Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында...
Асылбек Боранбай: Өнерді ақша билеп тұр...
-Өмірде әр адамның өзіндік ішкі мені болады. Сіздің ішкі меніңіз Асылбек Боранбай кім десе қалай жауап берер едіңіз?
– Асылбек Боранбай жалпы алаштай елім, кең байтақ жерім, анамдай тілім, ислам дінім, өнерім өмірім деп жүрген қазақтың қарапайым баласы. Жалпы бұл Асылбектің ғана емес кез-келген ұлтым деп жүрген намысты ер азаматтардың ұстанған ең бірінші қағидасы болуы керек сияқты. Асылбек Боранбай – басқа адамдардан артық, болмаса кем емес, өнер атты көштің алдын бермей, болмаса артында қалып қалмай тура бел ортасында келе жатқан, от анасын аялап, ұлықты ұл, қылықты қыз тәрбиелеп отырған бір шаңырақтың отағасы. Әр адамның өзіне баға беруі қиын, дегенмен менің ішкі менім осылай айтса қателеспегенім шығар деп үміттенемін.
– Кәсіби театрда актерлік қызмет атқарумен қатар, әзіл-сықақ театрын алға сүйреп келесіз. Екі кеменің ескегін қатар есуге қауқарыңыз қаншалықты жетіп жатыр?
–Әрине оңай емес, дегенмен мен үшін екі театр бірдей. Олай дейтінім «Театр», «Тамаша» деп бөлінгенімен екеуінің түп атасы жалпы мамандығы бір, ол – актер. Балуанға оңы мен солы бір демекші, менің өнерге деген бала кезгі қиялым арманға ұласып, сол арман адастырмай осы күнге жеткізген соң, екі кеменің ескегін есу өнерге еселеп еңбек етуге жетелейді. Ес біліп, өрелі өнердің киесін сезінгелі, театрға бар болмысыммен беріліп еңбек етіп келемін. Себебі театрдың орыны, қасиеті бөлек. Мен әкем театр Әуезов қарашаңырағында қызмет істеуді армандап келген адамдардың бірімін. Арман жолында шын ниеттеніп талаптанған адамда таудың өзін қопарардай қайсарлық пайда болады. Өнер инистутының екінші курсында оқып жүріп, Әзербайжан Мәмбетов ағамыздың дәуірі дүрілдеп, қайталанбас қойылымдары қойылып жатқан кезеңде осы армандаған ата шаңыраққа жұмысқа тұрдым. Содан бері сынаптай сырғыған уақыт желімен жарысып осы театрда қызмет етіп келе жатқаныма отыз жылдай уақыт болып қалыпты. Институтты бітірген соң театрмен қоса, бала кезгі арманымның бірі «Тамаша» ойын-сауық отауына жұмысқа шақырылдым. «Тамашаның» президенті Лұқпан Есенов ағамыз өзі менің өнерімді көріп, бағасын беріп жұмысқа шақырды. Осылай, «армандар орындалады» демекші бала күнгі ішкі арманым мені театрға да, Тамашаға да алып келді. Содан бері Аллаға шүкір, екі кеменің арасынан алтын көпір жасап қызмет етіп келемін. Әрине, қиындықтар болады, бірақ өзіңнің сүйікті мамандығыңмен айналысқанның өзі бақыт қой. Сүйікті мамандығымның арқасында алынбас қамалдардың кілтін тауып, асу бермес таулардың шыңына шыдамдылықпен өрмелеп келемін.
– Сізді танымал еткен «Тамашаның» құлдырауына не түрткі болды?
«Тамаша» менің өмірімде, жүрегімде мәңгілікке қалады. Ол менің халыққа кеңінен танылған ортам, сондықтан әрқашан құрмет тұтып алдында басымды иемін. «Тамашадан» бөлініп шығу маған оңайға соққан жоқ, өзім де шәкірт тәрбиелейтін жасқа келген соң, солай шешім қабылдадым. Енді баяғы «Тамашаны» сол қалпына алып келе алмайтыныма көзім жетті. Өйткені, заман талабы мен уақыт басқа. Шындығын айту керек, сатира да сұйылып кетті. Сатира сұйылған соң, «Тамашаны» бұрынғы дәуіріне келтіре алмайтынымды түсініп, иесіне тапсырдым да, өзім жеке театр аштым. Жаңа театрдың ашылғанына екі жыл болды. Екі жылдың ішінде бес концерт беріп үлгердік, бәрін халық жылы қабылдап, ойдағыдай болды. Дегенмен керемет деңгейде өтті деп айтуға хақым жоқ, себебі менің театрым жаңадан құрылған театр. Жоғарғы дәрежеде өнер көрсету үшін уақыт пен қоса әлі талай еңбектеніп тер төгуімізге тура келеді. Ал, баяғы театрдың дәрежесіне жету үшін сатираны дұрыстауымыз керек, шындықты айтайын қазіргі сатириктер, драматургтер өкпелесін өкпелемесін, бізде дұрыс жазатын адам өте аз. Нәтижесінде сатира жоқ. Көршіміз Россияда бес жүзге тарта сатира театры бар. Оның көбі мемлекеттік деңгейде. Бір сатира театры концерт қоярда бес жүз автор жұмыс жасайды екен. Соның ішінен сценарийді іріктеп, таңдап алады. Олардың мықтылығы осында. Бұл деңгейге жету үшін сатираны бір орынға қоюуымыз керек. Үлкен буын сатириктерге өкпем жоқ, олар берерін берген адамдар, енді бізге жазатын жас сатириктер керек. Жастарды тауып тәрбиелеп шықсақ, сонда біз алмайтын қамал болмайтын шығар деп ойлаймын.
– «Досыңыз екеу болса біреуі кітап болсын» дейді. Кітап оқисыз ба?
– Кітапты көп оқимын. Өзіміздің қара нардай қабырғалы ақын- жазушыларымыздан бастап, әлемдік деңгейге көтерілген шетел жазушыларын да оқып отырамын. Ұлы Абайдың қарасөздері мен Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерін» қайталап қарап шыққанды жаным қалайды. Қазір Толстойды оқып жатырмын. Кейде ойнайтын рөлің үшін де ізденіп, кітаптарды оқуыңа тура келеді. Арасында діни кітаптарды да қарап отырамын. Жалпы адамзат баласына кітап оқу. оның қиялының ұшқыр болуына, білімді болуына көңіл көкжиегінің кеңіп, көкірегінің ояу болуына көмектеседі. Сен жақсы бір кітап оқып болып, кез-келген адаммен сөйлесіп тұрсаң, ана адамнан анағұрлым биік дәрежең жоғары екенін сезінесің. Себебі сенен ақша, болмаса еңбекақы сұрамайтын кітап атты қоймадан жабдықталғансың. «Кітап – білім бұлағы» деген сөз осыдан қалса керек.
– Өнерді ақыл билеп тұр ма, әлде ақша билеп тұр ма?
– Әрине, ақша билеп тұр. Өнер адамдарының көбі заман талабына сай той-томалақ қуалап жүр. Оған өнер адамдарын кінәлауға болмайды. Қазіргі уақыт сананы тұрмыс емес, ақша билеген заман болып тұрғаны да өтірік емес. Әншілердің өздерінің сахнаға емес, тойға арнап айтатын әндері көбейіп кетті. Бұдан шығатын қорытынды өнердің құнын арзандатып, өнер арқылы түпкі мақсат ақша табу. Ешкімді кінәлай алмайсың. Бәрінің де бала-шаға бағып, жақсы ән жаздырып, жақсы үйде тұрғысы келеді. Менің ойымша, өнер құндылығын арзандатып алуға көп бой алдырмауымыз керек. Мұның өзі уақытша өтпелі кезең шығар. Бәрімізде де бір кем дүние ғой.
– Алдағы шығармашылығыңыз жайлы жоспарларыңызбен бөліссеңіз
– Құдайға шүкір. Әзірбайжан Мәмбетов ағамыздан бастап, Болат Атабаев, Есмұхан Обаев, Әубәкір Рахимов сынды талантты бірнеше режиссерлермен жұмыс жасап, отыз жылдың ішінде әртіс армандайтын көптеген рөлдерді ойнап шықтым. Енді театрда «Атилла» деген Еділ патша жайлы пьеса дайындалып жатыр. Сондағы басты рөлдің бірі маған бұйырды. Бұйыртса, бұл қойылымды да сәтті шығарамыз деген ойдамын. Тағы бір жаңалық өзімнің продюсерлік орталығым мен ТТТ театрының атынан жаңа жоба дайындап жатырмыз. Жақын күнде көрерменге жол тартады. Бұл жоба бойынша Әуезов театры мен Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актерлері біріккен жақсы қойылым дайындалуда. Қойылымның тақырыбы қазірше – ҚҰПИЯ. Бас-аяғын толық баяндап айтудың керегі жоқ, келіп көретін халыққа тосынсый болып қалсын.
Әңгімелескен Ержан Тоқтар