Нартай Ескендіров: «Ым-ишара тілінде «Үй таңдаған лақ» ертегісі сахналанды»

ТЕАТР
3127
Қазақ жерінде музыкалық, драма, қуыршақ, мюзикл, балалар театрлары жұмыс істеп жатыр. Бірақ мүгедектігі бар балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы театр осы уақытқа дейін Қазақстанда болмаған. Шетелде ым-ишара тіліндегі театрлар бұрыннан жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта елімізде мүгедектігі бар жандарды қоғам өміріне барынша қатыстырылып, үкімет зор ықыласпен көңіл бөлуде. Оларға арнайы мектептер, бос уақытты тиімді өткізетін даярлық мекемелер молынан ашылуда. Қоғамда оларға арналған арнайы орындарды да жасап қою барлық мекемелерге міндеттеліп келеді. Инклюзивті сала - бұл тек мұғалімдердің ғана емес, басқа мамандық иелерінің де үлесі. Атап айтқанда ол - театрландырылған көріністерді айтуға болады. Инклюзия – ағылшын тілінен аударғанда (қосылу, қатысу) деген мағына береді. Алғашында ол арт терапия сияқты көмек берілсе, кейін келе әсер ету құралы ретінде сахна арқылы көрсетіле бастады. Инклюзивті театр- мүгедектігі бар жандар (көру, есту, басқа да әртүрлі денедегі ақаулары бар ерекше жандар) театр сахнасында актер ретінде спектакльде ойнайды. 

Ым-ишара тілінде Қазақстан бойынша алғаш рет 2021 жылдың қазан айында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Жастар»  театры жанынан «Қанаттылар» инклюзивті театры ашылды. Қағаз жүзінде (құжат бойынша) театр 2021 жылдың 4 ақпанда құрылды. Жаңадан ашылған театрының жетекшісі Арнұр Искаков тағайындалды. Аталмыш театрдың ашылуына мұрындық болған Арнұрдың еңбегі ерен. 2018 жылы дүние жүзілік ым-ишара театрлары бойынша Нұр-Сұлтан қаласында фестиваль өткізген болатын. Шетелден келген мамандар біздің елде «Ерекше жандарға» арналған театрдың болмағанына таң қалғандығын жасырмапты, «Театрларыңыз болмаса да фестиваль өткізіп отырғандарыңызға үлкен ерлік екен» деп разы болған. Сөйтіп көп ұзамай Арнұрдың табандылығының арқасында «Қанаттылар» театры ашылып, қанатын кеңге жаюда. 

 «Қанаттылар» мүгедектігі бар болғанына қарамастан бойында дарыны мен шығармашылық қабілеті бар адамдарды қолдауға, шығармашылығын одан ары шыңдауға мүмкіндік беретін, тұрақты жұмыспен қамтитын инклюзивті театр болып табылады. Театр құрамында 1-2 ші топтағы мүгедектер бар, оның ішінде 10 адам есту қабілеті нашар, 4 адам арбада, 3 адам зағип жан. Қазіргі уақытта театр мүмкіндігі шектеулі жандарға дені сау адамдардың өміріне жақын әлеуметтік орта қалыптастыра отырып, еңбек етулеріне жағдай туғызуда. Театрдың міндеті әртістердің сахна төрінде жарқырай өнер көрсетулеріне осылайша көрермен қошеметі мен ықыласына бөленуіне жол ашу. 

Инклюзивті театрдың ашылуына тетрландырылған көріністер болды, жан-жақтан жиналған, өнерлі жастардың көбі өлең айтса, басқалары билеп демеп жүрді. Аты айтып тұрғандай «Қанатылардың» қанат қағып, театр көгжиегінде шынайы өнерлерін паш етті, ән-биден тұратын бағдарлама барлығының көңілін босатып, шығармашылық жолындағы өнердің балғын дәмін татқызды. Инклюзивті театрдың ерекшелігі-ерекше қажеттіліктері бар адамдарды оңалту және әлеуметтендіру болып табылады.

Көп ұзамай 14 желтоқсанда Жастар театрының сахнасында «Үй таңдаған лақ» атты ертегі (ым-ишара тілінде) сахналанды. Спектакльдің қоюшы режиссері- мәдениет саласының үздігі Бейбіт Құсанбаев. Бұндай ертегі спектакльдерді мүмкіндігі шектеулі жандармен сахналаудың өзі оңай емес, себебі біріншіден олар кәсіби актерлер емес әуесқойлар, екіншіден олардың жаны хрусталь сияқты нәзік болады. Не нәрсеге болсын ренжіп қалуы мүмкін. Олармен жұмыс жасаудың өзі үлкен кәсібилік пен тәжірибелікті қажет етеді,  бұл жағынан режиссер Бейбіт Құсанбаевтың еңбегін «жоғары дәрежеде жасалған жұмыс» деп бағалауға тұрарлық. Қоюшы сурдоаудармашы- мәдениет саласының үздігі Сәуле Тұрлыбекова, хореограф – Ботагөз Тұрлыбекова.


Ертегіде бір ауладағы көрші тұрған кербез де жалқау лақпен ақылды қозының бастан кешкен оқиғасы баяндалады. Сахна ашылған уақытта қойылымның декорациясы көзге бірден түседі, жап-жасыл ну-орманның ішінде жүргендей таңғажайып көркем әсер етеді, сахнаның екі жақ қапталында ағаштан жасалған лақ пен қозының үйлері тұр. Спектакль басталған кезде лақ пен қозы билеп шығып, бір-бірімен ойнап, олардың көңіл күйлерінің жақсы екенін көреміз. Панаграмма арқылы алдын ала жазылған әндер мен сөздерге актерлер ым-ишара тілі арқылы яғни мимика-жестпен (құлағы нашар еститіндер, естімейтіндер үшін) қатар ойындарын көрсетеді. Актерлердің өздері де театр десе «ішкен асын жерге қоятын» нағыз «театрал» жандар, тетрландырылған көріністерге қатысып жүргендері болмаса, осы уақытқа дейін үлкен театрдағы спектакльге ойнап шықпаған екен. «Инклюзивті театр ашылады» дегенді естіген олар «қанаттанып» жан-жақтан жиналған әуесқой жандар.

Спектакльде көрші  тұратын лақ пен қозыға тиесілі баспананың шатыры тоқтаусыз жауған жаңбырдың салдарынан тесіліп тынады. Лақ- Гүлраушан Жаханша, лақтың түр –әлпеті келіскен әппақ киімі өзіне әдемі жарасқан. Қозы- Алмат Теңізбай ойындары оңды шыққан. Қозыға тән қоңыр түсті киім киіп, образына сай көркем бедерлей алған. Қозы  лаққа «баспананың шатырын жөндеп алайық» деген ұсынысын қабыл алмайды. Лақ шошақайланып жаңа үйде тұрғысы келіп, шатыры тесілген баспанасын жөндемей тастап кетеді, орманнан басқа баспана іздеп жолға шығады. Ал іскер де еңбекқор қозы шатырын қалпына келтіруге білек сыбана кіріседі. 


Қалың орман ішінен үй іздеген лаққа жолдан түлкі кездеседі, түлкі лақты көре салып көңіл күйі көтеріліп, қалайда қолға түсіру жоспарына көшеді. Түлкі – Анастасия Бавтрук түлкіге сай келбеті келіскен, қулық- сұмдығы жер астында жатыр. Үй таппай жүрген лаққа өзінің үйіне шақырады. Түлкінің негізгі ойы лақты кешкі асқа «жеу» еді. Үйіне ертіп барғанда оның балалары яғни түлкішектері лаққа бассалып оны жепқоймақшы болады.  1-ші түлкішекті сомдағандар- Еламан Бектұрсынов, Индира Камзина, 2- ші түлкішекті бедерлеген – Даниялбек Байдавлет, Аружан Акпулиева. Анасы балаларына азық-түлік әкелуге дайындалады, кетерінде түлкішектерге ақ лаққа ие болуларын, оның қашып кетпеуін қадап тұрып тапсырады. Ақ лақ түлкінің екі баласын алдап, әрең дегенде аман-есен қашып құтылып кетеді. 


Қашып келе жатып қасқырға жолығады,  ол оны үйіне қонаққа шақырып «бірге өмір сүрейік»- деп үйіне әкеліп «қапқа» қамап қойып, ол да лақты азық етуге қамданады. Маңайдан отын жинап келуге кетеді. Сол сәтте өтіп бара жатқан аю шаршап, үй жанындағы қапқа сүйенбекші болып арқасын сүйкенеді, бірақ қап қозғалып кетеді. Қайтадан жөндеп қапқа жата бермекші болғанда аю тағы да құлап түседі. Көрермен балалар қызық көріп көңіл күйлері көтеріліп, мәз-мәйрам болады. Сол кезде қап ішінен лақ аюдан көмек сұрайды. Аю келісіп лақты қаптан шығарып өзі сол қаптың ішіне кіріп алады. Тамақ пісіруге ағаш- отын әкелген қасқыр қапты ашса ішінен аю шығады, бұндай жағдайды күтпеген қасқырдың көзі шарасынан шығады, «ұрыста- тұрыс жоқ» демекші қасқыр мен аю екеуі арпалыса жөнеледі, аюдың күші мол болғандықтан қасқырды жеңіп кетеді. Сөйтіп қасқырға жем болуға шақ қалған лақты аю құтқарып қалады, ол аюға үлкен алғсын білдіреді. Қайырымды аюдың көмегімен аман қалған ол орманнан үлкен «сабақ» алып, өз үйіне оралады.


Достыққа адал, еңбекқор қозы лақ қайта оралғанша өз үйімен қатар лақтың да баспанасының шатырын жөндеп бабына келтіріп қояды. Лақ қозыға алғысын білдіріп, өз үйіне жетер жер жоқтығын айтып, көршісімен тату-тәтті өмір сүреді. Театрға келген кішкентай «ерекше» көрермендер лақтың басынан кешкен оқиғаларға бірге уайымдап, мәз-майрам болып көңілдері көтеріледі. 

Қазақ жерінде осындай инклюзивті театрлардың көбірек ашылғанын біз құптаймыз. Себебі мыңдаған «ерекше жандар» әрбір қалада бар, олар да театрға барып, мәдени-рухани жағынан азық алуға құқығы бары заңды. «Ерекше» жандар театрда тек көрермендер ғана емес, сондай –ақ сахнада ойнап, бала кезден актер боламын деген армандарын орындауда. Олардың ішінде де суырып салма шешен, дарынды актер, жезтаңдай әншілер, мың бұралған бишілер, спорттық шаралардың жеңімпаздары т.б. өте көп.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...