Ертеректе, біздің бала күнімізде, көнеден сөз саптап отыратын қариялар қарапайым еңбек етіп, дабыра...
Қазақ генофондының құпиясы қашан ашылады?
Қазақтың генофонды осыдан 500 жыл бұрын қандай өзгеріске түсті? Бұл – ғалымдар үшін зерттелмеген тақырып
Дерек көп. Бірақ жүйеленбеген.
Біз неге әртүрліміз?
Антрополог-ғалым Оразақ Смағұлдың "қазақ генофондын зерттейтін орталық керек" деп жүргеніне біраз болды.
Отбасылық институтының маманы Өзипа Жатқанбаева жоңғар шапқыншылығы мен одан арыдағы Шыңғыс ханның шеруінен кейін қазақтың генетикалық портретін өзгертетіндей тарихи жағдайдың болмағанын айтады. Бірақ "Біз неге әртүрліміз?" деген мәселе әлі жұмбақ. Өзбек, ұйғыр, түрікті бірден айыруға болады. Орысты да еуропа нәсілдес өзге ұлттан оңай ажыратасыз.
Қазақ ұлты Ү хромосомасы гапло кестесі / РФ Тектология академиясы сайтындағы мәліметтер бойынша дайындалды
Ал қазақтың бойында шығыс-азия популяциясының да, еуропа нәсілдестердің де белгісі бар. Ғалымдар "әртүрлілігіміз – біздің ерекшелігіміз" дейді.
Бәрібір сұрақ көп.
Бұл мәселе жапондарды да толғандырады
Себебі сырт көзге жапон, кәріс және қытай ұлттарының ұқсастығы қазақ, өзбек, қырғыздыкіндей.
Қазақстанда тұратын жапон зерттеушісі Ока Нацуко бұныменкеліспейді.
– Жапондардың мұнда бір кездері бір жерден келгені анық. Археологтар, этнографтар жапон популяциясы сырының ашылатын кезі жақын деп жатыр. Сол кезде жапон ұлтының біртектілігі анықталады. Бізде ұлттың генофондымен айналысатын орталық көп. Олар ұлттың генетикасын, портретіндегі өзгерісті бақылап отырады. Алдағы 100 жылда жапон ұлтының генофондына төніп тұрған қауіп жоқ, – дейді Ока Нацуко.
Қазақтың ағзасында еуразияның қаны жатыр
Нұрбол Баймұхан – қазақтың гені және жеті ата арасындағы байланыс туралы ғылыми еңбек жариялап үлгерген жас ғалым.
Біраз жыл бұрын сұхбаттасқанымызда қазақтың генетикалық портретінің 55-60 пайызы шығыс-азиялық популяцияға, 15-20 пайызы еуропалық, 15-20 пайызы Таяу Шығыс пен Орталық Азияға жататынын айтқан-ды.
Шығыс-азиялық популяция картадан осылай көрінеді / Фото sc.edu.gov.kz сайтынан алынды
– Қазақ жері Еуропа мен Азияның арасында орналасқан. Біздің бабаларымыз жауынгер болған. Жорықта олжаланған әйелдер ассимиляцияға ұшыраған генетикалық портретімізде із қалдырды. Қазақ әйелдері ДНК-сының түрлілігі славян әйелдеріне қарағанда 4 есе жоғары, – дейді Нұрбол Баймұхан.
Қазақ ұлтының 4 мың жылдық тарихы бар
Бұл – Оразақ Смағұлдың жеке тұжырымы.
Ол бізбен әңгімесінде "қазақтың бүтін этнос ретінде тарихы терең халық екенін толық дәлелдедім" дейді.
Мұндай ұзақ тарихы бар халық әлемде жалғыз еврей ұлты деп келіппіз. Бірақ оларға қатысты түсінік тек діни концепцияға негізделіп дәлелденіпті.
Археолог-ғалым Оразақ Смағұл қазақ тарихы 4 мыңжылдықтарға созылады деп сенеді / Фото жеке мұрағатынан алынды
– Бұл нақты ғылыми тәсілге жатпайды. Ал қазақтар – антропологиялық ерекшелігі жағынан Еуразияда тұрып жатқан халықтардың бірде-біреуіне қосылмайтын жеке-дара этнос. Мұндай ерекшелігі бар халық аз, – дейді Оразақ Смағұл.
Айта кету керек, қазақ ғалымының бұл тұжырымы әлемдік деңгейде өз бағасын алмаған.
Шығыс-азиялық популяцияның генетикалық портреті алдағы мың жылда өзгермейді
Бұл да – Оразақ Смағұлдың жеке дара пікірі.
Неолит дәурінде Қазақстанның оңтүстігінде еуропа нәсілдес адамдар өмір сүріпті. Бірақ олардың қазіргі еуропалықтарға қатысы жоқ. Біздің жыл санауымызға дейінгі VII-VI ғасырларда азиялық келбеттегі адамдар пайда бола бастаған. Ал III-V ғасырларда мұнда тұрған халықтың 25 пайызы моңғол типтес. Моңғол шапқыншылығы басталған кезде олардың үлесі тағы 20 пайызға артқан.
– Қазақтарды мынау таза қазақ немесе моңғол, орысқа ұқсас деп бөлуге болмайды. Әлемде ұлттарды айырып қарайтын өлшем жоқ. Қазақ даласында өмір сүрген адамдардың қаны араласып кеткен. Нәрестеміздің құйрығындағы көк таңба мен қиығы қысықтау қара көзіміз генетикалық жаратылысымызбен бірге пайда болған. Ол өзінен-өзі кетіп қалмайды. Үшінші мыңжылдықты да біз осы келбетімізбен қарсы аламыз, – дейді Оразақ Смағұл.
Адамзат тұқымына данышпандықтың қодын енгізу үшін әртүрлі айла-тәсілге жүгінген
Мұндай әрекеттің басым көпшілігі ХХ ғасырда жасалыпты. "Сингапур кереметінің сәулетшісі" Ли Куан Ю әр сала бойынша ең дарынды деген жоғарғы сыныптың ұл-қызын лагерьге жинап, ұлттың генофондын жақсартуга тырысқан.
Бірақ бұл әлемдік қауымдастық тарапынан сынға ұшырапты.
Америкалық генетик-ғалым Роберт Грекхэмнің зертханасына жиналған 70 пайыз донордың ұрығынан "Нобель" сыйлығының иегерлері шыққан. Мұнан кейін ол жер бетіндегі ең кемеңгер деген ұлы адамдардың шәуетімен данышпан ұрпақ сүйгісі келетін әйелдерді жасанды жолмен ұрықтандыруға кіріскен. Он тоғыз жыл ішінде осындай тәсілмен 200 нәресте дүниеге келіпті. Бірақ олардың бойынан тектіліктің де, данышпандықтың да белгісі байқалмаған. Ісінің нәтиже бермегенінен көңілі қалған ғалым сұлулық пен тектілікті жасанды жолмен қалыптастыруға болмайды деген байламға келіпті.
Ал қазақ тектілікті қалай сақтаған?
Құнанбайды анасы Зеренің дәретсіз қолға алмағанын Семей, Қарауыл өңірінің ақсақалдары беріге дейін айтып келіпті.
– Досхан Жолжақсынов пен Таласбек Әсемқұлов "Құнанбай" киносында Зеренің сөзімен "Дәретсіз омырауымды аузыңа салмаған едім. Орыстың арам тамағын жеп асыл сүйегің жасыды-ау" деп тамаша келтірген. Құнанбайдан Абай шықты, – дейді Өзипа Жатқанбаева.
Тектіден тұяқ қалмауының сыры неде?
"Ұлыларда неге ұл болмайды?" деген сауал көп көкейінде жүрген.
Ілияс Есенберлин "Көшпенділер" романында Олжабай батырдың көз жұмар алдында Абылай ханға: "Атадан жалғыз едім. Жалғыздық жеті ұрпағыма дейін жалғасады. Жетінші ұрпағымда менің тегім үзіледі" дегенін келтіреді. Жетінші ұрпағы – Олжас Сүлейменовте ұл жоқ. Ақынның азан шақырып қойған есімін бабасының құрметіне Олжабай деп қойғанын, анасы Фатиманың еркелетіп Олжас деп атағанын екінің бірі біле бермейді.
Мұны ақын 2009 жылы бізбен әңгімесінде айтқан болатын.
Ұлыларға келгенде табиғат демалады
Өзипа Жатқанбаева | Қаныш Сәтпаев, Әлкей Марғұлан тәрізді тұлғалардың да соңында ат ұстар ұрпақ қалған жоқ. Өмірден бір перзентке зар боп өткен арыстарымыздың тағдыры – тектілік феноменінің ашылмаған құпиясы. – Бір кем дүние. Қазақ мұндайда "тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ" деген. Тектіден тұқым қалуы оңай нәрсе емес, – дейді Өзипа Жатқанбаева. |
Қазақтың "жұлдызы жанды" деуінің астары "С-3 starclaster" жасушасының оянған сәтіне тура келеді
Өзипа Жатқанбаева АҚШ генетигі Роберт Грекхэмнің зерттеулерінде гендегі ерекше құбылыстың осылай аталатынын айтады.
– Грекхэмге сенсек, гендегі жұлдызды жасуша – адамзатқа ортақ. Қазіргі ғылым оның құрамын 11 пайыз, араға уақыт салып ояну мүмкіндігін 6 пайыз деп отыр. Геннің жылдар бойы ұйықтап жатуы, үш-төрт ұрпақ ауыса оянуы, тіпті оянбауы да мүмкін. Қазақтар бұл құбылысты "жұлдызы жанды" деп бір ауыз сөзбен түйіндеген.
"С-3 starclaster" жасушасының оянуына сыртқы фактордың әсері белгісіз, – дейді Өзипа Жатқанбаева.
Әлем ағзасына таза қан керек
Генетикалық ауытқуға байланысты дерттердің жиілеуі ғалымдарды алаңдатады. 23 жұп, 46 хромсома – қалыпты адамның генетикалық көрсеткіші. Ақын, прозаик Пауло Коэльо "Адамзатқа берілген құндылық атаулының әміршісі – адалдық" екенін айтып кетіпті.
Адам хромосомындағы ДНК құрамының қазіргі ғылымға белгілі картинасы / РФ Тектология академиясы сайтындағы мәліметтер бойынша дайындалды
Өзипа Жатқанбаева генетика әлемі де жұптасуға деген адалдықты сүйетінін айтады. Себебі екі-екіден жұптасқан 23 жұптың біреуінде артық хромосом пайда болса, генетикалық қалыптылықты бұзып жібереді. Бір жыныстылардың бір-біріне деген құмарлығы, жақын бауырлардың бір-біріне үйленуі гендегі гармонияның тас-талқанын шығарған.
Әлемде тектілік формуласының шешімі табылған жоқ
Тек жағынан азып-тоза бастаған адамдар үшін жеті ата ауыспай қыз алыспайтын қазақтың дәстүрі – экзотика. Бірақ қазақтың тектілігі өзгеден кем де, артық та емес.
– Қазақта "жеті атаға дейін қыз алыспайды, тектілігіміздің негізі сол" деген экзогамиялық шектеу бар. Тарихшылар мұндай шектеулер қан тазалығы үшін емес, көрші рулармен араластықты, одақтастықты ұстау үшін керек болғанын да айтады. Қазақ генофонды құпиясының тамыры тереңде жатыр. Бұл – қазақта аз зерттелген тақырып, – дейді Өзипа Жатқанбаева.
Тектілік тек атадан тарай ма?
Зерттеуші-ғалым Тұрсын Жұртбаев бізбен әңгімесінде Шыңғыс ханның ата-бабасының, Еуропадағы асыл тектілердің ақсүйек екенін еске түсірді.
– Кезінде "Қазақтар – шығыстың француздары" дегендерді Асқар Сүлейменов: "Жоқ, қателесесіз, "Француздар – Еуропаның қазақтары" деп түзеткен. Қазір Парижді қойып, жапондарды қандасымыз деп жүрміз, – дейді ол.
Тұрсын Жұртбаев қазақ ұғымында адам бойындағы физиологиялық және мінез-құлық ерекшеліктері ата-әке жағынан берілетінін айтып өтті. Бір жатырдан шыққан бауырлардың бір-біріне үйленуіне жол бермеген. Ал шеше жағынан туыс бөлелердің отау құрғанына аса мән қоймаған.
– Тектология ғылымы болса, әке-шешенің қанымен берілетін генетиканың бірдей рөл атқаратынын айтады. Генетикада зерттелетін келесі маңызды мәселе – тұқым қуалайтын өзгеріс факторларынан және оның ауыр зардаптарынан құтылу жолын зерттеу. Медицина хромосоманың өзгеруіне байланысты пайда болатын бірнеше тұқымқуалайтын ауруды анықтады. Оларды хромосомалық немесе геномдық ауру дейді. Медицина "баланың 60 пайыз қаны анадан өтеді" дейді.
Демек екі тараптан да қауіп бірдей, – дейді Тұрсын Жұртбаев.
Қазақ генофондына төнген қауіп еселеніп кетті
Бірақ, ең бастысы іште екен.
Қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменнің пікірінше, шетелге сатылған 20 мың бала генофондқа әсер ете алмайды. Тіпті шетелдікке күйеуге шыққан қыздарымыздан да зиян жоқ. Олардың қазақтығы өздерімен кетеді. Олардан туған толқын ешқашан қазақ болмайды.
Басты қауіп – балалар үйінде тәрбиеленіп жатқандардан. Олардың аты-жөні қазақша болғанымен, затын, руын, тегін түгендеп жатқан ешкім жоқ. Ертең тегін білмегендіктің кесірінен ағасының өз қарындасына үйленіп қалмасына ешқандай кепіл жоқ.
– "Ел боламын десең, бесігіңді түзе" деген. Тәрбиені бесіктен бастайық, – дейді Жарасбай Сүлейменов.
Тегінен адасып қалғандар ұрпақты аздырады
Жеті атаны білу – 175 жылғы тарихты білу. Әр атаны 25 жылдан есептегенде жеті атаның дәуірі осы.
– Тентек иә жынды болса да, бала әкесінің тегінде болуы керек. Мұны баланың анасы, нағашы жұрты да өз жауапкершілігіне алуы тиіс. Бұл – дала заңы, бұл – баба заңы, – дейді Жарасбай Сүлейменов