Өткен демалыс күндері, яғни 17-18 қарашада елордалық «Астана Опера» театрының сахнасында...
Ғалым Ахмедьяров «Астана Операның» 2023 жылғы жоспарымен бөлісті
«Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров елордалық театрдың тыныс-тіршілігі мен даму келешегі жайлы айтып берді.
Ғалым Ахмедьяров
– Ғалым Алғиұлы, «Астана Операның» барлық жанкүйерлері үшін осы жыл немен басталады?
– Астананың қысы ұзақ, сондықтан тұрғындардың мерекелік көңіл күйін созғымыз келді, осылайша керемет спектакльдер – Дж.Пуччинидің «Богема», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» опералары, Р.Ребектің хореографиясында С.Прокофьевтің «Күлбике» қиял-ғажайып балеті, А.Аданның шытырман оқиғалы «Корсар» балеті мен Күләш Байсейітова атындағы Камералық залдағы тамаша концерттер театр репертуарының сәнін келтірді. Бұл маусым театр үшін мерейтойлық, сондықтан біз бірқатар айтулы оқиғаларды өткіздік, атап айтсақ олар премьералар, шетелде кезегімен болған маңызды гастрольдік өнер көрсетулер, сондай-ақ «Жібек жолы» халықаралық опера және балет фестивалі мен Umai тұңғыш ұлттық сыйлығын салтанатты табыстау рәсімі.
– Яғни театрда өмір қайнап жатыр ғой?
– Иә, солай, труппа жақсы шығармашылық шабыт үстінде, барлығы зор құлшыныспен жұмыс істеуде. Көрермендер аудиториясының жаңа жобалар мен премьералық спектакльдерге өте белсенді жауап қататыны қуантады. Көпшіліктің қызығушылығын ояту үшін біз ең үздік қоюшыларды, атақты орындаушыларды шақырып, спектакльдерді безендіруге Қазақстанның, сондай-ақ шетелдің мықты мамандарын тартамыз. Сонымен, театр үшін мерейтойлық жыл В.А.Моцарттың музыкасына әйгілі чех хореографы Иржи Килианның «Кішкентай өлім» бірегей балетінің премьерасымен жалғасады деп жоспарлап отырмыз. Одан кейін композитор Герман Левенскольдтың «Сильфида» балетінің қойылымы жоспарға енді.
– Әлемдік қауымдастықтың назарын аударарлықтай қандай да бір ірі жобалар бар ма?
– Әлбетте, қазір шетелдік әріптестермен бірлескен халықаралық жобалар әзірленуде, олар туралы жақында айтатын боламыз, сондай-ақ танымал ұжымдардың біздің сахнада гастрольдік өнер көрсетулері жоспарлануда. Олардың бірі Борис Эйфманның балеті болмақ, ұжым «Анна Каренина» және «Пигмалион эффектісі» секілді екі спектакльмен өнер көрсетеді.
– «Астана Опера» балалар аудиториясына арналған репертуарды белсенді түрде кеңейтіп келеді, биыл жас көрермендерді не күтеді?
– Бірнеше ай бұрын біз С.Прокофьевтің музыкасына «Күлбике» балетінің әлемдік премьерасын таныстырдық, жақында Жолан Дәстеновтың «Қаңбақ шал» ертегі-операсын қоюды жоспарлап отырмыз. Бұл Камералық зал сахнасына лайықталған шағын, көңілді спектакль. Бұдан бөлек, күзге қарай біз «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз. Айта кетейік, бұл фестивальдің өткізіліп жатқанына 20 жылдан асты, оның тарихы Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрынан басталады. Екі онжылдықтан астам уақыт бойы оған әлемдік опера мен балет сахнасының жұлдыздары қатысуда. Осы фестиваль аясында балаларға арналған спектакльдер де міндетті түрде көрсетіледі.
Театр репертуары жыл сайын толығады, сондықтан сахнамызда көптен бері қойылмаған кейбір спектакльдерді 2023 жылы қайта жаңартамыз. Алайда театрдың таяудағы басты қадамы немесе мақсаты – «Астана Операға» келуді елордаға алғаш ат басын бұрған кез келген қазақстандық пен шетелдіктің арманына айналдыру.