Қазақ идеологиясы Йасауиден бастау алады.Бір Фатиха үш Ықылас оқып, Қожа Ахмет Йассауи мен Әмір Темі...
Сәкен қай жерде туған?
Осы сұрақтың кім-кімді де мазалайтыны анық. Өйткені, дерек көздерінің әлі де жұтаңдық ауылынан ұзамағаны ел арасындағы шикілі-пісілі әңгімелерге арқау екені белгілі жағдай.Иә, сонымен Сәкен Сейфуллин қайда туған?
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының орта шеніне шейін Жаңаарқа ауданына қарасты С. Сейфуллин атындағы ауылда, яғни Иманақ тауының баурайында дүниеге келген деп тасқа басылып келген. 70, 80, 90, 100 жылдық мерейтойларының Жаңаарқа топырағында аталып өткені соның салдарынан. Әлі есімде, ол кезде қара сирақ баламыз, жетпіс жылдық тойында ақбоз атпен олай да былай шауып жүрген Сәбит Мұқановты көріп таң-тамаша болғанбыз.
Ал, тоқсаныншы жылдардан былайғы тұста «Ойбай, аталарының қыстағы Қарашілікте екен, ендеше оның Қарашілікте туғанында дау жоқ», деушілер қатары көбейіп, ақыр соңында кіндік қаны тамған тұс – «Қарашілік» деген тоқтамға жүгінгендер ентік басқандай еді. Әйткенмен...
Осы «әйткенменнің» әлі талай адамды күдік көгеніне байлап жүргені жасырын емес. Оған негіз: ертедегі көзкөргендердің айтып кеткендері. Мысалы, Жаңаарқаның бір ардақтысы, соғыс ардагері, ұстаз Ботабай Мамыраевтың анасы, Сәкен Сейфуллиннің жақын туысы, жасы жүзден асып барып ол дүниелік атанған Бәтім (әлде Бәтіш пе екен, есіме түспей отырғаны) апайымыздың: «Он үш-он төрт жасымызда Сәкенді көтеріп, ойнатып жүретінбіз. Ол Есеннің бойында, мал әлі далада болғанда туған», - дегенін қайда қоймақпыз? Рас, «Қарашілік» Сейфулланың әкесі Оспанның және арғы ата-бабаларының қыстауы екеніне таласа алмайсың. Солай болған күнде Сәкеннің әкесі Сейфулланы 1937 жылы «Үлкен бұлақ» деген жерде отырғандарында ұстап әкеткенін естен шығармайық. Бұл «Үлкен бұлақ» қазіргі Ескене ауылынан жоғары орналасқан Гидроузел маңындағы жер атауы екеніне мән бергеніміз абзал.
Тағы бір дерекке назар аударайық.
«Сәкеннің туғанына тоқсан жыл толған тойында, яғни осыдан тура 35 жыл бұрын, Сәкеннің туған інісі Мәжит Жаңаарқаға келгенде ағайын-туғандар бас қосып сонда Мәжекең: «Сәкеннің туған жерін көрсетейін», деп бізге тілек білдірді, - дейді Тиышмағанбетов Аманкеш, - Содан Тайтөлеуов Мұса, Ахмедин Мэлс, мен, барлығы тоғыз адам Есен бойына қарай жолға шықтық. «Үш там» деп аталып кеткен Күшекеңнің (ру басы, батыр Күшікбай бабамыз) үш баласы жатқан тұстан әрі асқанда кезінде «Тоғыз үй» деп аталған, кейінде үйінді орыны қалған жұртқа тап болдық. Жанында жатаған қыр бар екен. Соның басында тұрғанымызда Мәжит: «Міне, күзекте Сәкен осы жерде дүниеге келген», - деді.
Осы екі пікірдің өзі Сәкен Сейфуллиннің «Қарашілікте» емес, Есен өзені бойында туғанын дәлелдесе керек.
Әрине, аспан ашық, күн жарықта бүйректен сирақ шығармақ ойым жоқ. Сөйткенмен, көкейдегі ойды айтпау және арға сын. Олай болса, ғалымдар, зерттеушілер осы мәселеге тағы бір айналып соқса деген көпшілік тілегін алдарыңызға тартпақпын.
Ләйім, береке-бірлігімізден айырмағай!