«Дала үні» «Астана Опера» сахнасына үш жыл өткеннен кейін жаңартылған нұсқад...
Өтен Ахмет. Бір кітаптың тарихы (Талдықорған дәптерінен)
28.08.2006. Алматыға барып қайттым, театрдың 30 жылдығына арналған кітап шығару мәселесімен.
Бұл кітапты әуелі театрдың 20 жылдығында, сосын 25 жылдығында шығармақшы болған екен. Қаржы жоқтығы себепті кейінге шегеріле беріпті. Кітап авторы белгілі театр сыншысы – Әшірбек Сығай. Жазуын баяғыда бітіріп қойса керек. Шарт бойынша оған 390 мың теңге қаламақы төленуге тиіс көрінеді. Бастыруын Баққожа Мұқай жүзеге асырмақ. Ол көлемі 16 баспа табақ, таралымы 1 мың дана болатын кітапқа 1,5 миллион теңге сұрайды.
Әкімдік бір мың емес, 500 дана шығарса да жарайды деп шешеді. Бес жүз дана мың данадан да қымбатқа түсетінін олар қайдан білсін.
Баққожаның кітапты бастырғаны үшін көп сұрайтын жөні бар. Мойнында бір миллион теңгеден астам қарыз тұр. Бас есепшісі сонша ақша жеп қашып кетіпті.
Уақыт болса тығыз. Қараша айына дейін қалайда кітап жарық көруі керек. Осыған орай, мен үшін ең қажеттісі, алдымен Әшірбектен қолжазбаны алу еді. Ол біраз күн Чехияда жүріп қалды. Бір ұлы сонда тұрып жатыр екен. Ол жақтан елге қайтуын қайтқанмен, келе ауырды. Бұл кезде мен онымен бірнеше рет телефон арқылы сөйлестім. Ақыры кел, алып кет деген соң, 24 тамыз күні Алматыға жол тарттым.
Үйі Каменка жақта екен. Алматының шет жағы, кір-қоқысы көп былықпай, жүріп-тұру қиын. Сонау Қарсақпай-Жезқазғаннан ескі досым Бөкен-Мұхамедті қасыма машинасымен шопыр етіп алдым. Ол мені айтқан жеріме зуылдатып ала жөнеледі. Үлкен, қызыл түсті үй. Айнала бақ, кейін білгенімдей, отыз сотық, жемістің түр-түрі жайқала өсіп тұр. Есікті Күләш келін ашты. Әшірбек дәрігерге қаралуға кеткен екен. Күләш оған телефон соғып, менің келгенімді хабарлады. Сосын мені төрге шақырып, ермек ете тұрыңыз деп қолыма газет беріп қойды.
Ас үй жаққа кеткен келін шәй жасапты. Жалғыз емесімді айтып ем, шақырыңыз деді. Досым Бөкен екеуміз келін қолынан шәй іштік. Қазақы инабатына оқыған, орта көрген мәдениеті қосылып, Күләш келін бізге кісілікті сыпайы жан боп көрінді.
Әшірбек келді. Құлағына суық тигеннен онша жақсы естімейді екен. Оның үстіне дәрігер құлақ жарғағын тығындап қойыпты. Күләш келін оның құлағындағы тығынды алып, еститін халге жеткізді.
Әшірбек кей жерлерін оқып беріп, әуелі мені қолжазбамен біраз таныстырған болды. Байқаймын, қолжазбада кітап болады дейтіндей үйлесімді жүйе мен тұтастық жоқ. Жанры да анықталмаған. Құрылымы тым шашыраңқы. Табиғаты әртүрлі бөлшектерден зор күшімен құралғандай. Мейлі ғой, шарты жасалған. Жақсы ма, жаман ба, әйтеуір, баяғыда аяқталған еңбек. Сондықтан онымен тәжікелесіп отыратындай менде уақыт та, қауқар да жоқ. Қайта, Әшірбек алдында біз, театр, кінәліміз. Әшірбек ондайды неге білмесін, ірі сөйлейді, мықтылығын аңғартады. Еңбек жолы мақтарлықтай: жастау кезінде республика коммунистерінің орталық комитетінде істеген, Мәдениет министрінің орынбасары болған. Мемлекеттік және тәуелсіз «Тарлан» сыйлықтарының иегері. Бір есептен, алғаш танысқанда, осыншама марапат не үшін берілген деп ойланып та қаласың. Бірақ бұл менің сұрағым да, пікірім де емес. Өнерде жүрген Әшірбектің өз ортасынан естігенім. Ал менің өз байқағаным, барынша ашық, еркін жан. Ауызекі әңгімеге өте шешен. Оқығанын, естігенін сөз арасына қиыстырып өре білетін жүйрік. Ана тілге шала ортада қазақ тілінің беделін барынша пайдалана білген сұңғыла. Оның марапаттарының астарында жатқан басты құпия осы, қасиетті қазақ тілінің құдіреті болса керек; театр сыншысы деген алтын жүлгеге дер уақытында дәл түскен деп топшылаймын.
Шынында өзін театр сынының корифейі санайтынын сөз арасында айқын аңғартып отырды. Менің кітабымды қарайтындар олар кім еді, деп облыс әкімдігіндегілерге сөзбен айбат көрсетіп те қойды. Мен оларды газетке сынап жазамын деп те бір күшейді. Мен, әрине, «Биліктің мінезін білесіз ғой», деп райынан қайтуды өтінгендей боламын. Қойшы, әйтеуір, ақырында ұзақ сөзінің ләмін «маған қаламақымды төлесеңдер болды», дегенге келтірді. Қоштасарда «шопырым» Бөкен-Мұхамед екеумізге «Таным» деген соңғы шыққан кітабын сыйлады. Үй иесінің рұқсатымен бақшаға бірге барып, ағаш басынан екі түрлі сұрпынан таңдап жүріп біраз алма теріп алдық. Сонша көп өскен, әбден пісіп үзіліп түскендері жерде шашылып, шіріп жатыр...
Қала орталығында көлемі 160 шаршы метр үлкен пәтеріміз болған, дейді Әшекең, осы жекежайға айырбастап алдым. Өзі риза көрінгенмен, Күләш келін басқаша ойлайтын сияқты. Қазіргі жағдайда жер үйде тұру, оның үстіне мынадай аса үлкен үйде тұру қиын боп кетті ғой. Күтімі ауыр...
Мен өзім де осындай үлкен жер үйде тұрғанмын. Басымнан өткен, білемін.
Қолжазба қолға түсті. Жақсы азаматтың үйінен олжалы боп жақсы көңіл күймен аттандым...
х х х
Ендігі керегі – қолжазбаны бастыратын жер табу. Аз ақшамен барахолкадан сапалы зат іздеген жан сияқтымын. «Президент және халық» газетінің редакциясына соққанмын. Мақалаларым жарияланған еді. Рахмет айту үшін. Редактор Марат Тоқашбаев орнында болмады. Есесіне, редакциядағы қыздар жақсы ілтипат көрсетті. Көк шәй беріп сыйлады. Менің жайымды білген соң, олар дереу сол жерде баспахана іздестірді. Қыздар тапқан адамдардың бір екеуімен телефонмен сөйлесіп, ішінде осы дұрыс-ау дегенімен кездеспекші де болдым.
Редакциядан шыққасын, жолай Жазушылар одағына соға кетуге ұйғарғам. Келдім. «Жұлдыздың» №10 санына қоржынында бес жыл жатқан «Ауылдан безу» деген хикаятым жарияланатын болыпты. Бас редактордың орынбасары Тұрысбек Сәукетай інім солай деді.
«Қазақ әдебиеті» газетіндегі Бас редактордың орынбасары Тәж-Мұратпен бірінші рет жүздесіп, таныстым. Күрек тістері сояудай ақсиған, бойшаң келген, жұқалтаң жігіт екен. Мінезі ашық, бетті. Бұған дейін бұрынғы комсомолдың орталық ұйымында, «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясында жұмыс істепті. Кешегі қиын күндерде біруақыт филология ғылымын қаузалаған. Содан газет жұмысына қайта оралған беті екен.
«Сіз кіші жүз боларсыз» деді. «Иә, дедім, қайдан білдің?» «Жазғандарыңыздан. Батыл, турасын айтады екенсіз».
Оның мені тағы бір қызықтырған тұсы, ертеректе жазған «Телефон үнсіз қалған күн» деген әңгімемді кезінде қатты ұнатып оқыпты. Әлі күнге дейін есінен кетпейді екен. «Керемет психоанализ. Диалогсіз, кейіпкердің ішкі ой ағымымен берілген. Әбіш Кекілбаев бұл әдісті романдарында пайдаланады. Роман үшін ауырлау әдіс, әңгімеде қатып кетеді екен», дейді.
Әңгімелесе отырып, менің негізгі шаруама қарай ойысыппыз. Өзінің жеке баспаханасы бар екен. Кітапты шығару шығынын есептеп, 500 мың теңгеге үйлестірді. Саудаласып, 420 мыңға түсіртіп, қуана келісім бердім. Көктен іздегенім жерден табылғандай болды. Ұмытпасам, баспахана аты – «Дөйт». Терімші қыз тауып, онымен де алдын-ала келісіп қойдым.
Құдай қаласа, он жылдан аса жатып қалған қолжазбаны көп ұзатпай кітап етіп шығарып қалармын...
07.09.2006. Соңғы күндерім Әшірбек Сығайдың қолжазбасын қараумен өтті. Шикілігі көп. Ескірген. Газет материалдары өріп жүр. Кітапқа қамтылмағандар біршама екен. Барлық шикілік реттелді. Суреттер қайта-қайта сұрыпталды.
Кеше қолжазбаны құшақтап Мұрат Ахманов, Базарбек Тезекбаев және мен әкімдікке бардық. Облыс әкімінің орынбасары Серік Мұқанов қолжазбаны көрем десе керек.
Бірі кіріп, бірі шығып жатқан адамдар. Есік аузында кезек күтіп тұрып қалдық. Мұрат бір шұғыл хабар алып кетіп қалды. Таңертеңнен зарыға есік күзетіп, ақыры өлдім-талдым дегенде, түс ауа, сағат бестен кете, Базарбек екеуміз әкім орынбасарының алдында отырдық. Серік Мұқанов та, лауазымына қарамастан, қағаз астына көміліп қалған қызметкердің бірі екен. Телефонда маза жоқ. Қолжазбаны, осында редколлегия бар, солардың сарабынан өткіземін деп күшейді. Кітап шығаруға екі айға жетпейтіндей тым аз уақыт қалды. Енді сәл кешіксек шықпай қалуы да. Бұл бір. Екінші, қолжазбаның шимайы көп, екінің бірі түсініп оқи да алмас. Үшінші, авторы тәжірибелі атақты публицист, онымен шарт жасалынған. Яғни театрдың өзі ғана шешетін мәселе. Сондықтан әлдебір беймәлім қолдардан өткізудің қажеті жоқ, дегенді дәлелдеп бақтым.
Ол кенет маған дұрыстап назар аударды. Қайдансың деді. Қай жерде туғансың деді. Айттым: Қарағандыдан келдім, Қызылорда облысында туғанмын. Ол мені Талдықорғанда туған ақын-жазушылардың қатарына қосып, әкім стипендиясына ұсынамын деді. Ереже бойынша стипендия тек облыс аймағында туғандарға ғана беріледі екен. Мен осы облыстың өзінде ғана тоғыз жылдай еңбек еткенімді, ден сау болса әлі де еңбек ете беретінімді білдірдім. Болмаған соң, аңқаулау сөйлеуге оқталдым да, артынша үлкен басыма ыңғайсыз болар деп, ол ойымнан айнып, ережелеріңе томпақ келіп жатса, мені тізімнен алып тастаңыздар дедім. Ол сасып қалды. Мен жайында білгіңіз келіп отырған шығарсыз деп, өзім туралы толығырақ мәлімет бердім. Ол дереу шешімін өзгертті:
-Қолжазбаны кітап етіп шығару өз құзырларыңыздағы шаруа екен ғой. Өздерің біліңдер...
Театрға байланысты әлдебір қағазға қол қойдым деген. Қабылдау бөлмесінде Базарбек ол қағазды тауып қарап шықты. Ғ.Мүсірепов атындағы акедемтеатрдан Мұрат Ахмановты спектакль қоюға шақырған ресми қатынас екен. Қағазда «Желтоқсан ызғары» спектаклін қояды деп көрсетіпті. Бұл менің пьесам ғой. Мұрат осы пьесаны қоямын деп жұруші еді. Шынымен бе деп, қатты қуанып кеттім...
х х х
Қазақтың қай елденсің дегенінің астарында қай жүзге, руға жатасың деген жасырын сұрақ тұрады. Бұл өзі мен үшін қызық тақырып. Қытай қорғаны сияқты маңдай алдымдағы алынбайтын алып қамал іспетті. Ылғи да соған келіп тарс етіп басыммен соғылам. Басқа тиген соққы қай оңдырсын, заматында–ақ азаматтық болмысымдағы ұлтым, елім деген табиғи ішкі рухымның алауын су сепкендей басып тастайды...
21.09.2006. Қыркүйектің 12-15 аралығында Алматыда болдым. С.Сейфуллин көшесі мен Райымбек даңғылы қиылысындағы «Дөйт» қонақ үйіне түстім. «Дөйт» баспаханасы осында орналасқан екен. Директоры Мақсат Тәж-Мұрат інім екі рет кафеден дәм ішкізді. Мен оған кітаптың мәтінін және суреттерді тапсырдым. Корректурасын да өзім жасаған едім.
Алдында Әшірбек Сығаймен хабарласып, толықтырылып өңделген қолжазбаны көрсетіп алған болатынмын. Қысқартуларыма, қосқандарыма риза болды. Облыс әкімі Серік Үмбетовтің қолжазбаны бастап тұрған тілек сөзін көріп, бәсе, бір нәрсе жетіспейтіндей сияқты еді деп, әзілдеп те қойды.
Сөз арасында Б.Тоқымтаевтың бас режиссер деген өмірбаянын көріп, бұл қалай, сендердің театрларыңда екі бас режиссер болғаны ма деп таңғалды. Мұрат Ахманов көркемдік жетекші әрі директор. Шынында көркемдік жетекші дегеніміз, бас режиссер емес пе? Ол және директор ғой. Тағы бір директор бар, Базарбек Тезекбаев деген. Сонда 30 әртіс, барлығын қосқанда 70 адамға екі директор, екі бас режиссер және директордың бір орынбасары қожаңдайды деген сөз ғой, деп біраз қыжырды Әшекең...
Баспаханамен жасалған шартқа қол қоюы үшін М.Ахмановты шақырғам. Ол осында, Орта Азия мемлекеттері театрларының фестиваліне қатысып жатқан еді. Келіп қолын қойды. Сөз арасында мен одан ТЮЗ- де қоймақ пьесаң менікі емес пе деп сұрадым. Жоқ, С.Асылбековтікі деді. Олай болса, неге шақыру қағазында «Желтоқсан ызғары» деп жазылған дедім. Менің шығармамның атын пайдалануға болмайды, шатақ шығарам дегенді қостым. Мұрат ұятты, әдепті кісі, сасыңқырап қалды. Қағазда авторын көрсетіп пе, деді де, сосын «Желтоқсан түні» деп өзгерте саламыз ғой, деп жалтарып кетті.
С.Асылбековтің пьесасын Мұраттың Жезқазғанда «Бір түннің оқиғасы» деген атпен қойғанын білемін. Қызмет орнын ауыстырып барғанда оны Оралда да қойған еді. Енді ТЮЗ-де. Жаңа дүниемен бас қатырғанша, ескіні дайын қалыбына салып айдап шыққанға не жетсін. Жалғыз Мұрат емес, театр режиссерларының қайсысы да солай істейді.
Бүгін Б.Мұқайдың «Өмірзая» пьесасын өндіріске жіберді. «Желтоқсан көтерілісінің 20 жылдығына арналады» деп жазып қойыңдар деп тапсырды. Баққожа жақын ағасы-ау деймін. Оған бүйрегі бұратынын сеземін. Театр туралы кітапты соған бастыртып пайда түсіртпек еді, болмады. Енді міне, шағын қаржыға мәмілеге келетін баспагер іздеп мен жүгіріп жүрмін. Сондағы тапқаным Мақсат Тәж-Мұрат деген ақжарын, кішіпейіл азамат.
«Желтоқсан ызғары» деген пьесамды да Мұраттың өзі айтып қоймай жүріп жазғызған еді. Түзету, ширату жағынан ақыл қосқан. Жақсы болды деп сүйсінген. Басты ролге Асанәлі Әшімовті шақырмақшы да болған. Бірақ уақыт күзге ойысқанда пейілі біртүрлі өзгеріп кетті. Театрдың жылдық репертуарына кіргізіп қойып, айныды. Жоғарыдағы кімдерден ескерту алып, кімдерден қарсылық болғанын мен қайдан білейін. Ол жағын маған айтқан жоқ.
Үндемегеннен басқа қолдан не келеді, қайдан құлақ шығарамын десе, қазаншылардың өз еріктері ғой. Ал мен болсам баспасөзден баспасөз қоймай театрымыз туралы, оның жақсылары жайында құлаш-құлаш мақала жазып, мақала ұйымдастырумен әлекпін. Сондайдың тағы бірін, Мұрат атынан, Орта Азия мемлекеттері театрлары фестивалінің қалай өткені туралы көлемді мақаланы «Қазақ әдебиеті» газетіне жібергем. Ертең, 22 қыркүйек күнгі нөмірінде жарық көреді деген хабар алып отырмын...
х х х
2006, жұма, 27 қыркүек күні, түс әлетінде, әкімші директор Базарбек Тезекбаев:
-Аға, сіз ертең екі күнге Алматыға жол жүресіз, - деді, - баспадан шыққалы жатқан кітапты тағы бір қарап, түзететіні болса түзетіп беруіңіз керек екен.
-Алдым екі күн демалыс қой. Мүмкін дүйсенбіде кеткенім дұрыс шығар?
-Жоқ, ертең шығыңыз.
-Ертең сенбі. Баспадағылар сенбі күні жұмыс істейді деген күннің өзінде мен Алматыға жеткенше түс ауады. Одан да бүгін кетейін де. Ертең сенбіде жұмысқа ертерек кірісуім үшін.
Базарбекті осы уәжге көндіріп, тез жиналып, Алматыға жүріп кеттім. «Дөйт» қонақ үйіне мен жеткенде сағат жетіден асып, кеш түсіп қалған кез еді. Жолым болғанда баспаханада істейтін Дина қарындас кездесе кетті (Баспахана «Дөйт» қонақ үйінің ғимаратында ғой)
-Ойбай-ау, біз сенбі, жексенбі күндері жұмыс істемейміз ғой, - дейді Дина аңырып.
-Шақыртқан өздерің, бастықтарым бар деді. Мен келіп тұрмын. Ендігі әңгімеде мән жоқ, онан да ертеңге керекті адамдарды жинаңдар, - дедім...
Мұрат Ахманов Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрында С.Асылбековтің желтоқсан оқиғасы жайындағы баяғы «Бір түнгі оқиға» деген пьесасын сахналауға кірісіп жатқан-ды. Ол да осы қонақ үйдегі 528 бөлмеге орналасқан екен. Барсам, шәй ішкелі жатыр. Мен де бірер кесе шәй ішіп алдым. Картоп қосқан самсадан жедім. Негізі Мұрат мені ағасындай сыйлайды. Осы жолы алдымда өзін ептеп кінәлі сезінетінін байқадым.
-«Қазақ әдебиетіне» шыққан мақала біраз әңгіме туғызыпты, - деді ол күле сөйлеп. –Популярный бола бастаған сияқтымын. Бірнеше театрдан телефон соғып құттықтады. Әшірбек Сығайдың орнын басайын депсің ғой дегендер де бар. Әзілдері ғой. Қараша айында Тараз қаласында театр өнеріне қатысты бір үлкен жиын өтпек. Соған сізді апарам. Кетерімде Серік Нұрхалыққа (театрымызда актер-режиссер-Ө.А.) «Бағдаршамды» сахналауға кіріс деп айтып кеткем, сізбен сөйлесті ме?
«Бағдаршамды» да Мұраттың айтуымен жазған едім. Көңілім қалғандықтан қайта қарауға беттей алмай қойғам. Оның үстіне Серік те үндемейді. Бәрінің өз «саясаты» бар. Көздейтіндері азғантай қаламақыдан жырымдап өздеріне де бірдеңе алып қалу. Осындайда қайсыбірінің қыбын табарсың. Шынтуайтында, менің өз көңілімде, «Бағдаршам» пьеса ретінде жүз пайыз піскен.
Сенбі күні театр туралы кітаптың біраз шаруасын ойдағыдай шаруалап, Талдықорғанға қайтып келдім...
Көп ұзамай баспадан шыққан «Талдықорған театры» деген кітап қолымызға тиді. Көрген, оқыған адамдар жақсы екен деп жатты. Кітап оны жазған авторы Әшірбек Сығайға да ұнады. Біреуін қолтаңба басып сыйлады. Театр кітапты шығарған «Дөйт» баспасының директоры Мақсат Тәж-Мұратқа сыйлап, иығына шапан жапты.
х х х
P.S. Арада бірер жыл өткенде, бұл кезде мен Елордада едім, Қ.Қуанышбаев атындағы театрда Әшекеңмен кездесіп қалдым. Байырғы ескі таныстардай шұрқыраса амандастық. Дәрігерлер денсаулығыңа Сарыарқаның жазығы мен салқын ауасы жағады дегесін осында келдім, Өнер Университетінде сабақ берем, дейді Әшекең. Менің театр туралы жазған сын мақалаларымды құр жібермей оқып жүреді екен. Бұл қарқыныңмен менен де асып кететін түрің бар ғой сенің, деп әзілдеп те жатыр. Осы жерде сөзімді түйіндесем, тарихымызда қазақ театрын бар жан-тәнімен сүйген екі адам болса, біреуі Әшекең, біреу болса, ол да Әшекең бе деймін. Театр туралы телеайнадан, радиодан сөз сөйлеуден, газет-журналдарға мақала жазудан, авторлық кітаптар шығарудан, сұхбаттар беруден бір шаршамайтын. Театр туралы пікір айта алатын, жазатын біреу шықса, қуанатын, қатарына тартатын. Мені мақтауы да елге театр өнерін танытушылардың қатары көбейе берсе дейтін осынау адами ізгі ниетінен еді. Шығармашылық негізінде арамыз жақындаса бастағандайтын. Алланың бұйрығы. Жазмыш. Бұл күнде Әшекең арамызда жоқ. Әшекең айтар сөздердің орны босап қалды дегенді жиі естимін. Солайы солай. Өйткені ең көне, сонымен бірге, ең күрделі де ауыр өнер театр туралы пікір өрбіту өте қиын, оны тыңдату, ұғындыру одан да қиын. Ол үшін Әшірбек Сығайдай театр туралы жан-жақты терең білім мен білігің, парасат-пайымың, биік беделің болу керек шығар. Ал Әшекең сияқты ірі тұлғалар, талантқа сараң Аллаға не дерің бар, өмірге жиі келе бермейді ғой...
Өтен Ахмет