Ғалым Ахмедьяров: Он жыл көрермендермен бірге сүйіспеншілікте

ТЕАТР
635

«Астана Опера» үшін маңызды күн таяп қалды – 9 қыркүйекте театрдың Х мерейтойлық маусымы басталады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров елімізден тыс жерде де танымал болып үлгерген шығармашылық ұжымның көрермен қауымға не дайындағаны туралы айтып берді, деп хабарлайды madeniportal.kz тілшісі «Астана Опера» театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

- Міне, 10 жыл бойы «Астана Опера» қызметінің арқасында елордамызда басқа әлемдік қойылымдардан кем түспейтін, ал кей жерлерде асып түсетін бірегей спектакльдермен танысуға болады. Осындай биік деңгейді ұстап тұру қиын ба және ұжым бұл межеге қандай басты жетістіктермен келді?

Ашығын айтқанда, мұндай деңгейді ұстау шын мәнінде өте қиын. Біз алғашқы ашылған күннен бастап елімізде ғана емес, бүкіл әлемде өзімізді таныту жолында көп жұмыс жасап келеміз, сондықтан да осы жоғары деңгейді сақтау оңай емес. Біздің барлық жетістіктерімізді ұзақ уақыт тізіп айтуға болады, бірақ негізгі жетістіктеріміз – біз әлемдік мәдени қауымдастыққа кірдік, шетелде танымал бола бастадық. Біздің театр Еуропа, Америка, Канададағы әлемдік турне аясында таныстырылды.

Менің ойымша, ең қызықты жобалардың бірі «Астана Опера» бас дирижері Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен еліміздің түкпір-түкпірінен келген 1 200 музыкант пен вокалистің орындауындағы Малердің №8 симфониясының біздің театрдағы премьерасы болды, концерт «Экспо-2017» кезінде өтті. Ол біздің әртістеріміздің орындаушылық әлеуетін көрсетті, сондай-ақ көрермендер аудиториясының асқақ классикаға деген қызығушылығы мен зияткерлік деңгейін растады. Сол жылы 38 миллион аудиториясы бар әйгілі француздық «Меццо» телеарнасының осы аталған бірегей жобаның жазбасын 3 ай бойы таратуы кездейсоқтық емес. 

Пласидо Домингоның шешімі бойынша «Пласидо Доминго опералиясы» халықаралық опера әншілері байқауының мерейтойлық 25 жылдығы біздің театрымызда өтті. Мұнда «Ла Скала» театры біздің заманымыздың көрнекті дирижері Зубин Метамен бірге гастрольдік сапармен болды. Біз Astana Opera Халықаралық опера академиясын құрдық, «Хор» және «Балет» сияқты екі бөлімі бар балалар театр студиясы, сондай-ақ театрымыздың болашағы үшін өте маңызды театр қолөнерін оқыту студиясы жұмыс істейді. Елордамыздың беделді концерттік алаңдарының бірі – Күләш Байсейітова атындағы Камералық залдың белсенді жұмысымен қатар, осыдан бірнеше жыл бұрын мұнда Piccolo театрының перспективалық жобасы іске қосылды, онда опера-буффа жауһарлары орындалады.

Бірақ бұл жетістіктерге жету үшін алдымен опера, балет труппасын, хор, оркестр, яғни шығармашылық, техникалық құрамды қалыптастыру қажет болды, бұл өте ауқымды жұмыс. Ең алдымен біз жоғары деңгейдің бағдарына айнала алатындай бірегей жолды, кейіннен үлкен табысты нәтижелер әкелген белгілі бір шығармашылық деңгейді табу үшін театр өнерінің көрнекті қайраткерлерін ынтымақтастыққа тарта алдық. Сондықтан біз ұлы сценографтар, суретшілер, режиссерлер, дирижерлер, балетмейстерлермен ынтымақтаса жұмыс істедік және қазір де жалғастырып келеміз. Олардың қатарында италиялық режиссер Пьер Луиджи Пицци, италиялық сценограф әрі костюмдер бойынша суретші Эцио Фриджерио, «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапино, Алтынай Асылмұратова, Алан Бөрібаев және басқалар бар. Мұндай тұлғаларсыз шығармашылық атмосфера құру және орындаушылық шеберліктің жоғары деңгейіне қол жеткізу қиын.

Біз шығармашылық құрамның, репертуардың негізін қаладық, бұл елордамызда белгілі бір мәдени орта қалыптастыруға ықпал етті. Сондықтан бүгін мұнда біз музыкалық-театрлық өнердің іргетастын орнаттық деп сеніммен айта аламыз.  

- Шығармашылық ұжым – ерекше ағза, театрларыңыздағы ішкі ахуал қандай?  

- Мұнда жайлы атмосфера орын алған, әртістер жұмыспен шұғылдануда. Үлкен жобалар іске асырылып, премьералар болғанда ғана театр дамиды, шығармашылық орта қалыптасқанда, өмір қыза түседі. Мен түрлі ұжымдарда жұмыс жасап, жолым болған адаммын, алайда «Астана Опера» - ерекше орын, ғажайып өнер әлемі, мұнда мерекелік күйді шындап сезінуге болады. Спектакль сәтті шыққанда шынайы қуанамын, ал егер бір нәрсе ойдағыдай болмай жатса, көңілім түседі, себебі бірінші кезекте мен үшін маңыздысы көрермендердің қабылдауы және көркемдік нәтиже, бұл тек бір маусымның ісі болып қана қоймай, театр репертуарында ұзақ жылдар бойы сақталады.  

- Мерейтойлық маусым демекші, көрермен қауымды қандай қызықтар күтеді? 

- Біз бұл маусымды мазмұнды да қанық етуге тырыстық. Ол дәлме-дәл бірнеше күннен соң – 9 қыркүйек күні әлемдік опера сахнасының жұлдызы, «Грэмми» сыйлығының лауреаты, сопрано Суми Чоның (Корея) қатысуымен өтетін концертпен ашпақпыз. Сондай-ақ шығармашылық ұжым ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолауымен өтетін алдағы премьераларға дайындық үстінде. Бұл Раймондо Ребектің қойылымындағы Сергей Прокофьевтің музыкасына «Күлбике» заманауи балеті, Юрий Александровтың қойылымындағы Балнұр Қыдырбектің «Қалқаман – Мамыр» опера-балеті және Жолан Дәстеновтің музыкасына режиссер Еренбақ Тойкеновтің қойылымындағы «Қаңбақ шал» балаларға арналған операсы. «Астана Опера» өзінің «Жібек жолы» халықаралық фестивалін өткізеді, оған қазақстандық және шетелдік опера және балет жұлдыздары қатысады, сонымен бірге әлемдік театр сыншылары келеді. 

Алдағы жылдың 21 маусымында «Астана Операның» туған күнінде оның он жылдығын мерекелеу театрдағы мерейтойлық маусымның басты оқиғасы болары сөзсіз.

- «Астана Операдағы» жұмысыңызда сіз үшін ең басты дүние не

- Күрделі сұрақ, бәлкім, көрермен қауыммен өзара байланыс шығар. 10 жылда көрерменімізбен арамызда өзара сүйіспеншілік орнады деп сеніммен айта аламын. Осы уақыт ішінде асқақ өнер тұтынушысын қалыптастырдық, жыл санап бұл ортаның көкжиегі кеңейе береді деген үміттеміз...

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...