Елімізде қаншама профессор, доктор, академиктер бар. Санасаң – саннан жаңыласың. Егер солардың...
Форум — бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті
Талдықорғанда «Әлем таныған Қазақстан» атты облыстық форум өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шара – бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті сынды үш бағытта өрбіді. Оған дін, білім, мәдениет басқармасының өкілдері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенділері және жастар қатысты, — деп хабарлайды "Мәдениет поралы" taldykorgan-online.kz-ке сілтеме жасап.
Форумның негізгі мақсаты – жастардың отансүйгіштік қасиетін арттыра отырып, оларға Қазақстан халқының рухани, мәдени құндылықтарын насихаттау.
Достық үйінде жиналған қауым алдымен руханият мәдениеті бойынша ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Мұнда «Ұста Дәркембай атындағы қолөнер мұражайының» директоры, ұлттық өнерімізді халықаралық деңгейде насихаттап жүрген шебер Дәулет Шоқпаровтың ұлттық нақыштағы туындылары мен аудан, қала қолөнершілерінің жасаған бұйымдары көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ, Д.Шоқпаров «Асыл мұра игі дәстүр» тақырыбында шеберлік сағатын өткізді.
Одан бөлек, Рухани жаңғыру орталығы мен Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының («Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында) өткізген шаралары, Дін басқармасы мен этномәдени бірлестіктердің кітаптары және фотосуретшілердің («Елбасының жолымен», «Жер жәннаты Жетісу», «Туған жерім – тұғырым» тақырыбында) туындылары да көрмеге қойылды.
Кейін аталмыш шара мәжіліс залында жалғасын тапты. Онда Алматы облысы «Достық үйі-қоғамдық келісім орталығының» директоры Тәңірберген Қасымберкебаев «Әлем таныған Қазақстан» атты облыстық форумның маңыздылығын атап өтті. Ол:
— Бәсекеге қабілеттілік дегеніміз – тек экономикалық даму, халықаралық бастамалар мен жобалар емес, бәсекеге қабілетті болу – өз елімізде төл мәдениетімізді қалыптастырып, сол арқылы үздік үлгілерімізбен әлемге танылу. Бізге ұлттық мәдениетті кең түсіну үшін алдымен ғылымды, әдебиетті, бейнелеу өнерін, театрды өркендетіп, дамыту қажет. Бүгінгі шара осыны меңзейді, — деді.
Өз кезегінде сөз тізгінін алған І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, социология магистрі Венера Тұрсынақынқызы «Жаһандану кезеңіндегі Қазақстанның бейбітшілік және келісім мәдениетін қалыптастырудың негізгі қағидаттары» тақырыбында баяндама жасады.
Оның айтуынша, қазіргі таңда жаһандануға байланысты елімізде экономикалық жағдайлардан бөлек, мәдениетаралық байланыстар да өзара нығайып келеді. Ұлттар арасындағы ынтамақтастық дамып, олардың ұлттық құндылықтары жоғары деңгейге шығуда. Осы орайда бізге қазақ халқының төл өнері мен мәдениетін дамыту өте маңызды. Мұны әлемге паш ету үшін әрі қарай да күш салу қажет.
Осыдан кейін дін және мәдениет саласының мамандары Қазақстандағы конфессияаралық рухани келісім мәдениеті, Жетісудағы қазақ өнері мен мәдениетінің насихатталуы, Қазақстандағы руханият мәдениеті мәселесі төңірегінде сөз қозғап, өз ойларымен бөлісті.
Форумның соңында ерекше туындыларын көрмеге қойған фотосуретшілер мен қолөнер шеберлері бірнеше аталым бойынша марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.