Қазақстандық балет жұлдызы Бақтияр Адамжан Кипрде керемет өнер көрсетті

ТЕАТР
781

«Астана Опера» балет труппасының жетекші солисі Бақтияр Адамжан осы күндері Кипрде өтіп жатқан CELEBRITY BALLET GALA гала-балетінде табысты өнер көрсетті. Әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың орындаулары асқақ өнер мерекесінің сәнін келтірсе, қазақстандық биші кештің фавориті болды, ол көрермендерді өзінің актерлік шеберлігімен және қайталанбас мәнерімен таңғалдырды. 

Айта кетейік, гала-балетке Ағылшын ұлттық театры, «Астана Опера», Үлкен театр, Кремль сарайы, Михайловский театры, Нидерланд ұлттық балеті, Берлин мемлекеттік балеті секілді әлемнің жеті театрынан 12 прима-балерина мен этуальдер қатысты. Өнер көрсетудің бірінші күні, яғни 14 ақпанда Лимассолдағы (Кипр) «Паттихио» театрында көрермендерге классикалық және заманауи балеттен жарқын нөмірлер ұсынылды. Жарқын бағдарламаны Галаның көркемдік жетекшісі, Үлкен театрдың премьері Игорь Цвирко құрды. Ал бүгін, 15 ақпанда біздің отандасымыз ел астанасында Никосия муниципалдық театрында өнер көрсетуде. Бұл оқиға Халықаралық ғашықтар күнімен тұспа-тұс келгендіктен, әртістердің барлық нөмірлері ұлы махаббат тақырыбына арналды.

– CELEBRITY BALLET GALA ұйымдастырушыларымен бұрыннан таныспын. Олар менің осыған дейін көрсеткен өнерімді бағалап, осы балет кешінің қонағы болуымды қалады. Мұнда дүние жүзінен үздік бишілер жиналды, оларды заманауи балет өнерінің қаймағы десек болады. Осынау керемет шараға қатысып, мұнда «Астана Опера» театрын таныстырып жатқаныма өте қуаныштымын. Афишада қазақстандық «Астана Опера» атауы әлемнің жетекші театрларымен қатар көрсетілгенде одан сайын шабыттана түсемін, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан. 

Кипрліктер оның орындауындағы Сенкингтің музыкасына «In the wake» заманауи нөмірі мен Цезарь Пунидің «Эсмеральда» балетінен «Диана және Актеон» па-де-десін жылы қабылдады. «In the wake» нөмірін Бақтияр Адамжанға осыдан бірнеше жыл бұрын атақты заманауи қытайлық хореограф Исян Чжан арнаған болатын. Осы нөмірдің басын және соңын Бақтияр Адамжан өзі ойлап тапқан еді. 

Жалпы, шет елдердегі өнер көрсетулері барысында Бақтияр Адамжанның үнемі музыка сыншыларының жоғары бағасын алып жүретінін айта кетуіміз керек. Танымал балетмейстерлер оның техникасы мол екенін, шеберлігі мен балеттік әртістілігін бірден байқайды. Көбісін оның биік секірулерінен бірде-бір дыбыс шықпайтыны таңғалдырады. Осылай дыбыссыз секіріп түсе алатын қабілеті үшін Бақтияр бірнеше әлемдік театрда «мысық» деген лақап атқа ие болды. 

Алайда «Астана Операның» жетекші солисі нені орындаса да, әрдайым ерлер биінің мәдениетін сақтайды, қазақстандық балет сонысымен әйгілі. Осы ретте Бақтияр Адамжан өз өнерімен кипрліктердің жүрегін жаулаған тұңғыш қазақстандық балет әртісі екенін атап өткеніміз жөн. 

Жыл басынан бері балет жұлдызы бірқатар халықаралық жобаларға қатысып үлгерді. 28 қаңтар мен 4 ақпан аралығында ол сахнадағы жұбы – «Астана Опера» театрының солисі Шұғыла Әдепханмен Сидней, Брисбен және Мельбурнде (Австралия) өткен Ballet International Gala әлемдік шоуында керемет өнер көрсетті. Қазақстандық балеттік жұп жасыл құрлық тұрғындарын осымен үшінші рет таңғалдырды. 

Сондай-ақ Ballet International Gala-дағы өнер көрсетулер аясында Бақтияр Адамжан балет өнерін меңгеруді бастаған жас әртістерге шеберлік сағатын өткізді. Әңгіме барысында танымал биші тамызда Австралияға осымен төртінші рет өнер көрсетуге шақыру алғанын айтты. Бұдан бөлек, оны осы жылы 1-2 сәуірде Италияның Болонья қаласында өтетін «Этуальдер» гала-концертінде күтеді. 

– Алда көп жоспарлар бар. Түрлі халықаралық жобаларға қатысуға шақырулар түсуде. Қазанда Женевада Иоганн Себастьян Бахтың музыкасына «Жасөспірім және өлім» балетінің премьерасы өтеді, ол жақта да өнер көрсетуге ұсыныс алдым. Айтайын дегенім, жобалардың арасынан беделдісін таңдауға мүмкіншілік бар. Оларға «Астана Опера» театрынан әріптестерімді қатыстыруға тырысып жатырмын, – деп қорытындылады ол. 

Бұдан Қазақстанның №1 бишісі Бақтияр Адамжанның өнер көрсетуінің жылдық кестесі жазылып қойғанын аңғаруға болады. Әлбетте, шетелдегі спектакльдер мен гала-концерттерден бөлек, ол театр репертуарындағы балеттік қойылымдарға да белсенді қатысады. Бақтияр Адамжанның жақын арадағы өнер көрсетуін наурызда «Астана Опера» сахнасында әлемдік хореография жауһары – М.Жаррдың музыкасына Р.Петидің «Париж Құдай анасының соборы» балетінде тамашалауға болады. 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...