Осындай атаумен Берлинде Қазақстан мен Германия көркемөнер зиялыларының тұңғыш форумы өтті. Шараның...
«Қазақтың Моцарты» Ресейде концерт берді
«Қазақтың Моцарты» атанып кеткен, композитор, пианист Рахат-Би Әбдісағин Ресейдің Клин қаласында концерт беріп, әйгілі Петр Чайковскийдің жеке роялінде ойнады.
Ол – мұндай құрметке ие болған тұңғыш қазақстандық музыкант. Әлемдік классиканың жауһарларын жоғары деңгейде орындаған дарын иесінің таланты көпшілікті тәнті етті.
Клин қаласына арнайы шақыртумен келген Рахат-Би Әбдісағинды Чайковский мұражайының басшылығы құшақ жая қарсы алды. Жерлесіміз алдымен әйгілі композитордың ескерткішіне гүл қойып, тағзым етті. Содан соң, өзі жазған бірқатар симфониялық портетурасын мұражайға тапсырды. Ал Ресей тарапы жерлесімізге дисклавир аспабын сыйға тартты.
«Жас музыканттар – әлемнің елшілері деген үлкен халықаралық бағдарлама. Рахат-Би Әбдісағин – осы жобаның аясында алғашқы болып концерт беру мүмкіндігіне ие болған музыкант.
Юрий Ткаченко, П.И.Чайковский атындағы жастар байқауының бас дирижері:
– Рахат-Би – қазір үлкен жетістікке жеткен тұлға. Ол – композитор ретінде, пианист ретінде және өнерді зерттеуші ғалым ретінде де еңбектеніп жүрген сегіз қырлы, бір сырлы жан. Сондықтан бұл жобаға қазақ музыкантын шақыртуымыз тегін емес. Осы арқылы біз тұтас қазақ өнеріне өз ілтипатымызды көрсетіп отырмыз.
Қазақ музыканты өз концертін қазақ музыкасынан бастады. Содан соң Ференц Лист, Шопен, Чайковский сынды әлемге танымал композиторлардың классикалық туындыларын ойнады.
Рахат-Би Әбдісағин, композитор, пианист:
– Мен өте қуаныштымын. Бұл мен үшін сөзбен айтып жеткізе алмайтын бақытты сәт. Чайковсийдің роялінде ойнау – әйгілі музыканттың өзімен сөйлескенмен бірдей дүние. Бұл аспапта Чайковскийдің рухы, оның жан-дүниесі бар. Барша адамзаттың зор құндылығы саналатын затты ұстап көру дегеніміз өте керемет. Бұл аспаптың өзіндік ерекшелігі бар. Яғни рояльде неғұрлым нәзігірек ойнасаңыз, соғұрлым әсерлі шығады.
19 жасар дарын иесі – 100-ден аса музыкалық шығарманың авторы. 13 жасында студент, 18 жасында докторант атанған Рахат-Би Әбдісағин қазір Италияда білімін шыңдап жатыр.