1961 жылы Халықаралық Театр институты Вена қаласында өткен IX конгресінде 27 наурызды «Халықар...
«Астана Операда» классикке арналған фестиваль өтеді
АҚШ, Еуропа және Қазақстанның танымал орындаушылары ұлы классиктің 150 жылдығына арналған «Рахманинов трибьют» музыкалық фестиваліне қатысады. Елорда тұрғындары мен қонақтарын сәуірдің 4-і мен 7-сі аралығында «Астана Операда» атақты композитордың мәңгі өшпес музыкасымен естен кетпес төрт кездесу күтеді.
Фестивальдің идеялық шабыт берушісі әрі ұйымдастырушысы – «Астана Опера» бас дирижерінің орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин.
– Биыл бүкіл музыка әлемі ұлы композитор Сергей Васильевич Рахманиновтың 150 жылдығын мерекелеуде. Біздің театр өз үлесін қосып, осынау айтулы датаны атап өтуді ұйғарды, – деді маэстро.
«Рахманинов трибьют» фестивалін 4 сәуірде К.Байсейітова атындағы Камералық залда өтетін вокалдық музыка концерті ашады. «Астана Операның» жетекші солистері Бибігүл Жанұзақ, Татьяна Вицинская, Азамат Жылтыркөзов аспапшылар Мақпал Бекмағамбетова (скрипка), Асқар Мұқанов (виолончель), Раушан Бескембирова (фортепиано) және тағы басқаларымен бірге С.Рахманиновтың романстары мен камералық музыкасын орындайды.
Келесі күні фестивальді Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің орындауындағы концерт жалғастырады. Театрдың Үлкен залында сербиялық мейман Майя Райковичтің қатысуымен С.Рахманиновтың Фортепиано мен оркестрге арналған №3 концерті және №2 симфониясы шырқалады.
Композитор екінші симфонияны №1 симфониясы сынға ұшырағаннан кейін жазған, екінші симфония оған өзіне деген сенімділігін қайтарды. Оның премьерасы 1908 жылы сәтті өтті. С.Рахманиновтың Фортепиано мен оркестрге арналған үшінші концерті автордың ең танымал туындыларының бірі болып табылады. Алғаш рет ол Нью-Йорктің симфониялық оркестрімен бірге АҚШ-қа гастролі кезінде шырқалды және содан бері 100 жылдан астам уақыт өтсе де, бүкіл әлемге танымал әрі жиі орындалатын шығарма болып қала беруде.
«Рахманинов трибьют» фестивалін 6 және 7 сәуірде Мәрмәр залда «Алеко» операсының концерттік орындаудағы екі премьерасы және Оркестр мен альтқа арналған вокализ аяқтайды. Сахнаға «Астана Опера» солистерімен қатар, шақырылған әртістер мен музыканттар қатысады.
– Солардың бірі – Денис Краснокутский (альт), ол бізге Нью-Йорктен (АҚШ) келеді. Сондай-ақ Ресейден музыканттар, атап айтсақ «Геликон Опера» жастар опера бағдарламасының екі солисі қатысады, олар: Алеко партиясында баритон Василий Упоров және Жас сыған – тенор Владислав Чижов. Кәрі сыған партиясында Санкт-Петербордан келетін бас Илья Марков өнер көрсетеді, – деді Абзал Мұхитдин.
«Алеко» – С.Рахманиновтың Александр Пушкиннің «Сығандар» поэмасының негізінде жазған алғашқы операсы. Танымал театр қайраткері Владимир Немирович-Данченко либретто авторы атанды. 19 жастағы композитор дипломдық жұмысын 17 күн ішінде жазып шыққан, бұл оның шексіз дарынының дәлелі болды. «Алеконың» қойылымдарында біртуар опера әншілері, оның ішінде композитормен дос болған Федор Шаляпин де қатысқан. Бір актілі операның зор жетістігі Сергей Рахманиновты музыка жазуға одан әрі шабыттандырып, барлық кезеңдер мен халықтардың ұлы композиторларының бірін әлемге танытты