​«...ҚАЙТЕЙІН СЕНІ, ЖАС ӨМІР!..»

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
2267

 (кешегі ғасырға түйіндеме-саяхат). 

Павел КорчагинЖалпы, қандай тарих болса да, оның көркем келбетін келістіре кестелеп, кейіпкерлері арқылы болса да бағасын безбендеп-салмақтап, жетістігі мен кемістігін жіліктеп, мәңгі өлместей өміршең ғұмыр сыйлап, ұрпаққа сый-сыбаға сарқытындай сүрлеген қалпында аманаттап қалдыратын - қалам ұстаған сөз зергерлері! Орыс әдебиетінде ХХ-ғасыр еншісіндегі екі айтулы көркем туынды бар, екеуі де жастар жайлы, жас рух туралы және комсомол жайында: біріншісі – Н. Островскийдің «Как закалялась сталь» деген повесі, ал екіншісі – Ю. Поляковтың « ЧП районного масштаба» деген повесі. Екеуінің де негізгі желісі бойынша кино түсірілді және бүкіл Кеңес одағына танымал болды. 

"ЧП районного масштаба" кадр

Қызық болғанда біріншісі әрқашан « алғы шептен көрініп отыратын» жалынды комсомолды биікке көтере, мадақтай отырып, Павел Корчагин секілді алғыр жасты басқа жеткіншектерге үлгі етсе, келесі шығарма керісінше, сол комсомолды тұқыртып, жерге тыға, тіпті кейбір аморалдық жағдайларға да жетелеуші, тәрбиесі теріс, үйренері аз ұйым болды деген кермек ұғымды ашық түрде тықпалай отырып жазылған-ды. Бірінші туындыны қалың бұхара соншалық қызыға тамашалап, жақын қабылдап, тіпті Корчагиншілер қозғалысына негіз қаласа, екінші шығарманың ішінде көңілге кіді ғана емес, тіпті үрей шақыратын, көкейге қона бермейтін арзанқол көріністер «баса-көктеп» кіріп кеткендей шошына қарап, көпшілік арасында әртүрлі деңгейдегі пікірталастарға жол ашқанын өзіміз де байқағанбыз. 

Ғани МұратбаевБіздің қазақ топырағында да осы тақырыптас шығарма жазылмады емес, жазылды. Ол – Орта Азия мен Қазақстан жастарының жалынды жетекшісі болған, небәрі 23 жас жасап, дүниеден озған Ғани Мұратбаев жайындағы Ж. Арыстановтың «Жалынды жүрек» романы еді. ( Бұл жерде, әрине, А. Хангелдиннің, С. Асқаровтың, т.б. ағалардың да Ғани туралы азды-көпті еңбек жазғанын ұмытпақ емеспіз). Міне, сол шығарма негізінде «Біздің Ғани" деген кинофильм де түсірілген, оны жалпы жұртшылық өте жақсы қабылдаған да. 

Өткен ғасырдың 80-жылдары осы жолдар авторы да Сыр елінде комсомол қызметінде болған-ды, «ЧП районного масштаба» жарық көрген кезде кеудемізде әлдебір қарсылық сезімі, тіпті ашығын айтсақ, намыстану сезімі атойлап шыға келгенін несіне жасырайық. Содан соң, енді бастап жазып жүрген студенттік шақ туралы «Оянған сезім» деген шығарманың аяғына нүкте қоймастан, әрі қарай жалғастыра отырып, «Оянған намыс» деген екі бөлімнен тұратын романды түн жарымына дейін (қызметтен қол қалт еткенде) жанталаса еңбектеніп, ақыры жазып бітіріп едік. Кейінірек, екеуінің басын біріктіріп, қайта қарап, «Оянған ұрпақ» деген атпен толық аяқталған роман ретінде жарияладық. Сондағы біздің айтпақ болғанымыз – өткен ғасырдың жас ұрпағының тағдыры осы комсомол деген жастар ұйымына тұспа-тұс келді, не де болса, содан үйренді, соларға қарап бой түзеді, шын жаны таза, ары биік әрі ұлтын сүйе білген жастар кейінірек үлкен қайраткер болып өсіп-жетілді, көкірегінде кірі бар, ойы шашыраңқы, шынайылығы жоқтары көп қателіктер мен қылмыстарға ұрынды, айналып келгенде бұл ұйымға біржақты қарап, атүсті баға беріп, асығыс тұжырым жасап, жақсы қырларын сызып тастау қиянат болады дегенді меңзеу-ді. 

Жалпы туындымыз, кейінірек бағамдап көрсек, көрінгенге «қолжаулық» болып қалмапты, аса жаман шықпаса керек, 2001 жылы қазақ тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналып Мәдениет министрлігі өткізген жабық бәйгеде жүлде алғаны, сосын мемтапсырыспен 2002 жылы көп тиражбен кітап болып басылып, республика кітапханаларына арнайы таратылғаны тағы бар. Бірақ, өкінішке орай дейміз бе, қазіргі заман көзімен және мүмкіндігінше сол бір жастар ұйымының қам-қарекетіне шынайы да шыншыл баға беруге тырысқан осы шығармамыз да кино тіліне айналмады, тез ұмыт болып қала берген. 

Күні кеше атағы жер жарған комсомолға 100 жыл толды деп бүкіл Кеңес әлемі шуласып қалды – басым көпшілік комсомолды баяғыда-ақ «жерлеп» тастағанын тілге тиек етті, қанқұйлы, қиянатшыл, қатыгез ұйым болғандығын баса айтып жатты. Ал, біразы оларға қарсы шығып, «біржақты сөйлемеңдер» деп, өз дәлелдемелерін алға тартып бақты. Біз де сол бір тарих сахнасынан әлдеқашан «сырғып» кеткен ұйымды мақтап не даттап жатудан аулақпыз – алайда, даму заңдылығын ескерер болсақ, өткен замандарда не болса да, қандай оқиға орын алса да, оны ешкім, ешқашан бір ғана сызықпен жоқ қылып сызып тастай алмасы анық! (Біздің берген бағамыз өзіміз жазған «Оянған ұрпақ» романында көркем көрініс тапқанын қайталап еске саламыз, шығармаға зиялылардың саналы түрде оралатын уақыты туар әлі...) 

Болған –болды, өткен –өтті! Енді барша елдің бағы ма, соры ма – әйтеуір өткен ғасыр аяғында бетін бізден кері бұрып алып, тарих қойнына біржола тығылып үлгерген тарихи кезеңнің өзіне тиесілі таза, шынайы да шын бағасын беру – сөз жоқ, уақыт талабы! Тарихқа, қалай десек те, қиянат жүрмейді , осыны ақыл безбенінен ысырып тастамай, қай уақытта да есте ұстау ләзім...

Жолтай Әлмашұлы

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...