2001 жылы ақын, журналист Шөмішбай Сариев театр режиссері Әзірбайжан Мәмбетовтен сұхбат алған. Сұхба...
Берік Әбдіғалиұлы «Ұлытау» ұлттық паркін одан әрі дамыту жобаларын қарады
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Қазақстандағы QazaqGeography және БҰҰ Даму Бағдарламасының өкілдерімен кездесті. Өңір басшысы «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркін одан әрі дамыту бойынша сарапшылардың ұсыныстарымен танысты.
«QazaqGeography» РҚБ басқарма төрағасының орынбасары Артур Әбубәкіров пен географиялық қоғамдастықтың жобалық менеджері Мәдина Кинаятова облыс басшылығына «Тұран жолбарысын реинтродукциялау үшін жағдай жасау және Ұлытау тау жотасының табиғи және тарихи-мәдени нысандарын сақтауға жәрдемдесу» гранты аясында атқарылған жұмыстарды таныстырды.
Бұл жобаның негізгі мақсаты – туризмді дамыту үшін табиғи және тарихи мұра нысандарын сақтау мен ұтымды пайдаланудың тұрақты жүйесінің негіздерін құру.
Өз кезегінде, БҰҰДБ жануарлар дүниесі саласындағы жобасының сарапшысы Айман Омарбекова Алматы облысынан Қарағанды облысына құландарды көшіру бойынша жүргізілген жұмыстар туралы айтып берді.
Облыс әкімі бұл жобаларды Ұлытау облысында іске асыруды талқылады. Құландарды біздің өңірге реинтродукциялау және тәсілдері туралы сұрақтар қойылды.
Сонымен қатар, кездесуде туризм және жерді пайдалану стратегиясын дамыту бойынша жоспарланған жұмыстар талқыланды. Өңір басшысы Жезқазған қаласында Визит – орталық құру идеясын айтты. Қазақстандағы QazaqGeography және БҰҰДБ мамандары тұрақты туризмді дамытуға және жергілікті халықты тартуға жәрдемдесуге дайын.
Естеріңізге сала кетейік, «Ұлытау» ұлттық паркі өткен жылдың соңында Ұлытау таулы-дала массивінің экожүйелері мен табиғи кешендерін қалпына келтіру және сақтау, сондай-ақ өңірдің туристік әлеуетін арттыру үшін құрылған болатын. Оның дамуы –қазіргі уақытта «QazaqGeography» РҚБ негізгі жобаларының бірі.