Қазақконцертте Бақыт Басығараевтың 100 жылдығына арналған күй кеші өтті

Фото: MadeniPortal.kz

MADENI TV
21

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында танымал күйші, композитор Бақыт Басығараевтың 100 жылдығына арналған күй кеші өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның кеш қатысушылары мен қонақтарына арнайы құттықтауы жеткізілді.

Күй кешін әке рухына тағзым ретінде Мәдениет саласының үздігі, Мәдениет қайраткері, «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының солисі Еділ Басығараев жүргізіп, Қазанғап, Үсен Төре, Боғда және халық күйлерін орындады. Сондай-ақ мұрағаттан алынған Бақыт Басығараевтың бейнежазбасы көрсетіліп, көрермендер күйлердің тарихы жайлы оның өз аузынан айтылған естеліктерді тамашалады.

Бақыт Басағараевтың есімі өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Ол қазақтың әйгілі күйші-композиторы Қазанғаптың өмірі мен шығармашылығына қатысты деректерді жинақтаған. Оның жиырмадан астам күйін орындап, шығу тарихын да терең зерттеген. Домбыраға деген қызығушылығы 10–11 жасында оянып, сол кезден бастап естіген күйлері мен әндерін меңгере бастайды. Алғаш рет мектеп сахнасында өнер көрсетіп, кейін ауылдағы түрлі жиын-тойларда домбыра тартып, ән айтқан. Әскер қатарында жүрген кезінде де өнерден қол үзбей, күйші Мұрат Өскенбаевпен танысып, бірге концерттер мен шығармашылық кездесулер ұйымдастырған. Күйшінің 90 жылдық мерейтойы Ақтөбе қаласында республикалық деңгейде аталып өтті.

Қазір Б. Басығараевтың өнердегі жолын қуып жүрген баласы Еділ Басығараев та домбыра өнерін жалғастырып, әке мұрасын насихаттауға өз үлесін қосып келеді. Ол түрлі мәдени шараларға қатысып, ұлттық өнердің дамуына атсалысуда.

Бұл игі шара  әкеміздің 100 жылдық мерейтойына арналған тағзым мен тағылымға толы ерекше басқосу. Оның өмір жолы мен шығармашылық мұрасын ұлықтап, ұлттық өнеріміздің асыл қазынасын халыққа кеңінен насихаттау – біздің басты мұратымыз. Қазанғап бабамыздың күйлерін бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, оны жүрекпен сезіндірген әкеміздің еңбегі – ұлт руханиятының баға жетпес байлығы. Ендеше, сол асыл мұраны жалғастырып, одан әрі дамытып, келешек ұрпаққа аманат ету – біздің қасиетті борышымыз. Қазақтың күй өнері мәңгі жасай берсін, ұлттың рухы асқақтай берсін дегім келеді, - деді Е. Басығараев.

Айта кетейік, Еділ Басығараев – Мәдениет саласының үздігі, Мәдениет қайраткері, «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының солисі,  Қазанғап мектебінің ізбасары. Ғұмырын қазақ домбыра өнерінің сақталуы мен дамуына, Қазанғаптың күйлерін насихаттауға арнаған күйшінің «Толқында» жинағы жарыққа шыққан.

Кеш барысында Бақыт Басығараевтың немересі Жайық Басығара, сондай-ақ Еділ Басығараевтың шәкірттері өнер көрсетті. Сонымен қатар іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Елшібаева мен Елмұра Жаңаберген, сондай-ақ «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ардақ Елеусіз қатысты. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Абай облысында салт атты полиция қызметкері жоғалып кеткен 3 жасар баланы ен даладан тапты, деп хаба...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Индонезиядан Атырауға жеткізілген Ақбаян Мұқанғалиеваның денсаулығына кешенді сараптама жүргізіліп ж...