Ағымдағы жылдың 18-23 қазан күндері Астана қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт ми...
Музыка кемеңгерлерінің мерейтойларына орай өтетін кештер
«Астана Опера» театры әлемдік музыка қауымдастығы үшін екі ірі оқиға: ұлы композитор, пианист әрі дирижер Сергей Рахманиновтың 150 жылдығы мен ХХ ғасырдағы ең атақты опера әншілерінің бірі Евгений Нестеренконың 85 жылдығын атап өтеді. 23 ақпанда К.Байсейітова атындағы Камералық залда өнер сүйер жандардың назарына «Романспен кездесу» концерті ұсынылады.
Көпшілікке белгілі қазақстандық әртістер – баритон Азамат Жылтыркөзов пен пианист Долорес Үмбетәлиева камералық орындаушылық өнерді паш етеді. Әлемге әйгілі әнші-бас, өнеріне әлемнің барлық басты опера алаңдарында көрермендер қол соққан Барсег Туманян кеш қонағы болмақ.
– Бұл концертте тыңдармандарға С.Рахманиновтың танымал, көпшілік ұнататын романстарымен рақаттануға, сондай-ақ өздері үшін данышпан композитор осы жанрда жазған сирек жауһарларды ашуға мүмкіндік туады. Бағдарламаны таңдау кезінде бізге адам жанының барлық эмоциялық жай-күйін беретін түрлі сипаттағы шығармаларды таныстыру маңызды болды. Оларды орындаудағы күрделілік мынада, яғни Сергей Васильевич Рахманиновтың өзі рояльде керемет ойнаған, сондықтан оның барлық романстарында фортепиано партиясы молынан кездеседі, әрі ол екінші кезекте қалмай, вокалдық орындаумен қатар жүреді. Пианистке жоғары шеберлік пен кәсіби деңгейді паш ету керек, себебі мұнда көптеген музыкалық бояулардың көлемді фактурасы бар. Онда аз уақыттың ішінде дыбыстауды да, көңіл күйді де көрсетіп, сезімдер мен уайымдардың бай палитрасын ашу қажет, – деп пікірімен бөлісті Долорес Үмбетәлиева.
Өз кезегінде Азамат Жылтыркөзов аңызға айналған бас Евгений Нестеренконың Ла Скала, Арена ди Верона, Метрополитен-опера, Үлкен театр, Ковент-Гарден Корольдік опера театры, Вена мемлекеттік операсы, Берлиндегі Неміс операсы, Венгрия ұлттық операсы, Буэнос-Айрестегі Колон театры, Барселонадағы Лисео Үлкен театры, Стокгольмнің Корольдік операсы секілді үздік әлемдік опера театрларында зор табыспен өнер көрсетіп қана қоймай, камералық жанр туындыларын, оның ішінде С.Рахманиновтың вокалдық лирикасын көрнекті орындаушылардың бірі болғанын айтты.
– Жарқын орындаушылық мансабынан бөлек, Евгений Евгеньевич Нестеренко тамаша ұстаз болды, Барсег Робертович Туманян екеумізге әр уақыттарда оның шәкірттері болу бақыты бұйырды. 1985-1986 жылдары Барсег Туманян одан П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында тәжірибеден өтті. Араға көп жыл салып, мен ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен Венада Евгений Евгеньевичтен тағылымдамадан өттім. Біз онымен 2009 жылы Финляндияда өткен Мирьям Хелиннің халықаралық байқауында танысқан болатынбыз. Ал Барсег Туманян екеуміз 2012 жылы өткен Мария Биешудің екінші халықаралық байқауынан бері жақсы достарға айналдық. Біз бұл концертті ұлы композитор С.Рахманинов пен оның тамаша туындыларын біртуар орындаушы – ұстазымыз, профессор Е.Нестеренкоға арнағымыз келеді. Көптеген онжылдықтар бұрын осындай даңқты музыканттар бастаған істің жалғастырушылары болу – біз үшін үлкен мәртебе. Қаншама жылдар өтсе де, танымалдығын жоғалтпаған, әлі де тыңдармандардың зор сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген мәңгі өшпес туындылармен бүгінде сахнаға шығатынымызды мақтан етеміз, – деп атап өтті Азамат Жылтыркөзов.
Осы ретте айта кетейік, мерейтойлық кештен бөлек, К.Байсейітова атындағы Камералық залдың ақпан айындағы репертуарында алуан түрлі концерттер мен спектакльдер ұсынылады. Сонымен, «Piccolo» театры жобасы аясында 3 ақпанда Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» жарқын комедиялық операсы өтеді. Араға бір күн салып, 4 ақпанда құрамында скрипкашы Еркебұлан Сапарбаев, виолончельші Эльдар Айтбеков пен пианист Асқар Құлшарипов бар алматылық «Ренессанс» фортепианолық триосының орындауында «Ұлы симфонистердің камералық музыкасы» шырқалады.
Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті виолончельші Ернар Мыңтаевтың жетекшілігімен 10 ақпанда жаңа жылдағы «Батыс – Шығыс: музыкалық параллельдер» атты алғашқы концертімен өнер көрсетеді. Гүлжан Өзенбаева мен Дана Жұбанова-Әлидің фортепианолық дуэті 15 ақпанда тыңдармандардың назарына «Француз музыкасының кешін» ұсынады.
17 ақпанда Forte-Trio ҚР мемлекеттік триосы С.Рахманиновтың 150 жылдығына «Ұлы шеберді еске алу» концертін арнайды. Трио музыканттары – скрипкашы Мақсат Жүсіпов, виолончельші Мұрат Нарбеков және ұжымның көркемдік жетекшісі, пианист Тимур Урманчеевпен бірге опера труппасының солисі, баритон Расул Жармағамбетов өнер көрсетеді. Ал 26 ақпанда асқақ өнерді ұнататын жандарға контртенор Батыржан Смақов, театр солисі, сопрано Мәдина Исламова мен «Anima di Barocco» ішекті аспаптар ансамблінің орындауында «Барокко сиқыры» көне музыка концерті ұсынылады, жобаның көркемдік жетекшісі – Раиса Мұсақожаева.