Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ. Ар мен ожданның өрті

ТАНЫМ
3071

«ХАЛЫҚТЫҚ ӨНЕР» НЕМЕСЕ МЕЛОДРАМАНЫҢ ҚҰДЫРЕТІ

Ұмытпасам, Василий Шукшиннің әңгімесі. Бір адам, әлде мүгедек пе, әлде жай мүскін пақыр ма, есімде жоқ, Отан соғысы кезінде деревняларды аралап гармонмен ән айтады.

«Жалобные песни», яғни, бізше «Ғарызнама ән» деп аталатын көне, аянышты әуендер. Көбі майданнан қара қағаз алған әйелдер жылап отырып тыңдайды. Осылайша аталмыш әнші халықтың жұбатушысына айналады. Соғыс аяқталғаннан кейін де ел-елді аралап күнін көреді. Арада біраз уақыт өтіп, халық есін жияды. Содан соң әншіге деген ықылас-пейіл де өзгере бастайды. Адам деген қызық қой. Бұл жерде жазушының бейнелеп отырғаны бір ғана тип болғанымен, әңгімедегі айтылған жайттардың бүкіл орыс мінезіне қатысы бар. Қиыншылық, нәубет кезінде ғана босап, жұмсарып, соғыс аяқталғаннан кейін өзінің қатал қалпын тапқан әлеуметтен көңілі қалған гармоншы ел аралап ән айтқанын қояды.

Біз бұл жерде В.Шукшиннің шеберлігін дәріптейік деп отырған жоқпыз. Әңгіме белгілі бір халықтың мінезінде бірнеше жыл бойы орын алған сентиментализм жайында. Өткеннің қайғысы бүгінгінің қайғысымен жалғасты, үндесті. Бірақ бұл ахуал көпке созылған жоқ. Аз ғана уақыт тұрды да аяқталды. Ұшқынның жылт етіп өшкені сияқты.

Сондай-ақ, сентиментализм, табиғатына тумысынан жұққан халықтар болады. Сондай халықтардың бірі – қазақ. Сәл-пәл тізетіп айтатын болсақ, қазақ жақсы мағынасындағы қайғылы, қасіретті халық. Жапон самурайларының әскери идеалы «Гүл менен семсер» («Меч и хризантема») деген жалғыз ауыз сөзбен анықталады.Яғни,жауынгердің жүрегі гүлдей нәзік, ал қолы семсердей қатты болуы керек деп баян етеді бұл идеал. Осындай серілік мұратты қазаққа да теліп айтуға болады. Дұшпан тауарих қалай былықтырса да бір нәрсе анық күйінде қалады. Ол – беріде Азиядағы, арыда – ат тұяғы жететін жердегі, жинақтап айтсақ – бүкіл әлемдегі бүгінгі тарихи космостың үлгісін қазақ және қазақ сияқты көшпенді халықтардың арғы бабалары қалыптастырғандығы. Ардагер заман аяқталып, тыным тапқан бүгіннің өзінде қазақ табиғатынан баяғы ер аталарының кейбір мінездері байқалып қалып отырады.

Міне, жоғарыда айтылған сентиментализм осы қазақы мінездің биік үлгісі болып табылады. Қазақ сентиментализмі басқаның қайғысына иіле білуінен көрінеді.

Әлі есімде, 1960-шы жылдардың ортасы. Бұл кезде Үндістан мен Кеңес одағының арасы өте жақсы. Тиісінше, Кеңес одағында үнді фильмдері көп көрсетіледі. Радж Капур өзі түсірген және басты рөлде өзі ойнаған әйгілі «Қаңғыбас» («Бродяга») фильмін осы бала кезімізде көріп едік. Содан соң, «Симледегі махаббат», «Тас пен гүл», «Анупама», «Зита мен Гита», «Кек пен заң»… толып жатыр. Ауылға әкеліп көрсететін әр үнді фильмі тұтас оқиға, үлкен құбылыс болып саналатын. Өтіп кеткеннен кейін де қаншама уақыт әлеуметтің талқылауында болушы еді. Адамдар шағын клубтан егіліп шығатын. Әйелдердің көздері бұлаудай, еркектерінің өздері елжіреп, босап қалатын. Ауылымызда Григорий Карпатов деген орыс бар еді. Фотограф болатын. Қазақ тілін қазақтың өзінен жақсы біледі. 

Сол кинодан жылап, тебіреніп шығып келе жатқан жұртты көріп ішек-сілесі қатып күлетін.

– Шіркін, кино көрсең, қазақтай көр, – дейтін.

Бірде той үстінде осының алдында ғана көрсетілген үнді фильмі талқыланды.

– Әй, айналайындар-ау, бұл, өмірде болмаған нәрсе ғой, – деген Григорий әйелдерге қарап, – оның несіне жылайсыңдар? Қызықсыңдар.

– Гришә, сен олай деме, – деді сол жерде отырған кемпірлердің бірі, – қазақ кеше не көрмеді? Қайғыны қайғы таниды. Осы отырғандардың көбі шерменде, тесік өкпе.

Григорий үнсіз қалды. Кейін ойлап отырсам, аты да есімде жоқ сол әжей нағыз сыншы екен. Оқу оқымаған, алайда сезім сырын жүрекпен тап басып айтып отыр. Шынында да солай. Бұл феномен ғылымда жан-жақты зерделенген. Әдетте, адам экрандағы тағдырды өз басындағы тағдырмен салыстырады. Сол себепті, 1960-шы жылдардағы көрермендердің дені Азамат соғысының ар жақ – бер жағында туғандар екенін, яғни, 20-шы ғасырдағы ең ауыр несібені татқандар екенін ескеретін болсақ, онда аталған ұрпақтың үнді фильміне деген тебіренісінде тұрған ақылға сыймайтын ештеңе жоқ. Әрине, үндінің ол фильмдері өнердегі классификация бойынша ән аралас мелодрама деп аталады.

Ішіндегі көп нәрсе, ертегідегідей шартты түрде алынады, монтаждың орнына көп жағдайда ән пайдаланылады, бір схема фильмнен фильмге көшіп жүре береді. Осыдан келіп үнді фильмдері кейіпкерлерінің аттары ғана өзгеріп отыратын бір ғана спектакльді елестетеді. Бірақ, ауыл қазағының бұндай кілтипандарда не шаруасы бар? Ол әр барған сайын өз тағдырын жолықтырады, тағдырын жолықтырмаса – болмай қалған өзін көруге барады. Міне, үнді фильмі қазақ үшін осы мағынасымен құнды еді.

Біздің ұғымымызда үнді фильмі деген осы-тын. Ешқашан өзгермейтіндей, мәңгі осылай болатындай көрінетін. Бірақ, олай емес екен. Кейін киноның тарихымен айналыстық, киноэстетиканың қыр-сырына жетілдік. Оның сыртында түрлі фестивальдар кезінде өңіміз түгіл түсімізге кірмеген шығармалармен ұшырастық. Осындай халықаралық кинокөрмелерде біз мүлдем басқа Үндістанмен таныстық. Бала кезімізде көрген кино мен кейін көрген киномыздың арасы жер мен көктей екен.

Әрине, мелодрама – мәңгі жанр. Үндістанда мелодрамалық фильмдер әлі күнге дейін түсіріледі, көрсетіледі. Алайда, сонымен қатар, үнді кинематографының үлкен ізгілік проблемаларын зерделей бастағаны, осы бағытта тұтас әулеттік мектептер қалыптасқаны көрінеді. Бұл бүгін ғана болған нәрсе емес.

Ізгілік проблемалар, адамгершілік тақырыптары әдетте комедиядан тамыр тартады. Комедияның проблемасы – күлкілі, қораш көріністердің тасасында тұрған адамдық үлкен трагедияны көрсете білуде. Сол себепті, театрда болсын, кино өнерінде болсын, бұл ең қиын жанр болып есептеледі.

Чарли Чаплин фильмдері жайында батыстың бір киносыншысының айтқаны бар, осы, адамның ішек-сілесін қатыратын оқиғалардың ар жағында үлкен мұң түр, деп.

«КІШКЕНТАЙ АДАМНЫҢ» ҮЛКЕН КЕЙІПКЕРГЕ АЙНАЛУЫ

Осы орайда бір фильм еске оралады. Алғашында бұл сюжетті үнділік режиссер экранға шығарған. Артынша арабтар сатып алып, өздеріне лайықтап араб комедиясын түсірген.

Бір кедей жігіт болады. Үлкен қалада, ығы-жығы кедей кварталда шешесімен ғана тұрады. Тапқан табысы екеуінің талғажауына ғана жетеді. Асыл арманы бар – байдың сұлу қызына ғашық. Жігіт, жағдайын түзеп алу үшін есепті некені ойластырған адам емес. Ол қызға шын ғашық. Ұйықтағанда түсінде байлықты көрмейді, қызды өз лашығында, шешесімен қатар отырғанын көреді. Алайда, қызбен сөйлеспек түгілі танысудың өзі мүмкін емес. Уақыт өтеді. Бірде жігіт өзінің бір ауқаттылау досына сырын ашады. Досы оған өзінің тәуір киімдерін беріп, қыздың машинасының астына түс деп ақыл береді. Бағың бар болса, жеңіл жараланасың, ауруханаға түсесің, қыз өзінің кінәсін жуып-шаюға сені іздеп ауруханаға келеді. Осылайша ғашығыңмен танысасың дейді. Айтылған күні жігіт шырттай киініп, бұрылыстан шығып келе жатқан қыздың машинасына қарсы жүгіреді. Бірақ, өмірінде біреуге қол көтеріп көрмеген именшек байғұс, дөңгелектің астына түскеннің орнына автомобильдің капотына жата кетеді. Сонымен полиция келеді, жігіт бір-екі сағат айықтырғышқа отырып шығады. Содан соң досы тағы бір амал табады. Бомбейдегі әйгілі бұзақылардың біріне ақша төлеп келісім жасасады. Ойынның шарты бойынша қыз университетке сабаққа бара жатып, жолшыбай өзінің сүйікті кафесіне кіріп балмұздақ жеп отырғанда, әлгі бұзақы кіріп қызға ұрыну керек. Осы кезде сыртта тұрған кедей жігіт ішке кіріп, қызға ара түсіп, бұзақыны бір ұрып құлату керек. Содан соң, … қызбен танысу керек. Алайда, өмір шындығы сценариймен сәйкес келе бермейтіні белгілі ғой, Қыз балмұздақ жеп отырғанда оған мүлдем басқа бір бұзақы келіп, шынында да ұрынады. Кедей жігіт, басымен кафенің төбесін тіреп тұрған еңгезердей бұзақыға қарап жүрексініп сәл тұрады да кіріп барады, ай-шайға қарамай жақтан бір ұрады…

Аздан соң, ақшасын алып, таяқ жеуге келіскен әйгілі бұзақыны ертіп, бес-он минут кешігіп кедей жігіттің досы да жетеді. Келсе – ғашық есін білмей талып жатыр. Бұзақы оны сілейтіп кеткен. Міне, осындай қаншама күлкілі оқиғалар. Және осы оқиғалардың ар жағынан біз, кедей жігіттің ат басындай адал жүрегін танимыз. Қыз осыны түсінеді. Болған жайды әкесіне айтады. Әкесі, ол адам сені шын жақсы көреді екен деп, қызын соған ұзатады. Фильм үйлену тойымен аяқталады. Әрине, ертегі. Алайда, фильмнің көтерген ізгілік проблемалары кейіннен өрістей келе үнді кинематографын биіктерге бастады. Интертекстуальдік іздеу (интертекстуальный поиск) тәсіліне салсақ бұл кейіпкердің «Лағыл білезік» («Гранатовый браслет») атты А.И.Куприннің әңгімесінен тамыр тартатыны аян болады. (Үнді фильмінің геройы қолы жетпейтін адамға ғашық болған бейбақ). Осындай әр жерде шашылып жатқан ізгілік элементтер жинақтала келе адамдық, кісілік туралы үлкен ұғымға айналады.

Кинопластиканың алхимиясы өте күрделі, шым-шытырық ілім. Біздің мақсатымыз соны түсіндіру емес. Біз тек бір фильмнің мысалында үнді кинематографындағы ізгілік проблемасының ауқымын пайымдамақпыз.

«ЖЕРЛЕУ САПАРЫ»

1980-ші жылдардың басында Алматыда өткен үнді кинофестивалінде бұл фильм осындай атпен көрсетілген (интернетте мүлдем басқа атпен тұруы мүмкін).
Анна Ахматова бірде айтқан екен «Достоевскийдің кейіпкерлері, ол – Пушкиннің қартайып қалған кейіпкерлері» деп. Аталған фильмде біз В.Шантарам, Р.С.Чаудхури, А.Ирани, Сухраб Моди, Х.А.Аббас, Ч.Ананда мен Радж Капурдың қартайған емес – есейіп ер жеткен кейіпкерлерімен ұшырасамыз.

Фильм дәстүр жайында, дәстүр адамы жайында болғандықтан, Үндістанның байырғы мәдениеті, қасиетті географиясы турасында бір-екі ауыз түсінік беріп кеткенді жөн көрдік. Себебі, үнді фильмінде жер-судың мән-мағынасы аса зор болады.

Ганга – Үндістанның ең ұлы өзені және үнді мифологиясының бас кейіпкерлерінің бірі. Аңызда, таулардың иесі Химавата патшаның қызы (Ганга өзені «Ригведа» мен «Рамаянада» айтыла бастаған). Вишну құдайдың саусағынан бастау алған Ганга алғашында аспан өзені ғана болыпты. Содан соң шөлдеп жатқан бабалардың сүйегін суғару үшін жерге құлапты. Алайда, алып өзен жерді күйретіп кетпес үшін, Шива құдай оның жолына қалқан ретінде өзінің басын тосқан екен. Осы Шиваның басынан жеті тарам болып аққан Ганга өзінің қазіргі арнасын тауыпты. Одан ары мұхитпен астасқан өзен жерасты патшалығы (жерасты дүниесі) Паталаға еніп жоғалады екен. Индуизмде Ганг қасиетті өзен болып саналады. Оның суы адамды күнәдан тазартады, ауру-сырқаудан арылтады. Мәйітін Гангке жүздірген адам о дүниеде мәңгі барақатқа кенеледі. Гангтың жағалауы бойында бүкіл Үндістаннан адамдар келіп зиярат ететін Хардвар, Аллахабад, Варанаси, Сагар атты қалалар бар.

Өзіміз әңгіме етпек фильмнің оқиғасы Варанаси қаласында өтеді (әлем әдебиетінде бұл қала Бенарес деген атпен белгілі).

Үндістанның алыс уәлаятындағы шағын қалашықта тұратын бір ауқатты адамның әкесі өледі. Ескі діни заң бойынша марқұмның мәйіті өртелінеді. Содан соң мәйіттің күлін құтыға салған баласы, әйелін ертіп, Гангтың жағасындағы Бенарес қаласына аттанады. Әуелі арбамен екі күн жүріп, станцияға жетіп, содан соң пойызға отыру керек. Жол ұзақ. Мойындары ырғайдай, мүйіздері семсердей шаншылған ақ өгіздер асықпайтын митың жүріспен тартып келеді. Драманың туындап шиеленісе бастауы осы тұс. Арбакеш, орта жастардағы, әлі күші таймаған адам, бай мырзаның сұлу әйеліне қызыға қарайды. Көңіліне сайтан ұялаған адам аздан соң, ұят-аятты ұмытып ашық сұқтана бастайды. Өнебойын өртеген құмарлық қауіп-қатерді ұмыттырса керек (себебі, Үндістандағы әлеуметтік-касталық бөлініс бойынша арбакеш—төмен нәсіл, ал әкесінің күлін жерлеуге бара жатқан мырза-ақсүйек тұқым. Ақсүйектің әйеліне көзін салған құл-құтанның жазасы қандай екені белгілі).

Кеш батады. Жолаушылар жолда түнейді. Арбакеш ерлі-зайыптылардан аулақтау жатады. Бірақ, ұйықтай алмайды. Қиялмен нешетүрлі сурет салған ол таңертең дел-сал болып тұрады. Өзінің мақсатына жетуді де ойластырған. Мырзаның көзін ала бере арбаның астындағы шынжырда ілулі тұрған құтыны ақырын ағытып алады да тастың тасасына қоя салады. Аздан соң барлығы жолға шығады. Күн түске тырмысқан шақта мырза, құты есіне түсіп, арбаның астына қарап шынжырдың бос тұрғанын көреді. Азынаулақ дау-дамай туады. Арбакеш кері жүруге көнбейді. Өгіздер шаршады, мен осы жерде тоса тұрайын, өздеріңіз барып, тауып алып келіңіздер дейді. Мырза әйелін әуреге салғысы келмей жалғыз кетеді. Ар жағы лас көрініс. Арбакеш әйелдің етегін зорлықпен ашып, дегеніне жетеді. Құты табылады,мырза қайтып келеді, жол ары қарай жалғасады. Түстен кейін бұлар стансаға келеді. Мырза арбакештің ақысын беріп, қай күні кері қайтатындарын айтып, әйелін ертіп пойызға отырады.

…Бенарес. Бүкіл Үндістаннан жиналған қисабы жоқ халық. Әр жерде мәйіттер өртелініп, күлі суға ағызылып жатыр. Қаптаған қайыршылар. Қайыршыдан айырмасы жоқ мыңдаған брахмандар. Күмбезін алтынмен аптаған мыңдаған құжыралар. Мейманханаға орналасып, заттарын жайғастырғаннан кейін мырза, әйелінің үнсіз қалғанынан секем алып, не болғанын сұрайды. Әйелі ештеңе де болған жоқ, Бенарестің киесі басып осындай болып тұрмын, назар аудармаңыз дейді.

Ертеңіне демалып, қунаған екеуі құтыға салынған күлді алып өзенге шығады. Өзенге түсетін сексен баспалдақ бар. Гхата деп аталады. Осы баспалдақтарға тоқтап, дұға оқып, ақыры суға енген ерлі-зайыпты, әуелі құтының ішіндегі күлді төгеді. Содан соң өздері де тазаланып шомыла бастайды. Мыңдаған адам. Барлығы мәз-мейрам. Осы кезде мырзаның әйелі суға бір сүңгіп, аз-маз бөгеліп қайта шығады. Содан соң жұбайына қарап тұрып «Қош болыңыз!» деп айқайлайды да шым батады. Мырза алғашында әйелінің бұл қылығын қалжыңға балайды. Артынша оның су астында шамадан тыс бөгелгенінен секем алып, айқайлай ұмтылады. Су іші қисапсыз зияратшылар.Біреүді біреү біліп болмайды. Мырза айқайлап, сүңгіп, қайта айқайлап есі шығады. Жағада отырған құтқарушылар да көмекке ұмтылады. Болған іске не шара. Қаншама адам жабылып іздеп әйелді таба алмайды.

Фильмнің соңғы эпизоды. Перронда таза көйлек киіп, басына әдемі жаңа сәлде ораған арбакеш тұр. Пойыз келеді. Вагоннан шыққан мырза арбакешпен салқын амандасады. Жүктер арбаға тиеледі. Содан соң арбакеш «Ханым қайда?» деп сұрайды.

Мырза көзінің жасын бір сығып тастап болған жайды баян етеді. Арбакеш жүзі біртүрлі құбылып үнсіз қалады.

Сонымен бұлар жолға шығады. Құлазыған дала. Жолаушы да, арбакеш те үнсіз. Өгіздер ғана өздерінің қалыпты жүрісінен жаңылмайды. Кенет арбакеш өзінен-өзі үрейленіп төңірегіне қарай бастайды. Себеп – алда, қозыкөштейде осыдан бірнеше күн бұрынғы қылмыстың болған жері.

Әйелдің абыройы төгілген ойпаңға тақаған сайын, арбакеш, қара терге түсіп алқына бастайды. Ақырында арбадан құлап түседі, аузынан көбік ағып, жермен домалайды.

Мырзаның, бұл сұмдық көріністі шошына бақылағаннан басқа амалы қалмаған. Ол есін жиып бірдеңе түсініп болғанша арбакеш өліп те болады. Осылайша мырза үйіне де жетеді, бала-шағасын құшақтап еңіреп қалады. Осы жерде аталған кейіпкердің генезисін пайымдау, бұдан кейінгі көркемдік жұмбақтардың шешіміне үлкен жол ашады.

Аталған фильмдегі арбакеш – әлем әдебиетінде, әлем өнерінде ежелден қалыптасқан «патша менен күң», «патшайым мен құл» оппозициялық жұптарынан келген кейіпкер. Біздің осы уақытқа дейін оқығанымыз, көргеніміз аталған жұптардың қисапсыз модификациялары, комбинациялары (қиысулары мен қисындары).
Арбакештің ішкі дүниесін пайымдап түсіну үшін еріксіз интертекстуальдік кеңістікке шығамыз. Шығыста кең тараған бір сюжет бар. Ол сюжеттің жаңғырықтарын, жекелеген фрагменттерін түрлі шығармалардан кездестіруге болады. Мысалы, «Мың бір түнде», Мағауияның «Медғат – Қасымында» осы оқиғаның реңсіз елесі бар. Біздің әңгіме етпегіміз, аталмыш хикаяның, шамасы авторы аноним болып қалған, биік әдеби деңгейде пайымдалған барынша толық нұсқасы. Соның әлдебір мысырлық режиссер экранға шығарған бейнесі.

Қайда туғанын, қандай ортада өскенін ешкім білмейтін бір құл болады. Әйтеуір, құл сататын базардан жасөспірім кезінде бір саудагер сатып алып, Үндінің патшасына сыйға тартқан. Ертеден кешке дейін көз аштырмайтын ауыр еңбекте жүрген көп құлдың бірі. Құл жайында бұдан тыс бір нәрсе айтудың өзі артық.

Бірде бұлар тас шауып жатқан кеніштің ортасымен патшайым өтетін  болады. Құлдар бұл кезде бастарын көтермей етпетінен жату керек. Он екі хамбал көтерген алтын күйме өте бергенде жерде жатқан құл басын көтереді. Осы кезде жел соғып күйменің пердесі сәл ашылып қалады да, құл көруге тиіс емес патшайымның ай жүзі бір сәт аян болады. Ар жағы адам айтқысыз жаза. Неше күн дүреленіп жон терісі сыпырылған құл патшайымның кемесіне ескекшілікке жіберіледі. Күндердің күнінде патшайым мұхиттың ар жағындағы өз еліне төркіндеп бармақ болады. Орта жолға келгенде сұмдық дауыл басталып кеме қираған. Құл, өзі кісендеулі кеменің үлкен жақтауына мініп аман қалады. Жағаға шығып, таспен неше күн ұрып қолындағы кісенді қиратқан. Содан соң теңізді жағалай жүрген ол Алланың әмірімен тірі қалған патшайымға жолығады. Патшайымның қолынан ештеңе келмейді екен. Құл енді соны асырайды. От жағады. Лашық салады, нешетүрлі миуаны теріп әкеп береді. Осылайша патшайымды өзіне әйел болуға көндіреді. Патшайым айы-күні жетіп шекесі торсықтай ұл туады. Осы кезде бір тосын оқиға болған. Бұлар өздері тұрып жатқан аралда жалғыз емес екен. Алып аралдың арғы шетінде тұратын жабайы тайпаның жауынгерлері аң аулап жүріп құл мен патшайымның лашығының үстінен шығады.

Өркениеттен жырақта күн кешкен, атысу-шабысу, тартып алуды ғана білетін жабайы тайпаның шаман-бақсысы патшайымға қызығып өзіне әйелдікке алмақ болады. Құл оған, мені өлтіргеннен кейін ғана аласың деген. Осылайша ұрыс-соғысқа жоқ, өмірінде қолына қару ұстап көрмеген құл, еңгезердей бақсымен жекпе-жекке шығады. Жабайы жауынгер оны әлденеше рет алып соғып, жеңеді, алайда құл беріспейді. Өнебойы жабайының қола қанжарымен аяусыз тілгіленіп қанға малшынған құл ақырында амалын тауып, бақсының тамағынан қасқырша қауып, аямай буындырып өлтірген. Әйелі мен баласын қорғағанда ештеңеден тайынбайтын құлдың ерлігіне қайран қалған жабайылар бастарын шайқап, бақсының өлексесін алып кетіп қалады.

Енді үндінің патшасына келейік. Апат болғанын естіп өзінің теңізшілеріне бүкіл мұхитты, арал атаулыны тінтіңдер деп жарлық береді. Бірақ, ешкім ештеңе таба алмайды. Ел ішінде бір сәуегей бар екен, жоғалғанды қапысыз табатын. Патша соны алдына алдыртады. Алдына алтын ділданы дорбасымен қойып, «Әйелімнің тірі екенін жүрегім сезеді, міне, мынау сенің бүкіл өміріңе, балаңның баласына жететін дәулет, тек патшайымның қайда, нендей күйде екенін айтып бер» дейді. Сәуегей «Ей, ұлы бақытты патшам, айтайын десем аузым күйіп отыр, шыбын жанымды шырқырата ма деп қорқып отырмын» дейді. Патша «Әкесі өлгенді де естіртеді деген, қандай кеп болса да айт, басыңнан бір тал шаш түспейді, ант етейін» дейді. Содан соң сәуегей болған жайды көргендей қылып айтып береді, құбыланама-картадан жабайы аралдың тұрған жерін шамалап көрсетіп береді. Сонымен патша әйелін іздеуге үлкен флот шығарған. Арал да табылады, нешетүрлі хикметтен кейін патшайым, құл және баласы үшеуі астанаға жеткізіледі. Осылайша сегіз жылға созылған хикая аяқталған. Құлды халық алдына алып шығып аяусыз азаптап өлтіреді. Өзі сүйген әйелдің көз алдында осындай өліммен өлген-еркекке (мейлі ол құл болсын) үлкен сын. Өзі сегіз жыл әйелі болған еркектің адам айтқысыз қиналыс үстінде өлгенін көру, патшайым үшін де үлкен сын. Екеуінің сол жазаның үстіндегі адамдық қалпы – таңқаларлық нәрсе. Кім біледі, мүмкін, бұл, әлемдік кино өнерінде ұқсасы жоқ эпизод шығар. Патшайым мен құлдан туған, нәсілі кім екені белгісіз жеті жасар баланы, құл сататын базарда кісендеулі тұрған жерінен бір саудагер сатып алады. Патшайым сол саудагерді сарайға шақыртады. Бір-екі ауыз тіл қатыспақ үшін. «Баланың («баламның» емес) тағдыры не болады?» деп сұрайды. «Сатып алдыңыз, демек, ол құл ғой» дейді. «Патшайым, сіз жаңсақ түсінген екенсіз, мен бұл баланы сатып алғам жоқ, асырап алдым» дейді саудагер иіліп. «Ол бақытты бола ма?» деп сұрайды патшайым. «Балаларымнан артық та емес, кем де емес, елмен бірге көреді, не көрсе де» дейді саудагер. Патшайым сарай рәсімінен аса алмайды, жанында қаптап тұрған күтуші (ал шындығында көргендерін дереу уәзірге немесе патшаның өзіне жеткізетін аңдушы) кәнизактардан жасқанады. Сол себепті саудагердің жанында көзінің жасы мөлт-мөлт етіп тұрған баласына бұрылып қарай алмайды, теріс қарап сөйлеседі. Бұл – фильмнің ең қамрықты тұсы. Соңында саудагер, «Тағы да өтінем, қапа болмаңыз, патшайым, біздің елде адамның адамдығын таптау, құл иелену деген болмайды» дейді. Бетін мөлдір жас жуған патшайым сол теріс қарап тұрған күйі ақырын бас изейді…

«Жерлеу сапарындағы» арбакештің ішкі дүниесін осы кейінгі хикая айна-қатесіз түсіндіріп береді.

Бір қарағанда мырзаның әйелі жұмбақ өліммен өлгендей. Гангтың суына шомылған адам бойындағы күнә мен зинадан тазарады екен, олай болса, өз еркінен тыс болған қылмыстың табынан арылған адам өлмесе керек еді ғой. Бірақ, олай болмады. Себеп?

Себеп  адамның ішкі дүниесінде. Мырзаның әйелі Гангтың және мыңдаған пайғамбарлар жасаған Бенарестің киесінің алдында бас иіп, өз үкімін өзі шығарған адам. Ұяттан өлген адам.

Арбакеш те өзін-өзі өлімге кескен адам. Қараңыз. Қылмыс болған жер. Сол жердегі тас пен топырақ, бүкіл жердің бедері, болған істі куәландырып тұр. Махшар емей немене. Арбакеш бір өзі қылмыскер, бір өзі сот, бір өзі жендет. Міне, Үндістанның әйтеуір бір уәлаятында, әйтеуір бір жолдың үстінде болған драманың сыры осы. Үндістан жарым-жартылай ғана модернизмге өткен ел. Елдің көп бөлігі әлі Дәстүрде отыр. Аталмыш фильм, Дәстүр адамының бойындағы ар менен ұят түсінігінің қандай биік дәрежеде тұрғандығын көрсетеді.

Ынтызар сезім мен махаббат, әулеттік шекараны мойындамайтын материялар. Арбакеш осы шекарадан аттады да өліп тынды. Бірақ, бұл құбылыстың тағы бір қыры бар. Адам қашанда жарыққа, бақытқа, барлық пен салтанатқа ұмтылады, егерде ол намыс пен кісіліктен толықтай айырылып аюан дәрежесіне түсіп кеткен болмаса. Тірі жан, инсан атты махлұқат, дүниедегі теңсіздікті, басындағы ахуалдың адамға лайық емес екенін жүрекпен сезеді. Сол себепті төмен таптан шыққан арбакеш ақсүйек әйелге ғашық болса ол оның ішкі адамдық бағасының өте жоғары екендігін көрсететін белгі. Яғни, арбакеш тұрмыстың қандай талқысынан өтсе де, өзінің адамдығын биік ұстаған тұлға. Ал өлім, біреудің ошағын ойрандағанын түсінгеннен болған өкініш пен ұяттың үкімі.

«ТАСТЫҢ КИЕСІ»

Мен жапон жазушысы Ясуси Иноуэның әңгімесін осылай атауға мәжбүрмін. Орыс нұсқасында бұл шығарма «Сад камней» деп аталады. Аударып көрдім. «Тас бақ», «Тастың бағы», «Тастан жасалған бақ» дегеннен аса алмадым. Ақырында, «Жарайды, ақиқатында бұл – тастың киесі жайындағы әңгіме еді ғой» деген байламға келдім. Сонымен, әңгіменің аты осылай пайда болды.

Айта кету керек, орысша аудармасы өте қарабайыр. Орыс тілінің мүмкіндігінен немесе орыс аудармашысының кәсіби деңгейінен емес. Қазақтың тілі сияқты ұлы тілге аударылса да оңғаны шамалы болар еді. Жапон әңгімесінің аудармасы сапалы я сапасыз болып шығуы, аударманың шеберлігіне де, тілдің байлығына да қатысы жоқ нәрсе. Қандай да болмасын ұлттық текст белгілі дәрежеде – герменевтикалық (жабық, құпия, белгілі бір топтың, әулеттің өкілдері ғана оқи алатын арнайы әліпбиде жазылған т.т.т.) текст. Мен бұл жерде жапон жазушысын әлдебір құпия ұйымның мүшесі деуден аулақпын. Ясуси Иноуэ –  бар болғаны жапон жазушысы. Тамаша жазушы.

Ол, шығармаларым кейін басқа тілге қалай аударылады, ол аудармалардың сапасы қандай болады дегенді ойламапты. Бар шеберлігін жұмсап жапонша жазыпты. Жапон үшін жазыпты. Сондықтан тым жапонша жазылған Ясуси Иноуэның шығармаларын тым қазақшалап, немесе тым орысшалап шығу мүмкін емес. Жапон мәдениеті, таңбалық мәдениетке жатады. Оның өзіне тән, иероглифтер арқылы таңбаланатын шартты «түйдек мағыналары» бар. Алайда, жапондар таңбалық жазудан баяғыда дыбыстық әліпбиге көшкен. Сөйткенімен бұрынғы символдардан ажырамаған.

Бұрынғы, бір-ақ таңбамен бейнеленетін «түйдек мағына» еді сөзбен сипатталып жеткізілетін болған. Бірақ, жапон мәдениетінің осы жаңа сипатының өзі, бәрібір, басқа тілге нашар аударылады. Немесе, сөзімізді жинақтап, бүгінгі әлем әдебиетіне бұрмалап айтатын болсақ, әдетте, жапон прозасының сюжеті ғана аударылатынын атап кетуіміз керек. Осы, оқиғаның бойына өрілетін таза жапондық ұғымдар, символдар, таңбалар арнайы түсіндіруді қажет етеді.

Ясуси Иноуэның аталған әңгімесін («Тастың киесі») оқып, зерделегенде осы жайттарды көкейде ұстап отырған абзал.

Әңгіменің басында біз Дзиро Уоми деген адаммен танысамыз. Жаңа үйленген, отыздардағы жігіт. Әйелі Мицуко өзінен әлдеқайда кіші. Жас жұбайлар бал айының бірнеше күнін Киото қаласында өткізбек болған, себебі, бұл – Дзиро Уомидің бозбалалық шағы өткен қала. Бұлар Киотоға сары күзде келген еді. Келген күннің ертеңінде Дзиро Уоми ұзақ ойланып ақырында қаланың шетіндегі Ниннадзи құжырасына бармақ болады. Күздің тамаша күні. Құжыраның шырақшысы жас жұбайларды Рекакутэй деп аталатын шай рәсімі павильонына дейін шығарып салады да кетіп қалады.

Жоғарыдағы ескертуді қайтадан есіңізге сала кетейін, құрметті оқырман. Жапон мәдениетінің сыртқы қабаты құбылуы мүмкін, алайда, ішкі мағынасы, ұстындары ешқашан өзгермейді. Яғни, мен бұл жерде, жапонның тіпті беріде жазылған жаңа прозасының өзінде Қасиетті Тарихтың (Священная История), Қасиетті Географияның (Священная География), Қасиетті Ландшафттың (Священный Ландшафт), Қасиетті Сәулеттің (Священная Архитектура) ізгілік қағидалары ерекше орын алатынын атап кеткім келеді. Сөздің реті келгеннен соң, айта кетейін, қытайдың «Фэн-Шуй» атты Жер бедері, су ағындары жайындағы қасиетті ілімі де сыни пайым кезінде осындай ыңғайда пайдаланылады.

Сонымен, құжыраның ауласында екеуден-екеу қалған Уоми мен Мицуко бамбук бұтақтарымен көмкерілген аллеяны ұзақ серуендейді. Содан соң, Реандзи деп аталатын, тастан жасалған баққа қарай өтеді. Міне, осы жерден Уомидің естелігі басталады.

Бозбалалық шақ. Дзиро Уоми мен Дайскэ Тоцуко, Киотодағы колледждің оқушылары. Тоцуко қалаға барып жүріп мейрамханада даяшы болып істейтін Руми есімді қызбен танысады. Алғашқы сертшіл махаббат. Содан соң, өзінің досын ертіп барып, ғашығын көрсетеді. Ар жағы барлық хикаядағыдай. Алайда, қыз аузы күйген. Ғашық жігіттің екеуіне де, жеке-жеке, үйленсең ғана сендік боламын деген шартын айтады. Тас бақ. Дзиро Уомидің көз алдында осыдан 13 жыл бұрынғы драма. Тоцуко, досынан екеуінің ортасындағы қызды сүйетінін, я сүймейтінін сұрайды. Уоми өзінің шын сүйетінін айтады. Тоцуко ертеңіне заттарын алып, оқуды тастап өз ауылына қайтып кетеді. Алайда, Уоми сертінде тұра алмайды. Тән құмарлығы басылғаннан кейін Руми екеуінің арасы суи бастайды. Үш жыл өткен соң айрылысуға мәжбүр болады. Уомидің бүгінгідей көз алдында, Руми екеуінің осы Реандзи бағының жанында тұрып қоштасқаны. Руми, бір ғана сұрағыма жауап бер, Уоми, мені сүйесің бе, жоқ па, тек шыныңды айт, мен өкпелемеймін дейді. Уоми өзінің сүймейтінін айтады. Жүзі қуарып кеткен Руми орнынан тұрыпты, құлай жаздап барып, бойын тіктеп кете беріпті. Кешке үйге келген Уоми, Румидің заттарының жоқ екенін көреді, оның кетіп қалғанын түсінеді. Кейіннен бір досы Румидің Осака қаласында бір мейрамханада даяшы болып жүргенін айтады. Бұдан кейін Уоми өзімен аз жыл қызық кешіскен ол қыз жайында ештеңе білмейді. Ал Тоцуко өз ауылына қайтып барған, кейіннен, соғыс аяқталардың алдында шарап өндіретін компанияның басшысы болған, ауқатты өмір сүрген, ел-жұртқа беделді болған. Тоцуко сияқты адамның тағдыры басқаша болуы да мүмкін емес. Алайда, соғыстан кейін, көп ұзамай, аяқ астынан сырқаттанып қайтыс болған. Өткен өмір елесінен есін жиған. Уоми Реандзиді тамашалап тағы отырады. Шындығында бұл әдепкі ұғымдағы бақ емес еді. Шағын шаршының ортасындағы ақ құмның үстінде – он алты тас. Қай жағынан қарасаң да он бес тас қана көрінеді, он алтыншысы үнемі тасада қалып отырады. Бұл табиғаттың, болмыстың бар жұмбағын шешу мүмкін емес екенін меңзейтін символ.

Кенет, сәл бозарып кеткен Мицуко «Кетейікші» деп өтінеді.

Екеуі орнынан тұрып сыртқа беттейді. Естеліктен туған көңілсіз ойлардан арылған Уоми өзінің мейірімді қалпын табады.

Сонымен кеш батты. Отельге қайтып келгеннен кейін Мицуко өзінің жалғыз қалғысы келетінін айтты. «Достарыңа қыдырып бар» деді ол. Уоми кезінде өзіне ұстаздық еткен профессорға сәлем беріп барды. Аздан соң ұстаздың шақыруымен Киотода тұрып жатқан Уомидің бірге оқыған достары да жиналды. Мәре-сәре отырыс болды. Қас қарайғанда Уоми отельге келіп, әйелінің жоқ екенін көреді. Үстел үстінде желімдеулі конверт. Уоми конвертті ашып хатты оқиды.

«Мен жақсы әйел болуға тырыстым, дәміміз таусылғанша бірге болып, бақытты өмір сүреміз деп сендім. Алайда, бұнымнан ештеңе шықпады. Үйлену тойынан осы уақытқа дейін бұл менің қолымнан келетіндей көрінген еді. Жүрегімдегі мұз еріді, сенің махаббатыңа жауап қата алатындай едім. Бірақ, бүгін Киелі Тастың бағын көргенімде, оның салқын көркі мені жанымның түкпіріне дейін тебірентті, содан соң, мен арыммен саудаға барғаным үшін өзімді өзім жеккөріп кеттім. Ішкі дүниемнен бір дауыс көтеріліп, екі қолды бос тастап ағынменен сұлқ жүзуге, жүректің әміріне қарсы жүруге болмайды деді. Осы үнсіз бақ менің жігерсіз жаныма күш құйды, еркімді илікпейтін қылып шынықтырды. Ішімнен атойлап көтерілген, ақылға сыймайтын асқақ рухани леп, бір кезде, құм менен тастан осы кереметті жасап шығарған суреткердің дауысы шығар, бәлкім. Сеніменен кешкен өмірім менің ең үлкен бақытым болар ма еді, кім біледі. Алайда, мен мейлі тіпті, бақытсыз болса да, өз жолыммен кетуді жөн көрдім. Бұдан бұрын мен махаббаттың күйігін татқанмын. Осыны сенен жасырып қалғаным үшін, мың мәрте кешірім сұраймын».Мицуко осылай депті.

Итальян жазушысы Луиджи Пиранделлоның бір әңгімесі еске оралады. Жаңа ғана тұрмыс құрған жас әйел. Бірақ, теңсіз неке. Қосағы жасы келген адам. Бір күні әйел қаланың шетіндегі қабырстанға барайық деп өтініш айтады. Алайда зират басында оқиға таңғажайып бұрылыс жасайды. Қаптаған мола. Қисапсыз құлпытастарды аралап жүріп іздегенін тапқан әйел отырып ұзақ жылайды. Бұл оның қаза болған сүйген жары еді. Мауқын басып орнынан тұрған әйел сол жерде басқа біреудің зарын естиді. Қараса таяқ тастам жерде бір құлпытасты құшақтап күйеуі өксіп отыр екен. Себебі оның да қапияда айрылған сүйген жары осы қабырстанда, осы құлпытастың астында тыным тапқан. Екі адам зират басына әрқайсысы өз қайғысымен келген.
Ясуси Иноуэның әңгімесіндегі екі адам да Киелі баққа өз қайғыларын арқалап келген.

Осы жерде мынадай бір нәрсені ерекше атап кеткенді жөн көрдік. Біз оқырман ретінде Кеңес заманынан үлкен рухани зардаппен шықтық. Үкімшілдік, міншілдік дер еді ол зардапты.

Мысалға, аталған әңгімедегі Дзиро Уоми, біздің үкімшілдік тұрғымыздан келгенде жаман адам нәсіліне жатады. Алайда, жапон әдебиетінде кейіпкерлер «жақсы-жаман» болып жіктелмейді. Әрқайсысы әлдебір жеке тағдырдың, әлдебір әлеуметтік шындықтың көрінісі.

(Шынына келетін болса, бұл болмыста өтірікке орын жоқ. Себебі, болып жатқанның барлығы шындық. Шындық қашан болсын жеңеді. Күлмеңіз, құрметті оқырман, мен қылжақтап отырғам жоқ. Мен романтик емеспін. Қиялшыл емеспін. Мен реалистпін. Тағы да қайталап айтайын, шындық қашанда жеңеді. Себебі, жеңіп шыққанның, болғанның барлығы – шындық. Абсолюттік шындық жоқ. Бұл дүниедегі, жалпы болмыстағы қандай да болмасын құбылысты, көріністі алсаңыз да, оның әлде не жайындағы шындық екенін көресіз.

(Алпысыншы жылдардың орта тұсындағы «жылымық» кезінде Батысқа қуылған кеңес диссидентінен бір журналист сұрапты, сіздің тастап шыққан қоғамыңызда шындық жоқ, сөз бостандығы жоқ, осыны мойындайсыз ба деп. Сонда, әлде Бродский, әлде басқа біреу, кім екені есімде жоқ, әлгі диссидент айтыпты, мен тастап шыққан қоғамда шындықтың жоқ екені – шындық, сөз бостандығының жоқ екені – шындық.

Ол қоғам шындықтың жоқ екенін айта алмай отыр. Сөз бостандығының жоқ екенін және айта алмай отыр – осының бәрі шындықты, сөз бостандығын белінен басып отырған тоталитарлық билік жайындағы үлкен шындықты көрсетеді. Сізге бұдан артық қандай шындық керек деп.

Мен бұл жерде шындықтың, дәлірек айтқанда шындықтардың бір-бірімен салыстырмалы екенін, дүниеде қанша адам бар болса, сонша шындық бар екенін айтпақпын. Мысалы, менің осы айтқандарыма келіспесеңіз – ол да шындық. Сіздің шындығыңыз).

Киелі Баққа келген Уомидің естелігіндегінің барлығы – шындық. Сондай-ақ, оның ешкімді аямайтындығы, өткенде болған бірде-бір іске өкінбейтіндігі де шындық. Уоми өмірдің ағынына қарсыласпай қалқып жүре беретін адам. Өмір-өзен оны қай арнамен ағызса да, қайда апарып соқса да, бар болғаны жаңа ахуалға лайықталып жүзе береді. Ал оның әйелі Мицуко, керісінше, әр істеген ісіне жауап беретін адам. Тастан жасалған бақ, жапон адамы үшін тек қана Мәңгілікке шоматын жер емес. Бұл киенің алдында жалған сөйлемейді.

Мицуко осы Шексіз Сұлулыққа, кіршіксіз ар-ұятпен ғана тіл қатуға болатынын түсінген. Сол себепті тиімді некеден, барақатты болашақтан бас тартқан. Уоми басынан қандай тағдыр кешті, ол кешірім сұрауға татитын адам ба – бұның бірде-бірін білгісі келмейді. Киелі бақта, болмыс, өзінің бастау алған жеріне қайтып келеді, сол себепті Мицуко өзі кездейсоқ қосылған Уомиді дүние алғаш жаралғандағы Ілкі, Байырғы Адам деп есептейді, оған шексіз сеніммен қарайды, оның алдында шын жүректен кешірім сұрайды.

Адамның табиғатындағы рухани белгілерді қоғамның даму заңдылықтарымен түсіндіретін ойшылдық мектептер, ар менен ұятты адам ойлап шығарған деп тұжырады. Кім біледі? Біздің пайымымызда, аталған әңгімедегі Мицуко ар мен ұяттың, ожданның тылсым табиғатын, бұлардың о дүниеден, бақидан келгендігін танып тұр.

«АРДАГЕРДІҢ СОҢЫ»

Бұл да еркін аударма. Тұпнұсқада, Джон Логанның романы бойынша Эдвард Цвик түсірген фильм «Соңғы самурай» деп аталады.

Шығарма Жапонияның император Мэйдзи билік құрған, әлемдік саясаттан, әлемдік тарихтан бөлектеніп тұйық тірлік кешкен консервативтік қоғамның модернизмге, дамуға, жетілуге бет бұрған кезеңін бейнелейді.

Фильмнің басында біз отставкадағы капитан Нэйтан Олгрэнмен танысамыз. Америкадағы Азамат соғысы кезінде Солтүстіктің кавалериясын (атты әскер) басқарған, американдық үндістердің көтерілісін басуға қатысқан кәсіпқой әскери. Публиканың алдында жаңа винчестердің қалай оқталып, қалай атылатынын көрсетіп тұрған оған бір досы келіп, «Еркекке арналған жұмыс» (яғни, соғыс) бар екенін айтады. Осылайша капитан Олгрэн мейрамханада жапон императорының бірінші министрі Омурамен танысады. Таңғажайып ұсыныс. Нэйтон Олгрэн егінші шаруалардан құралған әскерді самурайларға қарсы күреске дайындау керек. Императордың өзі оны жалдауға мүдделі екен, себебі, капитанның үндістермен болған соғыс жайындағы естеліктерін оқыпты.

Капитан ұсынысты қабыл алды. Бірақ, Күншығыс елінде ол өзінің отандасы және ата жауы американдық полковник Баглимен қызметтес болуға мәжбүр. Үндістермен соғыс кезінде полковник өзінің әскерлеріне аяусыз қырғын жасауға жарлық берген. Федералдық кавалерия жарлыққа сәйкес үндістерді бала-шағасына дейін қырып салған. Ертеден кешке дейін арақ ішетін Нэйтан Олгрэннің көз алдына қашып бара жатып оққа ұшқан үндіс балаларының бейнесі келеді де тұрады. Және ішкілікке салынған сайын жүректі жырымдаған елес, өшкеннің орнына күшейе береді. Осындай күйде капитан Жапонияға келіп, өмірінде қолына қару ұстап көрмеген момын шаруаларды соғыс өнеріне баули бастады. Алайда, апта өтпестен, алғашқы жапон теміржолдарына шабуыл жасаған князь Кацумотоның самурайларына қарсы аттануға бұйрық алды. Әскердің әлі соғысқа дайын емес екенін айтқан Олгрэнді ешкім тыңдамады. Жаңа шерік тұтастай жойылған сәтсіз ұрыстан кейін Олгрэн тұтқынға түсті. Самурай деревнясы. Ардагер Кацумотомен достық. Бейтаныс мәдениеттің сырын ұғу. Әйгілі жапон семсері өнерін меңгеру. Алайда, Кацумото тыныш отырғанымен, билік тыныш отыра алмайды. Мереке кезінде самурайлардың қыстағы ниндзялардың шабуылына ұшырады. Бұл сайлауыт баскесерлерді Омураның жібергені белгілі. Осыны түсінген Кацумото император Муцухитомен көзбе-көз сөйлеспек болып астанаға аттанады. Осы жерде Кацумотоның бұрын министр болғаны, модернизм идеяларын қабылдай алмағандықтан билікті тастап шыққан адам екені белгілі болады. Биік мәжіліс кезінде князьді мемлекеттік қылмыскер деген айып тағып қамайды. Үкім белгілі. Өлім. Олгрэн тұтқыннан құтылғандай еді. Алайда, досының қамалғанын естіп дереу қимылға көшті. Осылайша, Кацумотоны тұтқында отырған жерінен босатып алып шықты. Келесі күні-ақ екі ауыр шерік әскер Кацумотоның қыстағына аттанды. Әлемдік кино өнерінде бұндай деңгейде түсірілген соғыс бейнесі кемде-кем. Бүкіл самурай сол жерде қаза табады. Семсермен ғана қаруланған самурай атты әскерінің соңғы шабуылы, зеңбіректің добы мен қарша бораған оққа қарсы қайран таба алмаған зая ерлік. Осыны көрген адамның жүрегіне сарысу болып қасірет байланады екен. Өз тарихыңды көріп отырғандайсың.

Бұл фильмдегі қаһармандардың тарихта прототиптері болған. Император Мэйдзидің кезінде Жапонияда «ашық есік», яғни, өз дамуында алға озып кеткен батыстың мәдениетін елге кіргізу, жақсының қайсысын болса да жатсынбай алу саясаты жүргізілді. Алайда, осы уақытқа дейін мемлекеттегі  биліктің жарымынан астамын қолында ұстаған самурай әулетінің (бұларды Жапонияда «буси» деп атаған) де құқықтары шектелді. Оларға семсер асынып жүруге, шаштарын бұрынғыдай өріп тұлымдауға тыйым салынды. Жапониядағы Азамат соғысының басты себебі осы. Фильмдегі Кацумото – тарихта болған әйгілі самурай қолбасшысы Сайго Такаморидің экрандық бейнесі. 1877 жылдың 24 қыркүйегі күні Сирояма деген жерде соңғы шайқас болады. Сайго Такаморидің соңынан ерген әскердің саны 400 адам. От қарумен қаруланған император әскерінің саны 30 000 адам. Яғни, көтерілісшілерден 75 есе көп. Самурайдың қандай ер болғанын осыдан-ақ шамалай беріңіз. Әскерінен қырық адам қалған, ауыр жараланған Сайго Такамори майдан даласында, самсаған жау әскерінің көзінше өзіне «харакири» жасайды. Өзінің ішін есіп жіберіп, ішкі ағзасының барлығын, семсермен кескілеп шығу – басқа ешбір халықтың қолынан келмейтін жанкештілік,шамасы. Қалған қырық адам өкімет әскеріне қарсы шабуылға шығады, бірақ Гатлингтің төкпе мылтығынан ескен оққа төтеп бере алмай барлығы қырылады.

Жапонияның Кагосима деген қаласында Сайго Такамори мен оның жанындағы шейттеріне арналған қабырстан бар. Тастан қаланған бірнеше баған. Маңайы шағын тоғай. Жұпыны. Алайда, жапондық үшін бұл – ең киелі жердің бірі. Жапонияның түкпір-түкпірінен зиярат етуге ағылып келіп жатқан халықта қисап жоқ. Халық оны жетілуге, ақырсоңында Жапонияны тығырықтан алып шыққан жаңа сипаттағы мәдениетке қарсы күрескен адам деп айыптамайды, жапондық рух, жапондық өмір салтын сақтау үшін күрескен ардагер деп дәріптейді.

Ал енді Нэйтон Олгрэннің прототипі американдық емес – отставкадағы француз капитаны Жюль Брюне. Голливудтың сценарисі мен режиссері неге бұлай істеді, прототиптің ұлтын неге өзгертті, енді осыған жауап беруге тырысайық.

Ар мен ұяттың шым батуы

Голливудтың және бір фильмі еске оралады. Юта штатында болып өткен ауыр соғыс кезінде жеңіліп тізе бүккен американдық үндістер, өкіметтің айтқанына көніп, шөлдаладан кесіп берген резервацияға баруға мәжбүр болады. Алайда, жер бетінде отыр демесең, зыңданмен бір есеп бұндай қамаудағы өмірге төзе алмаған үндістердің бір руы амалын тауып резервациядан қашып шығады. Фильм, мұздай қаруланған, жер қайысқан кавалерияның осы ат төбеліндей шағын тайпа адамды қалай іздеп, қалай тауып, қалай қырғаны жайында.

Мексиканың шекарасына тақап қалған, енді бір ұмтылса басқа егемендіктің қанатының астына кірейін деп тұрған тайпа қолға түседі. Қаруларыңды тастаңдар, резервацияға қайтыңдар деген жарлыққа көнбейді. Самсаған мылтық, қырғынның алдында тұрғанда үндіс бақсы күледі де, біз әлі қайтып келеміз, дейді. Кавалерияның командирі де күледі, содан соң, сендер қалай қайтып келмексіңдер, осы қазір бала-шағаларыңа дейін жер жастанайын деп тұрсыңдар, деп сұрайды. Сонда, бақсы, сен түсінбедің, бозарған жүз (бледнолицый), біз әлі қайтып келеміз, сендер ақымақ адамсыңдар, себебі, біздің кім болып қайтып келетінімізді білмейсіңдер дейді. «Соңғы самурайдағы» Нэйтан Олгрэн дәл осы қырғынға қатысқан жоқ. Бірақ, ол басқа шеріктің құрамында басқа қырғынға қатысқан. Осы сойқырғынының сұмдық көріністері оның жүрегінде арылмас дертке айналған. Сол себепті, ол дәмі таусылған, өлімге кесілген самурай әулеті жағына шықты. Әлдеқалай аман қалды демесеңіз, ол өз ажалын аңсаған адам.

Өмірде шын болған, Жапониядағы Азамат соғысына қатысқан француз Жюль Брюне осы себеппен американдық Нэйтан Олгрэнмен алмастырылған. Америка континентінің байырғы халқын жер бетінен жоюға қатысқан әскерилердің жинақты бейнесі болғандықтан, Нэйтан Олгрэн әлдеқайда биік шындықтың иесі болып табылады.

Үндіс бақсының «Біз қайтып келеміз», «Біздің кім болып қайтып келетінімізді білмейсіңдер» деген жұмбақ ескертуінің сырын анықтау үшін, амалсыз интертекстуальдік тінтуге (интертекстуальный поиск) барамыз. Бұл тарапта біз үшін ең қолайлы шығарма – «Бардо Тодол». Таңғұт патшалығының ең негізгі кітаптарының бірі. «Бардо Тодол» бізше «Өлілер кітабы». Бұл шығарманың қашан жазыла бастағанын, қашан жазылып болғанын ешкім айтып бере алмайды. Әйтеуір көне, тылсым ілімдерді жете меңгерген ондаған, яки жүздеген ұрпақ ламалардың рухани тәжірибесінің нәтижесі екені анық. Кітаптағы мәлімет, ғылымның айтысында, адам басынан кешетін нақты психологиялық тәжірибеден гөрі мифологиялық ойдың көрінісіне жақын екен. Шынында да солай. Алайда, мәселе, шығарманың қандай мәнерде жазылғандығында емес, оның нені баян ететіндігінде емес пе? Осы тұрғыдан келгенде, тіпті, мифологиялық мәнерде екенін көкейде ұстап отырғанның өзінде «Бардо Тодолда» баян етілген жайыттарға сену қиын. Әлденеше рет оқып, санаң таңғажайып шығарманың логикасына төселгеннен кейін барып, бір өзі қорқынышты да көркем, адамның екі дүниедегі тағдырына деген үлкен қамқорлықпен жазылған шығарманың ұлы гуманизмін танығандай боласың.

Кітаптың құрылымы жайында бір-екі ауыз сөз. «Бардо Тодол» бір-бірімен матаса байланысқан үш кітаптан тұрады. Біріншісі, «Чикай Бардо» – өлім сағаты және өлімнен кейінгі алғашқы күндер, ол күндерді қалай өткізу жайлы ілім. Екіншісі, «Хониид Бардо» – о дүниеге кетіп бара жатқан адам  рухының жолында кездесетін кармалық елестер жайындағы ілім. Үшіншісі, «Сидпа Бардо» – о дүниеден кері қарай, фәниге қайтуын күтіп отырған жанның нендей әрекет етуі керек екендігі жайлы ілім.

Осылардың ішінен бізге керегі – кармалық елестер жайындағы «Хониид Бардо». Кітаптың күаландыруы бойынша о дүниеге аттанып бара жатқан адамның алдынан бірінен бірі қорқынышты елестер шығып отырады. Және елестердің барлығы – Будданың түрлі кейіптелуі. Үш басты, алты қолды. Әр баста үш көз. Бір кейіпте адамның ішек-қарнын жұлмалап жеп келе жатады. Бір кейіпте адамның бас сүйегінен жасалған көзеден қан ішіп тұрады. Тамұққа опырылып құлап кетпей Нұрлы Дүниеге өтудің бір ғана шарты бар – алдыңнан кездескен осы елестің ешқайсысынан қорықпауың керек.

«Хониид Бардо» «қорықпа» деп үйретеді. Себебі, бұның барлығы бір кездегі өзің бетін қайтарған махаббат, ізгі сезімдер, бастан тепкен бақ. Солардың айнып басқаша кейіптеліп келгендегісі.

Алайда, аталған үрейлі бейнелермен ұшырасу үшін бақиға өту шарт емес. Біз бұндай құбыжық фантомдардың бұ дүниеде де көптеп кездесетінін білеміз.

Сойқырғынына, геноцидке ұшыраған үндіс халқы артына із тастамай кеткен жоқ. Американдық санаға өз бейнесін таңбалап кетті. Бұл бейне әртүрлі кейіпте тіріледі (үндіс бақсының «қайтып келу» туралы айтқанын еске түсіріңіз). Нэйтан Олгрэн сияқты кісілікті, ізгілікті адамға жүректі күйдірген ар мен ұяттың өрті болып келеді. Басқаға түн ұйқыны төрт бөлген қорқынышты елес болып келеді… Осылай кете береді.

Осы арада мынандай бір нәрсені ерекше атап кеткіміз келеді. Қандай да болмасын өнер жанрының пайда болу себептері әр мәдениетте әртүрлі болуы мүмкін. Мысалға еуропалық готика, еуропалық демонология мен американдық триллердің мағыналарының арасы жер мен көктей. Еуропалық готика ондаған ғасырлық дәстүрлері бар жергілікті құбылыс. Ал американдық триллер, ұлы үндіс өркениетін жойып, соның сүйегінің үстіне өз өркениетін орнатқан ақ нәсілдің көңіл түкпірінде қалған өкініш пен ұяттан тамыр тартады. Және американдық сана сол өкініш пен сол ұятты өз түкпіріне неғұрлым тереңірек батыруға тырысқан сайын, баяғыда бақиға кеткен үндістердің аруақтары соғұрлым қарсыласады, атойлай көтеріліп шабуылға шығады. Үндістің аруағы қай жерден, қандай кейіпте шығатынын ешкім де болжап айта алмайды.

Ол, адамға ұйқы бермейтін, ешқандай себепсіз үрейлі күй болуы мүмкін. Ол, түн ішінде аулаңнан өтіп бара жатқан үндіс көшінің елесі болуы мүмкін. Ол тағы да нешетүрлі құбылыс болып келе беруі мүмкін.

Голливуд киноөнерінің «триллер» деп аталатын тұтас жанры, ұланғайыр саласы осылай қалыптасқан. Әлбетте, жанр қалыптасқаннан кейін ол енді өз заңдылықтарымен өрістейді, өркендейді. Алайда, жанрдың бастауында Голливуд режиссерлерінің өздері анықтап айтып бере алмайтын жұмбақ қажет, түсініксіз себеп жатады. Бүгінгі өнер адамы, өзінің бүкіл тіршілігін қажеттіліктің қатыгез заңына бағындырған дәуір перзенті. Бірақ, ол мәдениеттің ықпалымен қалыптасқан өз жанының қисапсыз қабаттарының астында ар мен ұяттың өрті лаулап жатқанын білмеуі де мүмкін. Ұятты ұмыту үшін адам бұрынғыдан үлкен күнәға батуы керек. Ал «ұмытылған», беті қайтарылған ұят, таңғұттың «Өлілер кітабындағыдай» нешетүрлі құбыжыққа айналып, американдык сананы, американдық мәдениетті айналсоқтап, кетпей жүре береді.

Үндістің Аруағы – Мәңгі Аруақ!

Міне, американдық триллердің тасасында тұрған гуманистік себептің, адамгер принциптің мән-мағынасы осы.

Қобыланды мен Қарлыға

Үндістандағы сыпайлардың көтерілісі жайында мектеп оқулығынан оқып білгенбіз. Кейіннен бозбала кезімізде бір фильм көрдік. Британ әскерилері, көтерілісті жаншығаннан кейін қолға түскен сыпайларды қызық үшін зеңбіректің аузына байлап атады… Алпыс зеңбірек… Зеңбіректің оқпанына байланған алпыс сыпай… Ағылшын офицері, ауыр жарақатқа әзер шыдап тұрған, көтерілісті бастаушы сардардың жүзіне қадала қарап тұрып «Ал, ажалыңның алдында не айтасың?» дейді. Сонда сардар жымиып күледі де «Сенің атың менің атымды ешқашан қуып жете алмайды. Мен саған не айтып ұғындыра алам?» дейді.

Кинотеатрда отырған көп адам үшін сыпай қолбасшысының айтқан бұл жұмбақ сөзі сол жұмбақ күйінде қалған шығар. Бірақ, мен үшін бәрі де айдан анық еді.
Кейіннен мен батырлар жырын, жалпы жыр өнерін, оның сыртындағы ұланғайыр фольклорды пайымдаудың ерекше жосығы болғандығын, ол жосықтың ұлттық мәдениетте күні кешеге дейін салтанат құрып келгендігін жаздым. Мысал үшін осындай интерпретация үлгісімен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Алпамыс», «Қобыланды» – үш эпосты талдап көрсеттім. Алайда, ол кездегі ғылыми орта бұндай идеяларды қабылдай алмады. ҚазПИ-де өзімізге ауыз әдебиетінен дәріс берген Нығмет Ғабдуллин ағамызға, Академияның Әдебиет және өнер институтының білдей қызметкерлеріне (ғылым кандидаттары, докторлар) көрсеттік. Барлығының пікірі бір жерден шықты. Бұл – тарихқа қайшы талдау, бұндай талдау, бұндай пайым мектебі жоқ деді. Бітті. Асқар ағама бұлардан бұрын көрсеткем. Ол оқып, қолмен қойғандай бәрі де дұрыс деді. Ғалымдардың пікірін естігеннен кейін, жарайды, келер жақсы күнді күтейік, басқа не амал бар деді. Мақаланың бір данасын Ақселеу Сейдімбекке бергізді. Арада бірнеше күннен кейін көзімше телефон шалып, «Ақселеу, біздің Таласбектің мынау зерттеуін не істеуге болады?» деп сұрады.

Ақаң бірі Бакудегі, бірі сол кездегі Ленинградтағы «Советская тюркология», «Вопросы тюркологии» сияқты ғылыми журналдардың мекен жайын беріп, сонда жіберіп көріңіздер деді. Сонымен, мақала көбейтілді, жіберілді. Аллаху акбар, жауап жоқ. Ұшты-күйлі.

Содан соң, консерваторияның ғылым жөніндегі проректоры, профессор Әсия Мұхамбетова арқылы, ұмытпасам, Ленинград Мемлекеттік Театр, Музыка және Хореография институтының ғылыми қызметкері, ғалым Лариса Ивлеваға жібердік. Екі айдан кейін жауап келді. Л.Ивлева, сөз жоқ мақаланың авторы қабілетті адам, алайда, Кеңес ғылымында Веселовскийдің тарихи мектебі үстемдік етіп тұрғанда, бұндай жаңалыққа жол жоқ деп жауап беріпті. Хатының соңында ізденістеріңізді тоқтатпаңыз,  кім біледі, мүмкін кейін ғылымда жаңа бағыт ашылар деп жұбатыпты. Кейіннен аталған мақала «Горизонт» газетінде, «Рух-Мирас» журналында жарық көрді. (Әзірбайжан мен Ресейдің ғылыми журналдарына арналып орыс тілінде жазылған бұл мақаланы қазақшалауға қолым бір тиетін емес).
Арада пәленбай жыл өтті. Кеңес одағы ыдырады. Темір перде жойылып Батыстың ғылыми әдебиетіне қол жеткіздік. Таңғажайып нәрсе. Менің ашқан жаңалығым, шындығында, әлемдік ғылымда ешқандай да жаңалық емес екен. Карл Густав Юнг, Джозеф Кэмпбелл сияқты ғалымдар әлемдік фольклорды жете зерттеп, аталмыш жосықты қорытып, қағидалап шығарып қойыпты. Және бұл ғылыми мектептің пәленбай жылдан бері жасап келе жатқаны белгілі болды. Бұл, кеңестік қасаң фольклористика үшін ғана айтуға болмайтын күпір ой екен.

Аталған методтың мән-мағынасын қысқаша түсіндіріп беруге тырысайық. Батырлар жырындағы оқиғаларды тарихи деректермен байланыстыру әрекеттерінің көп жағдайда нәтижесіз болатынын ерекше атап кеткіміз келеді. Бұл жерде біз эпосты тарихқа мүлдем қатысы жоқ деп отырған жоқпыз. Эпостың белгілі дәрежеде тарихқа қатысы бар. Ерлік рух, салт-сана және тағы басқа қасиетті белгілер тұрғысынан. Бірақ, бұл оның нақты бір халықтың мәдениетіндегі көрінісі ғана. Бұның сыртында эпостың мәңгі мағыналық қабаты бар. Бұны, Платон айтатын «Эйдостар әлемі» идеясына сәйкес, эпостың идеалдық (виртуальдік емес) дүниедегі, немесе кеңістіктегі мағынасы деп шартты түрде айтуға болады.

Материалдық (фәни) дүниедегі біз көріп отырған оқиғалар, шындығында, идеалдық дүниедегі оқиғалардың (эйдостардың) сәулесі дейді Платон. Міне, осы тұрғыдан келгенде, яғни, қазақ эпосының сюжетін идеалдық дүниедегі оқиғалар жүйесі деп қарағанда, адам табиғатының көптеген сырлары айдан анық болып ашылады. Мысалы, сыпай қолбасшысының ағылшын офицеріне айтқан сөзінен оның «Қобыланды» жырын білетінін шырамытуға болады.

Мен ертегі айтып отырған жоқпын. Ағылшындар күйретіп жер бетінен тоздырған сыпай әулеті заманында Бабырмен ілесіп келген түрік тайпаларының өкілдері. Бұларды моғол дейді. Кім біледі, егер тиісті тарихи құжаттар табылса, онда Ұлы жүздің Дулат руының ізі сол Бабыр құрған Моғол империясынан шығып қалуы ғажап емес. Әрине, бұл жорамал ғана. Алайда, қалай болғанда да, Үндістанға кетіп, сол жерде ұлы мемлекет құрған түрік нәсілдері, өздерімен бірге ерлік жырларын ала кеткені анық. Әрине, ол жырлар жергілікті мәдениет үлгілерімен астасуы мүмкін, құбылуы мүмкін. Алайда, ол жырлардың идеалдық дүниеден алып шыққан сюжеті өзгермейді.

Енді үнді сыпай «Сенің атың менің атымды ешқашан қуып жете алмайды» деген жұмбақ сөзбен ағылшын офицеріне не айтқысы келді, соны түсіндірейік.
Егерде оқысаңыз, есіңізде болар, құрметті оқырман, «Қобыланды батыр» жырында Көбікті ханның тұлпары Тарлан қалаға қарай қашқанда, Қобыланды өзінің Тайбұрылына қанша қамшы басса да жете алмай қояды. Бір аттың екінші атты қуып жете алмауы, Платон айтқан идеалдық дүниенің оқиғасы.

Тайбұрыл мен Тарлан екеуін екі сананың символы деп алсаңыз болды, бәрі де түсінікті болып шығады. Тарлан қашады – Тайбұрыл қуып жете алмайды. Алайда, Тайбұрыл кері бұрылып қашса, оны енді Тарлан… қуып жете алмайды. Яғни, Екі Сана (немесе саналар) идеалдық дүниеде бір-бірін қуып жете алмайды. Енді осы хикаяның сәулесі, фәни жалғанда адамдардың бір-бірін ешқашан түсіне алмауы болып шығады. Яғни, қарапайымдап айтатын болсақ, саналар бір-бірін ешқашан аяғына дейін тани алмайтын, немесе қуып жете алмайтын болғандықтан, адамдар бірін-бірі ешқашан түсінбейді.

Сыпай, ағылшын офицеріне «Сен жаусың, сен менің еліме келдің, қырдың, жойдың, жауладың. Сенің мұратың – менің әулетімді құрту. Менің мұратым өз елімді, өз ұрпағымды қорғау, бітіспейтін қандыбалақ дұшпан – сені құрту. Бағың асты – сен жеңдің. Мен өлім аузында тұрмын. Сен айдарыңнан жел есіп тұрсың. Мен саған не айта алам. Не айтуым мүмкін. Бәрібір не айтсам да сен түсінбейсің. Сенің атың менің атымды ешқашан қуып жете алмайды» деген.

Енді Қарлыға мен Қобыландыға келейік. Қарлыға өз әкесі Көбіктінің сауытындағы осал жерді Қобыландыға көрсеткені, осылайша оның өліміне себепші болғаны белгілі. Идеалдық дүниеде (эйдостар әлемінде) бұл Екі Еріктің немесе Екі Қажырдың күресі, тартысы деп аталады. Көбікті мен Қобыланды – әрқайсысы бір-бір Еріктің, немесе бір-бір Қажырдың көрінісі. Қобыланды жаугершіліктің, зорлық-зомбылықтың жолына түскен қандай да болмасын Қажырдың жас кезінің, қиянатты кезінің символы. Қарлыға басқа бір Қажырдың, әйтеуір бір Қажырдың әлсіздіктерінің символы. Ол әкесі Көбіктіні сатты, інісі Біршымбайды өз қолымен өлтірді. Осылайша, Қобыландыны жеңіске жеткізді. Енді осы архетиптік оқиғалардың мағынасын идеалдық дүниеден өзіміздің фәни дүниеге аударатын болсаңыз, «Қажыр мен Еріктер тумысында бір-біріне тең. Қажырдан Қажырдың, Еріктен Еріктің асып кеткені жоқ. Бір Ерік немесе Қажыр басқа бір Ерікті немесе Қажырды, бір Адам басқа бір Адамды оның әлсіздіктері арқылы ғана жеңе алады» деген, барлық заманға және барлық адамзат қабилаларына, барлық қоғамдарға ортақ ұлы идея болып шығады. Себебі, Қарлыға – тағы да қайталап айтайық, адамдық әлсіздіктердің символы болып табылады.

Қобыланды жауларын жеңіп, мұратына жеткеннен кейін Қарлығаны ұмытып кетеді. Қарлыға Қобыландының жолына шатырын тігіп, қаншама уақыт тосады. Бірақ бәрі зая. Содан соң, бес қаруын асынып атқа қонған ол Қобыландының ауылын шабады, батырдың өзін найзамен шаншып жаралап, аттан құлатып кетеді.
Кемеңгер Құртқа баласы Бөкенбайды Қарлығаға жұмсайды. Аттандырып тұрып, «Оны өлтірме, ол сенің әкеңе көп жақсылық жасаған, тек байлап алып келсең болды» дейді. Бөкенбай анасының айтқанын орындап Қарлығаны тұтқындап алып келеді. Одан соңғы Қарлыға мен Қобыландының кіналасып жауаптасуы, әлемдік эпоста кездесе бермейтін таңғажайып, жүрек елжіретерлік көрініс.

Қарлыға айтыпты «Менің әкем Көбікті еді. Жат жұрттан келген көлденең көк атты сен бе, әлде әкем бе – маған кім жақын еді? Сөйткен әкемді өлтірдім. Кім үшін? Бір сен үшін. Бірақ, сен бұнымды бағаламадың. Содан кейін, майданда, Біршымбайдың алапатына қарсы келе алмай, бастарың салбырап тұрмап па едіңдер? Сол жантелім жалғызымды мен өз қолыммен өлтіріп бердім. Кім үшін? Тағы да сен үшін. Бірақ, сен бұнымды да бағаламадың. Қадірімді білмедің. Есіңде болсын, Қобыланды, мен шаңыраққа мініп келген күң емеспін, мен Көбіктінің қызы Қарлыға ханшамын. Мен сенен кегімді алдым. Арманым жоқ. Ештеңеге өкінбеймін. Енді, қолыңнан келсе басымды шап!» деп.

Қобыланды айтыпты «Сен әкең Көбіктіні саттың. Саған жат жұрттан келген мен бе, әлде өз әкең бе – кім жақын еді? Сен туған бауырың Біршымбайды өз қолыңмен өлтірдің. Мен бе, ол ма – саған кім жақын еді? Туған әкең мен туған ініңді қоса саттың, қоса өлтірдің. Туғаныңды аямаған сен басқаға не опа бересің? Мен саған қалай сенейін?» деп.

Сонда беті күйген Қарлыға Қобыландының аяғына жығылып кешірім сұрапты. Ақылды Құртқа Қарлығаны Қобыландыға тоқал қылып алып беріпті, туған сіңілісіндей етіп бауырына тартыпты.

Қобыланды мен Құртқаның идеалдық (бақи) дүниедегі некесі, мына фәни дүниеде адамдық ар мен ұят, ожданға айналады.

Содан бері басқаның әлсіздігі сенің жүрегіңде аяушылық сезім тудырады екен. Содан бері басқаның қорғансыздығы сенің бойыңда ар мен ұятқа айналған екен. Содан бері сен әлсіз бен қорғансызға қиянат жасай алмайды екенсің.

Батыстың бір ғалымы үнді жылнамаларына сілтеме жасай отырып Ұлы Үйсін империясы осыдан 17 мың жыл бұрын дамудың шыңына жетті дейді. Одан кейін біз қаңлы-қондыгер болдық. Тарихтың бір толқынысында біз хун болдық. Күндердің күнінде Алаш болдық. Біз қалай болғанда да өте көп жасаған көне халықпыз. Бұны адамгершілігіміздің жасына қарап білуге болады. Біздің гуманизміміз – көргенінде қисап жоқ кәрі гуманизм. Осы ұзаққа созылған тарихи тағдыр барысында біздің бабаларымыз қашанда адамшылық, мейірім, аяушылық жағында болыпты. Дүниені әлденеше рет алақанымызға сиғызыппыз. Алайда, бойымызда, жүрегімізде қаулаған ар менен ұяттың, өжданның өрті, алақанымызға сыйып тұрған сол әлсіз тіршілікке, сол әлсіз дүниеге қиянат жасауға жібермепті.

Р.S. Осындай да осындай жайлар болған екен бұл дүниеде.

Таласбек Әсемқұлов
«Қасым» порталы

author

Таласбек Әсемқұлов

КҮЙШІ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...