Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай үстіміздегі жылдың 9-12 қараша аралығында...
Қартын сыйлаған елдің қазынасы таусылмас...
Қасиетті Рамазан айында «Астана Опера» қайырымдылық акцияларын өткізуді жалғастыруда. 17 сәуірде шығармашылық ұжым елордадағы «Шапағат» қарттар үйінде мазмұнды концерттік бағдарламамен өнер көрсетеді. Бұдан бөлек, «Астана Опера» театрының еріктілер тобы қарттарға арнап бірқатар сыйлықтар әзірледі, оның ішінде заманауи смарт-теледидарлар да бар.
– Біз балалар үйлерінде, қарттар мен мүгедектерге арналған үйлерде әрдайым қуана өнер көрсетеміз, себебі осылайша оларға мереке ұйымдастырып қана қоймай, біртұтас асқақ өнер әлемін ашатынымызды көріп жүрміз. Тыңдармандарымыздың шынайы ризашылықтары, қошеметтері, қуаныштың көз жасы бізді шабыттандырмауы мүмкін емес. Сондықтан біз бағдарламаны мұқият ойластырып, туындыларды ерекше аудиторияның жас ерекшелігіне және қалауына байланысты іріктейміз, – деді концертмейстер, «Астана Операның» музыкалық кеңесшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова.
Онымен бірге концертке Ғалия Байғазинова, Назым Сағынтай, Айдана Даниялова (сопрано), Ермек Қасым (баритон), Ораз Мұхамедияр (Astana Opera Халықаралық опера академиясының теноры), Олеся мен Андрей Морозовтар (альт, фортепиано, «Астана Опера» оркестрінің музыканттары), Балжан Сапарова (флейта, «Астана Опера» оркестрінің музыканты) секілді басқа да танымал орындаушылар қатысады. Бұл күні олар әлемдік және отандық репертуардан классикалық музыкалық жауһарларды ұсынады.
Еске сала кетейік, «Шапағат» қарттар үйінде 330 адам тұрады. Олар түрлі себептермен жалғыз қалған, туысқандары оларға қамқорлық көрсете алмайды. Зейнеткерлердің өздері мұнда неліктен келгендерін айтқанды ұнатпайды. Дегенмен олардың барлығы осы арнаулы медициналық мекемеде тиісті күтім мен ем алуда. Алайда, ең жақсы ем –қуанышты, жағымды эмоциялар екені белгілі.
– Музыканың емдік күші адамдарға түрлі кеселдермен күресуге мүмкіндік беріп, ғажайып әлемге енуге, проблемалардан, қайғы-мұңнан, қорқынышты ойлардан арылуға көмектеседі. Біздің концерттерімізде зейнеткерлер залда лық толы отыратынына шын жүректен қуаныштымыз, олардың барлығы – әрбір жаңа күннен жақсылық іздеуге тырысқан рухы мықты жандар, – деп атап өтті «Астана Опера» әртістері.
Театрда қайырымдылық шаралары үнемі өткізіліп тұратынын айта кетуіміз қажет. Осы айдың өзінде «Астана Операда» мүгедек балаларға арнап «Ақшақар мен жеті ергежейлі» спектаклінің көрсетілімі болды, Бүкіләлемдік аутизм туралы ақпарат тарату күні аясында «Күн барлығына нұрын төгеді» концерті өтті. Ал 23 сәуірде ерекше балалар үшін «Мультконцерт» өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ театр көп балалы және аз қамтылған отбасылар үшін үнемі қайырымдылық акцияларын ұйымдастырады.
Ізгі істермен айналыса отыра, әртістердің өзге адамдардың мәселелеріне барынша алаңдап, бұдан да жақсы болуға және осы әлемге жарық пен қуаныш әкелуге тырысатыны сөзсіз.