2023 жылы елімізде қандай атаулы даталар мен мерейтойлар аталып өтетінін естеріңізге сала кетейік:Қо...
МАРАТ ТОҚАШБАЕВ. ҚАЗАҚСТАН - МОНОҰЛТТЫ МЕМЛЕКЕТ!
Бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан «көп ұлтты мемлекет» деген тіркес жиі айтылады. Іс жүзінде Қазақстан көпұлтты емес. Қазақстанда қазақ ұлтынан басқа ұлт тұрмайды. Қазақстанды қазақ халқымен бірге басқа ұлттардың тағдыр тауқыметімен елімізге келіп қалған диаспоралары мекендейді. «130 ұлттың өкілі тұрады» дегенімізбен ақиқатында Қазақстанда саны жүз мыңнан асатын тоғыз ұлт диаспорасы (орыс, өзбек, украин, ұйғыр, татар, неміс, түрік, корей, әзірбайжан) ғана бар. Еліміздегі екі чукча, бір шор, үш тофалары, төрт вепс, жеті бурят, он қалмақ тағы басқаларды кеңестік психологиямен әрқайсысын жеке-жеке ұлтқа есептеудің не керегі бар? Олар да өз этностарының жай өкілдері ғана.
2016 жылғы 1-мамырдағы статистикалық деректер бойынша елімізде 17 753 200 адам бар екен. Халқының саны жағынан әлемде 63 орында. Еліміздегі мемлекет құраушы ұлт – Қазақтар 67 пайыз болса, қалғандары: орыстар 3,5 млн (20%), украиндар 290 мың (1,64%), өзбектер 550 мың (3,11%), ұйғырлар 256 мың (1,45%), татарлар 202 мың (1,15%), немістер 181 мың (1%). Сондықтан Қазақстандағы қазақтардан басқаны ұлт деп атаудың ғылыми негізі жоқ. Өйткені ұлт болу үшін сол аймақта сол ұлттың өз жері, өз шекарасы болу керек. Ал біз тіпті саны бір пайызға да жетпейтін диаспора өкілдерін ұлт деп атауға құштарланамыз. Бұл жалпақ шешейлік саясаттан туындаған уақытша құбылыс деп ойлаймын.
Дүние жүзінде жергілікті ұлт барша халқының 2/3 бөлігінен асса ол моноұлтты мемлекет деп саналатын халықаралық практика қалыптасқан. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан (қазақтар - 67%) қазір моноұлтты мемлекет!
Қазақ халқының қалмақ-жоңғар шапқыншылығына қарсы шайқастарына, үш ғасыр бойы патшалық Ресейге қарсы 400-ден астам ұлт-азаттық көтерілістеріне қазақтан басқа ешкім қатысқан жоқ. Сондықтан өз Елінде, өз Жерінде, өз Тілімен өз Мемлекеттілігін құруға және нығайтуға қазақ халқының Жаратушы берген қанұни және моральдық құқығы бар.
Қазақстан қазақтардың мемлекеті екендігін, орыстардың интеллектуалдық келешегі тек Ресеймен байланысты екендігін еліміздегі орыс диаспорасы да түсіне бастады. Сондықтан олардың балалары негізінен Ресейдің жоғары оқу орындарында оқиды, бітірген соң сол жақта қалып жатыр.
Қазақстандағы 25 жасқа дейінгі балалар мен жастардың жалпы санында қазақтар қазір 85 пайызға жетті. Енді құдай қаласа, таяу жылдарда еліміздегі қазақтар 80 пайызға жетеді. Бұл қазақтардың Қазақстанда тұратын түрлі ұлт өкілдерінің азаматтық құқықтарына қамқорлық жасай отырып, өзінің моноұлттық мемлекетін қалыптастыруға толық мүмкіндік береді деген сөз!