Бақытгүл Бабаштың шығармашылық кеші
«Томирис» тарихи фильмін түсіру жұмыстары аяқталуға жақын
Бұған дейін Қапшағай, Шонжы мен Бурабайда болған «Томирис» тарихи фильмін түсірушілер жақында Алматыдағы «Қазақфильмге» ойысты. Қазір киностудия аумағында салынған әйгілі Вавилон қаласының декорациясында түсіріліп жатыр.
Тарихи фильмді түсіру жұмыстары өткен жылы қазан айында басталған еді. Бүгін Томиристің жұбайы Арғұн мен ұлы Спаргаптың көне шаһар Вавилонға, Құрыш патшаға келетін сәті түсірілді. Айтпақшы ежелгі Вавилонның нобайын келтіруге құрылысшылар алты ай уақыт жұмсаған.
Ақан Сатаев, «Томирис» фильмінің қоюшы режиссері:
– Үлкен және күрделі сахна. 150 адам қосымша түседі. Оның бәрін компьютер арқылы көбейтеміз. Және декорацияларды да компьютерден дұрыстатып, көлемін үлкейтеміз.
Соғыс сахналарын ауқымды көрсету үшін де компьютерлік технология қолданылады. Негізгі рөлдерді ойнайтын актерлардың барлығы «Номад» жаттығу лагерінде арнайы дайындықтан өткен. Басты рөлге 15 мың қыз-келіншектің ішінен таңдап алынған Альмира Тұрсын екі ай дайындықтан соң ат жалын тартып мініп, семсерлесуді үйренгенін айтады.
Альмира Тұрсын, Томирис патшайым рөліндегі актриса: – Қызығы да, қиындығы да болды. Кейбір кезде шаршайсың. Костюм кигенде ыстықтайсың. Атпен шабасың. Мысалы, біз көне түрік тілінде сөйлейміз. Тілің келмейді.
Басты рөл мен эпизодта ойнайтын актерлерге арнап мыңға жуық, ал Томириске арнап 20 костюм тігіліпті. Сондай-ақ 10 мың қару-жарақ соғылған. Шығармашылық топ 1-2 күнде түсіру жұмыстарын аяқтап, монтаждау және дыбыстау жұмыстарын бастайды. Ал келесі жылы наурыз мерекесінің қарсаңында «Томирис» фильмі көрерменге жол тартады.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Қанат Қаматаев