«Қазақ тілінде заң жазатын маман жоқ»

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
1568

Осылай деп қана қоймай, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев және «ОРЫС ТІЛІНДЕ ЖАЗҒАН ЫҢҒАЙЛЫ» дегенді үстепті. Бұған біреулер күлсе, біреулер ренжулі. Екі жақтың да өзіндік уәжі бар, түсінемін. Алайда, осы жерде, Димаш Құдайберген деген бала жалғыз өзі бүкіл әлемдік өркениет жұртшылығының қазақтың әні және тіліне деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігін туғызып жүргенде, «Бұл қадай?» деген орынды сұрақ туады. Бірден жауап таппай аң-таң болғандайсың. 

Адамзат баласы қазақ жерінен бастау алған деп «жаңалық» ашып жатыр бір «ғалым». Қазақстан түрік нәсілінің кіндік Отаны, қазақ тілі –қорабасы дейміз. Еуропа 16 ғасырға дейін, Московия одан да беріге дейін түрік, яғни қазақ тілінде сөйлепті. Солай дейді білетіндер. Келісейік. Ендеше, тым әріге бармай-ақ беріректен бастап, Алтын Орда дәуірінің ресми құжаттарын көргіміз келеді. Өкінішке қарай, хандары бодандарына табанының ізін сүйгізумен бар шаруаны бітіре салғандай ма, мұрағаттарда ондай «дүкіменттер» жоқ. Керей, Жәнібек құрды дейтін қазақ хандығының ресми құжаттарын да көргіміз келеді. Іздесек, олардан да ондай түк қалмапты. Бізге жеткені анау олай депті, мынау былай депті, ауызекі аңыздар ғана. Ал қазақтың ел билеу хандық жүйесі жойылып, патшалық Ресейдің әкімдік жүйесі қалай орнады, солай ресми іс қағазын жүргізу енгізілген. Қазақтың бұл тілге жаппай мылқаулығына қарамастан орыс тілі бірден ресми тілге айналған. Алдындағы малының қисапсыз көптігіне мастанған ру басылары, менменсінген кеудемсоқ байлар Ресейде түрік нәсілділерден алдын-ала арнайы үйретілген тілмаштардың алдында жас баладай жаутаңдап, піштиген де қалған. Тілмаштар болысыңнан, қайсыбірі аға сұлтаныңнан де биіктеп кеткен. Өйткені қырдағы қазақ шонжарларының тағдыры тілмаштардың тілінің ұшында ілініп тұратын еді. Осы орайда аға сұлтан Құнанбай да, болыс болған оның баласы Абай да Ресей әкімшілігінің алғашқы шенеуніктері болған еді десек, ақиқаттан алыс кете қоймаспыз. Әрине, Абай бұл билікке қазақтың оңайлықпен бейімделе алмайтынын, мінезін сындырып жағымпаз-жалтақ, бір-бірінің үстінен ұлыққа шағымданған боп өсек таситын жігерсіз тобырға айналатынын бірден байқаған сияқты. Абай сөздеріне тереңдеп үңілсек, «Болыс болдым, мінеки, бар малымды шығындап», «Мәз болады болысың, арқадан ұлық қаққанға, шелтірейтіп орысың шенді шекпен жапқанға» дегені, осы күнге дейін айтып келгеніміздей, болыс болғысы келген адамды емес, адамды азамат етпейтін, керісінше, бар адамдық қасиеттерін жұрдайғып сыпырып алып, қуыршақ міскінге айналдыратын сайлау жүйесін, сол арқылы қазаққа жасалып жатқан озбырлықты сынағаны-ау деймін. Айтпақшы, осы жерде Абай орысқа бір ауыз қарсы сөз айтпаған деген бүгінгі айыптаушыларға жауабы да көрініп тұрғандай ғой. «Арқаға ұлық қаққанға», «шелтірейтіп орысың» дегені, әдебиет терминімен айтқанда, ирониясы мен сарказмы қоса өрілген ашулы сөздер емес пе... Қайта-қайта болыс сайлану мүмкіндігі бола тұра Абайдың ол ниеттен ертерек бас тартуы содан ба деймін. Абай орысша білмейтін қазақтың жақсысы мен жаманының қайсысы да орыс әкімшілігі алдында қауқарсыз сорлы болып қалғанын өз көзімен көріп, өз жанымен сезген. Оның орыс тілін үйрену керек дейтіні орысқа деген ерекше құрметінен емес, тағдыры қылкөпір үстінде қалған қазақ үшін қашып құтылмас қажеттілік болғанын жете білгендіктен туған, әлі күнге дейін біз түсіне алмай жүрген астарлы ойы ма деймін. Көзіқарақты оқырман біледі ғой, жазушы Ғ.Мүсіреповтың жас кезінде сауатсыз қазақтардың жоғарыға арыз-шағымын орысша жазып беріп, кәдуілгідей мал тапқанын. Осылайша орыс тілін Ресей билігі қатыгез әкімшілігі арқылы қазақтың жонын тіліп тұрып күштеп енгізген. Босада қазақ хандарында кеңсе деген болмапты, елдің ішкі, сыртқы тірлігіне қатысты келелі шешімдерін кеңсе арқылы хаттап жазып қалдырған үлгілері бізге жетпепті, есесіне, Ресейдің империялық кеңсе тілі және іс жүргізу үлгісі қазақтың да кеңсе тілі мен іс жүргізу үлгісіне айналды. Рас, 1917 жылғы ақпан және қазан төңкерістерінен кейін дербес ел боламыз деп жанталасқан Алаш партиясының жиындары қазақ тілінде өткен, алған қаулылары мен шешімдері қазақ тілінде хатталған. Солардың бізге жеткен тамаша үлгілері баршылық. Алайда «алаштықтар қазақты Ресейден бөліп алғысы келеді, ал біздің Ресейсіз өмір сүруіміз мүмкін емес», деген шаласауатты желікпе бәлшебек қазақтар Алаштың саяси әлеуметтік мұрасын мансұқ етті, империялық Ресей салып кеткен бұрынғы таптаурын ізге қайта түсті. Мұның аяғы қазақ мектептерінің жаппай жойылуына әкелді. Кемі үш-төрт буынның орыс мектептерінде оқып, орыс тілді қазақтардың сан жағынан басымдық алып кетуін туғызды. Егемендік алғанда биліктің негізгі тұтқалары солардың қолында еді. Биліктің барлық буындарындағы жиындар орыс тілінде өтетін, барлық шешімдер орыс тілінде жазылып хатталатын дәстүр өзгерместен сол күйінде қалды. Егемендік алдық, қазақ ақыры өз қолы өз аузына жететін тәуелсіз мемлекет болды, енді өлуге айналған тілімізге жан бітірейік, босағадан төрдегі өз орнына шығарайық деген ой билік ұстаған орыс тілділердің санасына кірмек түгіл, түйсігінде де болған жоқ. Қазір кейбіреулер Ата заңға қазақ тілін мемлекеттік тіл деп енгіздік деп мақтанады, үлкен жетістікке балайды. Мемлекет шаруасында ресми тілдің жоғары болатынын ескермеу немесе таза білмеу ғой бұл. Ресми тіл дегеннің бетпердесін сыпырсаң, аржағынан ұлтаралық, мемлекетаралық қатынас тілі деген ұғым шығады ғой атойлап. Әйтпесе, міне, арада қаншама уақыт өтті, нешеме ұрпақ ауысты, мемлекеттік тілдің құзыреті шынымен жоғары болса, қазір ол ресми тілдің астында аяқ-қолы тыпырлап жатпас еді ғой тұншығып.

Бастапқы ойыма қайта шегінсем, Алтын Орда қыпшақ тілінде сөйлепті дейміз. Қазақ тілінің байлығы әлемді бағындырған ағылшын тілінің өзін он орап алатынын шығармаларын қазақша жазған неміс Герольд Бельгер де айтып кеткен мақтанып. Дұрыс деп бас шұлғимыз, тамсанамыз. Солай бола тұра егеменді ел болғанымызға отыз жылға аяқ басып тұрғанда, министр Абаев мырза қазақ тілінде заң жазатын маман жоқ, орыс тілінде жазу ыңғайлы деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Әрине, бұл жерде ол жаңалық ашып отырған жоқ, бар мен жоқтың аражігін аршып турасын айтты. Бар болғаны сол. Иә, заңды да, ресми құжаттарды да орыс тілінде жазу ыңғайлы. Өйткені Қазақстанға патшалық Ресейдің әкімшілік жүйесі енгізілген күннен бастап бүгінгі күнге дейін үзілмей келген, әбден қалыптасқан мектеп осы. Ойлансаң, өкініштен іш удай ашиды.Мемлекет тәуелсіз, қазақ тілі мемлекеттік тіл деп Конституцияда бекітілген. Біздегі толып жатқан заң факультеттерін былай қойғанда, арнайы Заң университеті де бар ғой. Солардың қабырғасында қазақ тілінде Заң жаза алатын, қазақша ресми кеңсе тілінде іс жүргізе алатын мамандар неге дайындалмаған. Отыз жыл бойы қайда қарап келгенбіз. Біздің қаптаған филолог мамандарымыз балконды қылтима дегендей айдалаға лаққанша, осындай мемлекеттің табан тасын бекітетін келелі іспен неге айналыспаған...

Иә, біз қазақ тілі деп шулап келдік. Әлі де солай шулаймыз. Нәтжесі белгілі. Мұндайда басқа этнос өкілдері қазақ тілі қазақтың өздеріне керек шығар, ал біздің ортақ ресми орыс тіліміз бар ғой дейді де қояды. Ата заңға жазылған күннен қазақ тілінің мәселесін мемлекеттік мәртебесі тұрғысынан көтеру керек еді. Сонда, бәлкім, Қордай оқиғасы болмас па еді. Министр Абаев мырза Заңдарды, ресми құжаттарды орыс тілінде жазған ыңғайлы деп айтпас па еді. Оның бұл сөзіне күлгендерге де, ренжігендерге де мен қосылмаймын. Мен бар болғаны... ұяламын...

                                                                                              Өтен Ахмет,

                                                                           Мәдениет саласының үздігі

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...