ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының тыңдаушылары айтулы оқиғаға дайындалуда. 23 мамырд...
РУХАНИ БИІККЕ ТАЛПЫНДЫРҒАН – «АЙКО МЕН СТРАШКО»
Өнер өлкесінің тұнық мекені, бала қиялының қасиетті ордасы Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры мерейлі сексен бесінші маусымында ересектерге арналған А.Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында фантасмагория жанрындағы «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» (реж.: А.Зайцев) спектаклін көпшілік назарына ұсынса, бүлдіршіндерге таптырмас рухани асыл қазына сыйлайтын тәрбиелік мәні зор, қамқорлық пен мейірімділікке үндейтін «Аққұтан мен қарақшы» атты словак ертегісінің желісімен сахналанған «Айко мен Страшко» (реж.: Д.Бурман) спектаклі қадірлі көрермен қауымға жол тартқан болатын.
Аталмыш ертегі әлемнің қуыршақ театр сахналарында сан түрлі форматта, көптеген режиссерлік шешімдермен ұсынылып, бүлдіршіндердің және ата-аналардың сүйікті спектакльдерінің қатарына енген әйгілі туынды. Ал, Мемлекеттік қуыршақ театры сахнасындағы «Айко мен Страшко» ертегісі ұлттық нақышта әрленген оқиға желісіне сай өзгеріп отыратын жылжымалы декорациясымен, қазақы ою-өрнекпен апталған киім үлгілерімен, халық және эстрада әндерінен іріктелінген ертегі мазмұнын айшықтай түсетін қазақтың ұлттық аспабы домбырамен сүйемелденген айрықша сәттерімен ерекшеленеді.
Артисттердің жанды дауыста орындауындағы әуелеген әсем ән ырғағына құрылып, домбыраның қоңыр үнімен әрленген мейірімділік, қамқорлық, жанашырлық, достық пен махаббат ұғымдарын насихаттайтын болмысы бөлек, айтары өзге, мағынасы мол «Айко мен Страшко» спектаклін Санкт-Петербург қаласынан арнайы шақыртумен келген режиссер, продюсер, «КукАРТ» Халықаралық қуыршақ театрлар фестивалінің Президенті - Давид Бурман жаңаша қырынан сахналаған.
Спектакльдегі режисссер қолданған ең ұтқыр шешім – қойылымға таңдалған артисттер Бақытжан Қаюов, Айдын Жақыпбаев және Арай Сақтағанованың бірнеше рөлдерді және оқиғаларды қатар алып жүруінде және қуыршақ пен артист арасындағы байланыстың тығыздығы, сонымен қатар, оқиға желісіндегі достық пен махаббат ұғымдарының түрлі қырынан көрсетілуі болып табылады.
Кішкентай бүлдіршіндер ғана емес, ересектердің де қойылымнан алатын әсері өзгеше. Себебі, Айко мен Страшко арасындағы нәзік қарым-қатынас балаларды қамқорлық пен мейірімділікке, достыққа тәрбиелесе, ересектерді махаббат, жанашырлық, сүйіспеншілік сынды адами асыл қасиеттерімен баурайды. Осы тұста аталмыш спектакльдің басқа театрлардағы Аққұтан мен Қарақшы арасындағы оқиғадан тағы бір айырмашылығы қайғы мен қуанышты әнмен жеткізуінде екендігін баса айта кеткен жөн.
Қойылымның белгілі бір тұстарындағы кейіпкерлердің өзіне тән мұң-қайғысына, қасіреті мен жалғыздығына қарамастан, артисттік құрамның іс-әрекеті, қимыл-қозғалысы, детальдар мен реквизиттерді қолданудағы, оқиғаны жеткізу барысындағы сөздерді пайдаланудағы кәсіби биіктілігімен, көрерменмен байланыс орнату арқылы тудыратын көңілді сахналарымен спектакльге өзіндік бояу береді.
Ұлттық әндер мен қазақы салт-дәстүрді бала бойына дарытып, адамгершілік құндылықтарды насихаттап, жанашырлық пен қамқорлыққа тәрбиелейтін, табандылық пен мақсатшылдыққа үйрететін «Айко мен Страшко» (реж.: Д.Бурман) қойылымын Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрында тамашалауға шақырамыз.
Рухани биікке бірге талпынайық, қадірлі оқырман!
Мадина ТӨЛЕ