Қазақстанда орыс драма театры 1933 жылы Үкімет қаулысымен құрылған болатын. Театрдың алғашқы режис...
Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры
Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры 1996 жылы 6 наурыз күні Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері - Ақтоқты» спектаклімен шымылдығын ашқан болатын. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақып Омаров. Театрды ашуға Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының бір топ жас түлектерін бастап әкеліп, ұжымға алғашқы басшы болған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Үкібайұлы Оспановтың еңбегін айта кеткен орынды.
2001 жылы қыркүйек айында Мысырда өткен («Конвейер» реж. Г.Мерғалиева) әлемдік театр фестивалінен 5 жүлденің біреуін иеленіп, абыроймен оралған труппа өз шеберліктерін шыңдап аяғына нық тұрды.
2004 жылы театрға облыстық бюджет есебінен жаңа ғимарат салынды. Осы жылы әйгілі қаламгер Сәкен сері Жүнісовтің мерейтойына орай Аймақтық театр фестивалі ұйымдастырылып, жоғары дәрежеде өтті. Театр ұжымы 2 жүлделі орынға ие болды. «Ең үздік сценография үшін» номинациясын театрдың бас суретшісі ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұрат Мақсұт иеленсе, «Ең үздік режиссура» номинациясын ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов иеленді.
2006 жылдың наурыз айының 6-шы жұлдызында театрдың 10 жылдығы аталып өтті. Осыған орай театрдың алдыңғы лек актерлері Ж.Қалдаров, Т.Қонбай, Ж.Құсайынова, Қ.Қалқатаев, А.Жүнісова, Қ.Мырзаболатовтарға Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері белгісі берілді. Театрда Қазақстанның Халық әртісі Бағысова Жібек Есекеқызы бастаған 34 актер қызмет етуде.
2007 жылы мамыр айының 14-18-ші жұлдыздары аралығында Шахмет Құсайыновтың 100 жылдығына орай Көкшетау қаласында Аймақтық фестиваль ұйымдастырылып, оған республиканың солтүстігі мен орталық аймақтарынан 8 театр қатысты.
Бүгінде театр репертуарында 106 қойылым бар. Олардың ішіндегі классикалық қойылымдардан У.Шекспир «Король Лир», Ш.Айтматов «Ғасырдан да ұзақ күн», С.Жүнісов «Абылай», А.Камю «Калигула», драмалық қойылымдардан Ә.Оразбеков «Бір түп алма ағашы», О.Бөкей «Атау кере», комедиялық қойылымдардан О.Бодықов «Үйленгім келмейді», С.Ахмад «Келіндер көтерілісі», Б.Әлімжанов «Құдалық» спектакльдерін атап өтуге болады.
2007 жылы театр ұжымы гастрольдік сапармен Қытай Халық Республикасында болып, Іле қазақ автономиялық облысының 4 ауданы мен Құлжа қаласында өнер көрсетті.
2011 жылы Мәскеудегі Театр Одақтарының Халықаралық Конфедерациясының (МКТС) «ТМД және Балтық елдері жас театр қайраткерлерінің байқауы» аясында Қазақстан театрлары жас режиссерларының жұмыстары ішінен 2 қойылым таңдап алынып, соның бірі театр репертуарындағы С.Раевтың «О, Қыздар!» драмасы (реж.Ф.Қанафин) мамыр айында Көкшетау қаласында Мәскеу қаласынан келген белді сахна мамандарынан құралған эксперттік комиссияға көрсетілді.
2011 жылы Украина елінің Қырым автономиялық республикасында өткен Антикалық өнердің ХІІІ «Боспорские агоны» Халықаралық театр фестиваліне А.Камюдің «Калигула» тарихи трагедиясымен (реж.Қ.Қасымов) қатысып, «Классиканы жоғары дәрежеде сахналағаны үшін» номинациясын және «Ника Боспорская» статуэткасын жеңіп алды. Мәскеулік және Украинаның беделді сахна шеберлері мен сыншылары тарапынан жоғары бағаға ие болған Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры Тәуелсіздік алғалы бері қазақ елі атынан, Азия, мұсылман елдері арасынан тұңғыш қатысқан театр болды.
Бұл маусымның тағы бір жаңалығы мамыр айында облысқа белгілі тәжірибелі басқарушы, өнер жанашыры Марал Қажыкенқызы Джакупова ханымның театр басшысы болып тағайындалуы.
Театр 2012 жылы қазан айында Қостанай қаласында өткен І.Омаровтың 100 жылдығына арналған Республикалық театрлар фестиваліне А.Камюдің «Калигула» қойылымымен қатысып, Гран-При жүлдесіне ие болды.
Театр актеры Елтай Мұстанов 2012 жылдың қараша айында Қарағанды қаласында өткен Оперетта орындаушыларының І Халықаралық Досstar конкурсына қатысып, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.
Көркемдік жетекші - Фархадбек Аманжолұлы Қанафин.