1961 жылы Халықаралық Театр институты Вена қаласында өткен IX конгресінде 27 наурызды «Халықар...
Елордалықтар назарына Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры үздік қойылымдарын ұсынады
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында 2021 жылдың 15-17 қазан күндері аралығында Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Нұр-Сұлтан қаласында гастрольдік сапарын өткізеді.
Көрермен назарына театр репертуарындағы «Құлагер» (авт.: І.Жансүгіров, реж.: Ф.Молдағали), «Жусан иісі» (авт.: С.Мұратбеков, реж.: Ж.Жұманбай), «Махаббат, қызық мол жылдар» (авт.: Ә.Нұршайықов, реж.: Ф.Молдағали) қойылымдарын және балаларға арналған «Туған күн» ертегісін (орыс халық ертегісінің желісімен) ұсынады.
«Құлагер» саундрамасы – жалғыз Құлагердің, я Ақанның ғана тағдырын емес, бүкіл қазақтың тағдырын, Алаш орданың кезінде өмір сүрген шын жүйріктердің өміріне астармен қарап, соларды көрсету мақсатында қойылған.
Қу соғыстың бесіктен беліміз шықпай жатқанда-ақ біздің жүрегімізге салған жарасы қаншама еді. Сол жараның тыртығы өмір бойы удай сыздап, жанға батып өтер-ау. Еш уақыт ұмытылмас. Асыр салар балғын шағымызда тағдыр біздің қабырғамызға да бар зілін салды ғой. Ауыл жақтан қоңыр салқын самал еседі. Ашқылтым иіс аңқиды. Жусанның иісі. Бәрімізге таныс иіс... «Жусан исі» қойылымы алыста қалған балалық шақ туралы сыр шертеді.
«Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасын білмейтін жан кемде-кем шығар. Бірақ, бұл жолғы сахналық туынды басқа. Ә. Нұршайықовтың әйгілі романы желісінде екі жас: Ербол мен Меңтай арасындағы махаббат туралы баяндалар оқиға арқауы, бұл жолы режиссер – Фархад Молдағалидың бүгінгі күнге сай көзқарас, ой-шешімдері арқылы жаңаша, өзгеше өрбиді.
«Жеті лақ» орыс халық ертегісінің желісі бойынша сахналанған «Туған күн» қойылымы – балаларды анаға құрмет көрсетуге, бауырмалдыққа, мейірімділікке, татулыққа, достыққа шақырып, заманауи ән мен бидің үйлесім табуымен қазақша нұсқасында да өз құндылығын жойған жоқ. Бүгінгі таңда қалыс қалып бара жатқан адами қасиеттерді насихаттайтын бұл туынды – балалардың болашақта «адам» болып қалыптасуларына үлесін қосып, сондай-ақ әлеуметтік желілердің пайдасы мен зиянын ұғынуларына бағыт сілтейді.
Қойылымдар Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында өтеді.