«Томирис» кинотуындысы көрермендерге 27 қыркүйектен бастап көрсетілетін болды. Мұны филь...
Әлеуметтік қорғау - мемлекет әлеуеті
Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа кірмекші. Бұл азаматтардың құқығын қорғауға арналған жүйелі шара.
Дей тұрсақ та, əлеуметтік жəне еңбек құқығының толық пакетін дайындау үшін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды формализациялау қажет деп саналады. Бұл санаттағы азаматтар саны жылдан жылға азайып келе жатыр. Дегенмен бұл мəселені оңтайлы шешу үшін формалды түрде жұмысы жоқ халыққа ұйымдастырушылық және құқықтық қызмет көрсету қажет. Сондай-ақ оның орындалу механизмі де жасалуда. Олардың дені қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етушілер.
БЖТ өзіне өзі жұмыс тауып отырғандарға зейнетақы жүйесіне қатысуға жол ашады. БЖТ-ны жаңа салық түрі деп қабылдамау керек. Бұл төлемнің төрт түрін, яғни жеке табыс салығын, əлеуметтік жəне медициналық сақтандыру қорларына, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар жасауға мүмкіндік әкеледі.
Осы мәселеге қатысты өз ойын білдірген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Табысынан ешқандай төлем жасамайтындар бар жəне тиісінше, олар зейнетақы жүйесімен жəне əлеуметтік қолдау шараларымен толыққанды қамтылмаған. Осыған байланысты қажетті заңнамалық өзгерістер жасалды. Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды тіркеуді жеңілдету үшін бірыңғай жиынтық төлем енгізу ұсынылады. Оны төлеу өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың медициналық əлеуметтік сақтандыру жүйесіне, зейнетақымен қамсыздандыруға қатысуына мүмкіндік береді», - деп атап өткен болатын.
Сондай-ақ бұл өзгерістерді жыл аяғына дейін қабылдануы керектігін ескертті.
Бұл бірыңғай жиынтық төлем, ең алдымен, түрлі себеппен қорғансыз қалған азаматтарымызды əлеуметтік қорғауға арналған. Министрліктің көрсеткеніндей, жаңа режимнің бірнеше артықшылықтары бар. Мұнда салық сомасы төмендеу, салық пен əлеуметтік төлемдерден тұратын бірыңғай төлем өткеруге болады, салық бойынша есеп беру, салықтық тексерулер жəне əкімшілік жазалар қолданылмайды.
Сонымен қатар, ауылдық жұртқа жеңілдік қарастырылған. Бұл төлемді ауыл тұрғындары үшін айлық есептік көрсеткіштің жартысына дейін азайту ұсынылды.
Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу арқасында салық органдарында тіркелудің жеңілдетілген тəртібін қарастырып, формалды емес жұмыстағыларды заңдастыру тездетіледі.
Азаматтарды формализациялау оларды тегін медициналық көмектің кепілдігі бар көлемін алуға, сондай-ақ медициналық сақтандырудың міндетті жүйесі арқылы медициналық қызметтерді пайдалануға жол ашады.
Бұдан басқа, жүктілігі мен бала тууы, бір жылға дейінгі бала күтімі бойынша Əлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін əлеуметтік төлемдердің көлемі де айырықша. Оның мөлшері мемлекеттік бюджет аударымдарымен салыстырғанда әлдеқайда қомақты.
Мысалы, қазіргі таңда мемлекеттік бюджеттен 1 жылға дейінгі бала күтіміне арнайы жəрдемақы қарастырылған. Ал жүктілік пен тууға байланысты төлем тек Əлеуметтік сақтандыру қорынан беріледі. Сонымен, БЖТ төлеген əйелдің Əлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемдерді алуға мүмкіндігі бар.
З. Самалбекұлы