Барша түстің негізін қызыл, сары, көк түс құрайды. Жетпейтін түсті осы үш түстің қосындылары арқылы...
Той мен ой
Осы мақаламның беделді әдеби журналда жарияланғанына бақандай 17 жыл толыпты. Осы күндері қазақтың тойына қатысты қызу сөздер жүріп жатыр ғой. Соларға зер салсам, арада өткен 17 жыл ішінде ештеңе өзгермегендей көрінеді маған. Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?
Қазақтың тойы жайында аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Түрі жағынан да, мазмұны жағынан да біртүрлі оғаштау екені рас. Оңды-солды күйсеп тамақ жеу, кеңірдектен келтіре сылқылдатып арақ ішу, тіл күрмеле бөсіп ұзақ сөйлеу, өлең оқу. Оныңызды тыңдап жатқан ешкім жоқ. Әйтеуір, ұзақ-сонар ырду-дырду. Өтті-кетті, не қалды?
Бұқар Жырау тойына қатысты күнделігімнен бір үзік:
«Баяғыда бір шешен кісі: «Атқан жерде оқ қалар, тышқан жерде боқ қалар, өткен іске дөйт деген», деп уәж айтса керек. Біздің де «дөйт» дегіміз-ақ келеді. Бірақ... қаладан 300 шақырым жердегі бейіт басына бензин жоқта жан-жақтан ырғын машина ағылды. Аруақтар жатқан қабір үстінде тікұшақтар пыр-пырлап, қураған сүйектерге шейін шошытты. Қиқуласып, есіріп қазақ пен қалмақ «соғысты». Арақ судай ақты. Шынтуайтында той қызығын тамашалағысы келген қара халық одан тыс қалды.
Орыс ауданынан киіз үй іздеп, оны жабдықтап, ұйқысыз меңіп жүргенге шыдамай Молодежный ауданының әкімі, ғалым азамат, білікті өндіріс ұйымдастырушы Сайран жүрегі жарылып өліп кетті. Өрімдей екі жас жігіт машинаға жаншылып опат болды. Қыз зорланды. Орыс ағайын тойдың бағасын бір-ақ сөзбен шегеледі: «Бухали и жрали». 8/09.1993 ж.
Әлбетте, жөн-жоралғы адамдардың туысқандық-сыйластық қарым-қатынастарының көрінісі. Той тойлау да осы қатарға жатса керек. Алайда бүгінгі қазақ тойларының түр және мазмұн жағынан көбіне-көп ерсі шығып жататын себебі – феодалдық қоғамда қалыптасқандықтан жөн-жоралғыларымыздың кей жағдайда мына заманға сәйкес келе бермеуінен. Рас, көшпелі тұрмыс жағдайында той - өзінше ғажап институт болатын. Ол жерден жаңалық өзгерістерді естисің. Сағынғаныңмен көрісіп, көңіл мауқыңды басасың. Ол жерде өнердің алуан түрі сайысқа түседі. Өнердің өресінің кеңейуіне, жетіле түсуіне жол ашылады. Кәде-қауметтің де прагматикалық қисыны жоқ емес. Шай-қант жоқ жерге шай-қант келеді. Мата жоқ жерге мата келеді. Бөрік, шапан – ол да қат. Әкеден қалып, баласы да киеді дегендей... Ал мына заманда баяғы ескі кәдеңіздің көбі мағынасыз мазақ құбылысқа айналған. Тойға дорба сүйретіп барасың, аты шапан, аты кәстөм т.с.с. Оларыңды ешкім кимейді. Тойдан дорба сүйретіп қайтасың, ішіндегісі сенің ешбір қажетіңе жарамайды... «Тойбастар» деп телміресің, ішіндегісі не мұрын сүртуге, не басыңа салуға келмейтін кәкір-шүкір, табақ түбінде жататын бір шөлмек арағы демесең... Арзан шүберек пен кәкір-шүкірдің бір маусымдық аяқ асты заманында мұныңыз тіпті ерсі, ұят. Сырт көзге үңгірден жаңа шыққан адамдар сияқтанып көрінсек – ғажап емес.
Бұл айтқандарым төмен деңгейдегі тойға тән көрініс болса, ұлттық деңгейдгі тойлардан да жоғарыда бір мысал келтірдім. Сонымен, тойларымыздың сықпыты сырт көзге де, өзімізге де ұнамайды. Сонда да оны өзгертер, ақыл арнасына салар түріміз жоқ. «Барлық елдердің, жарлы-жақыбайлары бірігіңдер!» деген сияқты «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін керемет ұранымыз бар. Әмбебап сылтау. Аруақты сыйлаған болып, әлде қорыққан болып, ал давай, кеттік дейміз. Тарихи атаулы күндер кезегімен алдыңнан дөңгеленіп шыға келеді. Тараз қаласының тойы аяқталғаны сол еді, Алматы да ежелгі қала ғой, мың, әлде мың жарым жыл болып қалған жоқ па, деген әңгіме қоздай бастады. Осы тойшыл ұранның басында – зиялылар. Неге? Себеп көп. Мені көрдіңдер ме дегендей, жан-жақтарына қораздана қарап қойып төрде отырады. Ішегіңді үзердей етіп ұзақ-ұзақ баяндамалар жасайды. Теледидарға түседі, радиоға жазылады, газетшілер сұхбатқа тартады. Әкім екенің, ғалым екенің «дәлелденіп», халыққа бір көрініп қалатын жерің – тап осы ырду-дырду той секілді. Бұл өзі және зор «еңбек» - алды машина мініп, соңы шапан киіп қайтады. Және той кімге арналмасын, қай жерде өтпесін – құрамы өзгермейтін белгілі бір адамдардың шоғыры шұбырады да жүреді. Той - өндіріс, ал олар құдды бір соның штатындағы тұрақты қызметкерлер секілді. Ақындар сайысында, не кереметтің барын, бұрын мұндайда ылғи шаң қауып жүрсе де, бас жүлдені сол той өткізген жердің өлеңшсі жеңіп алады.
Қазақтың ру-атаға бөлініп, бөлшектеніп тұрған жағдайында тойдағы төбелесте біреудің басын жарған «батыры», жақсының жағасынан алып бетін қайтарған «шешені», енді осылардың асқан артық қасиеттерін мадақтап тақпақ шығарған өлеңшісі табыла берері, шыға берері хақ. Олар өзімен болсын. Алайда ұлтқа үлгі болған айтулы тұлғалардың тойын рулық деңгейге дейін кішірейтудің, екіншіден, халықтан тойдың қаржысы деп жылу жинап қажытудың, әбігер-сарсаңға салудың не қисыны бар. Астына машина мінгізгенде, иығына шапан жапқанда мақтан буған денесін игере алмай шалқақтағанша, бұл қайдан келген батпан құйрық деп, бір сәт ойланса қайтеді зиялымыз. Әлбетте, жылу жинаусыз той өтпейді. Біреу қорыққаннан береді, біреу қарғап-сілеп береді. Тойдың ауқымына қарай қыруар қаржы жиналады. Бал ұстаған бармағын жалайды. Ендеше неге тойшыл болмасқа...
Күлтегін ескерткіші Астана төріне орнады. Ірі тарих, әрі өсиет. Ақылды, айлалы жау Ер Түрікті немен алдап-арбаған? Жылтырағанымен, шүберегімен. Ер Түрік жылтыраққа, шүберекке таласып, өзара қырқысып «бек ұлдары құл болды, пәк қыздары күң болды». Азып, тозып кетті. Күлтегіндер шығып, басын қайта біріктіріп, қайта ел қылды. Мақтанамыз: Сонау Тынық мұхиттан Атлант мұхитына дейінгі аралықты Ер Түрік өзіне бағындырған. Дәурендеген. Рим папасына тізе бүктірген. Бірінші боп тастан темір айырған. Еуропаға шалбар киуді үйреткен... Бәрі де рас екен. Оу, олай болса, соның бәрінен айырылып қалғанымыз қалай деп өзімізге-өзіміз неге сұрақ қоймаймыз. Тіпті өйтуге ерінсек, басқалардың зерттеп, айтып кеткен дайын жауабы да бар ғой. Ру-руға бөліну түрік тұқымдастардың, оның ішінде алабөтен қазақтың жұлынына түскен жегі құрт екенін өзіміз пір тұтатын А.Гумилев те түбіне жете зерттеп, айғақтап берді емес пе. Ру, тайпа арасы қашан да жік. Жікті қанша жерден желімдеп бекітсең де, сәл күш түссе болды, сол желімделген жерінен омырылып кете береді. Ешуақыт сынықтан бүтін шықпайды. Табғашы бар, орысы бар қазақты әдейі ру-руға, жүзге бөліп, арасына сына қағып, басын біріктірмей келді дейміз. Г.Колбин тұсында номенклатурадағы қазақтардың қайсысы қай жүзге, қай ру, атаға жататындығы жайында жасырын тізім ұстапты дегенді естігенбіз. Ал қазір ше? Маған кейде біздің республикамыз облыс, аудандарға ғана емес, ру-руға бөлініп кеткен сияқты да көрінеді. Сенбесеңіз, кез-келген аудан әкімінің қай рудан екенін біліңіз де, төңірегіне қараңыз. Жаңа әкім келгенде, кімдерді қызметінен алып тастап, орнына кімдерді қояды. Бұған да ой бөліңіз. Тіпті демократияның жаршысы, жаңа көзқарастардың ұясы болуға тиіс қайсыбыр редакцияның басшысына, шығармашылық ұжымның белсенді авторларының құрамына назар салып байқаңызшы, не көрер екенсіз. Қай атаның шежіресі шертіліп, қай ауылдың батыры дәріптеліп жатыр екен. Қазақтың рулық жікке бөлініп қашан да берекесі кетіп жүруі ұлттық мүдде, тарихи перспектива тұрғысынан ауыздағы ырзығынан қағылтып, кедейлік қамытын сүйретуге әкелсе, екінші жағынан, бұл – сыбайласқан жемқорлықтың, мафияның ешбір халықта жоқ құнарлы қара топырағы екені де хақ.
Иә, сүйтіп ойымыз – тойымызға, тойымыз – ойымызға ұқсап, Абайша айтқанда, «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» қисық бетімізбен басымыз ауған жағына қиралаңдап тартып барамыз...
Өтен Ахмет, «Жұлдыз» № 5, 2003 ж.