Халық талқысы мен пікірталас: жаңа Конституция қалай әзірленді?

Фото: Ақорда

MADENI TV
98

Қазақстанда жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысында көптеген пікірлер мен ұсыныстар қарастырылды. Бұл үдерісте мемлекет басшысы да белсенді түрде қатысып, құжаттың мазмұнына ерекше назар аударғанын атап өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Президент өз сөзінде жаңа Конституция жобасының мәтінін әзірлеуге тікелей қатысқанын айтты:

«Ашығын айтайын, мен өзім де Мемлекет басшысы ретінде жаңа Конституция жобасының мәтінін жазуға тікелей атсалыстым. Оның әр тарауына, әр бабына баса мән бердім. Әрбір сөздің мағынасына терең үңіліп, өз ұсыныстарымды Конституциялық комиссияға жолдадым».

Сонымен қатар, құжаттағы терминдер мен сөздердің қазақ халқының дүниетанымына барынша жақын болуына ерекше көңіл бөлінген.

«Бұдан бөлек, біз терминдер мен сөздерді қазақы ұғымға барынша сай етіп беруге айрықша назар аудардық».

Президент Конституциядағы кейбір ұғымдарға қатысты мысал да келтірді. Оның айтуынша, қазіргі Ата заңда «Қазақстан аумағының тұтастығы» деген термин қолданылғанымен, қазақ дүниетанымына «жердің тұтастығы» ұғымы жақынырақ.

«Мысалы, қазіргі Ата заңымызда «Қазақстан аумағының тұтастығы» деген ұғым бар. Негізі, бұл «жердің тұтастығы» болуы керек еді. Мен бұл мәселеге сарапшылардың назарын аудардым. Себебі, жер – қазақ үшін ең қастерлі ұғымның бірі. Ата-бабаларымыз бір қарыс жер үшін жанын құрбан қылған. Осы ұланғайыр жерді қорғап, ұрпаққа мирас еткен».

Президент жердің қазақ халқы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

«Оның табиғатын аялау, тұтастығын сақтау, шекарасын қас қақпай күзету – қасиетті борышымыз. Ұлы даланың бір уыс топырағы – баға жетпес байлығымыз. Сондықтан «жердің тұтастығы» деген сөз халқымыздың дүниетанымына сай келетін, нағыз қазақы ұғым болар еді. Мен бұл ұстанымды қолдаймын».

Алайда халықаралық құқықта орныққан терминологияны ескере отырып, Конституциялық комиссия бұл ұғымды өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдаған.

«Алайда, халықаралық деңгейде орныққан термин болғандықтан, Конституциялық комиссияның басым көпшілігі «аумақтық тұтастық» ұғымын өзгеріссіз қалдырды».

Бұл мысал Конституция жобасын әзірлеу кезінде әрбір норма мен бапқа қатысты қызу пікірталастар болғанын көрсетеді.

«Мен мұны жаңа Конституцияның жобасын әзірлеу кезінде әрбір нормаға, әрбір бапқа қатысты қызу пікірталас болғанына байланысты мысал ретінде айтып отырмын».

Сонымен қатар, Президент Конституция жобасын талқылауға халықтың да белсенді қатысқанын айтты. Азаматтардан мыңдаған ұсыныс келіп түскен.

«Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Жұртшылық та бұл жұмыстан тыс қалған жоқ. Азаматтарымыздан мыңдаған ұсыныс келіп түсті. Соның барлығы мұқият зерттеліп, сүзгіден өтті. Ақылға қонымды ұсыныстың бәрі ескерілді. Бұл халқымыз өз болашағы үшін жауапты екенін терең сезіне алғанын көрсетеді».

Президенттің айтуынша, жаңа Конституция жобасы жан-жақты талқыланып, мұқият зерделенген. Сондықтан бұл құжатты «Халық Конституциясы» деп атауға толық негіз бар.

«Референдумға шығарылып жатқан жаңа Ата заң жобасы жан-жақты зерделеніп, қызу талқыдан өтті. Сондықтан оны нағыз Халық Конституциясы деп нық сеніммен айта аламыз». 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры «жеткілікті зейнетақы табысы» деген терминнің мән-мағ...

Шоу-бизнес

Танымал актер Әбунасыр Серіковтың ұлы Әбілмансұр Серіков үшінші рет үйленіп, қуанышына пікір біл...