Сәбит Оразбаев: САХНА ӨТІРІКТІ КӨТЕРЕ АЛМАЙДЫ

ТЕАТР
1499

– Балалық шаққа сапар шегіп қайтсақ…Бала кезіңіздегі есіңізден кетпейтін көрініс?

Жасымнан арман құсын қуған едім,
Белімді тәуекелге буған едім.
Жүрсем де сенен алыс айналайын,
Есімнен бір кетпейсің, туған жерім, – деп ақын жырлағандай менің туған жерім – шығысы Қаратау,оңтүстігі Алатау,батыс жағы Қазығұрт дейтін қасиетті таудың ортасында орналасқан Сайрам ауданы, Бәйдібек ауылы. Балалық шағым соғыс жылдарына тұспа-тұс келді.Біз тез есейдік.Бала болып, асыр салып, ойын да ойнай алмадық.Есімнен кетпейтін көрініс бар. Бір күні туысқан ағайынның қызы екеуміз арықтан өтіп, егістік басында қалған масақты теріп жүргенбіз.Күздің күні егістікті жинап алған соң, жерде масағы қалады. Қапшығымызды толтырып, енді жүре бергенімізде қасымызға үлкен мұртты адам келді де:
– Бұл масақты теруге сендерге кім рұқсат берді? – деп дүрсе қоя берді.
– Далада шашылып жатқан масақты теруге рұқсаттың керегі не? – дегенім сол еді, мұртты кісі одан ары ашуына мініп:
– Ей, бала, сенің тілің ащы екен.Рұқсатсыз масақ тергендерің үшін сендерді соттатамын, қане, алдыма түсіңдер, – деді.
Жерде жатқан масақтың өзін тергізбей қою – Кеңес өкіметінің қазаққа деген көзқарасының ең масқара түрі еді.Болмаса «жарайды, балаларым, обал жасамай, теріп алғандарың дұрыс» деудің орнына,«теруге рұқсат жоқ» дейді.Бала кезімдегі сол қорлық есіме түссе әлі күнге дейін жүрегім шаншиды.Бір сиыр, төрт қойдан артық мал басын ұстауға болмайтын шектеулі кездің қасіретін осылай көргенбіз.

– Қазіргі уақытта сізді қандай ой көп мазалайды?
– М.Әуезов театрында қызмет етіп жүргеніме алпыс жылдай уақыт болды.Құдайға шүкір, осы қарашаңырақтың қалай құрылып, атақ- абыройының қалай аспандағанына дейін куә болып, көзбен көріп келеміз.Театрдың табалдырығынан бастап, төріне дейін бабалар алақанының ізі жатыр. Сол кісілердің жүріс-тұрысы, киім киісі,бөлмесінде отырып дауыс-тарын жөндеуі, рөлдерін қайталап, айқайлап, сөйлеп отыруынан бастап бәрі өнеге еді.Жалпы сол кісілер барда театр іші қайнап жататын.Бір жерде қойылымға дайындық, бір жерінде ән, екінші шетінде қозғалыс, тағы бір бұрышында сахнадағы төбелес әдістерін үйретіп жататын.Мені көбіне мазалайтын ой қазір қарасаң жым-жырт. «Той да өтер, думан да өтер.Арқырап ағасыңдар судан бетер» дегендей, уақыт та судан бетер арқырап өтіп жатыр.Қазір біздің жас актерларымыз бен актрисаларымыз «ұзын арқан, кең тұсау» дегендей ұйқылары қанбаған сияқты есінеп кетіп бара жатады.Театрдың табалдырығынан аттаған кезден ең бірінші қасиет –жүріс-тұрысыңнан бастап, өнер адамы деген лайықты атыңа сай болуың керек.Себебі, бұл құдіретті жер.Жаныңды иманмен байытып, тазару үшін мешітке қалай кірсең,ойыңды жаңғыртып рухани баю үшін театрға да солай кіру керек.Өнерде адал болған дұрыс. Көреалмастық, күндестіктен бастап «анау атақ алды, мен алмадым» деген сөздерді қою керек.Мұның бәрі еңбекпен келеді.Бізде тіл мәселесі ақсап тұр,жастардың сөздері анық емес.Үндері нашар.Айтқан әңгімелерін қасында отырып естімейсің.Актердың ең бірінші бақыты – тілі таза, үні анық болуы керек.

– Шерхан Мұртаза атамыз айтпақшы, адам «бір кем дүниесіз» болмайды.Өмірде өкінішіңіз бар ма?
– Біздің театрда небір талантты асыл азаматтар мәңгілік сапарға өмірден ерте аттанды.Өкінішім сол, азаматтардың барлығының қандай жағдаймен кеткенін білетіндігімде.Ерте кеткен себебінің көбі – шылым шегіп, арақ ішеді. «Неге ішесіңдер, қойыңдар?» десем, «Денсаулығымыздың барында ішіп қалайық» деп бой бермеді. «Денсаулығымның барында ішіп қалайық» деген сөздің өзін ойлап қарасаң, ақылға сыймайды.Ол кездегі арақтың көбі улы болатын.Енді қарасам не болды, өмірден көбі қыршын кетті.Қандай жақсы талантты актерлер еді.Менің өкінішім осы.

– Кешегі ұлыларымыз салған дәстүр сабақтастығын дұрыс жалғастырып келеміз бе?
– Бұл барлық өнер адамын мазалап жүрген сұрақ. Әзірбайжан Мәмбетов ағамызбен бірге көмекші болып істеген жігіттер болды. Байыппен ойлап қарасақ, Әзербайжан ағамыздан түк алмаған.Ағамыз қойылым қояды, жақсы қойылым болып шығады, бірақ ағамыздың құдіретіндей талант көбінде болмайды.Режиссура деген қазір жоқтың қасы.Режиссерлердің актерлерге қарағанда ойы, қиялы, атқаратын жұмысы да оқ бойы озық болуы керек қой. «Адам өздігінен режиссер бола алмайды,Құдайдың берген таланты болмаса» деп Әзербайжан ағам дұрыс айтыпты.Қазіргі режиссерлер ананы бір, мынаны бір көріп жүріп нәтижесінде соған еліктеп, болымсыз бірдеңелер шығарады.Оның бәрін тізбектеп айта берсең, көбі ұнатпайды.Жарайды, бұрынғыларды қайталамай-ақ қойсын, бірақ өзінің ерекшелігі, сахнаға алып келген жаңалығы болуы керек қой.Театр – іс әрекеттің орны.Сахнада сөзің анық шығып, жүріс-тұрысыңнан бастап, қимыл-қозғалысыңа дейін өмір болуы керек. Ишарат, ымның өзімен үлкен бір өмірді білдіруге болады.Қазіргі жас-тар соны жақсы түсінсе екен деймін.Сахна өтірікті көтере алмайды.

– Қазіргі қазақ телесериалдарына деген көзқарасыңыз қалай?
– Қазіргі сериалдардың көбі бір сарынды.Режиссерлердің бір кемшілігі – өзіне керек нәрсесін жолдан іздейді.Кино арқылы халыққа айтатын ойы, мақсаты биік болса, соған актерді жетелей білуі керек.Момын адам керек пе,сақауы ма, әлде сұлуы ма – бәрін жолдан тауып алады,ол дұрыс емес,мұның бәрі уақытша нәрсе.Кәсіби болмаған сол адамды ойнатады, сөйлетеді, нәтижесінде жүрегіңді дір еткізетіндей түк таппайсың. Мұның бәрі айналып келгенде уақытты құр өткізу.

– Жас буынға айтар кеңесіңіз болса…
– Ұлы Абайды отыз пайыз білген адам нағыз қазақ деп білемін.Көбінесе жастардың ортасында Абайдың сөздерін мысалға келтіріп сөйлеп отырсам, көбі маған таңданып, «не деген мықты сөйлейсіз, осының бәрі сіздің сөзіңіз бе» деп бастарын шайқағанда, мен тұншығып қала жаздаймын. Абайды білмейтін жастар өсіп келеді.Оқыса біледі ғой.Өздеріне қарасаң, тәп-тәуір актер. Театрда істеген әрбір актер біріншіден, театр тарихын жақсы білуі керек.Екіншіден, кешегі ұлыларымыз салып кеткен сара жолдан бастап, барлық сахна саңлақтарының өмірімен таныс болса, өздеріне жақсы емес пе? Бізде қазір бәрі бар,кемшілігіміз – актерлардың кітап оқымауы.Елбасымыз бір сөзінде «болашақты компьютерді көп білетіндер емес, кітапты көп оқығандар басқарады» деп жақсы айтты.Біз әкем театр шаңырағы болған соң, жастарымыз да соған сай болуы керек.

Сұқбаттасқан
Ержан Тоқтар

author

Сәбит Оразбаев

АКТЕР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...