Малазгирт Жеңісі және Ұлы Селжұқ билеушісі сұлтан Алп Арслан

ТАРИХ
3118

26 тамыз – Түркия Республикасы үшін маңызды күн. Бұл күні түріктер 1071 жылы Ұлы Селжұк мемлекеті мен Византия арасында болған Малазгирт шайқасын атап өтеді. Биыл Малазгирт жеңісіне 950 жыл толып отыр. Осы айтулы датаны биыл Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған шайқас болған Малазгирт жазығында кең ауқымды ісшаралармен атап өтті. Тек Анадолы түріктері үшін ғана емес, күллі Түркі әлемі үшін маңызды осынау күнге орайда, Малазгирт шайқасының басты қаһарманы, Ұлы Селжұк мемлекетінің билеушісі сұлтан Алп Арсланның өмір жолына тоқталуды жөн санадық.

Ұлы Селжұк империясы Аббас Халифаты ыдырағаннан кейін Ислам әлемінің тұтастығын қалпына келтірген алғашқы мемлекет болды. Бұл алып ел Түркі-Ислам өркениетінің қалыптасуына зор үлес қосқаны белгілі. Империяның шекарасы Қытайдан Византияға дейін созылып жатты. Бұл мемлекеттің қалыптасуына Тұғрыл бек, Сұлтан Алп Арслан және Мәлік шах сынды тұлғалар үлес қосты. Десе де сұлтан Алпарсланның түркі тарихындағы орны бөлек.

Ұлы тұлға 1029 жылы дүниеге келіп, 1072 жылы қайтыс болған. Алп Арслан жастайынан көкесі Тұғрыл бектің қарамағында өсті. Бұл кезде Селжұк мемлекетінің орталығы Хорасан болатын. Тұғрыл Бектің Аббас халифатын қорғау үшін батыста Шиит Фатеми мемлекетіне қарсы жасаған жорығына да қатысқан еді. Осы жорықтан қайтып келген соң,  Алп Арслан әкесінің кеңесімен мемлекет басқару ісіне араласа бастады. Осы кезде, кейіннен өзінің уәзірі болып қызмет ететін атақты Низамүл-Мүлікпен танысты. 1059 жылы әкесі Чағры бек қайтыс болғанда, Алп Арслан әкесінің орнына Хорасан әміршісі болып тағайындалды.

1063 жылыТұғрыл бек қайтыс болғанда, Селжұк мұрагерлері арасында таққа талас басталды. Тұғрыл мен Чағры бектің немере інісі Құталмыш өзін сұлтан деп жариялады. Бұның себебі әулеттің жасы ең үлкен мүшесі ол еді. Алайда Алп Арслан оның билігін мойындамады. Осылайша Селжұк мемлекетінің тағдыры шайқаста шешілетін болды. 1063 жылдың 15 қарашасында Дамган деген жерде болған шайқаста Құталмыштың қолы жеңіліп, Алп Арслан өзінің таққа лайық екендігін мойындатты. Құталмыш қолға түспей қашып кеткенімен, 7 желтоқсан күні аттан құлап қайтыс болды. Ал Құталмыштың тұтқынға түскен ұлы Сүлейманды Алп Арслан батысқа жер аударып жіберді. Бірақ бір қызығы Ұлы Селжұк империясы XII ғасырда ыдырап кеткенде, Сүлейман құрған Рұм Селжұк мемлекеті немесе басқаша атымен айтқанда, Анадолы Селжұк мемлекеті XIV ғасырға дейін өмір сүрді.

Алп Арслан 27 сәуір 1064 жылы Ұлы Селжұк империясының сұлтаны ретінде таққа отырды. Бас уәзір Низамүл-Мүліктің кеңесімен ел бірлігін қалыптастырған Алп Арслан 1066 жылы құрылтай ұйымдастырып, ұлы Мәлік шахты тақ мұрагері деп жариялады. Бұл қадамы түркі мемлекеттік дәстүріне сай келмесе де, Алп Арслан өзінен кейін тақ таласының алдын алу мақсатында бұл әрекетті жүзеге асырған еді. Бұл жағдай түріктердің Иран мен Қытай сынды отырықшы елдерді жаулауымен түркілік ел басқару дәстүрінің де өзгеріске ұшырап отырғандығын көрсетеді.

Осыдан кейін Алп Арcлан елінің аумағын кеңейту мақсатында жорықтарға шыға бастады. Ол алдымен шығыстағы шекарасын бекітіп алды. Нақтырақ айтатын болсақ, Алп Арслан Ғазнауилерді Ауғанстанның таулы аймақтарына ығыстырды. Ал Қарахандармен келісімшарт жасасып, Әмударияны шекара ретінде белгіледі. Ал батыста Алп Арслан алдымен Кавказдағы Грузия мен Византияның қол астындағы Армения елін бағындырды. Грузия өзінің дербестігін Селжұк сұлтанына салық төлеу арқылы жалғастырды. Ал Армения мемлекеттілігі толықтай жойылды. Армяндар да тұратын Ани қаласы жермен-жексен болды.

Бұдан кейін Алп Арслан назарын Ирак пен Сириядағы Фатеми мемлекетіне бұрды. 1071 жылы Селжұк әскерлері Сирияда Халеб тарапына жорыққа бара жатқанда, Алп Арсланның хабаршылары Византия императоры Роман Диогеннің Арменияға қарай қалың қолмен жорыққа шыққандығы туралы хабар береді. Алп Арслан бағытын солтүстікке қарай бұрып, Византия әскерлерін күтіп алуға шығады. Екі жақ Ван көлінің солтүстігіндегі Малазгирт жазығында 26 тамыз жұма күні кездеседі.

Византия жағының саны көп болғанымен, рухы жоқ еді. Өйткені әскерлердің біразы жалдамалы әскерлер болды. Мысалы, олардың араларында қыпшақ жасағы да бар еді. Ал Селжұқ жағының саны аз болғанымен, рухы биік болды. Ислам дінін енді қабылдаған түрікмендердің көпшілігі Алла жолына жан беруге талпынып тұрды. Оның үстіне шайқас басталмай тұрып, қыпшақтар Селжұк жағына өтіп кетті. Одан сайын рухы төмендеген византиялық әскерлер шайқастың соңында жеңіліс тапты. Қолға түскен Византия императорынан Алп Арслан «Егер мені тұтқын ретінде қолға түсіргеніңде не істер едің­­?» деп сұрапты. Роман Диоген «Сені өлтіріп, өлігіңді Константинопольдің қақпасына іліп қояр едім» деп жауап беріпті. Сонда Алп Арслан «Менің саған беретін жазам одан да ауыр. Мен саған кешірім жасаймын және сені босатамын» депті. Айтқанындай сұлтан императормен келісімшарт жасасқаннан кейін оған лайықты сый-құрмет көрсетіп, қорғаушылар қосып, еліне қайтарады. Бұл жеңіс тарихшылар тарапынан Византия империясының ыдырауының басы және Анадолының қақпаларының түріктерге ашылуы ретінде бағаланады.

Сұлтан Алп Арслан империясының тұрақты дамуы үшін елінің аумағын Селжұк ұрпақтары тарапынан басқарылатын әскери аймақтарға бөлді. Бұл аймақтар егіншілік пен мал өсірумен айналысты. Осылайша, Алп Арслан тек салыққа сүйенбей, өз жорықтарының шығындарын жауып отырды.

Қорыта айтқанда, Алп Арслан 1072 жылы қайтыс болғанда оның империясының шекарасы батыста Еуропаға қарай, оңтүстік батыста Мысырға қарай, шығыста Қытайға қарай кеңейіп жеткен еді. Әсіресе түріктердің Иран мен Анадолыны билігіне алуы Түркі өркениетінің орталығының батысқа қарай жылжуына себеп болды.

Дінмұхаммед Әметбек

Халықаралық Түркі академиясы сарапшысы

International Turkic Academy

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...