2021 жылдың 11 маусымынан бастап, Ә. Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер муз...
Қазақтың тұңғыш суретшісі немесе қазақтың алғашқы суреттері
Қазақ бейнелеу өнері өзінің бастауын көне тас, қола, темір дәуірлеріндегі жартас суреттерінен, одан қалды сақ-скиф, ғұндар және түрік қағанаты заманынан алады. Ал нағыз кескіндемелік кәсіби бейнелеу өнері ХІХ ғасырдағы ұлы бабамыз – ғалым Ш. Уәлихановтан басталады. Одан бері бейнелеу өнерінің негізін қалаған классик суретшілеріміз: Ә. Қастеев, Н. Г.Хлудов, О. Таңсықбаевтарды атауға болады. Бұлардан кейінгі буын ұрпақ суретшілері қазақ өнерін әлем танитындай деңгейге көтерді.
Әйгілі саяхатшы-ғалым Шоқан Уәлиханов туралы жазылған зерттеу кітаптары өте көп, алайда, оның көбінде суретшілік қыры қалыс қалдырылып жатады. Ш. Уәлиханов – адам мінез-құлқын дөп басып бере алатын психолог, жоғары шеберліктегі суретші. Оның көптеген портреттік еңбектері ішкі психологиялық сезімге құрылған озық туындылар. Оның «Би Сартай», «Сұлтан Мамырхан Рүстемов», «Ханқожа Уәлиханов» портреттерінде дәрежелері шамалас болса да, әр кейіпкерді өзіндік тұғырда білгірлікпен бейнелей бергендігін мамандар жиі айтады. Шоқанның сурет техникасын,ілім заңдылықтарын жете білетіні еңбектерінен білініп тұрады. Оның, әсіресе қысқа мерзімде салған суреттері өзіндік бет-бейнесімен, әсерлілігімен, профессионалдылық орындалуымен маман суретшілердің өзін қайран қалдырып жүр. Осындай ерекше туындылардың бірі – «Тезек төре» кескіні. Мұнда қазақтың белді сұлтаны, үлкен дипломат бейнесі айшықты да ойлы, терең философиялық дәрежеде кескінделген. Ресейдің боданында отырып, азулы Қытаймен байланыс орнату ол заманда оңай болмаған екенін жақсы білеміз. Қос империяның ықпалында отырып, олардың тілін тауып, халқын басқару қиынның қиыны еді. Ол тек ақылды әрі айлакер адамның қолынан келетін іс. Міне, осындай тұлғаның бар болмысын ашу тек шын таланттының ғана қолынан келеді. Бұл суретте сұлтан кейпі мұқият салынған да, төмендеген сайын сызық қоюлығы сұйылып, тұлғаның аяқ жағы тек сызықпен берілген. Бұл да бір бас июге тұрарлық ерекшелік.
Бүгінде мамандар Шоқан суреттерінен ұлы суретшілерге тән әдісті анықтады. Оның көптеген суреттері Қайта Өрлеу дәуірі суретшілерінің туындысына ұқсайды. Солардың техникасымен әдістерін қайталайды. Бұл Шоқанның ұлы суретшілер Леонардо да Винчи, Рафаэль Сантидің графикалық суреттерімен таныс болғандығын дәлелдейді. Әсіресе, оның долбар суреттері Леонардо да Винчидің эскиз суреттеріне өте ұқсайтындығы айтылып жүр. Шоқанның шоқтығы биік жұмыстарының бірі – осы долбар суреттері. Кезінде Пикассо тамаша иірімді графикалық сызықпен сызған көгершін суретімен аты әлемге танылғандығын жақсы білесіз. Оның сол суреті бейбітшілік нышаны болып, дүниенің түкпір-түкпіріне тарады. Пикассоның туындысындай сызықтың толқынды ізімен туындаған тартымды суреттер Шоқанда жетерлік. Соның бірі – «1856 жылы Құлжада қытай жайсаңдарын қабылдауымыз» атты топтама портреттік шығарма.
Ш. Уәлихановтың талғамы жоғары туындыларының қатарына «Потанин портреті», «Қазақтың бейнесі», «Қырғыздардың ат баптауы», «Ұйғырлардың киім киісі» т.б. жұмыстарын жатқызуға болады. «Қырғыздардың ат баптауы» долбар суреттерінде бір дәуірдің ұлттық бояуын, халықтың мінез-құлқын, салт-санасын білгірлікпен шынайы жеткізген.
Жалпы алғанда Шоқан Уәлиханов өте сезімтал, көреген суретші, шеберлігі жағынан сол кезеңдегі орыстың атақты суретшілерінің алдыңғы тобынан орын алады. Оның бізге қалдырып кеткен мұра суреттері соны айғақтайды. Ш. Уәлихановтан кейін қазақ бейнелеу өнері Ұлы Қазан төңкерісінен кейін дамыды. Революцияның алдында және одан кейін де қазақ жеріне орыс суретшілері табан тіреп бейнелеу өнері мектебін қалыптастыруға шама-шарқынша ұмтылды.
Madeniet.kz