(Аударған Т.Ғабитов)1 ТАРАУӘріптер мен категориялардың атауларыҮшінші бөлімКатегорияларӘлемдегі затт...
Жер бетінен аралар жойылып кетсе не болады?
Пестицид, паразит, климаттың өзгеруі, урбанизация сияқты құбылыстардың әсерінен экожүйедегі маңызды өсімдіктер, жәндіктер мен жануарлардың түрлері жойылып кетуі мүмкін. Әсіресе бал арасының жойылу қаупі басым. Егер осы ара Жер бетінен тұтас жойылып кетсе не болар еді?
"Адам оттегісіз үш минут, сусыз үш күн, ал арасыз төрт жыл ғана өмір сүре алады". Бұл – Альберт Эйнштейннің 1941 жылы "Canadian Bee Journal" басылымына берген сұхбатында айтқаны. Бұл сөз қаншалықты рас? Олардың адамзат өмірінде соншалықты маңызды екеніне аса сеніңкіремесеңіз, қарапайым бургерді елестетіңіз.
Егер аралар болмаса, оның құрамында пияз, маринадталған қияр, дәмдеуіш қызыл паприка болмас еді. Бұл көкөністерді аралар тозаңдандырмаса, дұрыс пісіп-жетілмейді немесе мүлде өспейді. Бургерде ірімшік те болмас еді. Себебі сүт беретін сиырдың рационына люцерн керек. Ал оны аралар тозаңдандырады. Люцернді басқа шөппен алмастыруға болады, бірақ бұл сиырға кететін шығынды көбейтеді, салдарынан сүт пен сүт тағамдары қымбаттайды. Тіпті картоптан жасалған фрисіз қалуыңыз да мүмкін. Себебі картоптың кейбір сұрпын аралар тозаңдандырады.
Тозаңдану деген не?
Тозаңдану – гүлдің, өсімдіктің ұрықтануы. Яғни аталық тозаң аналықтың аузына барып түссе, өсімдік тозаңданып, көбейді деген сөз. Оның екі түрі бар:
1) Өздігінен тозаңдану (автогамия) – тозаңдану тозаңдандырғыштың көмегінсіз жүреді.
2) Айқас тозаңдану (аллогамия) – бір өсімдіктің тозаңы сол түрге жататын екінші бір өсімдіктің аналығына жеткізілуі. Оны біз айтып отырған аралар, құстар, жәндіктер жеткізеді.
Аралар өсімдіктерді қалай тозаңдандырады?
Араның 20 мыңнан аса түрі бар. Олар гүлді өсімдіктердің 80%-ін тозаңдандырады. Ара омартаға немесе ұясына тозаң мен балшырын жинай жүріп аталық өсімдіктен аналыққа тозаң қалдырып кетеді. Ара мұны тозаңдандырайын деп әдейі істемейді, ол өсімдіктен балшырын алып жатқанда тозаңға былғанып қалады да, аналығына қалдырып кетеді. Осындай айқас тозаңдану нәтижесінде көптеген жеміс-жидек, көкөніс, жануарлар рационына қажет өсімдіктер өсіп шығады.
Өсімдіктерді тек аралар ғана тозаңдандыра ала ма?
Өсімдіктерді көбелек, қоңыз, күйе көбелек, тіпті құстар мен жарқанаттар да тозаңдандырады. Бірақ бүкіл биосферадағы тозаңданудың үштен бірі араларға тиесілі.
Ара басқа құс-жәндікке қарағанда жақсырақ тозаңдандырады. Себебі олардың жағдайы өздеріне қолайлы және күн сайын өте көп өсімдікке қонады. Қарапайым бал арасы жылына шамамен 4 миллион рет ұшып-қонады және соның әрқайсында жүздеген өсімдіктен балшырын жинайды.
Қауын, бадам сияқты жемістер араның тозаңдандыруынсыз мүлде өнім бермейді. Басқа да он шақты жемістер арасыз да тіршілік ете алады, бірақ олар арасыз тым аз өнім береді. Саны күн сайын артып келе жатқан Жер тұрғындары бұл азықтарға, ондағы дәрумендерге зәру, демек адамзат араларға да зәру.
Тозаңдану азықтың сапасына да әсер етеді. Бұдан бөлек аралар бал, балауыз, прополис (ара желімі) жасайды. Бұл өнімдер медицина, құрылыс, косметикада пайдаланылады.
Ара жоғалып кетсе, тағы не болар еді?
Гүлді өсімдіктердің 90%-і тозаңдандырғыштарға тәуелді. Араларсыз олар да жойылып кетеді, демек азық пен жәндіктердің панасы да жойылып, экожүйе тізбегі бұзылады. 2014 жылы АҚШ-та зерттеу жасалып, мынадай тұжырым жарияланған: аралар жыл сайын құны 15 миллиард доллар болатын жұмысты тегін істейді. Өсімдіктерді адамдар да тозаңдандыра алады. Бірақ, әрине, тегін емес.
Сарапшылардың айтуынша, аралар жойылып кетсе, фермерлер тозаңданатын өсімдіктерді өсіруден мүлде бас тартуы мүмкін.
Аралардың жойылуына не себеп болып жатыр?
Араны варроа тұқымдас кене өлтіреді. Өзге жағдайда жәндіктердің өліміне адам себеп болып отыр. Мысалы біз аралар тозаңдандыратын өсімдіктерге пестицид қосамыз, аралар өмір сүріп, қоректенетін дала мен орманды игереміз, табиғаттың "мазасын алып", климатқа әсер етеміз, салдарынан өсімдіктер басқа уақытта гүлдеп, аралардың тозаңдандыру кестесі бұзылады.
Адамдар араларға қалай көмектесе алады?
Оның бірден-бір жолы – ара жақсы көретін өсімдіктерді көбейту. Бірақ ең бастысы – табиғаттың "мазасын алмай", зиян келтірмеу. Арғы жағын экожүйе өзі реттейді.