«Астана балет» театры Монакода гастрольдік сапармен болды

ВИДЕО
1293

«Астана балет» театры Монакоға гастрольдік сапармен барып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Театр солистері мен балет труппасы әлемге танымал «Гримальди форумда» өнер көрсетті.   

«Астана балет» театрының әртістері Монаканың Гримальди форумында өнер көрсетті. Конгресс орталық әлем бойынша үздік ғимараттардың бірі саналады. Соңғы үлгідегі жоғары технологиялық техникамен жабдықталған орталық Монаканың шығысындағы Ларвотто ауданында орналасқан. 

Оның ашылғанына бір жыл ғана болды. Осы қысқа мерзім ішінде мұнда ауқымды іс шаралар ұйымдастырылды. Олардың қатарында Монте Карло балетінің қойылымы да бар. 

Дилара Шомаева, «Астана балет» театрының жетекші солисі:

 - Біздің «Астана балет» театры Монтекарлодағы «Гримальди форумда» өнер көрсетіп жатыр.  Біз үшін бұл керемет қуаныш. Астана Балет Гала бағдарламасы мұндағы жұртшылықтың көңілінен шығып жатыр деп толық сеніммен айта аламын.Әртістердің көңіл күйі де дайындықтары өте жақсы. 

Бағдарлама үш бөлімнен тұрады. Оған "Ұлы Дала мұрасы" халықтық билер топтамасы  мен неоклассика мәнеріндегі Love. Fear. Loss және A Fuego Lento бір актілі балеттері енген. Қойылымды тамашалауға келген шетелдіктердің айтуынша, Қазақстанның балет өнерінің деңгейі жоғары.     

Симон Мишель Драйфус, көрермен:

 - Біз Қазақстан туралы көп білмейміз. Бірақ осы спектакльден кейін қызығушылығым арта түсетін болады. Қойылымдағы әрбір образ керемет сомдалды. Сол арқылы сіздердің елмен таныстық. Киімдері, музыка, безендірілуі бәрі де бір-бірімен үйлесіп тұр. Солистер де, балет бишілері де тамаша өнер көрсетті. 

Франс Нормалфондс, көрермен:

 - Маған әсіресе  қойылымда фольклорға басымдық бергені ұнады. Ұлттық сал-дәстүрді осылай өзгелерге көрсете білгені, таныта білгенін қолдаймын. Ұжым кәсіби біліктілігінің өте жоғары екендігін көрсете білді. Керемет әсер алғанымды айта кеткім келеді.  

Монако тұрғындарын бұлай таңдандыру оңай емес. Себебі мұндағы мәдениет ошақтары  танымал театрлар мен балет труппаларынан босамайды. Ал «Астана Балет Гала» қойылымына көрермендер ыстық ықылас білдірді. Әртістерге ду шапалақ соғып құрмет көрсетті. 

Дидье Ламбелет, халықаралық жобалар бойынша директор:

 - Мен бұған дейін «Астана балет» театрының өнерін Парижде тамашаладым. Енді міне олар Монакода өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Труппа құрамы өте жас. Олардың артықшылығы осын да деп ойлаймын. Бәрі шеттерінен жанып тұр. Әлі талай биіктерді бағындырады. Алдағы уақытта біздің  мәдени байланысымыз бұдан да арта түспек. 

Жерлестеріміз Монакода тағы бір қойылым сахналайды. Одан соң елге оралады. Мұнда оларды жаңа биіктерге жетелейтін  тынымсыз еңбек күтіп тұр.

 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...