Біздегі киік екі түрлі популяцияға бөлінетін. Біреуі Бетпақтың, екіншісі Маңғыстаудың бөкені. Бетпақ...
«Мен батыр емеспін. Жай ғана өмір сүргім келеді»
Өмірге құштар, қуақы, бауырмал... 36 жастағы Гүлназ ҚОСМЫРЗИЕВА мүгедек арбасына таңылса да, өмірдің ауыр тауқыметіне сынбады. Әлеуметтік желілердегі парақшасын көрген соң, оның қандай белсенді жан екенін ұғынып, танысуға бел байладым.
- Әдеттегідей өмір сүрдім, мұнай және газ институтын бітірдім, жұмысқа орналастым. 2006 жылдың 10 тамызында Құлсары қаласының маңында сұмдық көлік апатына ұшырап, бүкіл өмірім өзгерді, - деп әңгімесін бастады Гүлназ. – Мойнымнан төмен бүкіл денем сал болып қалды. Бірақ дәрігерлердің көмегімен бұл қиындықтан құтылармын деп үміттендім. Олай болмады... Айлар өте берді, ал мен дәрменсіз боп қалдым. Өздігімнен ештеңе жасай алмадым, бірнеше жыл қасықпен тамақ беріп, тісімді де жуып беретін. Өз-өзіммен тұйықталып кеттім, басыма түрлі жаман ойлар келіп, әр күн бітпестей көрінетін.
Егер Гүлназдың ерік-жігері болмағанда, осылай жалғаса берер ме еді. Біраз уақыттан кейін ол Қырымға оңалту емін алу үшін аттанады.
- Бір сәтте өзімді қолға алдым. Қырымда осындай жағдайға тап болған адамдарды жақсы сауықтыратынын көрдім де, байқап көру керек деп шештім. Өзім сияқты мүгедек арбасына таңылған, бірақ тағдырына басқаша көзбен қарайтын жандарды кездестірдім. Жұмыс істеп, спортпен айналысады екен... Атырауда ешкімді көрмейтінмін, ешкімді танымайтынмын, екінші қабатта тұратындықтан сыртқа да шықпадым. Ол жақта ештеңеге қарамастан, өмірдің керемет екенін түсіндім, сол алған қуатым әлі күнге дейін жетіп жатыр.
Гүлназдың басқаша өмірі осылай басталған. Арбасымен қала көшелеріне жиі шыға бастады. Бастапқыда психологиялық тұрғыда қиын болды, адамдар көзінің қиығымен немесе аяушылықпен қарар деген қорқыныш болды. Ол мүсіркеп аяғанды ұнатпайтын. Бірақ кейін ондай нәрселерге мән бермейтін болды.
- Ұзақ уақыт төрт қабырғада қамалып отырып, бір күні сыртқа шықсаң, қандай бақыт екенін сонда түсінесің. Таза ауамен демалып, күн шуағына бөленудің өзі керемет сезім. Ал денің сау кезде мұндай нәрселерге мән бермейсің ғой, - деп күрсінеді сұхбаттасушым.
Осы бақытсыз жағдай басына түскен кезде жасы 24-те еді:
- Бұл нағыз жастықтың дәурендеп тұрған шағы ғой, - дейді ол.
Ауыр кезеңдерде жанында анасы болып, күндіз-түні жалғыз қызына қамқор болған.
- 2015 жылы анам көз жұмған соң жалғыз қалдым. Тіпті, нанның бағасы қанша екенін білмейтінмін. Әрине, туыстарым көп, бірақ ананың орны бөлек қой....
Қазір Гүлназ азық-түліктерді өзі сатып алады, коммуналдық қызметтерді де төлейді, бәрін өзі жасайды.
- Өмір мәжбүр еткен соң, соны жасайсың. Қолымнан келмейтін шығар деп ойлаған едім, бірақ бәрі де мүмкін екен.
«ҚАЛАДА 500 МҮГЕДЕК БАР, ОЛАР ҚАЙДА?»
Гүлназ Атыраудағы мүгедектер проблемасына қатты алаңдайды. Ең бастысы – мұнай астанасы мүмкіндіктері шектеулі жандарға еш бейімделмеген:
- Қалада 500 мүгедек бар, олар қайда? Бәрі үйлерінде отыр, өйткені үйіміз бен баратын жеріміздің көбі оларға ыңғайлы жарақталмаған. Бізде бәрі басқаша болғанын, әр жан қалаған жеріне баратындай жасағым келеді. Мүгедек жандар тек дәріханалар мен ауруханаларға ғана баруы міндетті емес. Мен, мысалы, клубтарға, мейрамханаларға, киноға барамын.
- Өкінішіңіз бар ма?
- Жоқ. Әр адам өзі дұрыс деп есептеген нәрсені жасайды. Кейін ол қателік болуы мүмкін, өзіңді өкінішпен қинаудың қажеті жоқ. Қателіктен сабақ алады, бірақ, әрине, өзіңдікінен гөрі бөгде біреудің қателігінен сабақ алған жақсы (күледі). Тек анам ғана жетпейді... Ал басқа қиындықтардың бәрін еңсеруге болады.
Қазір Гүлназ түрлі тренингтерге, семинарларға қатысады, көп оқиды, көп тыңдайды. Өткен жылы Алматыда атақты Ник Вуйчичпен кездескен.
- Сондай ғажап адам! – деп сүйсінеді Гүлназ. – Аяғы да, қолы да жоқ, тіпті мұрнын да қаси алмайды, бірақ бүкіл әлемді аралап, мүмкіндіктері шектеулі жандарға күш беріп жүр. Өзінің төрт баласы бар. Дамыған елдерде мүгедектердің өмірі бізге қарағанда, бейімделу тұрғысында қолайлырақ, рухтарының мықты болуына да сол қолдау болады. Никтің арбасы өте ыңғайлы, ол серфингпен айналыса алады... Егер бізде жағажайда мүгедектерге арналған көлбеу болса, мен де шомылар едім.
Әрине, тұрмыста Гүлназға қолдау болмаса өте қиын, сондықтан үй-ішіне оған өзімен бірге тұратын күтушісі көмектеседі екен.
- Мен тамақ әзірлей алмаймын, бірақ жей аламын (күледі).
«ӨТІНГІМ КЕЛМЕЙДІ. БӘРІН ӨЗІМ ЖАСАҒЫМ КЕЛЕДІ»
Арбасымен қаланы аралайды, сауда орталықтарына барады. Мүмкіндіктері шектеулі кез келген адам қоғамның толыққанды мүшесі бола алатындығына сенімді. Тек ол үшін жағдай жасалуы керек. Сонда «мүгедек» деген сөз болмайды.
- Мәселен, мен қалам ұстай алмаймын, бірақ менің қолыма бекітетін арнайы қаламым бар. Осылайша, жаза аламын. Осындай мүмкіндік болғаны да бақыт.
2015 жылы Қазақстан БҰҰ мүгедектер құқықтары туралы Конвенциясын ратификациялады, бірақ...
- 2019 жылы мүгедектігі бар жандар жұмыс істей алады, өзі үшін және қоғам үшін пайдалы нәрсемен айналысады деудің орнына, әлі пандустар туралы айтып жүрміз. Бізде еңіс жер жоқ, жағалай жиектастар, көлік жолымен қозғалуға тура келеді. Пандуссыз кез келген көңіліме ұнаған дүкенге кіре алмаймын, өткіншілерден көмек сұрауға тура келеді. Осындай кезде адам өзін мүгедек сезінеді. Ал мен өтінгім келмейді, бәрін өзім жасағым келеді.
Гүлназ клубтарға барып, арбамен билеген кезде, өзіне көп адам жақындап, таңғалатыны жөнінде жылы жымиып әңгімелеп берді.
- Олар үшін Кеңес Одағының батыры секілдімін. Ал мен батыр болғым келмейді.
Сұхбаттасушыммен тілдескен сайын оның рухы мықты, өмірге құштар жан екендігіне сүйсініп, құрметім де арта түсті.
- Ең бастысы - өз-өзіңді, өз рухыңды жоғалтпау. Егер рухыңды жоғалтсаң, денең де оның соңынан ереді. Бұл адамның физикалық мүмкіндігі шектеулі ме, жоқ па, оған байланысты емес. Өмір – біреу, жүрегің лүпілдеп соғып тұрғанда, өмір сүру керек, өйткені ерте ме, кеш пе, бәріміз де бұл өмірден кетеміз. Құлпытаста туған күні мен өлген күні көрсетіледі де, арасына сызық қана салынады. Бүкіл өмірің осы сызықпен бейнеленеді. Өміріңнің соңында не айтасың – іштім, жедім, қонаққа бардым, сосын болды дейсің бе? Бұл сызықта маңызды нәрселер түйінделуі керек.
Гүлназ өткен жылы үш елде – Мысырда, Түркияда және БАӘ-де болған. Енді Таиландқа барғысы келеді.
- Барамын. Атырауда мүгедектер тұратын үлкен үй болса деп армандаймын. Ондай үй Ақтөбеде бар, өте қолайлы, олар үшін бүкіл жағдайы жасалған үй салынса екен.
Гүлназ ешқашан «жоқ, қолымнан келмейді» деп айтпайды. Бимен айналысу туралы ұсыныс түскенде де "жоқ" демеген. Ал бүгінде Қазақстан чемпионы.
- Маған ұсыныс жасады, байқап көрдім, қолымнан келді. Өткен жылы қазанда Алматыда арбамен билеуден Қазақстан чемпионаты өтті. Ол жерде серігім Айсұлтанмен бірге номинациялардың бірінде бірінші орын алдық. Сондықтан, тағы да қайталаймын, бұл өмірде ештеңеден қорықпау керек
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ