Вольфганг Амадей Моцарттың музыкасына Иржи Килианның «Кішкентай өлім» танымал бір актілі...
Жансызға жан бітірген
Ол қойылым соңында сахна төрінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп тағзым етпегенмен, есімдері спектакль афишалары мен бағдарламаларында жазылмағанмен, қасиетті театр өнерін көпшілікке паш ету жолында аянбай тер төгіп, Мемлекеттік қуыршақ театрының «көрінбейтін» бірақ, көрерменіне азық болар спектакльдерін «көрсетеуге» асығатын еселі еңбек иесі...
Көрерменнің көпшілігі ғажайып та тылсым сырға толы қуыршақ театрындағы ой салар оқиғалар тізбегін жеткізуші артист, сиқырлы қылқаламымен әлем көріністерін көркемдеп көрсететін суретші, әсем әуен құшағында тербейтін композитор немесе қойылым құпиясымен таныстыратын режиссер қызметі мен міндеттерін білгенімен, театрдың өмір сүріп, патша көңілді көрермендері үшін үздіксіз сапалы жұмыс атқаруы үшін сүбелі үлес қосатын бутафорлар, гримдеушілер, жарықтандырушылар, реквизиторлар, сахна машинистері, қуыршақ жасаушылар мен тігіншілердің қызығы мен қиыншылығы мол қызметтерін бірі білсе, енді біреуі біле бермейді. Бұл саладағы қызмет иелерін киелі сахнаның «сиқыршылары» деп те атауға болады. Себебі, балдырғандарымыздың балдай күлкілері мен таңдай қағар таңданыстарын туғызатын сахна декорациялары мен реквизиттері секілді жансыз заттардан бүкіл бір шексіз әлемді жасап шығарып, жан сарайыңа сәуле себеді. Спектакльдердің айтар ойын су тұғиығындағы гауһардай жалтыратып кішкентай көрермендерімізге сыйлау үшін, әрбір минутта сағаттай сартылдаған жұмыс ырғағына ілесіп қызмет жасау аталған сала иелеріне тән.
Осы тұста Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының белді де беделді қызметкері, өз ісінің асқан шебері, күнделікті көрермендер назарына ұсынылатын спектакльдердің өз деңгейінде сахналануына өзіндік үлесін қосып жүрген абыройлы да тәжірибелі маман Обаев Қанат Несіпбайұлы – 1963 жылы 21 сәуірде Алматы облысы, Кеген ауданында көп балалы отбасында дүниеге келген. Аспан тауларды мекен етіп, арман қуған бозбала мектеп бітірісімен ару қала Алматыдағы №1 училищеде білімін жалғастырады. Жастайынан өнерге жаны құмар жан әскери борышын өтеп келгеннен кейін, 1996 жылы Қазақ Мемлекеттік циркінде манеж испекторы қызметіне жұмысқа тұрып, 2002 жылға дейін еңбек етеді. Білімін жетілдіру мақсатында 2005 жылы Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Режиссер» мамандығын алып шығады. 2003-2010 жылдар аралығында Республика сарайында сахна маманы, режиссердің көмекшісі қызметтерін атқарады.
2013 жылы 1 қаңтарынан бастап кішкентай бүлдіршіндердің бойына ізгілік нұрын себетін, ғажайыптар мекені – Мемлекеттік қуыршақ театрына көркемдік қойылым жетекшісі қызметіне орналасып, өзгеше өнер өміріне белсене кіріседі. Бүгінде әрбір ісіне үлкен талғам, зор талап биігінен қарайтын Қанат Несіпбайұлы Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрына алғаш келген сәттерін сағына еске алады: «Мәдениет саласы деген жалпы атау болғанымен, қуыршақ театр өнерінің өзге өнер түрлерінен өзгеше өзіндік сипаты бар. Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрына алғаш жұмысқа келгенімде «Алтын балапан» (авт.:В.Орлов, реж.: О.Ақжарқын-Сәрсенбек) спектакліндегі қуыршақтардың жасалуынан бастап көрермендерге ұсынылуына дейінгі жұмыс барысында ерекше әсерге бөлендім. Жансыз қуыршақтардың әртүрлі кейіптерге еніп таңғажайып әлем құшағында түрлі көріністермен көрермен көңілін шартарапқа шарлатуы – менің қуыршақ театрына деген өшпес қызығушылығымды оятты. Осы сәттен бастап мен мамандығымды шексіз ұнаттым. Бүгінде әрбір спектакльдің жасалу барысы, жаңа өнер туындысының дүниеге келуі – мен үшін жаңа белес, жаңа тәжірибе. Әрбір жаңа спектакльдің жасалу тарихы өзіндік қызығы мен қиыншылығы мол ескірмес естеліктер болып жадымда сақталып келеді...».
Әрбір салада белең алған өзекті тақырыптар мен шешімі қиын түйіндер болатыны заңды құбылыс. Сәтті түскен сырлы сұхбатта Қанат Несіпбайұлы қуыршақ театры үшін көкейкесті мәселелердің бірі – білім ордаларындағы қуыршақ жасау мамандығының жоқтығын алға тартты. Еліміздегі барлық дерлік қуыршақ театрларында арнайы кәсіби білім алған қуыршақ жасайтын білікті мамандар тапшылығы бүгінгі таңда қолға алынуға тиісті өзекті мәселе болып отыр.
Киелі сахна шымылдығын айқара ашып сіздерді өзгеше өнер өрнегімен баурайтын ерекше мамандық иелерінің қызметі туралы тереңірек білгілеріңіз келсе, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры ұсынатын қойылымдар кереметінен қалып қоймаңыздар.
Мадина ТӨЛЕ