Алғашқы орта ғасырдағы Түрік Қағанатының құрылуы және саяси жағдайы

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
2264


Қытай деректерінде түркілерге қатысты алғашқы деректер 542-інші жылдан бастап кездеседі. Ғұндар империясы ыдыраған соң Орхон аймағында түркітекті теле тайпалар одағы ұйымдасты. Бесінші ғасырдың ортасында Ашына бастаған Алтайдағы түркілер осы телелердің 40 мың үйлік бірлестігін бағындырады. Билік басында ақсүйек ашына (ашина) руы тұрды. Бұл атау «киелі қасқыр» деген мағынаны берді. Қағандар мемлекеттің басты билеушісі болды.

Түркілер Алтайдан Хуанхэ жағалауларына дейін жеткен кезде Бумын ордасына 545-інші жылы Қытай елшілігі келеді. Осы сәттен бастап түркілер сол замандағы ірі мемлекеттердің бірі ретінде танылып, тарих сахнасына шығады. Қытай елімен бейбіт қарым-қатынас орнатқаннан кейін жужандардың тепкісін көрген түркілер оларға қарсы бас көтере бастайды. 552-інші жылы жужандар әскерін талқандайды.

Түркілер Солтүстік Моңғолия жерінде Түркі қағанатын құрады. Бумын түркі елінің қағаны болып жарияланады. Қаған мемлекетті басқарды, жоғарғы сот міндетін атқарды, әскерге басшылық етті. Мемлекетті басқаруда тайпаның ақсүйек қауымына сүйенді.

Әскери және азаматтық қызметтерді басқаратын шенеуніктер аппараты – яғбу, шад тағы басқалар құрылды. Түркі мемлекетінде қарапайым халық бұдун аталды.

Түркілердің шыққан тегі бір болғандықтан олардың жерге және соғыстан түскен олжаға құқықтары бірдей еді. Қауым ішіндегі бірлік таптық қарама-қайшылықтарды болдырмады.

Түркі қағанатының негізін қалаушы Бумын қаған қайтыс болғаннан кейін билікке келген Мұқан қаған жужандарды талқандауды аяқтайды. Мұқан қаған Орталық Азия мен Оңтүстік Сібір, Оңтүстік-батыс Маньчжуриядағы қидандар, қарақытайлар, Тува жері мен Енисей қырғыздарын бағындырды.

Иштеми (Истеми) қаған қазіргі Қазақстан, Орта Азия аумағын бағындырып, Еділ мен Солтүстік Кавказға шықты.

Қытай жылнамаларындағы деректер бойынша Мұқан қаған «Шегара (Ұлы қорған) сыртындағы барлық иеліктердің зәресін ұшырды».

Алтыншы ғасырдың 60-ыншы жылдары Түркі қағанаты сол кездегі ірі мемлекеттер – Византия, Иран, Қытаймен өзара қарым-қатынас жасады. Түрік қағанаты нығайған кезінде (алтыншы ғасырдың жетпісінші жылдары) Маньчжуриядан Босфорға және Сібірден парсы еліне (Иран) дейінгі жерді алып жатты.

Естеми қаған тұсында түркілер әскери жағынан қуатты империяға айналды. Түркілердің батысқа жылжуы тек жаулап алушылық қана емес, түркі тайпаларының ірі көші-қонына ұласты. Жергілікті тайпалар түркілерден құралған мемлекетке қосылды немесе Шығыс Еуропаға қарай жылжыды.

Алтыншы ғасырдың сексенінші жылдары соңында түркілер Парсы елімен одақтасты. Оңтүстік Кавказ бен Орта Азиядағы эфталиттер мемлекетін талқандады. Эфталиттер мұрасын бөлуге байланысты одақтастар арасында жанжал шығып, түркілердің өз әскерін алып кеткені үшін парсылар оларға үлкен көлемде алым төлеуге міндеттенді.

Түркілер Орта Азияны жаулап алғаннан кейін Қытайдан Жерорта теңізі елдеріне баратын Ұлы Жібек жолының едәуір бөлігіне ие болды. Жібек матасы түркі қағандарына орасан зор кіріс әкелді. Жібек матасын сатып алушы негізінен Византия еді.

568-інші жылы түркі елшісі Маниах Византиға қағанаттың елшілігін басқарып барды. Император сарайы түркі елшілігін аса үлкен құрметпен қабылдады. Түркілер мен Византия арасында парсыларға қарсы әскери-сауда келісімі жасалды.

Алтыншы ғасырдың соңы және жетінші ғасырдың басында қытайдың күшеюі билік басындағы түркі әулетінің ішінде өзара қырқыстың басталуымен және даладағы сұрапыл жұтпен тұспа-тұс келді. Мұның бәрі қағанатты дағдарысқа ұрындырды.

Түркілерді әскери күшпен жеңе алмаған Қытай 603-інші жылы дипломатиялық жолмен қағанаттың ыдырауына қол жеткізді.

Біртұтас мемлекет Түркі қағанаты 603-інші жылы Шығыс (Моңғолия) және Батыс (Орталық Азия мен Қазақстан) болып екіге бөлінді. Қағанат ыдырағанмен қуатты мемлекет болып қала берді. Түркі қағанаты 603-інші жылы Батыс, Шығыс болып бөлінгеннен кейін олардың территориясы анықтала бастады.

Батыс Түрік қағанаты 603-інші жылы ежелгі үйсін мемлекетінің жерінде құрылды. Батыс қағандық оңтүстік-шығысында Іле, Шу өзендерінен бастап, солтүстік-батысында Еділ мен Кубань өзенінің төменгі ағысына дейін, ал солтүстік-шығысында Есіл мен Ертіс өзендерінің жоғарғы ағысы аралығын алып жатты. Ал оңтүстік-батысында Тарым, Әмудария өзендеріне дейінгі аймақты қол астына қаратты. Батыс қағанаттың орталығы Шу өзенінің бойындағы Суяб қаласы болды. Жазғы ордасы Мыңбұлақта орналасты. Қағанаттың негізгі этникалық-саяси ұйытқысы «он тайпа» он оқ бұдун тайпалары мекендеген Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жерді алып жатты. Сонымен қатар ол Түркі қағанатының Шығыс Түркістан мен Орта Азиядан басып алған отырықшы егіншілік алқаптарына да үстемдік етті.

Шығыс Түркі қағанаты (Екінші Түркі қағанаты) 682-інші (кейбір деректер бойынша 683-інші) жылы Қытаймен күресте өздерінің тәуелсіздіктерін Моңғолия жерінде қалпына келтірді. Екінші Түркі қағанатын құрушыларды «түркі-қыпшақ» деп атады. Сол кездегі ескерткіштердегі жазуда «түркі-қыпшақ елу жыл ел биледі» дейді. Мемлекеттің орталығы Ханғай тауларында болды. Батыс шегарасы Алтай тауларымен шектесті.

Батыс Түркі қағанатының Шығыс Түркі қағанатынан айырмашылығы екіншісінің халқы негізінен көшпелі, жартылай көшпелі болатын. Ал Батыс Түркі қағанатының көпшілік халқы отырықшы, егін егумен, қолөнер және саудамен айналысты. Сондықтан әлеуметтік құрылымы күрделі Шығыс Түркі қағанатымен салыстырғанда қоғамдық-экономикалық қатынастардың дамығандығымен ерекшеленеді.

Тезистер

  • Қытай деректерінде түркілерге қатысты алғашқы деректер 542 жылдан бастап кездеседі. 
  • Ғұндар империясы ыдыраған соң Орхон аймағында түркітекті теле тайпалар одағы ұйымдасты.
  • V ғасырдың ортасында билік басында ашына бастаған Алтайдағы түркілер руы тұрды. Бұл атау «киелі қасқыр» деген мағынаны білдірген. 
  • Қағандар мемлекеттің басты билеушісі болды. 
  • Түркілер 545 жылдан бастап сол замандағы ірі мемлекеттердің бірі ретінде танылып, тарих сахнасына шығады. 
  • 552 жылы түркілер Солтүстік Моңғолия жерінде Түркі қағанатын құрады. 
  • Бумын түркі елінің қағаны болып жарияланды.
  • Қаған мемлекетті басқарды, жоғарғы сот міндетін атқарды, әскерге басшылық етті. 
  • Қаған мемлекетті басқаруда тайпаның ақсүйек қауымына сүйенді.
  • Әскери және азаматтық қызметтерді басқаратын шенеуніктер аппараты – яғбу, шад т.б. құрылды.
  • Түркі мемлекетінде қарапайым халық бұдун деп аталды. 
  • Бумын қайтыс болғаннан кейін билікке Мұқан қаған (553-572 жж.) келді.
  • Мұқан қаған Орталық Азия мен Оңтүстік Сібірді, Оңтүстік-батыс Маньчжуриядағы қидандарды, қарақытайларды, Тува жері мен Енисей қырғыздарын бағындырды.
  • Иштеми (Истеми) қаған қазіргі Қазақстан, Орта Азия аумағын бағындырып, Еділ мен Солтүстік Кавказға шықты. 
  • Қытай жылнамаларындағы деректер бойынша Мұқан қаған «Шегара (Ұлы қорған) сыртындағы барлық иеліктердің зәресін ұшырды».
  • VI ғасырдың 60 жылдары Түркі қағанаты сол кездегі ірі мемлекеттер – Византия, Иран, Қытаймен өзара қарым-қатынас жасады.
  • Түркі қағанаты нығайған кезінде (VI ғасырдың 70-жылдары) Маньчжуриядан Босфорға және Сібірден Парсы еліне (Иран) дейінгі жерді алып жатты. 
  • Иштеми қаған тұсында түркілер әскери жағынан қуатты империяға айналды.
  • VI ғасырдың 80 жылдары соңында түркілер Парсы елімен одақтасты.
  • Олар Оңтүстік Кавказ бен Орта Азиядағы эфталиттер мемлекетін талқандады.
  • Түркілер Орта Азияны жаулап алған кейін Қытайдан Жерорта теңізі елдеріне баратын Ұлы Жібек жолының едәуір бөлігіне ие болды.
  • 568 жылы түркі елшісі Маниах Византиға қағанаттың елшілігін басқарып барды.
  • Түркілер мен Византия арасында парсыларға қарсы әскери-сауда келісімі жасалды.
  • VI ғасырдың соңы мен VII ғасырдың басында қытайдың күшеюі билік басындағы түркі әулетінің ішінде өзара қырқыстың басталуы және сұрапыл жұтпен тұспа-тұс келуі қағанатты дағдарысқа ұрындырды.
  • Түркілерді әскери күшпен жеңе алмаған Қытай 603 жылы дипломатиялық жолмен қағанаттың ыдырауына қол жеткізді. 
  • Біртұтас мемлекет Түркі қағанаты 603 жылы Шығыс (Моңғолия) және Батыс (Орталық Азия мен Қазақстан) болып екіге бөлінді.
  • Қағанат ыдырағанмен қуатты мемлекет болып қала берді.
  • Батыс Түрік қағанаты 603 жылы ежелгі үйсін мемлекетінің жерінде құрылды
  • Батыс қағанаттың орталығы Шу өзенінің бойындағы Суяб қаласы болды. Жазғы ордасы Мыңбұлақта орналасты.
  •  Қағанаттың негізгі этникалық-саяси ұйытқысы «он тайпа» он оқ бұдун тайпалары мекендеген Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жерді алып жатты.
  • Шығыс Түркі қағанаты (Екінші Түрік қағанаты) 682 (683) жылы Қытаймен күресте өздерінің тәуелсіздіктерін Моңғолия жерінде қалпына келтірді.
  • Екінші Түркі қағанатын құрушыларды «түркі-қыпшақ» деп атады. Сол кездегі ескерткіштердегі жазуда «түркі-қыпшақ елу жыл ел биледі» делінеді.
  • Мемлекеттің орталығы Ханғай тауларында болды. Батыс шегарасы Алтай тауларымен шектесті.
  • Батыс Түркі қағанатының Шығыс Түркі қағанатынан айырмашылығы екіншісінің халқы негізінен көшпелі, жартылай көшпелі болатын. Ал Батыс Түркі қағанатының көпшілік халқы отырықшылықпен, егін егумен, қолөнер және саудамен айналысты.

itest.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...