С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрында жазушы-драматург Иранбек Оразбаевтың...
Жастар театрында жаңа драманың тұсауы кесілді
Елордалық Жастар театры өзінің мерейлі XV маусымының шымылдығын түрді. Көрерменін тың туындылармен таң қалдырудан танбайтын талантты өнер ұжымы бұл жолы Қолғанат Мұраттың қолтаңбасынан шыққан «Қиянат» драмасымен репертуарын толықтырып отыр. Әлбетте, «Жастар театры» дегенде ән мен биді қатар ұштастыра отырып, өзге театрдан ерек туындысын сахнаға шығаратын салтанаты жарасқан артистер қауымын көз алдыңызға елестетеріңіз бек мүмкін. Әйтсе де бұл жолы «Жақыпбай жақұттары» небары 5 актердің ойынына құрылған детективті драма жанрындағы жаңа туындыға құрық салыпты.
Спектакльдің өзектілігі өз алдына боямасыз бүгінгі өмірдің айнасындай болып сахна төрінде жарқ етті. Көрерменін ой жетегіне жіберді. Бүгінгі қоғамды дендеген парақорлық, ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарайтын ата-ананың өмір салты ащы шындықпен өріліп, келген көреременге ой саларлық мазмұнды туындыға айналды. Расында, ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ана рөлі қай уақытта да өзектілігін жоймақ емес. Қазіргі таңда балаға көңіл бөлетін уақыттың тапшылығы, шектен тыс жұмысбастылық, жанбағыс үшін өтіп жатқан қым-қуыт өмір ағымы бізді бауыр еті баладан тым алшақтатып жібергені рас.
Қойылым желісінде балалардың ата-анасына жазған хаттарынан-ақ қазір біз сүріп отырған қоғамның шынайы бетпердесі ашылғандай. Отан отбасынан басталатындығын ескерсек, тал бесіктен балаға берілетін тәрбиенің әлсіздігі өз болашағымызға кесірін тигізіп отырғандығын автор айшықтап көрсетеді.
Иә рас, перзентімен еш уақыт сырласып көрмеген кейіпкер Қарлығаш (Айнұр Рахипова) үшін кенже қызы жазған бұл хат ауыр әсер етті. Оның тұңғыш қызы өтпелі махаббаттың салдарынан жоғарғы қабаттан секіріп мерт болған-ды. Анасы ел аралап үнемі түзде жүретін өнер адамы болғандықтан бой жетіп қалған қызына бір уақыт көңіл бөлетін мүмкіндігі жоқ еді. Аяғы өкінішке ұласты. Хат желісінде Қарлығаштың қызы әкесінің де оның өміріндегі орны туралы салмақты ой қозғайды. Бала үшін тек ананың махаббаты жеткіліксіз. Ол әке мен ана қамқорлығын теңдей көріп өсуі керек екендігі туралы толғанады. Асқар тауының орны әркез ойсырап тұратындығын айта отыра, қыз жалғызсырайтындығын, сырласарға адам таппай жабырқайтындығын, әке қамқорлығына зәрулігін тілге тиек етті. Қойылымда бірінші кемшілігінен сабақ алмаған Қарлығаш екінші рет те оңбай қателеседі. Ол мектептегі кенже қызын мұғалім педофилден арашалап қалғандығын біле тұра, мектеп директорының істі насырға шаптырмай, жылы жабуын өтінгендіктен шу шығармаған. Тіпті, Ескендір (Азамат Эсқұлов) де, Эрнест Мырзабекович (Бақыт Хаджыбаев) те, өз балаларының мектебінде болған бұл сұмдықты біле тұра, бала тағдырына салғырт қараған. Осы бір салқынқандылық салдарынан елімізде қаншама зорлық-зомбылық жасалатындығын елестетудің өзі қиын. Қарлығаштың (Айнұр Рахипова) драманың шарықтау шегінде жүйкесі сыр беріп, шындықтың беті ашылуына түрткі болады. Сыбайластықпен жасаған қылмысын жасырмақ ойы түбі іске аспай тынады. Жастар театрының сахнасында бас кейіпкерлерді шеберлікпен бейнелеп жүрген өнерпаз бұл жолы Қарлығаш кейіпкері арқылы тіптен көрерменін драма ішіне елітіп әкетті. Ақсүйектерге тән кербездікпен жиналысқа кіріп келуінен-ақ Қарлығаштың актриса екендігін оңай аңғаруға болады. Қылмыстық оқиғадағы өзінің сыбайластық ісін сол «өнеріне» салып-ақ жаппақ болады. Алайда өмір Қарлығаш ойлағандай оңай емес екендігі көрінеді.
Режиссер Нұрқанат Жақыпбай сахнада басы артық декорация жасамауы арқылы актерлердің психологиялық ойын шеберлігін айшықты түрде көрсетуге бағыттағаны көрініп тұр. Драмадағы бас кейіпкерлерді ойнаушылардың бәрі – театрдың негізін қалаушы өнерпаздар. Кейіпкерлердің өзара тартысы, псхологиялық қақтығысы драма желісін қыздырып, көркемдей түсті.
Жауыздардың қолынан қаза болған өз қарындасының ары үшін шындыққа жету жолында алған бетінен қайтпаған Несіпбектің (Әділ Ахметов) ойын шеберлігі көпшілікті оқиғаға сендірді. Қаза болған қарындастың арын ақтап алар ақиқатқа апарар жолда ағасының жүзінде жасырынған ызғарын Әділ Ахметов шебер көрсетті. Қарапайым күзетші өзін полиция инспекторымын деп таныстырып, қолмен жасалған кінәсін мойындамай өтірік айтып тұрған Эрнест Мырзабекович (Бахыт Хаджибаев), Берік Рысбек (Жандәулет Батай), Қарлығаш (Айнұр Рахипова), Ескендір Ысқақ (Азамат Эсқұлов) сынды кейіпкерлердің қылмысын әшкере ету мақсатындағы амал-әрекеттері, аңдап басқан әр қадамы оның өз мақсатына жетпей тынбайтындығының тағы бір дәлелі сияқты еді.
Келесі кейіпкер Беріктің (Жандәулет Батай) спектакль барысындағы психологиялық көңіл-күйі, жасалған қылмысы үшін қипақтап, соңында шарасыздық танытқан бейнесі иланымды шыққан. Ол өтіріктің арты бір тұтам екендігін көрсетіп берген драмада өз қылмысының қашан ашылып кететіндігін күмәнмен, қорқынышпен көрсете білді. Ал оның ұлы жазған хатын оқыған сәті тіпті әсерлі. Баласы өз хатында әкесін жек көретіндігі туралы жазған еді. Баласы оны 9 жыл бұрын тастап кеткендігі туралы ашына жазады. Тіпті, туған әкесінен гөрі өгей әкесінің қамқорлығын айтып, соны тәуір көретіндігін жеткізеді. Берік (Жандәулет Батай) баласы жазған хатты оқып дел-сал күйге түседі. Әке үшін бұл сөздерден сорақы не бар? Өз баласы әкесін жек көрем деуінен артық қорқынышты нәрсе жоқ шығар?! Бала үшін жауапкершілікті мойнына алмай, еркіндікті құп көрген Беріктің көзі осы хаттан соң ашылады. Баласының бастан кешіп жүрген сезімдерін түсінеді. Бірақ тым кеш еді... Бір айта кетерлігі, актерді бұрын комедиялық рөлдің биігінде көріп үйренген көрермені үшін бүгінгі бейне мүлдем қарама-қайшы драмалық кейіпкер болуымен таң қалдырды. Бұл да болса актер Жандәулет Батайдың өз ісінің нағыз шебері екендігінің тағы бір дәлелі болды.
Эрнест Мырзабекович дейтін кейіпкерді кескіндеген актер Бахыт Хаджибаев бұл драмада нағыз қылмыскер рөлінде. Дегенмен соңына дейін өзі жасаған кінәні мойындамауға тырысып бағады. Өрімдей жас қыздың тағдырын өз нәпсісі үшін құрбан еткен, отбасына деген жауапкершілігі жоқ үлкен қызметтегі адамды бейнелеуде оның бейнесі сәтті шықты. Ол өзге кейіпкерлер сияқты алқынып, жасаған істі жасыруға тырыспайды. Бір тоға күйде отырып, әйелінің дүниеден өтіп кеткен сәтінде ғана егіліп жылайды. Өз қолымен жасалған қылмыс түптің түбінде ашылып кетеді-ау деген күмәнді оймен арпалысады.
Сыбайлас қылмыстық іске қатысы бар Ескендірдің (Азамат Эсқұлов) драма бойы ашулы кейпі ақиқаттың жақындап келе жатқандығын үнемі еске салып тұрды. Оның жаңбырлы күні шақыртқан полиция инспекторына міндетсіне келген бейнесі, «жабулы қазанды» ашудың қандай қажеттілігі барын түсінбей азар да безер күйге түсуі кейіпкердің ішкі психологиялық көңіл-күй ауанын айшықтай түсті.
Драманың бір өзектілігі қоғамды дендеген азғындық – педофилия мәселесі де талқыға түседі. Айналамызда болып жатқан осы бір озбырлықты көре тұра оған көз жұма қарауымыз болашаққа балта шабуға бастайтын жол екендігін аңғармайтынымыз қалай? Әсіресе ғаламторға шырмалған баланың өмір салтына бола да бас қатыра бермейміз. Баланың бұл күндері ғаламтор ғана сырласына айналып кеткендігі салдарынан бала безбүйрек пен қатыгезге айналмасына кім кепіл?! Әлеуметтік желі баланы енжарлыққа душар етпей қоймайды. Интернетті өзінің бірінші серігі, ал компьютерді «досы» етіп таңдаған бала айналасындағы адамдармен емін-еркін араласудан қалады. Өзгенің адами мұң-мұқтажын түсінбейтін, айналасындағылардың жан қиналысын сезіне бермейтін, яғни жүрегі селт етпейтін қатыгез болып шығады. Тіпті өзінің жақындарымен, әке-шеше, бауырларымен араласудан қашқақтайтын бала шынайы өмірді виртуал, жансыз «өмірге» айырбастап жіберетіндей дәрежеге жетеді. Өз-өздеріне сенімсіз, жалтақ және ата-ана қарауынан тыс қалған балалар онлайн ойындарға әуес болады. Зұлымдық, қантөгіс пен қатыгездік суреттелген ойын бала психикасына теріс әсер ететіндігін де психологтар әлдеқашан дәлелдеген-ді.
Әлемде болып жатқан суицид, педофилизм сияқты жаға ұстатарлық оқиғалар ата-ана мен баланың арасындағы мәміленің жоқтығынан екендігі сөзсіз. Бұл драма арқылы режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың негізгі айтпақ ойы да осы еді. Келген әр көрермен қойылымнан соң көңілін билеген әлдебір күмәнмен үйдегі баласына қарай асығып бара жатты...
Расында, бүгін сіз бен біз жақынымызға қиянат жасап жүрген жоқпыз ба осы?!
Балжан Бекмағамбетова