Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Волонтерлік – жастардың әлеуметтік лифті» ат...
Елордада Оралхан Бөкейдің «Ауыл хикаялары» спектаклінің премьерасы өтеді
2021 жылдың 27 ақпан күні, сағат 19.00-де Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында Алтайдың көрнекті жазушысы Оралхан Бөкейдің «Ауыл хикаялары» спектаклінің премьерасы өтті. Екі күнге созылған аталмыш қойылым бүгін де сағат 19.00-де көрермен назарына ұсынылады.
«Алтайдың Кербұғысы» атанған заңғар жазушы Оралхан Бөкейдің әңгімелері өміршеңдігімен, терең сырлы лирикасымен ел жүрегінен өз орнын, мәртебесін алған. Оның кейіпкерлері сондай жақын, ерекше ыстық. Себебі олар біздің өмірімізде де бар. Соңғы рет алғашқы махаббатыңызды қашан еске алдыңыз? Тағдыр талайға салып, маңдайдан бағы тайған жақыныңыздың күйі жаныңызға батқан кезі болды ма? Өкініш өзекті өртеп, қадіріне жете алмаған қымбат адамыңызбен қоштаса алдыңыз ба?
«Ауыл хикаялары» драмасы суреткер О.Бөкейдің «Апамның астауы», «Қош, махаббатым» және «Маңдайдан бағың шайқалса» әңгімелерінің желісі бойынша сахналанады. Көрермендер өкініш пен қоштасу, қуаныш пен мұң, махаббат пен қимастық сезімін бастан кешіріп, кіші сахнада қойылымның қатысушына айналады. Қойылым сіздің жүрек түбіндегі ыстық сезімдерді оятып, асыл шақтарыңызды еске алуға, сіз үшін қымбат жандармен тағы бір мәрте тілдесуге, сырласуға мүмкіндік береді.
Авторы: Оралхан Бөкей. Режиссерлері: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Сайлау Қамиев, Нұржігіт Муслимов, Әли Бидахмет, суретші –Айнұр Есболатова.
Кейіпкерлер мен орындаушылар: «Апамның астауы»: Бала – Ақниет Жақсығали, автор – Нұржігіт Муслимов, апа – Ажар Шәкіржанова, Қашыбай – Бағлан Иманғазинов, музыкант (баянда) – Ақжол Амантай, әнші (жеке дауыста) – Қорлан Қартқожақова.
«Қош, махаббатым»: Балағаз – Ризабек Әли, Жанна – Ділнәз Ертаева, Қапаш – Бақтияр Қуандық, Айтжамал – Меруерт Қуантаева, Рахима – Еңілік Айымғазы, Нұртөре – Қазыбек Аманжол, Жарас – Әли Жарасұлы, музыкант (гитарада) – Алмас Асқарұлы, әнші (жеке дауыста) – Альбина Валиева.
«Маңдайдан бағың шайқалса»: Автор – Әли Бидахмет, Дарын Нұрсадық, Шаған – Бейбарыс Асқарбеков, Ерасыл Аханов, Жәзира- Айдана Курашева, Апа – Гүлмира Жакилина, Ата – Айбол Шәкіржанов, Қалан – Әли Жарасұлы.
Өтетін орны: NOMAD CITY HALL
Мекен-жайы: Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік ел даңғылы, 55/2, B2-3
Байланыс телефоны: 87711303369, 8 7172 33 62 46