыға берiс жағасындағы қабақта моланың орны бар. Ол мола үйiлген тас, қалмақ моласы ма, қазақ моласы ма белгiсiз. Сол молаға күнде ерте оншақты шал келiп, моланың басына отырып–отырып күн батарда қайтады. Мұны күнде ерте тұрып, байқап жүретiн ояздар: «Бұлар неге күнде анау жерге барып қайтады?» – деп сұрайды. Сонда Жұмабай: «Тақсырлар, олар – Тобықтының шалдары. Анау үйген тас ерте кезде өлген Тобықтының, сол отырған шалдардың ата-бабасының моласы. Ендi екi ел мына Құндызды бойына таласып жатқанда олар жер Найманға кетсе, қайран ата – бабаларымыздың моласы жат елде қалып, елдiң малы таптайды ғой, бастарына келiп дұға оқып, қоштасып, күнде жыласып қайтады», – дейдi.

Құнанбайдың сенiмдi атқосшысының бiрi – Керей руынан жорға Жұмабай. Ол өте пысық, сөзтапқыш адам болған. Оны Құнанбай ояздардың астарын дайындап, жұмыстарын орындап тұруға тағайындаған. Жылпос жiгiт ояздарға үйiр болып алады. Айтқандарын екi қылмай, әбден жағып алған.

Қисық пен Доғал өмiрi билiк айтып көрмеген, оңаша шығып Құндыздының жағасына келiп отырысады. Әлден уақытта Доғал: «Ау, Қисық, екеумiздi билiк айтуға зорлап шығарды. Құдайға да, ағайындыға да ұятты болмай, қандай билiк айтамыз. Сен не айтқың келiп отыр», – дейдi. Екеуi көп отырады. Әлден уақытта Доғал орнынан тұрып, құбылаға қарап, қолын жайып:

– А, Құдай, адам да сенiкi, жер де сенiкi. Сенiң жаратқан жерiңе кесiп, пiшiп билiк айту күнә. Қателесiп айтсам, өзiң кеш, – деп Қисыққа қарап: – Бiз несiн таласамыз. Құдайдың өзi билiгiн айтып қойған жоқ па белгiсiн салып? Өзеннiң ағысымен күншығыс жағы Наймандiкi, күнбатыс жағы Тобықтынiкi болып, бөлiк өзеннiң арнасы болсын, – дейдi. Сонда Қисық: «Өзiң Доғал десе, Доғал екенсiң ғой», – дегенде, Доғал: «Өзiң Қисық десе, Қисық екенсiн ғой, Құдайдың өз билiгiне риза болмайтын», – дейдi. Сөйтiп бұлар да келiсе алмайды.

Бұған Наймандар разы болмай «Құндызды, Шет бойын бұрыннан қоныстанып көлемi, бүкiл Шыңғысты алып, оған тоймай, Құндыздыға қол салдың ба, Тобықты» дейдi.Сонда Құнанбай: «Құндызды, Шет бойы Шыңғыстан бөлек емес, Шыңғыстың сегiз өзенiнiң бiрi, мен Найман жерiн даулап отырғам жоқ, атам Жетi Момынның алған, қонған жерiмдi қайтар деп отырмын. Сен бiз алыстан көшiп келгенше, Шыңғысты иемденiп алдың. Көптiгiңдi iстеп ерiмдi қазаға ұшыраттың. Малымды талауға салдың, зорлық жасап жерiмдi бермей келдiң. Шығарған бидiң кесiмiне де көнбей отырсың».

Ояздарға келiп билерге салынғанын, қалай билiк айтқанын түсiндiредi. Оған Найман адамдарының көнбегендiгiн түсiндiредi.

Сонда Қарқаралы оязы тұрып: «Бұл жер ежелден Тобықтының жерi болғанына көзiм әбден жеттi. Бiрiншiден, Құнанбайдың дәлелi толық, Наймандiкi зорлық және бiр үлкен дәлел. Бiз осында келгелi, осы дау басталғалы Тобықтының бiрнеше кәрi адамдары күнде ерте анау бұрынғы ата-бабаларының моласына дұға қылып жүрдi. Олар жерiмiз Найманға кетсе, ата-бабаларымыздың молалары қалады, – деп уайымдап, қайғырып келiп жүргенiн бiз күнде көрдiк. Ал, Найман, сенiң жерiң болып, анау ата-бабаларыңның моласы болса, бiреуiң неге барып дұға оқымайсыңдар? Сендер жақтан бiр адамның барғанын көргемiз жоқ. Сондықтан, жер Тобықтынiкi екенi анық. Және бұрыннан айтылған билiк дұрыс айтылған. Бiздiң айтқанымыз: бөлiк Құндызды арнасы болсын». Сөйтiп, Тобықты қолы жетпей жүрген Құндызды бойын қайырып алады.

Мұнда бiраз жайларды тарата түсуге, түсiндiруге тиiспiз. Алғашқысы – Шыңғыстағы сегiз өзен жайы. Янушкеевич: «Шыңғыстау тауларындағы Бақанас, Қалқаты, Көксала, Тайөзен, Құр, Жайма өзендерi оңтүстiк батыс бағытты ұстап Балқашқа қарай, Шаған, Досбол, Тоқырау, Байқара, Бөкеншi, Егiзбалапан, Қарауыл, Тақыр, Мұқыр, Мақаншы, Құндызды, Қос, Шар, Шет өзендерi солтүстiк бағытты ұстап ертiске қарай ағады. Бұл тауларда Сыбан және Тобықты қазақтары жайлайды». (хат-күнделiктер, 179-бет).

Жетiсу сапарында Янушкеевич қатысқан экспедиция жайлауда, Пұшантай қонысында Құнанбай қонағы болғанын, өзiнiң Құнанбайдан ел мен жер тарихын, тiптi Шыңғысхан осында жерленбедi ме деп сұрағанын жазады. Демек, Янушкеевичке Шыңғыс өңiрiндегi өзендердi Құнанбай айтқан болар. Поляк револю-ционерi Шыңғыстың iшi-сыртындағы өзен санын жиырмаға жеткiзедi.

Ал, Шыңғыстау ежелгi сегiз өзендi тау емес пе едi? Тобықты Шыңғысты «өзiмдiкi» деп; Жетi момынның атынан өзгеден даулағанда «ата мекенiмiз» – сегiз өзен бойын аламыз деп шайқасқа түспеп пе едi? Сондағы сегiз өзен қай өзендер болу керек? Бiзше, ол сегiзге сырттың iрi өзендерiн қосқан жоқ тек, сол сегiзге сырттан басын алып, Шыңғыстың ұлы жотасын кесiп, бауырына құлайтын Шағанды ғана енгiзген. Сонда Шыңғысты ондаған ғасыр бұрын сегiз өзендi тау атандырған бүгiнгi өзендер: Шаған, Бөкеншi, Егiзбалапан, Қарауыл, Мұқыр, Тақыр, Құндызды, Шет өзендерi. Осы арада қазiргi адамдар Мақаншы, Досбол, Тоқырау, Байқара өзендерi қайда, Ащысу өзенi неге аталмаған деп сұрауына болады.

Бiз Мақаншы дегендi бiле алмадық, ал Досбол, Байқара, Тоқырау-Жасар, Әтей елдi нүктелерi тұсындағы Шыңғыс жотасының асуларының аты, сол таулардан ағып шығатын өзендер. Егiзбалапаны Хан, Қаражартас өзендерiн айтқаны. Бұдан соң Ащысудың Шыңғыстан ағып шықпайтынын, оған Шеттiң құятынын еске алу шарт.

Ендi Құндызды жағасындағы тас молаға дұға жасап ояздар көзiне түсушi Тобықты тобын да айту керек. Құнанбай даудың қазақ жөнiмен бiтпейтiндiгiн басында-ақ шамалағанда, әртүрлi әрекеттi ерте әзiрлеген. Молаға шалдар тобын ертiп барып, қалайда орыс ұлықтарының көзiне түсудi ұйымдастырған кiсiнiң аты – Көкше руының Бәйiт деген биi. «Құндыздыны Наймандардан алуда атамыз Бәйiт би Құнекеңе көмек еткен» дегендi Көкшелер бүгiн де айтады. Бәйiт Құнанбайды жоғары бағалаған. Баласы Байболат Жиреншенiң iнiсi Жомарттың қызы Қадишаны үлкен ұлы Ақболатқа айттырып, Шоқамен құда болып ап, Құнанбайға қарсы топтың батасына кiрiп кептi. Бәйiт Құнанбайдан үлкен екен. Өзiнiң ерiнi жырық бопты. Байболат «Құнанбайды өйтетiн болдық, бүйтетiн болдық» деп жосып отырғанда, төсегiнде отырған кәрi би күлiптi. Баласы секем алып: – Әке неге күлесiң? – дегенде,

Бәйiт:

Әкең байғұс күледi-ау,

Бiр нәрсенi бiледi-ау.

Сынық мүйiз тарғыл бұқа

Тақымыңнан iледi-ау, – дейдi. Iле шала Байболат ауыл старшындығынан түсiрiлiптi. Құнанбайдың кекшiлдiгiн, есесiн қайырмай қоймайтындығын сөйлегенде осы бiр тақпақ сөз ұзақ уақыт бойына айтылып келген.

Билiкке отырушы екi би жөнiнде де тоқталайық. Доғал – Мәмбетей Мотыштың «құт қонған» дейтiн мың бiткен байы. Ағайынды алаламайтын берекесi үшiн халық жақсы көрген. Доғалекеңнiң жемпаздығы хақындағы аңыз Құнанбаймен байланыстырылады. Доғал хал үстiнде жатыр деп естiп, «жайын көзiңмен көрiп, хабарын бер» деп Құнанбай арнаулы кiсi жiбередi. Құнанбай кiсiсi барса, Доғал қатты ыңқылдап отырады. Алдарына кешкi ас әкелiнедi. Өзгесiне бiр астау ет тартылып, ал Доғалекеңе жеке астау ет әкелiнiп, екi жiгiт екi жағына отыра қалып, ет таусылғанша асатыпты биге. Сусынына ет артынан Доғал қос тегене қымыз iшiптi.

Ертеңiне Құнанбай кiсiсi Доғалға өзiн Құнанбайдың бидiң сұрап кел деп жiбергенiн айтып «мырзаға не сәлем айтасыз» -дейдi. Сонда Доғал: «Құнанжанға сәлем де! Тез жетсiн! Өздерiң көрiп отырсың, тамақтан қалдым ғой», – дептi. Хабаршы адам «Иә, тамағың қалған екен-дi», – iшiнен айтып, асықпай, араға бiр қонып келген екен.

Құнанбай: – Бидiң халы қалай екен?

Хабаршы: – Би жалпы сырқат болғанымен халсыз емес екен.

Құнанбай: – Бидiң тамағы қандай екен? Маған не айтты?»

Хабаршы: – Кешкiлiгiне ғана бiр қойдың етi мен екi тегене қымыз iштi. Өлетiн кiсi сонша тамақ iше ме? Өзi сiзге «тез жетсiн, тамақтан қалдым»- дедi.

Құнанбай: – Құтым-ай, дуалы аузым-ай, дүниеден көшедi екен ғой. Неге тез жетпедiң?»- зәрлене қарап, дереу атқа қоныпты. Сол бетiнде бөгелмей суыт келе жатқанда алдынан жаназашы шыққан екен,– дейдi.

Құнанбай бас боп, тобықты елi Доғалға Орта жүздi жиып ас бередi. Жайлауда, Көксеңгiрдiң баурайында, Бидайық көлiндегi ас берiлген жердi кейiнде Қырықошақ атаған. Салтта ас өткен орынды Қырықошақ атайтын болар, өйткенi Өскенбай асы өткен Қамбардың Көкшетауындағы орын қазiрде «Қырықошақ» аталады.

Доғалекең асында бiрiншi келген ат Тобықтыныкi болады. Қариялар оны Абаймен байланыстырып сөйлейтiн.

Ас өткенде Абай 9 жаста екен. Асқа қосылмақшы жүйрiк аттарды iрiктеу үстiнде Құнанбай баласы Абайға: Мына аттың қайсысы жүйрiк, Абайжан? – дептi дейдi. Абай: – Анау ақ табан Қоңыр бестi жүйрiк, – дептi.

Қара жарыста аттар алдында Құнанбайдың Ұзын құлақ торысы келе жатыпты. Екiншi әлгi айтылған ақ табан Қоңыр бестi екен.

Құнанбай: – Абайжан алда ұзын құлақ келедi ғой. Абай: – Алдынан кiсi шығарып аттарды сонау белге дейiн айдатыңызшы!

Аттар Абай нұсқаған белге көтерiле Ұзын құлақтың алдына Қоңыр бестi түскен екен. Құнанбай: – Абайжан, Қоңыр бестiнiң Ұзын құлақтан озатынын қалай бiлдiң?

Абай: Тәте, Қоңыр бестiнiң бақайы Ұзын құлақтан бiр елi қысқа. Асқа келген аттарды қараған сейiстер Найман Қисықтың Көксары атынан озатын бұл өңiрде жылқы жоқ дегенге тоқтапты. Көксарыны Құнанбай да көредi. Бәйге аттар бiр күн бұрын жiберiлмейдi. Жөнiн сұрағандарға ас басқаруыш Құнанбай «күн салқын (күзге таман берiлген ас), аттар ертемен айдалса да болады» деп ырық бермептi.

Бәйгеде Көксары үшiншi болып келедi. Түйе бiтiмдес иiр-иiр келген, айырдың үлегiндей ат екен, жаңа қызса керек. Сонда Уақ Сабал ақын айтқан өлең мынау:

Тобықты, ас берiпсiң Доғалыңа,

Ризамын, бәрекелдi, қоғамыңа.

Тай шаппайтын жерiнен ат шаптырып,

Қалдың-ау Көксарының обалына.

Ақын бәйгенiң жерi жақын болды деп кiнә қойып отыр...

Бекен Исабаев

("Ұлылар мекені" кітабынан үзінді)

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...