Нартай Ескендіров: ​"Мәңгілік бала бейне" пьесасының инклюзивті театр сахнасындағы қойылымы

ӘДЕБИЕТ
3664
Қазақ жерінде музыкалық, драма, қуыршақ, мюзикл, балалар театрлары жұмыс істеп жатыр. Бірақ мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы театр осы уақытқа дейін Қазақстанда тіпті орта Азияда болмаған. Шетелде ым-ишара (мимика- жест)  тіліндегі театрлар бұрыннан жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғам өміріне барынша қатыстырып, үкімет зор ықыласпен көңіл бөлуде. Оларға арнайы мектептер, бос уақытты тиімді өткізетін даярлық мекемелер молынан ашылуда. Қоғамда оларға арналған арнайы орындарды да жасап қою барлық мекемелерге міндеттеліп келеді. Инклюзивті сала—бұл тек мұғалімдердің ғана емес, басқа мамандық иелерінің де үлесі. Атап айтқанда ол-театрландырылған көріністерді айтуға болады. Инклюзия –- ағылшын тілінен аударғанда (қосылу, қатысу) деген мағына береді. Алғашында ол арт терапия сияқты көмек берілсе, кейін келе әсер ету құралы ретінде сахна арқылы көрсетіле бастады.
  Орта Азиядағы тұңғыш инклюзивті театры «Қанаттылар» деп аталады. Бұл театр мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан бойында дарыны мен шығармашылық қабілеті бар адамдарды қолдауға, шығармашылығын одан ары шыңдауға мүмкіндік беретін, тұрақты жұмыспен қамтитын инклюзивті театр болып табылады. Театр құрамында 1-2 ші топтағы мүгедектер бар, оның ішінде 10 адам есту қабілеті нашар, 6 адам арбада, 3 адам зағип жан.  Қазіргі уақытта театр мүмкіндігі шектеулі жандарға дені сау адамдардың өміріне жақын әлеуметтік орта қалыптастыра отырып, еңбек етулеріне жағдай туғызуда. Театрдың міндеті әртістердің сахна төрінде жарқырай өнер көрсетулеріне осылайша көрермен қошеметі мен ықыласына бөленуіне жол ашу. 
 Ашылғанына екі жылдың көлемі болса да театр қоржынында бір концерттік бағдарлама мен «Үй таңдаған лақ» деп аталатын бір ертегі бар. Ертегі спектакльді сахналаған режиссер Бейбіт Құсанбаев. Ерекше жандардың ойындары ым-ишараға құрылған. Келуші көрермендері де басым көпшілігі ерекше балалар болғандықтан ым-ишара тілінде ойнаған актерлердің ойыны келуші көрермендерге қызықты әрі түсінікті болды. 
Биылғы жылдың 8-9 қараша күндері Астана қаласы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрынының сахнасында инклюзивті театр ұжымымен белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Роза Мұқанованың «Қызжылаған» атты драмасының  тұсаукесері өтті. Режиссер Абзалбек Максимнің режиссурасымен сахналанды. Бұл қойылым Қазақ елінің басынан кешірген Семей полигоны туралы үлкен мәселелерді көтерген.  Полигон жабылғанымен әлі де зардаптарын келтіріп жатқан ядролық бомбалар  кесапаты ешқашан ұмытылмасы анық.  Шығыс Қазақстанның 19 млн гектар жері 40 жыл бойы ядролық сынақтың полигоны болды. Полигон тек Семей жеріне ғана емес бүкіл Қазақ жұртының қасіреті. 
 1989 жылы қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов құрған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының фото-көрмесінде Р.Мұқанова Еңліктің (Ләйлә) суретін көріп, кішкентай қыздың жанарынан шексіз қасірет, қою мұңды сезінеді. Ләйлә шын өмірде болған кейіпкер, Семей полигоны кезінде мүгедек болып өмірге келген. Қыз бұл оқиғадан соң түрі 5-6 жас шамасындағы бүлдіршін күйінде қалып, өспей қалған, суреттің астындағы жазуда «Еңлік 14 жаста» деген жазуды оқыған Р.Мұқанова көп толғанып «Қызжылаған» әңгімесін жазып шықан еді. Ләйләнің өмірдегі шын есімі- Еңлік. Роза  Мұқанованың "Мәңгілік бала бейне" пьесасын 1996 жылы алғаш  рет Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының  сахнасында  Болат Атабаев сахналаған еді, Ләйлә бейнесін Данагүл Темірсұлтанова мен Нұржан Бексұлтановалар ойнаған. Спектакль 18 жылға жуық театр репертуарынан түспеген болатын. 
 Кинематография саласында 2002 жылы белгілі кинорежиссер Сатыбалды Нарынбетовтың режиссурасымен экранға «Қызжылаған» киносы да таспаға түсіріліп, фестивальдер мен байқаулардың жүлдегері атанып, көрермендер көңілінен шыққан  еді. Ләйлә бейнесін Аянат Есмағамбетова ойнаған болатын. Ал, Астана қаласы қуыршақ театрында 2018 жылы "Мәңгілік бала бейне" деген атпен режиссер Құралай Ешмұратова сахналаған. Балаларға арналған спектакльде басты кейіпкерлер Ләйләмен Болтайды қуыршақпен ойнатса, қалған кейіпкерлерді актерлер сомдайды. Спектакль балалардың тарихты терең түсінуге үлкен септігін тигізген, қоғамдағы мәселелерді қуыршақтар арқылы көрсету арқылы көркемдік талғам қалыптастырған. Театр сахнасындағы қойылымның да, фильмнің де әлі күнге дейін танымалдылығы арта бермек.  Бұл шығарма қазақ  театрларының барлығында дерлік қойылып келеді. "Мәңгілік бала бейне" пьесасы тек қана тәннің ғана дерті емес, жанның дерті. Бұл қойылымдардың барлығы кино, театрда қандай жанрда болмасын адамның жанын қопарып, катарсис сезіміне жетелейді. Р.Мұқанованың әңгіме, пьеса т.б. кез-келген шығармалары қоғамдағы күрделі мәселелерді сипаттап, оқушыларымен көрермендерін терең ойдың қатпарларына сүңгітіп, адам жанын терең сипаттайтын жазушы екенін көрсетіп келеді. Драматургтің бұл туындысы классика болып, әлемдік сахналардан көрінетініне сеніміміз мол.
Инклюзивті театр- мүмкіндіктері шектеулі жандар (көру, есту, басқа да әртүрлі денедегі ақаулары бар ерекше жандар) театр сахнасында актер ретінде спектакльде ойнайды. Режиссер инклюзивті театрының әуесқой актерлері мен бірге Асхат Маемировтың шеберханасында оқып жүрген студенттердің басы қосылып спектакль шығарады. Ерекше жандар мен студент актерлерден құралған әртістермен жұмыс істеу жас режиссерге көп қиындық тудырғаны спектакль барысында байқалды. Бірақ қиындықтарға қарамастан режиссер өзінің негізгі идеясы мен ойын актерлер арқылы бере білген. Қоюшы режиссер Максим Абзалбектің Роза Мұқанованың «Қызжылаған» атты драмасының инклюзивті театрда қоюы арқылы басқа режиссерлерге де үлгі болатындай қадамға барды. Ерекше жандар да кәсіби актерлерше үлкен сахналарда өнер көрсете алатындарын осы аталмыш спектакль арқылы дәлелдеген. Болашақта инклюзивті театр сахнасында басқада шығармалардың сахналатынына сеніміміз мол.
Режиссер спектакльде Қарауыл адамдарын қара түсті киімдерге киіндіріп, сол арқылы олардың басты кейіпкерлердің әрекеттерін тереңдете түсулеріне септігін тигізген. Олардың қимыл қозғалыстары арқылы тобырдың психологиясын, қоғамдық моральдың деңгейін көрсетеді. Сахнаның декорациясына келер болсақ екі қапталында орналасқан қорап үйлер арқылы Қарауылдың жер үйлерін көз алдымызға әспеттеп, сахна ортасындағы алаңды бос кеңістікке айналдырған. Сол арқылы актерлердің ойындарына бірізділікті сақтап, әрекеттерімен сахнадағы тіршілікті көрсете алған. Сахна төрінде ілініп тұрған дөңгелек үлкен жарық ай спектакльдің лейтмотивіне айналып, спектакльдің өңін келтірген. 
Спектакльде кейіпкер Ләйләнің елесін - актриса Наргиза Мақжанова бейнелейді. Оның Ләйләсінің он екі мүшесі сау, Ләйләнің екінші бір өмірінен көрініс беріп тұрғандай елестетеді, екі Ләйләнің тағдырын көрсетуге талпыныс жасалады. Яғни он екі мүшесі сау Ләйлә болғанда Құмармен бірге қол ұстасып, «бәлкім оның жары боларма еді?» деген ойға жетелейді. Режиссер спектакль соңында Ләйләні бұл өмірдің қаталдығы мен адамның кісілігін, жан дүниесінің тазалығын аспанға періштедей көтеріп әкетеді. Бұл көрініс арқылы біз 18 ғасырда өмір сүрген неміс драматургі И.В.Гетенің «Фауст» пьесасындағы Фаусттың жасаған жақсылығы мен адалдығы үшін періштелер аспанға әкететін сахнасына ұқсатқан тапқырлығын  көріп, қоғам болып Ләйләдай ақ петіштеге қол жеткізе алмай, біз оны бағалай, қорғай білмедік, оның биіктен қол бұлғағанын ғана көреміз. Тәуелсіздігіміз арқылы ғана біз полигонды жауып, қоғамдағы өз иммунитетімізді қалыптастыратын күнге жеттік. Драманың басты кейіпкері Ләйлә бейнесін- әуесқой актриса Малика Мұқтарова  сәби кезінен арбаға таңылған, параолимпиадалық спортта арбада отырып билеуден әлем чемпионы, Азия чемпионы, Қазақстан республикасының оннан астам рет чемпионы атанған, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ерекше жан бола тұра өз образын терең сезініп жүрегімен сомдайды. Ләйлә әр түн сайын терең сайға барып, аймен сырласады. «О, жарық Ай, мүсіркеме сен мені. Сезімім бүтін, ақылым дұрыс, қыз баламын күнәсіз. Мен өзіме адам сияқтымын, басқаларға адам сиқы жоқ, адамдықтан ажыраған, адам пейілін тәубаға түсірер мүгедекпін» деп жарық Аймен сырласатын қыздың монологындағы жан айқайы кімді де болсын ойландырып жылатады. Р.Мұқанованың бұр шығармасы тура Маликаға жазылған сияқты, өз орындаушысын тапқандығына куәгер болдық. Ләйләнің  айтқан сөздері мен жан тебіреністеріне, қараңғы түнектегі жарық Айдай жарқырап тағдырына алаңдаған көрермендерінің көз-жасын көлдетіп, терең ойға жетелейді. Спектакльдің композиторы- Әбілмансұр Құдайберген. Музыка арқылы Ләйләнің жандүниесіндегі тебіреністерімен ішкі арпалыстарын тереңнен көрсетуіне септігін тигізді. 

Малика ойнында Ләйлә таза мөлдір ниетімен, ақкөңілділігімен, жан-жағындағыларына мейірім шуағын шашып тұратын шапағатымен, актерлік мүмкіндігінің шексіздігімен есте қалды. Ләйлә тағдырдың жазған  қиындығына мойымай, өзінің өмірге деген құштарлығымен көрермендердің жүрегін  өзіне баурап  алды. Актрисаның қимыл- қозғалысындағы ым-ишараттары нақты қойылған, ерекше жандарға арналған арбада отырып ойнайтын актрисаның арбасымен қозғалысы мұз айдынындағы мәнерлеп сырғанаушылардың биімен пара- пар десек қателеспейміз. Малика ішкі арпалыс пен сыртқы көңіл күйдің әуезін шырқап, нәзік қолдарына қанат бітіріп, көкке самғап, көрермендерін алай- дүлей сезім құшағына батырғаны сөзсіз. Қойылымды көріп отырып кейіпкерлермен бірге күрсінесің, мұңайасың, жылайсың, ойланып- толғанасың.

Құмар- актер Әлихан Нұрланұлы. Ләйләнің сыныптасы ұнатқан алғашқы махаббаты. Екеуінің кездесетін сахналары терең сырларға толы, махаббат айдынындағы қос аққуды  көргендей тебіреніске түсерің анық. Құмар Ләйләнің махаббатын сезінеді, бірақ оның тағдырына алаңдамайды. Құмар сияқты адамдар ақша үшін кімді болмасын сан соқтырып кететін жылтыр адамды көреміз. Құмардың ұялмай ақшаны алып, қалтасына салғанын көрген Болтай –актер Мәдениет Есенгелдиев жақындап келіп, Құмардың қалтасындағы ақшаны күштеп  алып аспанға  шашып  жібереді. Қарауылдың адамдары ақшаны лезде теріп алып, жан жаққа тарайды. Осы көріністе пьесадағыдай Болтай бұл ақша қайдан келгенін Ләйліге айтқаны абзал еді. Себебі, ол ақша пьесаны қысқартудың кесірінен спектакльдің көрінісінде Ләйліге түсініксіз болып, бұл жасалған әрекет логикаға сәйкес келмей әрі ақталмай қалған. Режиссерге осы сахналарды әлі де ойланып, айқындағаны жөн.
 
Қатира рөлінде – Асылзада Ахметқалиева. Ата-анасынан айырылған байғұс Ләйлә әпкесі жүрексіз, қатал Қатираның қолында өседі. Қатира оны ұрып-соғып кемсітумен болады. Қатира өзінің жиені Ләйләні жақтырмаса да аяушылық танытып, түсінуге тырысады. Бірақ, оның әрбір жүріс- тұрысына қарсы шығып, ауыр сөздер айтып, көңілін  қалдыратын сәттер көптеп кездеседі. Шөкіш бейнесін бедерлеген – Марина Ешимова. Кейіпкерлерін ойнаған кезде актрисаларға Қатираның, Шөкіштің мінездерін, болмысын, ішкі жан тебіреністерін тереңнен ашу жағына көбірек көңіл бөлуі шарт. Дауыс ырғағынан, әріптестерімен сөйлескендегі репликалары кәсібилік жағынан көрермендердің шынайылық сезіміне сенімсіздіктер ұялатып отырды. Спектакльде Шөкіштің туыла салысымен бақилық болған баласы туралы нақты айтылмай  режиссерлік қысқартулардан кейін спектакль барысында Шөкіш  не үшін мүгедектерді ұнатпайтындығы, қастандық жасауға жақын екендігі түсініксіз болып әрекеттері ашылмай қалған. Р.Мұқанова пьесасындағы мәтінінде ол өз баласын жарым жан болғандықтан өз қолымен өлтірген болатын. Қанды қолының қылмысын, ішін күйдірген қасіретін ұмытамын деп ақыл-естен де айырылған. Ендігі оның мақсаты Қарауылдағы полигоннан мүгедек болып, зардап шеккендермен арпалысып жүргендігі жазылған еді. Айтылған ұсыныстар спектакльдің көркемдік құндылығын одан әрі тереңдетеді деген ойдамыз.

Қатша бейнесін – Гүлмира Шаймағанбетова бедерлейді. Актриса арбада отырса да спектакльде бар жан-тәнімен беріліп ойнайды. Қойылымда ол мүгедек ұлы Болтайдың жанын тереңнен түсініп, шыр-пыр етіп ана жүрегі тебіреніп жүреді. Спектакль барысында ұлын Ләйләға үйлендіргісі келіп әрекет жасайды. Қатирамен құдағи боламыз деп келісіп те үлгереді. Бірақ Ләйләнің жүрегі Құмарда, екеуі қосыла алмайды. 

Спектакльде депутат- актер Иранбек Балтабек арқылы бұрынғы мен бүгінгі депутаттар арасындағы ешбір ерекшеліктің жоғын көреміз. Сол құрғақ уәде арқылы дауыс жинау, өз қамы үшін басқаларды елемеу т.б. мәселелер көрсетіледі. Депутаттың жанында шашбауын көтеріп жүрген Әртіс рөліндегі актер- Жанғали Темірғали залда отырған көрермендерді драма әлемінен бір сәт өзінің қойылымдағы бастық алдындағы жағымпаздығымен, әзіл- қалжыңдарымен көрермендердің көңіл- күйлерін көтереді. 

Спектакльге Ләйләнің прототипі Еңлік ханым Семейден арнайы келіп, Роза Мұқановамен танысып, көрермендермен қауышты. «Қанаттылар» инклюзивті театрының басшысы Искаков Арнұр. Арнұр ерекше жандардың бос уақыттарын тиімді пайдаланып, әрі армандаған актерлік мамандыққа келіп өнер көрсетулеріне жол ашып, жұмысқа орналастырып, олардың өміріндегі бірлестіктерінің туын көкке шығаруда. Болашақта Қазақстан бойынша ерекше жандарға арналған театрлардың қатарының көбейуіне мұрындық болатынына саніміміз мол.

Ескендиров Н.Р. Театртанушы, Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті, PhD докторы.


Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...