Театртанушы Айзат Қадыралиевамен Атырауда өткен театр фестивалінде бірге болып, Рахымжан Отарбаев др...
Астана Операда «Корсар» өзгеше жарқырайды
28-29 қаңтарда «Астана Опера» көрермендерін балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың қойылымында әлемдік классикалық балеттің інжу-маржаны – Адольф Аданның тамаша «Корсары» күтеді. Музыканттар мен әртістер, сондай-ақ жарық бойынша суретшілер театр сахнасында нағыз ғажайып жасап, осылайша көрермендерге кейіпкерлердің мінездері мен көңіл күйлерін сезінуге, асқақ өнердің керемет әлеміне енуге көмектеседі.
«Корсар» балеті «Астана Операда» алғаш рет 2018 жылы көрсетілді. Ескірмейтін классиканың қойылымында жұмыс істегендер: қоюшы дирижер – Арман Оразғалиев, қоюшы сценограф – Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапино, проекциялар бойынша дизайнер – Серджио Металли, жарық бойынша суретші – Якопо Пантани.
– Жарық – спектакльді көркемдік жағынан айқын етіп берудегі басты құралдардың бірі, – дейді қойылымдық жарық беру цехының меңгерушісі Ұлтай Ерденбекова. – Көрермендердің шымылдық көтерілгеннен кейін соғатын шапалағы сценограф пен жарық бойынша суретшіге тиесілі.
Маманның айтуынша, заманауи аппаратура түрлі эффектілерді жасауға мүмкіндік береді, сондықтан театрдың жарық беру мүмкіндіктері шексіз. Жарық музыка мен сахналардың динамикасына сай өзгеріп, драматургия, декорация, костюмдер және өзге элементтермен үндеседі. Көрініс тұтас болып шығуы үшін жігіттер сәйкес түстегі жарықты қолдана отыра, сахнадағы жалпы түс гаммасын сақтайды, түстерді көңіл күйге сәйкес алмастырып, оқиғаның драмалығын немесе, керісінше, романтикалығын айшықтайды.
Театрлық жарық беретін мамандарды жарық бойынша суретшілер деп атайды, өйткені олар кескіндемешілер секілді жарықпен сурет салып, өзіндік бір көрініс – спектакль жасайды.
«Астана Операның» жарық бойынша суретшісі Михаил Епанчин театрда еңбек еткен жылдары өз ісінің хас шеберлерімен жұмыс істеп үлгерді, сондай-ақ «Корсар» балетінде жарықты қойған маэстро Якопо Пантанимен де бірлесіп жұмыс атқарды.
– Әрбір спектакль бірегей. Қойылымдардың жарықпен сүйемелденуі де дәл осылай ерекше болады, – дейді ол. – «Корсар» классикалық туынды болғандықтан, біз жарық берудің классикалық әдістерін қолдандық, көріністерді барынша шынайы, таза етіп көрсетуге тырыстық. Қазіргі өмірімізге жақындатылған тұрақты көріністерге нәзік сәуле себелеп тұрғандай, базар мен айлаққа шынайы күн нұры төгілгендей болады. Жарық құрылғыларының түс гаммасы қойылымды сүйемелдейтін бейнеқатар бойынша іріктелді. Сондай-ақ кейіпкерлердің көңіл күйлерін, мінездерін, жыл мезгілі мен тәулікті, тарихи кезең мен басқа да көптеген жайттарды ескеру – жарық бойынша суретшінің міндеті.
Театрда қолданылатын жарық беретін аппаратура өте күрделі және сан алуан. Ол түгелдей басқару құрылғысына қосылған, онда спектакльдің әрбір эпизоды бағдарламаланған.
Жарық бойынша суретшінің қызметі жарық беру құралдары мен оларды басқаратын құрылғының жұмыс істеу қағидаттарын озық меңгеруді, сонымен қатар сахнада болып жатқан әрекетті толық түсініп, балеттік және опералық қойылымдардың ерекшеліктерін білуді талап етеді.
Театрдың жарық бойынша суретшілерінің әрбіреуінің өз міндеттері бар: Михаил Епанчин балетке маманданса, оның әріптесі Карим Рамаш – опера бағытында, ал К.Байсейітова атындағы Камералық залдағы концерттер мен спектакльдерді жарықтандырумен Сергей Кулак айналысады.
Керемет би мен музыкадан ләззат алуға келген көрермен түрлі театрлық қызметтердің жұмыс салаларын сирек ажыратады. Болып жатқан іс-әрекеттен алатын әсер топқа бірігіп, бір бүтін болып қалыптасады: музыка, қозғалыс, бояулар мен жарық. Музыкалық театрдың ғажайып күші, міне, осында жатыр.
Қаңтардың соңында «Корсар» балетін тамашалау арқылы өнердің құдіретін сезіне аласыз. Алда болатын спектакльдерде Медораның партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнел Рүстемова, София Әділханова орындайды. Конрад – Олжас Тарланов, Арман Уразов, Исаак Ланкедем – Айбар Тоқтар, Ғалымжан Нұрмұхамет, Бирбанто – Сұлтанбек Ғұмар, Руслан Қанағат, Сеид-паша – Жанәділ Бейсембиев, Гюльнара – Мөлдір Шәкімова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Өнербаева (Басбаева), Құл Али – Арман Уразов пен сахнаға осы партияда алғаш рет шығатын Данияр Жұматаев.