Құрметті айтыс сүйер қауым, 10 маусым күні, сағат 12-00 де, қазағымның үзіліп бара жатқан салт...
Супатаева Аида: «Мен өз-өзіме қатал сыншымын»
Супатаева Аида Ілиясқызы С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының негізін қалаушыларының бірі, актриса, «Мәдениет қайраткері» төс белгісінің иегері.
- Аида Ілиясқызы өзіңіз жайлы толығырақ айта кетсеңіз, сонау Қырғызстан Республикасы, Ыстық-Көл облысынан қазақ еліне қалай келдіңіз?
- Алғашқыда мен Ыстық-Көл облысында орналасқан жоғарғы оқу орнына, «Филология» мамандығына тапсырмақ болдым, ол 1995 жылдар кезі... Сол кезде институт қабырғасында ілулі тұрған жарнамаға көзім түсті, қарасам Алматы қаласындағы институтқа актерлік топқа адам қабылдайтыны жайлы жазылған екен. Мектеп қабырғасынан сахнаға шығып, мәдени өмірге белсенді қатыстым. Бірақ болашақта актерлік өнердің оқуына тапсырамын деп ойлаған да емеспін. Өйткені, драмалық театрдың бар екенінен бейхабармын. Бұл жаңалық іште жатқан арманыма қол жеткізерін сезгендей, құжаттарымды алып, қағаз бетінде жазылған мекен-жайға қарай толық ақпаратты білуге асықтым. Қасымалы Жантошев атындағы Ыстық-Көл облыстық музыкалық драма театрына кіргенімде мені бас режиссерге жіберді. Ол кісіге кірдім де «Мына ақпарат бойынша келіп едім. Алматы қаласындағы театр және кино институтына оқуға түскім келеді. Бойым болса кішкентай, фактурам келе ме?» дедім. Театрдың бас режиссері «қандай өнерің бар? көрсете ғой» деп сұраған соң, мен бар білгенімді көрсеттім. Ол кісі «мақұл, құжаттарыңды тапсыр» деді. Төбем көкке жеткендей мәз болдым.
- Екі ел арасындағы мәдени байланыстың бүгінгі таңда үлкен көмегі тиіп жатқанын көріп отырмыз, бұл бастаманың көшбасшылары кім?
- Ал, бұл бастаманы 1995 жылдары (театр және кино институты) бүгінде Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының ректоры болған Талғат Теменов пен Қырғызстанның Мәдениет Министірі Чолпонбек Базарбаев бір топ қырғыз балаларын жинап, Алматыда оқытуды жоспарлаған екен. Сонымен, театр режиссері Оразалы Ақжарқын мен Талғат Теменов қырғыз еліне келіп, біршама балалар ішінен 15 қырғыз балаларын іріктеп алды, солардың ішінде біз де бармыз. Улап-шулап Алматыға келдік. Сонымен, кураторымыз Талғат Теменов болса, ал ұстазымыз Оразалы Ақжарқын ағамыз актерлік өнерге 4 жыл бойы бізді баулыды. Оқуды аяқтаған соң, Ыстық-Көл театрына қайта жіберілдік. Бір жылдай уақыт жұмыс істеп жүрген кезде, Оразалы Ақжарқын «Баатырбек екеуің біздің жаққа келіңдер, жақын арада Петропавл қаласында жаңа театр ашылайын деп жатыр» деп ұсынысын білдірген еді. Содан бері біз, осы жақтың ыстық суығын көріп келеміз.
- Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз...
- Театрымыздың режиссері Баатырбек Рысқұлұлымен бірге оқу аяқтап, жаңа өмірге қадам бастық. Өзімді жолым болған адам деп есептеймін. Өйткені, жолдасым екеуміз өнерде де өмірде де біргеміз. Үш баламыз бар. Үлкен қызым қытай, ағылшын тілін меңгеруде. Қалған екі балам мектеп оқушылары.
- Сіз театрымыздың негізін қалаған актрисалардың бірісіз. Бір сәт өткенге ой жүгіртіп, театрдың тарихы жайлы айта кетсеңіз...
- Бұйырса, театрымызға 20 жыл толады. Ұстазымыз Оразалы Ақжарқын академияны бітірген сарыауыз жастарды Қызылжар еліне әкеліп, театрдың заңдылығын бастан аяқ үйретіп, сахнаға тәрбиеледі. Бәріміз бірге жұмылған жұдырықтай жұмысымызды бастап кеттік. Өңірімізде қазақ театры бірінші рет ашылып жатқандықтан, бұл бастама біз үшін үлкен жауапкершілік. Ізденгіш режиссер ұстазымыз реалистік-психологиялық бағытта көптеген спектакльдер қойды. Біз де көрермендерімізді театр өнері арқылы әлем және қазақ классикалық шығармаларымен таныстыра бастадық. Сөйтіп, біртіндеп байқамай өмір ағысымен театрымыздың тарихы қалыптаса берді. Бүгінде біршама актерлер жеке өмірінің өзгерістеріне байланысты басқа театрларда өнер көрсетіп жүр. Киелі сахнада Дәурен Садуов, Анар Алтыбаева, Нұргүл Магауина, Самал Тәшімова, Кенжекей Ақжолова, Мәншүк Айтмұхамбетова, Ербол Шүкіров, өте темпераментті актриса Айжан Сәрсебаева, Б. Римова атындағы драма театрының директоры Руслан Сеңкебаев секілді саңлақтармен өнер көрсеттік. Олардың әрбірі театрымыздың, рухани мәдениетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Бүгінгі таңда театрымыз алға дамып, ізденіс үстінде. 20 жылдық тарихымызда Жанат Хаджиев, Борис Приображенский, Әлімбек Оразбеков, Барзу Абдуразаков, Марат Оспанов секілді т.б. көптеген режиссерлер бізге келіп спектакльдер сахналады.
- Артыңыздан келе жатқан ізбасарларыңыз, шәкірттеріңіз бар ма?
- Петропавл қаласындағы талай дарынды жастар түлеп ұшқан, оқу ордасы өнер колледжінде 15 жылдан бері «актерлік өнер» мамандығына балалар тәрбиелеп жүрмін. Ең бірінші шәкіртім елімізге белгілі Канн фестивалінің жүлдегері Самал Еслямова, Жастар театрында еңбек етіп жүрген Мадина Жұмабаева, өзіміздің театрымызда шәкірттерімнен Жанар Насырова, Аманкелді Төлегенов жұмыс жасайды.
- Өнердің ауыр жүгі аз емес... Бүгінгі жас актерлердің кемшілігі неде?
- Өнер – қыз балаларға екі есе ауыр. Өйткені, театрдағы тіршілік ол іс-сапарлар, партнерлік жұмыстар. Болашақ өнер адамдарын тәрбиелеп жүріп, оларға кейіпкердің айтайын деген ойы интонацияда жатқандығын жиі қайталаймын. Ғаламтор мен техника, эффектілер дамыған заманда театрда жалғыз өзгермей қалған ол актер, ол робот емес. Сол себептен театрда актердің жан дүниесі тірі әрі дене бітім қозғалысынан бөлек, ой санасы бай, талғамы жоғары, пайымы терең болуы тиіс. Берілген кішкентай ғана рөліне аса үлкен жауапкершілікпен қараған жөн. Мен өз-өзіме қатал сыншымын, сол себептен өзімнен және оқушыларымнан көп ізденіс жасауды талап етемін.
- Бүгінгі театр бағыты туралы ойыңыз қандай?
- Психологиялық бағыттағы театрлар елімізде әлі толығымен меңгерілмеген. Кейбір театрлар әлі күнге дейін эпикалық бағытта жұмыс жасап жүр. Ресей театрларынан жаңа әдістер алатынымыз жасырын емес, өкінішке орай, біз олардың спектакльдерінің ішкі құрылысына үңілмейміз. Бүгінгі тәуелсіздік елде көптеген режиссерлер теңіздің үстіндегі толқынын ғана байқап, астындағы гауһар тастарын таппай жүр. Еркіндік кейде сапасыз, талғамы төмен дүниелерге әкеліп соқтыратынын көріп жүрміз. Бір сөзбен айтқанда адамның санасына өзгеріс еңгізетін қойылымдар аз.
- Көрерменге қандай спектакль жетпейді деп ойлайсыз?
- Саяси бағыттағы, тақырыбы күрделі спектакльдер кез-келген көрерменге түсінікті бола бермейді. Сондықтан, көрерменнің ойында жүрген мәселер мен толғандырып жүрген сұрақтарына жауабын тауып, дөп түссек, дәл сол спектакль көрерменге азық болатыны анық.
- Сіздің сүйікті рөліңіз?
- Менің кез-келген терең меңгерген рөлім, сүйікті рөлім болып есептелінеді.
- Киелі театр өнерінде сізді қуанышқа бөлейтін не?
- Ең тылсым дүние театр өнері арқылы адамды зерттеу жолында жұмыс жасап жатқаныма және өнердің бір құлы екендігіме қуанамын. Театр деген қызығушылығы артқан адамға өте терең дүние.
- Жақында Семей және Қырғыз елінде өткен фестивальдерге барып келдіңіздер... Фестивальден қандай әсер алдыңыз? Қандай ой түйдіңіз?
- Семей қаласында және Қырғызстан елдерінде екі-екі спектакльден көруге мүмкіндік болды. Фестивальге әкелген дүние сапалы, әрі салмақты болу керек деп ойлаймын. Кейбір қойылымдардың қандай мақсатпен әкелгендерін түсінбей, таң қалғаным рас. Ал, Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры ұсынған Б. Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» атты спектаклін көріп, жас актерлердің шеберлігі мен кейіпкер жандылығында ойнап жүргендігі ерекше қуантты.
- Фестиваль деген қандай болуы тиіс?
- Фестиваль ұйымдастырушылары спектакльдерді белгілі бір бағытқа немесе жанрларға бөліп қарастырса дұрыс болады деп есептеймін. Сонымен қатар, әділқазы алқаларының құрамында ақын, әдебиеттанушылардың орнына, спектакль мен актерлік өнерді теорияға негіздеп терең талдайтын театр сыншылары отыру керек деп ойлаймын. Асанәлі ағамыздың «фестивальге келген театрлар ұжымына барлық спектакльдерді көру мүмкіндігін жасау керек» деген сөзі өте дұрыс айтылған. Фестиваль шығармашылық қарым-қатынасты нығайтып, жаңа есімдер әкеліп, тәжірибе алмасуына мүмкіндік беруі тиіс.
- Нені армандайсыз?
- Театр – мен үшін ашылмаған бір тылсым дүние. Қазақ тілінде театр өнеріне байланысты методикалық, әдістемелік жұмыстар жазып қалдырсам деген ойым бар. Өсіп келе жатқан болашақ актерлер рухани азығымыз кітаппен сусындаса деймін.
- Аида Ілиясқызы берген мәнді де мағынады жауаптарыңызға рахмет. Армандарыңыз орындала берсін.
Аида Ілиясқызы әр жылдары: Ө. Боранбаевтың «Бәрінен күшті қорқақ көжегінде» күшік; С. Жүнісовтың «Қысылғаннан қыз болдық» спектаклінде Айгүл, Сабира; О. Әубәкіровтың «Қожа мен спорт» спектаклінде жалқау; А. Кирийдің «Иірімінде» Балашка; М. Хасеновтың «Пай-пай жас жұбайлар-айында» Ғазиза; П. Мерименің «Карменінде» Кемпір; Д. Исабековтың «Тыныштық күзетшісінде» Хадиша; С. Ваннустың «Уа ұлы мәртебелімде» Ум Аза; М.Ғаппаровтың «Қуыршақ немесе қызғаншақ қыздардың кешінде» Сайра; С. Балғабаевтың «Ең әдемі келіншегінде» Мадина; Ә. Оразбековтың «Бір түп алма ағашында» Әлия; С.Жүнісовтың «Елімай» спектаклінде ана; М. Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» спектаклінде Оксана; Д. Симонованың «Алтын дәннің құпиясында» Кірпітай; Ж. Әміреевтің «Бірлік түбі берекеде» қоян; Қ. Қорғанұлының «Қанмен жазылған хатында» аудармашы; Д.Исабековтың «Жау жүрегінде» Екатерина; Б. Абдуразаков “Мама” спектаклінде мамасы; И.Сапарбайдың “Сыған серенадасы” сыған ана; Ә,Кекілбаевтың “Махаббат мұнарасында” күтуші; Ш. Мұртазаның “Әзизасында” Әзиза, Т. Минуллиннің «Гәргәрбектің гөй-гөйінде» Әридаш, Р.Отарбаевтың «Қасіретінде» ана, М. Жұмабаев «Шолпанның күнәсі» спектаклінде Бадырақтың қатыны, М.Әуезовтың «Қарагөзінде» Мөржан, Б.Жақыптың «Жан дауысында» тау рольдерін асқан шеберлікпен сомдады.
Сондай-ақ, Аида Ілиясқызы: Халықаралық театр күні аясында ұйымдастырылған «Театр мейрамы -2008», «Театр мейрамы-2009», «Театр мейрамы-2012» байқауында «Үздік әйел бейнесі», «Алтын сақа-2017» «Алтын сақа-2018» байқауында «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясы бойынша марапатталды. СҚО Әкімінің 2004 жылғы 2-дәрежелі сыйлығының иегері. М.Әуезовтың «Қарагөздегі» Мөржан рөлі үшін «Ең үздік екінші пландағы әйел бейнесі» номинациясы бойынша марапатталды.
Назгүл Сағындық C.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі