«Әнші» Жүсіпбек Аймауытов
Жүсіпбек Аймауытұлы (1889-1931) – қазақтың көрнекті жазушысы, ақын, драматург, ғалым, сыншы, аудармашы. Туып-өскен жері — Павлодар облысының Баянауыл ауданы. 1929 жылғы саяси қуғын-сүргін кезінде «Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар» деген жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін 1931 ж. атылған.
Ж.Аймауытұлының классикалық әңгімелерінің бірі — «Әнші». Әңгіме өмірде болған, тарихи тұлғаның өмірінен алынған. Әңгіменің басты кейіпкері – Әмірқан. Әмірқанның прототипі – қазақтың жезтаңдай әншісі, тума талант – Әміре Қашаубаев. Ол 1925 ж. Парижде өткен дүниежүзілік этнографиялық концертте бүкіл әлем жұртшылығына қазақ ән өнерінің құдіретін мойындатқан тарланбоз әнші. Шығармада Әмірқан нәзік жанды, ашық, өнер үшін жаралған, өнерге, махаббатқа адал, ер мінезді адам ретінде суреттеледі.
Әңгіменің өтетін жері – Жетішатыр (Семей) қаласы. Оқиға желісі баяндаушы мен Әмірқан арасындағы сырласудан басталады. Әңгімеде Әмірқан мен сұлу қыз Ақтамақтың арасындағы ғашықтық хикаясы, жігіттің қызды алып қашуы, орта жолда қолға түсіп, сүйгенінен көз жазып қалуы, әншінің көз жасы баяндалады.
Шығарманың басты тақырыбы – өнер, адамгершілік, достық, ізгілік, салт-дәстүр. Негізгі идеясы – әншілік өнерді жоғары бағалауға, өнерді құрметтеуге үндеу.