Ролан Петидің 100 жылдығына арналады

ТЕАТР
502

Осы қаңтарда әлемдік театр қауымдастығы біртуар хореограф Ролан Петидің 100 жылдығын атап өтуде. Классиктің мерейтойына орай әлемнің барлық театрлары өз сахналарында оның қойылымдарын ұсынуда. «Астана Опера» репертуарында осынау шебердің хореографиясындағы «Париж Құдай анасының соборы» спектаклімен қатар француз композиторы Л.Делибтің «Коппелия» комедиялық балеті бар. Бұл теңдессіз спектакльді елордалық театр 18-19 қаңтарда таныстырып, ұлы тұлғаның есіміне құрмет көрсетеді. 


«Коппелия» балеті «Астана Операда» театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың бастамасымен 2019 жылы пайда болды. Ролан Петидің балеттерін әлемнің көптеген сахналарына шығарып жүрген танымал балетмейстер Луиджи Бонино Алтынай Асылмұратованың шақыруымен әлемдік жауһарды елордалық театрда қойды. 

Ролан Пети 1924 жылы 13 қаңтарда Парижде дүниеге келген. Бала кезінен сан алуан өнерге қызығушылық білдірген  9 жасар Роланды әкесі Париж Операның балет мектебіне береді. 40-ыншы жылдары кордебалет әртісі болып жүрген кезінде ол жеке нөмірлер жасай бастайды, ал 1945 жылы «Комедианттар» балеті оған зор жетістік әкеледі. Сол кезде ол өзінің алғашқы жеке труппасын құрды. Шексіз дарыны мен меншікті танымал мәнері маэстроны өз заманының жетекші хореографтарының бірі етеді. Классикалық хореографияға адал бола отырып, ол оны заманауи би және театр өнерінің элементтерімен байытуға тырысты. 


– Ролан Пети – біртуар хореограф, ХХ ғасырдың атақты классигі. 90-ыншы жылдардың ортасында маған онымен жұмыс істеу бақыты бұйырды, – деп пікірімен бөлісті Алтынай Асылмұратова. – Ол маған зор ықпалын тигізді және де онымен бірге Марсель театрында жұмыс істеген кезеңім – мен үшін өмірімнің маңызды белесі, әлдебір кәсіби баспалдақ іспетті. Ол керемет адам еді, күш-қайраты тасып тұрса да, мінезін ешкімге көрсеткен емес, оның қиялында шек жоқ еді. Кей күндері ол бір нәрсенің жайсыз екенін сезінсе, ал шабыты келгенде жұмысқа кірісіп, тың дүниелер жасайтын, ал біз оған үлгеріп, барлығын лезде жаттап алуға және есте сақтауға тиіс едік. Сол кезде дүниеге келген тамаша спектакльдер қазір де өмір сүруде және олар бүгінгі таңда да өзекті. Ол салмақты дүниелерді сахналағанымен, әзіл-қалжыңға да шебер-тін, сондықтан ол жеңіл, әзіл-сықақ балеттерді де жасады, мұның жарқын дәлелі – «Коппелия» балеті. 


Алғаш рет «Коппелия» 1870 жылы Париж операсында қойылып, оның премьерасын Наполеон III Бонапарт әйелімен бірге тамашалаған. Содан бері міне, 154 жыл бойы қойылым әлемдік театр сахналарында зор табыспен ұсынылып, хореографтардың жаңа буынын шабыттандырып келеді. 

Лео Делибтің туындысы Ролан Петидің хореографиясында әлемнің әрбір қиырында зор танымалдылық пен сұранысқа ие. Драмасыз, күлдіргі оқиға желісі мен әсем хореография балетті жеңіл әрі мерекедегідей етіп көрсетеді. 

Қоюшы дирижері Арман Оразғалиев болып табылатын  «Астана Операдағы» спектакльде  18-19 қаңтарда дирижер тұғырына маэстро Руслан Баймурзин көтеріледі. Декорациялар мен костюмдерді кемеңгер Эцио Фриджерио Франка Скуарчапиномен бірлесіп жасады. Елордалық театрда костюмдерді жаңғырту бойынша суретші ретінде Анна Верде, жарық бойынша суретші әрі техникалық үйлестіруші ретінде Жан-Мишель Дезире тер төкті. 

Әсем әуендер, түрлі сипаттағы билер, шытырман оқиғалар мен керемет костюмдер арқылы баяндалатын бозбала мен жан біткен қуыршақтың ғажайып махаббат хикаясы ешкімді бей-жай қалдырмайды. Аз ғана үзілістен кейін «Астана Опера» сахнасына оралған спектакль тек екі кеш қана көрсетіледі. Таңғажайып балеттен ләззат алғыларыңыз келсе, тездетіп билет сатып алғандарыңыз жөн.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...