Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа кірмекші. Бұл азаматтардың қ...
«Ер Едіге» – Түркістанның сахна төрінде
Түркістанда «Ер едіге» этно-фольклорлық тарихи драмасы сахналанды. Күллі Дешті Қыпшақ даласына ортақ батырға арналған этно-фольклорлық тарихи драма Алтын Орданың 750 жылдығына арналған. Шара Ақтөбе облысының Түркістан өңіріндегі мәдениет күндері аясында өтті. Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры ұжымы ұсынған тарихи қойылым ақын Светқали Нұржанның авторлығымен жазылған. Режиссері – Данияр Базарқұлов. Едіге рөлін Мейірбек Шакенов сомдаса, Тоқтамыс ханның бейнесін танымал әртіс, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Мағзом Бақытжанов сомдады. Сондай-ақ Жанар Кемалбаева, Кеңес Кемалбаев, Бағдат Телеуғалиев және өзге де театр әртістері «Ер Едіге» қойылымында өнер көрсетті.
Тарихи спектакльге облыс тұрғындары мен қонақтары, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин мен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты.
Қойылым соңында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Түркістанның тарихи бағасына тоқталды.
-Түркістан өз алдына облыс болып құрылғанда оған қуанбаған, ол шешімді қолдамаған қарға тамырлы қазақ қалмаған болар, сірә! Аты ежелден аңызға айналған Түркістан өңірі қайта түлеген сәтте ел болып асарлатты. Ақтөбеліктер де үлес қосып, осы отырған әсем ғимаратты тарту етті. Бүгін күллі түркі дүниесінің кіндігі байланған киелі Түркістан топырағына келіп, өздеріңізбен жүздесіп отырғанымды зор мәртебе санаймын. Екі күн бойы өткізіліп жатқан Ақтөбе облысының Түркістан қаласындағы мәдени күндері осымен өз мәресіне жетті. Бүгінгі қойылымның басты кейіпкері елдің тұтастығы үшін жанын пида қылған, мемлекетшіл тұлға – Едігенің бейнесі қай заманға да үлгі. Өзге де кейіпкерлері арқылы сол өткен алтын ғасырдың жарқыраған және көлеңкелі тұстарын салыстыруға мүмкіндік береді. Осы қойылымның алдағы күндері өрісі кеңейіп, түбі бір түркі елдеріне де берер тағылымы мол болары сөзсіз, – деген ол Түркістандағы елеулі өзгерістер мен игі істерге ризашылығын білдірді.
Фото: дереккөз