«Самғау» фестивалінен бір ғана спектакль есімде ерекше қалыпты. Ол «У Моста»...
Ұстазға арналған музыка
Қазақстанның мәдени қауымдастығы атақты опера әншісі әрі ұстаз, Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің және Еуропаның жаратылыстану ғылымдары академиясының (Ганновер, Германия) «Үлкен күміс жұлдыз» орденінің кавалері, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ЖАК профессоры Қанат Омарбаевтың 80 жылдығын атап өтеді. «Ұстазға арнау» концерті «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залында 23 желтоқсанда ұсынылады.
Қазақ ұлттық өнер университеті вокалдық өнер және дирижерлеу кафедрасының профессоры Қанат Омарбаев көп жылдық шығармашылық мансабында жарқын әртістердің тұтас шоғырын тәрбиелеп шығарды. Бүгінде оның шәкірттері республикамыздың және шетелдің жетекші сахналарында жарқырай өнер көрсетуде. Осынау кеште шебердің шәкірттері – театрдың жетекші солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов, «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова, Талғат Ғалеев, Бейімбет Таңарықов, Рамзат Балакишиев, Ерұлан Кәмел және тағы басқаларының орындауында қазақстандық композиторлардың танымал операларынан ариялар мен дуэттер, белгілі романстар мен әндер шырқалады.
«Астана Операның» жетекші солисі Айзада Қапонованың шығармашылығында Қанат Омарбаев маңызды рөл атқарды, себебі әртісті кәсіби вокал өнеріне үйреткен шебердің өзі болатын.
- Қанат Нұрмұхамедұлы – менің өмірімдегі айтулы тұлға, 2004 жылы Астанаға келіп, Қазақ ұлттық өнер университетінің вокал кафедрасына оқуға түскенімде маған кәсіби вокал өнерін үйреткен осы кісі болатын. Төрт жыл бойы осы ұстазымның класында білім алдым, одан кейін екі жыл магистратураны оқыдым. Маған дұрыс бағыт көрсетіп, 3-курста оқып жүргенімде К.Байсейітова атындағы опера және балет театрына солист болып жұмысқа орналасуыма себепші болды. Қанат Омарбаев – өнердегі әкем десем, артық айтпаған болар едім. Ол маған: «Қаншалықты атақты әртіс, жұлдыз болсаң да, өмірде адам болып қалу – ең бірінші міндетің болуы тиіс» деп айтып отыратын. Сондай-ақ ол: «Сахнада өнеріңді паш еткеннен кейін қаншама көрермен келіп, оң немесе теріс пікір айтып тұрса да, әнді қалай орындап шыққаныңды өзің білесің, соған талдау жасап, сонымен жұмыс істе» деп айтатын. Сексеннің сеңгіріне шығып отырған ұстазыма деген құрметім шексіз. Әлі талай дарынды шәкірттерді тәрбиелеп шығарса екен деп тілеймін. Осы концертте ұстазыма деген ерекше жылулықпен және алғыспен сахнаға шығамын, - деп пікірімен бөлісті Айзада Қапонова.
«Ұстазға арнау» музыкалық кешінен бөлек, желтоқсанда К.Байсейітова атындағы Камералық залда асқақ өнер жанкүйерлерін концерттердің мазмұнды бағдарламасы күтеді. Сонымен, 3 желтоқсанда Astana Opera Халықаралық опера академиясының тыңдаушылары «Браво, Опера» вокалдық музыка кешін ұсынады.
20 желтоқсанда өтетін «Әнім менің – Астана!» концерті елорданың 25 жылдығына арналады. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова елорда тұрғындары мен қонақтарына өз өнерін тарту етеді. Сондай-ақ сопрано дауысты әншімен бірге Азамат Жылтыркөзов, Артур Габдиев, Батыржан Смақов, Әсем Киікбаева, Жұлдыз Нысанбаева өнер көрсетеді. Фортепиано партиясында – Жанар Ахметова. Концертті К.Байсейітова атындағы Камералық зал жетекшісі Маржан Жәкенова жүргізеді.
Көптен күткен қысқы мерекелер қарсаңында «Барокко стиліндегі Рождество» вокалдық-аспаптық музыка кеші өтеді.24 желтоқсанда театр солистері Татьяна Вицинская, Әсем Сембина, Гүлдана Алдадосова, Әлихан Зейнолла, шақырылған солист әрі жоба авторы Батыржан Смақов, сондай-ақ Қазақ ұлттық өнер университеті Хор капелласының камералық құрамы (хормейстер – Марина Бухвалова) және Anima di Barocco ішекті аспаптар ансамблі (көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раиса Мұсақожаева) сахнаға шығады. Фортепиано партиясы – театрдың музыкалық кеңесшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова.
27 желтоқсанда дирижер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айдар Әбжахановтың басқаруымен «Астана Опера» Камералық оркестрінің орындауындағы музыкалық кеш өтеді.
Жаңа жыл қарсаңындағы өнер көрсетулер тізбегін 29 желтоқсанда «Жаңа жылдық конфетти» мерекелік бағдарламасымен театрдың балет студиясының жас әртістері жалғайды. Концерт режиссері – балалар балет студиясының жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалия Бөрібаева, тәлімгер ұстаз – Бостан Қожабеков.