ҚР Мәдениет және спорт министрлігі сыни пікірлерге құлақ аспайды, мән бермейді

ТЕАТР
3885

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың назарына!

Театр – рухани тәрбие орталығы 

Ел газеті «Егемен Қазақстанда» жақында жарияланған жазушы-драматургтер Жұмат Әлмашұлы мен Сұлтанәлі Балғабаевтың театрдың ұлттың ар-ұяты һәм ұйытқысы екені жайындағы және оның бүгінгі проблемалары туралы мақалаларының маңызы өте зор. Театр мен оның репертуары, режессура, драматургия мен драматургтер және  көрермендер жайында соңғы жылдары мәселе аз көтеріліп жүрген жоқ. Марқұм білікті театр сыншысы Әшірбек Сығай мен атақты драматург Дулат Исабековтың да баспасөз беттерінде толғамды мақалалары талай рет жарық көрген. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова

Бірақ, одан шыққан еш нәтиже көргеміз жоқ. Тиісті министрлік те, театр директорлары мен бас режиссерлер де баспасөзде көтеріліп жатқан өздеріне тікілей қатысты мәселеге, айтылған сыни пікірлерге құлақ аспайды, мән бермейді. Тіпті, оқымауы да мүмкін. 

Әдебиет сыншысы есебінде мен де театр сынына ат салысып тұрамын, сыни мақалам да жарияланған. Соңғы кезде драматургияға араласып, бірнеше пьеса да жаздым.

Соның бірі «Тілеп-Сарықыз» трагедиясы бірнеше жылдан бері елордамыздағы «Жастар» театрында қойылып келеді. Бұл трагедияның трагедиямен басталып, әйтеуір, аяғында сахынаға аман-есен шыққан тарихы театр төңірегінде бүгінгі қалыптасқан жайсыз жағдайды білдіреді. Сондықтан соны сөз етелік. Тілеп бақсы атақты Қойлыбай бақсының шәкірті болған. Одан сабақ алып, қобыз үйрене жүріп, Қойлыбайдың пері әйелінен туған сұлу қызы Сарықызға ғашық болады. Басқа да ғашықтық хикаяларындағы сияқты мұнда да Тілептің бақталасы оны өлтірмек болып, тасаланып келіп садақ тартады. Бірақ, Тілепті шексіз сүйген Сарықыз кезенген қаруды байқап қалып, Тілепті денесімен жауып, оққа өз кеудесін төсейді. Өзімен бірге өлмек болған Тілепке: «Мен өлсем, бір қыз ғана өледі, сен өлсең, сенен тарайтын бір рулы ел, әулет дүние есігін ашпай өледі» деп тірі қалуға көндіреді.

Тілеп кейін қартайып ажал жеткенде, «Сарықыздың жанына жерлеңдер» деп өсиет етеді.Екеуінің бірге жатқан қабірі Қостанай облысы Жанкелдин ауданы төңірегінде елсіз жер, жапан далада. Тілептің бесінші ұрпағы елімізге есімі белгігі әйгілі жаһангер Сапар Ысқақ биыл бұрын шарбақпен ғана қоршалған қабірдің басына қос күмбезді кесене тұрғызып жатыр.Сапар оншақты жыл бұрын елордамыздағы Керей-Жәнібек пен Ақмешіт көшесі қиылысында «Тілеп қобыз» сәнді сарайын салған. Сапардың бақсы,қобызшы бабасының рухын асқақтатқан істерін айтып тауыса алмаймыз. Ол жаздырған «Тілеп-Сарықыз» балеті Лондон сахнасында қойылған, өзіміздің Абай атындағы опера және балет театрының репертуарында.

Енді өз пьесамызға келсек, оны алдымен оқып шыққан  режиссерлердің бірі (атын атамай-ақ қоялық) Сапардың спектакльді қойған режиссерге жақсы гонорар төлейтінін және соған байланысты театр шығынын артығымен өтеуге қаржы бөлетінін білгеннен кейін, оның басын айналдыра бастады. «Бұл Сомжүрек драматург емес, мен басқа драматургке қайтадан жаздырып өзім қоямын» деп, Сапарды соған көндіре жаздады. Мен «Жастар» театрының көркемдік жетекшісі,айтулы режиссер  Нұрқанат Жақыпбаевқа пьесаны беріп, рецензия жазып беруді өтіндім. Ол мың болғыр, пьесаны жоғары бағалап, мені құтқарып қалды. Сөйтіп кейін өзі сахыналады. Көрермендердің егіліп жылап отырғандарын көрдік.

Бұл трагедияны Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының бас режиссері Еркін Жуасбекке ұсынып, қойылым шығынын Сапар Ысқақтың толық көтеретінін айттым. Бірақ екі жылдан бері хабар жоқ.Сонымен бірге  «Абай-ару Тоғжан» атты пьесамды да бергенмін.Оқып шығып, «жақсы екен,біздің Жастар театрының сахнасына лайық» деп бағалады.Солай дей тұрып қоймайды. «Абай-ару Тоғжан» дарама болғанымен трагедия деуге де болады. Екеуінің бір-бірімен қоштасу көрінісіндегі Тоғжанның өлеңмен, әнмен айтылатын зарын тыңдаған көрермен жанарын жасқа малып отырары анық. 

Махаббат хикаялары «Қыз Жібек» пен «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедияларында және басқа махаббат тақырыбындағы пьесаларда махаббат сырттай қатысады. Оқиға бар, тартыс бар, бірақ махаббаттың көркем сөзбен өрілген өзі жоқ яғни екі жастың кездесу сәттеріндегі сүйіспеншіліктің сәулелі сөздері жоқ, сұлудың саусағынан жай ұстағанның өзінде денеңді күйдіріп-жандырып, дуылдатып бара жататын оттай ыстық сезім жоқ,қос ғашықтың бір-біріне сол сезімдерін айтып жеткізетін жанды баурар тәтті лебіздері жоқ.

Ал менің «Тілеп-Сарықыз» бен «Абай-ару Тоғжанымда» солардың бәрі бар. Екі жастың әлі бап-балғын кездеріндегі көктемде бүр жарған нәзік  гүлдей алғашқы махаббаттары,кездесу минуттарындағы бір-бірін өртеп бара жатқан от сезімдері, сол алаулаған сезімдерінің ауыздан жалын-лебіз боп шалқып шығып, өздерін одан сайын лаулата түсетіні көрермен жастарға нағыз махаббаттың, ай сәулесіндей сәулелі сүйіспеншіліктің қандай болатынын сездіріп, жүректеріне нұр құятыны сөзсіз. 

Батыста «махаббат адамзатты тастап бара жатыр, махаббат жоқ, тек төсек қатнасы бар» деп, соны киноларында насихаттау басым. Бізде де «сұлуда махаббат болмайды» деген ән болған, біраз жазушылардың роман, повестерінде сұлулардың тағдырын тәлкекке салып қор қылу орын алған болатын. Мен кезінде сол теріс тенденцияға қарсы сын мақалалар жариялап: «Кейбір жазушылардың махаббатта жолы болмаса, оған сұлулар кінәлі емес, сүйкімсіз болып, сүйгізе алмаған өздері кінәлі болар» деп, махаббатты барынша қорғағанмын. Қазір махаббаттан секс басым боп бара жатқанда,оны қайта асқақтатып, жастардың жүрегіне тұқымын сеуіп ұялату керек, махаббатпен тәрбиелеу керек. Мақаламызға «Театр –рухани тәрбие орталығы» деп тақырып қойып отырған себебіміз де сол. 

Театр директорлары мен режиссерлер «драматургтер жоқ, жақсы пьесалар жоқ» деп, ауыздарын қу шөппен сүртеді де өздері алдарында жатқан пьесаларды оқымайды, оқыса да мән бермейді, қоймайды. Ал сонда біз не істеуіміз керек? Кімге шағымданамыз, арызымызды кімге айтамыз? Қысқасы, мен сияқты жаңа бастаған драматургтер қорғансызбыз. Менің пьесаларым Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық Академиялық драма театрының бас режиссері Есімхан Обаевтың да алдында жатыр. Ол да мән бермей отыр. Ақан сері ғұмырының соңғы кезіндегі өмірі жайлы «Серінің сергелдеңі» және шетелдерге сатылып жатқан балдырған балалар тағдырына арналған «Ана махаббаты» атты драмалар жап-жақсы дүниелер. Режиссер автормен жұмыс жасаса, толықтырып, беруге болады.

Мысалы, «Ана махаббатында» жігіті алдап кетуі себепті баласын сәбилер үйіне тапсырған жас ана баласына келіп жүреді, күдерін үздірмейді. Ақыры ала қап арқалап, түркия мен қытайдан тауар тасып, жанкешті еңбекпен қаражат жинап,қаладан бір бөлмелі пәтер сатып алып, ұлын шығарып алады. Мұндағы ана махаббатының тәрбиелік маңызын айтпасақ та болар. Жүрек тебірентерлік, көзге жас аларлық көріністер аз емес. Енді театрларға бұдан артық қандай драма керек?! «Серінің сергелдеңі» Көкшетау театрына сұранып тұр. Бірақ олар да селт етпейді. Міне бұл көптеген драматургтердің басындағы өкінішті ғана емес, трагедиялық жай.

Бізде жаңа драматургиялық шығармаларды жариялап тұратын бір де бір не газет, не журнал жоқ екен. Парадокс. Кімнің не жазғанынан хабарымыз жоқ. Драматургтер бір-бірімізді білмейміз. Драмалар яғни пьесалар көркем өнердің, оның ішінде әдебиеттің поэма, әңгіме, повесть, роман сияқты жанрларының бірі емес пе. Неге ол өгейлік көруі керек, неге оны өкпеге тебеміз? Газеттер мен журналдарда көрінген түкке тұрғысыз, татымсыз әңгімелер мен повестер жарияланып жатады.

Әдебиет сыншысы болғандықтан солардың талайын сын садағының астына алғанбыз. Тіпті, жақсы әңгіме не хикая болса да ол бір оқылғаннан кейін қалады. Ал жақсы пьесаларды республика көлеміндегі бір емес, бірнеше театрлар өз репертуарларына енгізіп жылдар бойы қайталап көрермендеріне көрсетіп жатады емес пе. Ендеше, драмалық шығармалардың құқын әдебиеттің өзге жанрларымен теңестіріп, газеттер мен журналдарда жарииялап, оқырмандар мен сыншылар және театрлар назарына уақытында ұсынып отыру керек. Немесе арнайы «Театр» атты журнал шығарайық. Әйтеуір, драмалық шығармалардың жолын ашып, бұдан әрі оны өгей баладай өгейсітпейік, жетімдік көрсепейік.

Енді театрлардың бас ауруы көрермендерді көбейту мәселесіне келсек, бұрнағы жылы «Ана тілі» газетінде бір тың ой-ұсыныс айтқанмын. Біздер жастық шағымыз сонау өткен ғасырдың елуінші, алпысыншы жылдарында қалған аға ұрпақтың өкілдеріміз. Ол кезде қалалар мен аудан орталықтары және село-поселкелердің бәріндегі парктерде темір шарбақтармен қоршалған арнайы ақылы би алаңдары болатын. Сонымен бірге ашық аспан астында түнгі кинотеатрлар жұмыс істейтін. Мысалы, Алматының нақ орталығындағы Панфилов атындағы паркте соның екеуі де болды. Паркке кешке бару ақылы еді, сырты қоршаулы болатын. Ашық аспан астындағы кинотеатрда түнде концеттер де қойылып, Роза Бағланова, Жамал Омарова тағы басқа әншілер ән шырқап жататын.

Ал жабық кинотеатрлардың фое залында кино басталар алдында үнемі музыка ойналып, келгендер би билеп жататын. Бұл, біріншіден, көрермендерді қызықтырып тартса, екіншіден жастардың танысуларына қызымет ететін. Міне қараңыз сонда жастардың, жалпы бойдақтардың танысуларына қандай қолайлы жағдайлар жасалған десеңізші! Бүгінгі жастар тек түнгі клубтарда ғана кездесіп би билей алады. Ал түнгі клубтардың қандай жаман атағы бар екенін жақсы білесіздер. Олар жастарды тәрбиелеудің орнына бұзатын орындарға айналған. Сөйтіп, парктердегі би алаңдарын жойып, кино алдында би билеуді қойып, жастар мен бойдақтарды танысу мүмкіндігінен айырып, жүздеген мың қыздарымызды кәрі қыздар етіп, ұлдарымызды сүр бойдақ  қылып отырмыз.

Мен осы мәселені қайта көтеріп, театрлардың даладай кең фое залдарында спектакль басталмас бұрын, музыка ойнатып,келген көрермендер жай күтіп отырғанша би билетейік, сол арқылы көрермендерді қызықтырып көбейтейік,екіншіден ол жастар мен басқа да бойдақтардың таныстық клубына айналсын, игі іс болсын дегенмін. Ешкім мән берген жоқ. Біз сондай самарқау, салғырт халыққа айналғанбыз. Бізге тек жоғарыдан министрден бұйрық болу керек. Өз инициативамызбен ештеңе істегіміз келмейді. 

Өз мақаласында Сұлтанәлі Балғабаев жазғандай, театрға оқушылар мен студенттерді мектеп директорлары мен курс кураторлары арқылы әкелуді ғана білеміз. Егер бұйрық-жарлық керек болса, тұңғыш президентіміз –Елбасының: «Кімнің меншігінде болғанына қарамастан, спорт алаңдары мен залдар бос тұрмауы керек, адамдарға қызымет етулері керек» деген тапсырмасы болған. Театрға ерте барғандар фоеде бос сенделіп, сонда ілінген артистердің суреттеріне қарап уақыт өткізеді. Егер қойылым алдында би ұйымдастыру дәстүрге айналса, жастар да, басқалар да театрға ағылып барар еді. Сонда көрермендер би билеп көңіл көтеріп, әрі бір-бірлерімен танысып,әрі артынан спектакль көріп, аса мағыналы кеш өткізер еді. Біле білсек, бұл тамаша рухани тәрбие тәсілі емес пе?! Олай болса, министрдің жарлығын күтпей-ақ елорда театрлары осы игі істі республикада бірінші болып бастап  жіберсе дейміз. Бұл түк қиындығы жоқ балық аулаған сияқты шаруа. Қармақ-музиканы қосып қоясыз да көрермен-балықтардың жинала түскенін тамашалап отыра бересіз. Елордада бұл іске «Жастар» театрының кереметтей кең фое залдарды сұранып тұр. Ия, солай театрларымызды рухани тәрбие орталықтарына айналдырайық.

Бұл мақала ықшамдалып, «Егемен Қазақстан» газетінде 10. 09. 20 19 ж. «Драматургия неге өгейдің күйін кешеді?» деген тақырыппен жарияланды. 


Жұма-Назар СОМЖҮРЕК, 
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, әдебиет сыншысы, ақын-драматург
author

Жұма-Назар Сомжүрек

ЖАЗУШЫ

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...

Өнер

Қазақстанның тұңғыш Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толуына орайластырылған мере...