Қапшағай қалалық мәслихаты тұрақты комиссиясының кезекті отырысы өтті. Жиында қалалық ішкі саясат бө...
«Мен ішпеген у бар ма?..»
С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрында жазушы-драматург Иранбек Оразбаевтың (Иран-Ғайып) «Мен ішпеген у бар ма?..» спектаклінің премьерасы өтті.
Спектакльдің қоюшы-режиссері Теміржан Жанботаев, қоюшы суретшісі Қуат Дүйсенбек, музыкамен көркемдеген Дәулет Омашев. Спектакль премьерасына автор Иран-Ғайып арнайы келіп қатысты.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» спектаклінің Серке театрындағы жаңа қойылымы Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналды. Спектакльде «соқтықпалы-соқпақты жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысқан», ел-жұртының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Абайдың жан дүниесінің азабы көрініс тауып, әке мен бала, ұрпақ пен ұрпақ арасын¬дағы күрделі қарым-қатынастар арқылы адамзат қоғамындағы ақ пен қара, жақсылық пен жамандықтың бітіспес күресі сияқты күрделі мәселелер төңірегінде ой қозғалады.
Спектакльде үнемі ізденіс үстінде жүретін режиссер Теміржан Досжанұлының азға көп мағына сыйғызатын өзіне тән қолтаңбасы, режиссер ретіндегі «мендігі» анық байқалады.Ол тек актерлердің шебер ойыны ғана емес, режиссерлік шешім, спектакль декорациясы, Абайдың «»музыкасы мен жарықтың бір-бірімен жымдаса әрленуінен де айқын көрініс тапқан.
Режиссер спектакльде кейіпкерлер бейнесінің жан-жақты ашылуына сай лайықты актерлерді іріктей білген. Ұлы ақынның өмірінің екі кезеңі суреттелетін спектакльде жамандыққа жаны қас, қызу қанды жас Абайдың характерінің даму барысын көркем жеткізуді көздеп, сол жолда іздене білген актер Нұржан Бейісбековтің талпынысы қуантса, тағдырдың пешенесіне жазған қуанышы мен қайғысын қатар көріп, өмір атты өзеннен су емес, у ішіп, жараланған жанына дауа іздеген қасіретті Абай бейнесі тәжірибелі актер, ҚР еңбек сіңірген артисі Серік Бұлғақбаев сомдауында тартымды шыққан. Өз билігіне көңіле тоқ Құнанбай (Мәдениет қайраткері Бақытжан Ибраев), қара басының қамын күйттеген Оразбай (Мәдениет қайраткері Ерке Бәйдешев), жамандық жасаудан жаны қарайған Күнту (Ардақ Жарқынбеков), бала мен әке арасын бітістірмек болған Нұрғаным (Мәдениет саласының үздігі Мируана Жанботаева), Абайдың жан азабын жеңілдеуге тырысқан жүрегі нәзік, жаны таза Әйгерім (Тоғжан Нұртаза), махаббаттары үшін күрескен Олжабай мен Хадиша (Еркебұлан Жанатов, Қанағат Бейсенбай), жақынына жанашыр Ақылбай (Руслан Абдуллаев) бейнелері заман шындығын, дәуір тынысын көз алдыңа келтіреді.
Жалпы Абай сынды күрделі суреткерді түсіну кім-кімге болса да оңай емес. Соған қарамастан, санаға сәуле түсіріп, ойға азық берер қойылымнан әр көрермен өзінше ой түйгені, қазіргі алмағайып, жаһандық экономика, геосаяси мүдделер жағдайында аса өзекті болып отырған тартысқа орай дүние-әлемге деген өзіндік көзқарасын бағамдағандай болғаны анық.
Абай тақырыбына бару себебі және таңдау неліктен осы шығармаға түсті, сахналық шешім жайлы спектакль қоюшы-режиссері Теміржан Жанботаев өз ойын ортаға салды.
Абай тақырыбы – күрделі тақырып, оған кездейсоқ келгенім жоқ. Абай жайлы көптеген шығармаларды оқыдым, бірақ ешқайсысы жүрекке жатпады.Тек осы шығарма ғана көңілімнен шықты. Бірнеше рет оқып шықтым, ойша толғап көрдім, сосын тәуекел деп қолға алдым.Біріншіден, ұлы ақынның 175 жылдығына арнап спектакль қою арқылы Абайға, оның философиясына, трагедиясына көрермен назарын тағы бір рет аудартқым келді. Екіншіден, сол арқылы ешкімге ұқсамас «өз Абайымды» қойғым келді. Абай – философ, кемеңгер, терең талант пен парасат иесі дейміз. Дегенмен, ол да бәріміз секілді ет пен сүйектен жаралған пенде. Ұлы адамның жандүниесі күрделі, ал болмысы, өмір сүру дағдысы қарапайым екенін көрсету арқылы заманынан озып туған озық ойлы жанды өзге түгіл, өзіне жақын-жуықтың өзі, ел-жұрты толық түсіне алмады. Әлі толық түсінді дей алмаймын. Өмір бойы надандықпен күрессе де, қазақтың еңсесін басқан ескішілдікті, надандықты жеңе алмаған трагедиясын көрсеткім келді Абайдың. Ортада тұратын шаңырақ арқылы соны бейнеледім. Оны әркім-ақ көтергісі келеді, ел билігіне қол жеткізгісі келеді, бірақ ол ешқайсысының қолынан – Оразбайдың да, Күнтудың да, басқаның да қолынан келмеді. Осы тартыс, ақ пен қараның күресі әлі жалғасп келеді емес пе? Мақсатым орындалған сияқты. Қиын болды, артистер қиналды, бірақ шығарды Спектакльді шығаруға қатысқан барша театр қызметкерлері мен артистер қауымына мың да бір рахметімді айтамын - дейді Теміржан Жанботаев.
Спектакль жайлы шығарма авторы Иранбек Оразбаев өз ойын айтты.
Бұл осыдан қырық жыл бұрын жазылған шығарма. Абайдың 150 жылдығында Мәскеуге барған. Еліміздің көптеген театрларында қойылған.Бірақ Серке театры қойған бүгінгі спектакль мені ерекше толқытты. Сахнадан талай Құнанбайды көрдім, барлығы оны қатігез жан ретін бейнелейді. Құнанбайдың да жүрегі бар, баласына жаны ашиды. Мен бүгін Б.Ибраевтың сомдауында сондай бейнені көрдім. Қазақ театр өнерін алға апаратын осы Теміржандар, шаңыраққа көп мағына сыйғыздың. Қазақтың шаңырағын биікке көтеретін мына сіздер. Көп рахмет сіздерге! Аталмыш қойылым Абай Құнанбайұлының 175-жылдығына арналған. Менің түсінігімде Абайдың мұрасы 1 күн немесе 1 жыл ғана тойланбауы керек. Сондықтан да, көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген қойылымның премьерасына шығарма авторы Иран ағамыздың өзі келіп, оң баға беруі - біздің театрымыз мәртебе. Көрерменнің жүрегінен орын тауып, сахналық ғұмыры ұзақ болсын деген тілегім бар - деді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын, жазушы-драматург Иран-Ғайып.
Соңынан театр басшысы Досхан Сәкен қоюшы - режиссер Теміржан Жанботаевқа, Абай образын сомдаған Серік Бұлғақбаев пен Құнанбай образын сомдаған Бақытжан Ибраевқа Ұлы Абай мұрасын насихаттағаны үшін Абай атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорының «Абай Құнанбаевқа - 175 жыл» мерекелік медалін салтанатты түрде тапсырды.