Қазақ жерінде музыкалық, драма, қуыршақ, мюзикл, балалар театрлары жұмыс істеп жатыр. Бірақ мүмкінді...
Кейіпкердің жандүниесін ашу арқылы форма табу керек
Актерлік өнер сынды сымбатты өнерді айрықша сезінетін аз болса да актерлер бар. Солардың бірегейі Бекжан Тұрысты айтар едім. Шығарманың мазмұнын түсіне алатын, ондағы ерекше мәнді қимылды, жіті көзқарасты, астарлы ойды түйсіне алатын осынау актерді әсіресе жас режиссерлердің пайдаланбай жүргендеріне қайранмын. Нағыз ойнайтын кезінен кетіп бара жатыр. Әшірбек ағаның бір сұхбатында айтқан сөзі есіме түсіп отыр: «Бекжан шалдарды ойнап штампқа ұрынып бара жатыр.
Өз басым Бекжанды жақсы көрем, өте талантты актер. Әні бар, домбырасы бар, сөзі бар. Қазақы психологиядан тәрбиеленген, бұлақтың көзінен су ішкен жігіт. Ол неге Ричардты ойнамайды, неге Войницкийді ойнамайды. Оны тек бір қырынан көрсете беруге болмайды ғой, актерге обал емес пе?» дегені. Бұл обалды сыншы аға бұрынырақ та сезінген, қазір одан бері қанша уақыт өтті. Иә, актерлерді таптаурындылыққа түсіретін режиссерлердің де кінәсі бар.
Себебі, қазіргі режиссерлер спектакльдің формасына көп мән беріп кеткен сияқты. Форма, форма деп актерлермен жеке-жеке жұмыс жасауды қойды, оларға дұрыс мақсат қоюды қолдан шығарып алды. Көрерменді уысынан шығармайтындай ой-қиялыңды ұштап отыратын актердің әсерлі ойыны болмаса, тек формамен яғни сыртқы көрініспен ұстап отыру мүмкін емес. Талантты режиссер үшін форма табудан бұрын кейіпкердің ішкі әлемін, мінезін ашу маңызды болу керек.
Осыған орай режиссер Ж.Хаджиевтің мына пікіріне қосыламын «Кейіпкердің жандүниесін ашу арқылы форма табамын. Жылтырақ сыртқы көрініс адамды тез жалықтырып жібереді. Ал форма арқылы кейіпкердің жандүниесін ашу деу қисынға келмейді. Режиссер өзін-өзі шатастырып, актерлерді де қинайды».
Форма деген актердің орындау шеберлігінен алшақ болмау керек. Кейде екеуі бір-бірімен қабыспай екі бөлек дүние болып жатады. Не десек те, сыртқы формаға емес ішкі құбылысқа көп күш жұмсайтын Бекжан ағалардай сахнагерлермен жұмыс жасау керек.
Құрметті режиссерлер! Материалды да, актерлерді де таңдауға келгенде көп жағдайда Сіздерге байланысты. Театр өнеріне өзін бағыштап жүрген бағбан артисттер жоқ емес. Мысалы өткенде ресей сыншысы Н.Шалимова қарағандылық актриса Д.Заитованың ойынына тәнті болып, "мынандай актрисаға арнайы пьеса жазып, қою керек қой" деген. Бәрімізде оны мойындадық. Театрда көмескіленіп жүрген соларға тапсырыспен пьеса жаздыртып, арнайы спектакль қою режиссерлердің құзырындағы зор міндет. Іс-әрекетті де, сөзді де орынды әрі ұтымды оймен дөп баса білетін артисттердің сахналық шеберлігін көргім келіп жүргеннен туған ой ғой.
Айзат Қадырәлиева